Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  128


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Кедей зары

Арқадан Жем-Сағыз арқылы еліне қайтқан Құрманғазы жолшыбай бір ауылға соғады. Ауыл шетіндегі қараша үйдің жанына келіп, сырттан дыбыс береді, бірақ іштен ешқандай жауап болмайды. Қайта қамығып, зарлап жылаған қайғылы үн естіледі. Бұл не жағдай екенін білмекші болған Құрманғазы үйге кірсе, егіліп жылап отырған кемпірді көреді.


Құрманғазы әлгі кемпірмен амандасып, хал-жағдайын сұрайды. Сонда кемпір:


— Жалғыз балам бар еді. Оған еліміздегі биіміз «атымды ұрладың» деп жала жауып, шабармандарына дүре соқтырып, сойылға жықты. Сол балам ақыры қамшының зардабынан қаза тапты. Енді осы үйде жалғыз қалып, зарлап отырған қу баспын, шырағым, — дейді. Ананың қайғысына ортақтасып:


— Жыламаңыз, шеше, жылағанмен кеткен адам қайта келмейді. Ел, жұрт, ағайын аман тұрса, сіз де қиыншылық көрмессіз, — деп Құрманғазы оны жұбатады.


Қарт ананың қайғысын өз көзімен көрген күйші:


— Сорлы болған кедей, бәрінің де күйі осы ғой, — деп, «Кедей зары» атты күйін толғана тартыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу