24.08.2021
  299


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көже мен шайыңызға бола амандасқанмын

Жазғытұрым жолаушылап, шөлдеп келе жатқан Серікбай сырттай сырын білетін бір үйге келіп түседі. Үйге сәлем беріп кірсе, жалғыз кемпір отырады. «Сәті болды» деп ойлаған ол кемпірге қол беріп:


— Аман отырсыз ба? Ден саулығыңыз жақсы ма? Ауырып қалды деп еді, тәуір болдыңыз ба? Шалдың денсаулығы жақсы ма? Біз жақтағы туыстарыңыз да аман жатыр. Көктеулікке көшіп келетін сияқты... — деп жалбырақтап қайта-қайта амандасыпты. «Шалдың туған-туысқандарының немесе жақын ағайындарының бірі болуы керек» деп ойлаған кемпір мосыға шәугім асып қойып:


— Қара өзекшілік уақыт қой, шай қойғанша сусындап ал, — деп ашыған көже беріпті. Іле-шала дастархан жайып шай қойып жалбырақтай күтіпті. Серікбай сусыны қанып, қарны тойған соң далаға шығып аттанбақшы болып жатқанда, үйден ере шыққан кемпір:


— Қарағым, атың кім? Сен мені танысаң да, мен сені танымадым ғой, — дейді. Сонда Серікбай:


— Мен де сізді танығам жоқ, көже мен шайыңызға бола амандасқаным ғой, — деп атына мініп жүріп кетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу