Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  147


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Кертолғау

Өткен ғасырдың соңына қарай Шыңжаңдағы ұйғыр, дүңген, қырғыз халықтары сияқты қазақтар да жергілікті үкімет билеушілерінің езгісіне ұшырайды. Қашанда ел басындағы ауырлық тауқыметтің ел еңсесін көтерер азаматтардың иығына түсетін әдеті. Іле бойындағы Садыр палуан бастаған көтерілістен кейін, ел ішінде тыңшы молайып, бірін-бірі түрткілеген жағдай көбейді. Бұл билеуші өкімет орындарына ұнамайтын адамдардың көзін жою үшін қолданатын ежелден белгілі тәсіл.


Міне, осындай аласапыран кезде орыс отаршылдығының қыспағына шыдамай Қарқара мен Нарынқол өңірінен Текес бойына көшіп барған қалың албанның бас иесі, әйгілі күйші Қожеке Назарұлына жала жабылады. Ол кезде өкімет орындарына ең қолайлы адал берілген қызметші және ел ішінен мол дерек сүзіп қайтатын тыңшы ел кезеген саудагерлер болған. Әсіресе, туысы бөлек, ұлты бөтен саудагерлер бас көтерер азаматтарды аяусыз көрсетіп отырған. Оған елдің өз ішіндегі көр кеуде, шолақ ойлы, іші тар пенделер қосылғанда, өсек пен жала өрттей қаулап, елдің берекесін кетірген. Осы тұзақ Қожекенің де мойнына түседі. Текес бойына келген татар саудагерінің керуенін Дәркенбай деген көнтақым ұры тонайды. Ертеңінде өкімет адамдары елдің апшысын қуырып, ұрыға іздеу салады. Сол кезде өр албанның Дадай деген болысы Қожекемен дәм-тұзы жараспай, қырбай болып жүреді екен. Ұрымтал сәтті пайдаланып, үкімет адамдарына «керуенді тонатқан Қожеке» деген куәлік бере қояды. Өктемдік жүрген жерде кісілік бола ма, Қожекенің ауызын ашуға шамасын келтірмей ала жөнеледі. Болған оқиғаны даланың «ұзын құлағы» әп-сәтте Текес бойына жайып жібереді. Сол кезде төңірегіне ықпалды Рабат төре мен Мамырбек төре дереу атқа қонып, өздерінің сыйлас-сыралғы досы Қожекені үкімет адамдарынан бір жылға кепілдікке сұрап алады. Бір жыл ішінде шын ұрыны тауып бермек болып уәде береді.


Бірақ ізін жасырып үлгірмеген ұры оңайлықпен таптыра ма. Уәделі мерзім жақындайды. Нақақ жала Қожекенің жігерін құм етіп, шарасын тауысады. Қожекенің адалдығына шығар күндей сенетін ағайын-туыс та сеңдей соғылысып күйзеледі.


Бір күні Рабат пен Мамырбек төрелердің ауылда жоқтығын пайдаланып, баяғы арызқой Дадай болыс Қожекені тағы да қамауға алдыртады. Бұл жолы Қожекенің баласы молла ыбырайым қоса тұтқындалады. Оларды алды-артына қаратпастан Күре қаласындағы түрмеге қамайды. Бұл сол кездегі саяси тұтқындарды қамырдай илеп, азаптың небір сорақы түрлерін ойлап табумен даңқы шыққан зұлымдықтың ордасы сияқты орын болатын.


Күре түрмесінде Қожеке небір азапты көреді. Азаптаудағы мақсат белгілі, жапқан жалаға мойындату. Бірақ Қожеке шындықтан басқа ештеңке айтпайды.


Бұл кезде Қожекеңнің қадірлес досы Рабат төре де қол қусырып отырмайды. Ақша жұмсап, адам салып, Қожекені босатып алу үшін жоғарғы жақты айналдырады. Ақырында Қожекеге өлім жазасының кесіліп қойғандығын біледі. Оны бұзудың еш мүмкіндігі болмаған соң, Рабат төре өз басын кепілдікке тігіп, ел-жұртымен қоштастыру үшін бір аптаға сұрап алып шығады. Бірақ бұл жағдайды Қожекенің өзіне білдірмейді.


Содан, елге келіп, ағайын-туғанымен қауышып, сағынышын басқан соң, үлкендер оңаша үйге жайғасады. Сол кезде Рабат төре майдалап сөз бастайды: «Е, Қожеке, өмірге келген пенде бір-біріне қонақ деген рас екен. Өзіңнен көз жазғалы құлаққа ұрған танадай болып, қоңылтақсып қалдық. Домбыраңды ұста, сенің де көкірегіңе біраз сыр жиналған болар. Ертең не болары Тәңірдің еркіндегі заман ғой. Шығар көкірегіңдегіні, сөйлетші домбыраңды!» — дейді.


Қожеке өзінің аз уақытқа кепілдікке шыққанын сонда ғана біледі. Біледі де, бір ауық түйіліп отырып тіл қатады: «Өлместі Құдай жаратпайды, тозбасты ұста соқпайды, өлімнен қашып жан сауғалар жайым жоқ. Тәңір алдында арым таза, бір ғана жағдай жанымды қинайды, Рабат! Өзің сияқты қадірлі азаматпен мәңгілік қоштасу қиын екен!» — депті. Бұл сөзді естігенде Рабаттың иығы бүлкілдеп, көзіне жас алады.


Ал, Қожеке болса, тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін түзеп, қолына домбырасын алады. Сонан соң көкірекке кептелген мұң-шері «Кертолғау» күйі болып ақтарылады. Қожекенің «Таскөмір шоғы алдында», «Тас көмір шоғына қарылу» күйлері де тартылады.


Арада бір апта өткенде Қожекені қайтадан Күре түрмесіне қамап, көмір шоғына қақтап өлтіреді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу