Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  226


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жиреншенің әйелі (Тоғызыншы әңгімесі)

Дүниеден қайтқасын Жиреншені қарап баптап күтіп тұрушы болмағасын, Жиреншені хан өз сарайына келіп тұруға әмір етіпті дейді. Сонан Жиреншекең ханның сарайына келіп тұрған, соңғы жерде өз үйін сағынғаны ғой: «хан ұлықсат етсе, өз үйіме қайтар едім» деп әр уақыт күңірене береді екен дейді. Сонан хан Жиреншенің үйіне қайтқысы келіп, күңірене бергенін естіп: «болмас, енді Жиреншені үйіне жіберіңіз, барсын!» депті. Өз үйіне кеткесін, хан: «Жиренше үйіне барғасын не айтар екен, соны тыңдап келе ғой» деп Жиреншенің артынан бір кісісін жіберіпті дейді. Бұ кісі келсе, Жиреншекең сол киім-көншегін салып ай шынық манағы өзінің жыртық-жыртық қосына кіріп, ұйықтауға жатыр екен дейді. Сонда және айтады дейді: «Кең сарайым бөз үйім, қайран менің өз үйім!» дейді және соны айтып созылады дейді, созылғанда аяғы тізіне дейін қостың сыртына шығады дейді. Сонан бұл тыңдаушы адам қайтып хан қасына келіпті, келсе хан айтыпты:


— Қосшы бала, барып тыңдадың ба? Жиренше неғылып жатыр екен, не айтады? — депті. Манағы кісі айтыпты:


— Хан тақсыр, бардым. Мен барсам, қосына кіріп ұйықтауға жатыр екен. Керілед, созылад, аяғы тізіне дейін қостың сыртында жатыр және «кең сарайым боз үйім, қайран менің өз үйім!» дейді, — депті.


Сонан хан айтыпты дейді:


— Ойбай, онда Жиреншеге бір әйел алып бермей болмас, сөйтіп жүріп бір күн жоғалар, кетер. Жиреншемізден айрылып қалармыз, барыңыз, Жиреншені шақырып келіңіз! — депті. Сонан Жиреншені біреу барып шақырып келгесін, хан айтты дейді:


— А, Жиреншем, бар өзіңе сәйкес ұнаған бір қыз тауып ал, қызды сен тап, оған мал қанша да болса мен берейін, — депті. Сонан Жиренше қасына неше бір жолдас ертіп, өзіне ұнаған қызды іздеуге кетіпті дейді. Со кетуден іздей-іздей төрт жылға дейін іздеп ешбір өзіне ұнаған қызға тап бола алмапты дейді. Сөйтіп әбден дағдарып келе жатса, бір қырдың басында үш қыз отырад екен дейді, сол үш қыздың үшеуі де тезек теріп, қаптарын толтырып ауылдарына қайтып келатқанда, күн жауғасын, күн ашылсын кішкене деп қаппен тезектерін анадай жерге қойып, өздері киімдерін бүркеніп жауыннан тасаланып отырады екен дейді. Енді біреуі үстіндегі бешпетін шешіп тезектің үстіне жауып, өзі
жалаңаш көйлегіменен ғана жауып қойыпатқанда жауын ішінде тұр екен дейді. Сонан Жиреншекең жолдастарыменен осы отырған қыздарға келіп, манағы жалаңаш көйлегіменен отырған қыздан сұрады дейді:


— А, шырағым, ана қыздар отындарын жамғырға қойып, өздері бешпенттеріменен бүркеніп, жамғырдан таса болып отыр, сіз бешпетіңізді шешіп, отын үстіне жауыпсыз, өзіңіз жамғырдан жалаңаш тұрсыз, мұның себебі қалай болад, айтыңыз, шырағым, — деп сұрапты дейді. Сонан қыз тұрып айтыпты дейді:


— Мұның себебі үйімде қарт әкем менен қарт шешем бар. Қазір мұнан отынды су қылып алып барсам, үйдегі әкем менен шешеме ас пісіріп ішкізе алмай, ол байғұстар түніменен аш қонады. Егер су қылмай құры қылып алып барсам, әке-шешем ас пісіріп ішіп тойып, бір жағынан жылынып рахат ұйықтайды, — депті. Сонан Жиренше бұ қыздың сөзіне ден қойып:


— Шырағым, ауылыңыз қайда? — депті. Қыз:


— Ауылымыз міне тұрған обаның астындағы ауыл, — депті. Сонан Жиреншекең жолдастарыменен қыздың көргізген ауылына келіпті дейді. Келсе, бір жаман қос екен дейді. Үйдің сыртына таман келіп Жиреншекең: «сөйлес!» деп айқайлады дейді. Айқайласа, үйден бір ақсақал шал шығып:


— А, жолаушылар, жол болсын! — депті. Жиреншеге айтыпты:


— Қош аула, қоныңыз, түсіңіз, — депті. Сонан Жиренше айтыпты:


— Жол болса, қонақпыз, рұқсат болса, қонамыз, — депті.


Шал айтыпты:


— Қонақ болсаңыз, қош аула, қоныңыз, түсіңіз, — депті.


Сонан Жиреншекең жолдастарыменен түсіп, аттарын байлап қосқа кіріпті дейді. Қосқа кірсе, кемпір-шалдан басқа ешкім жоқ. Біразырақ отырғасын күн тәуір ашылған кезде манағы қыз да отынын арқалап келіпті дейді. Отыны құрғақ, несін сұрайсың. Отынын жағып, қонақтарға шайын құйып, асын беріп, оңыпты да қалыпты дейді. Әлгі екі қыз түніменен отыны су жаға алмай әлекшілік болып, оңдап ас пісіріп іше алмай жатыпты дейді. Сонан Жиренше жолдастарыменен о күні қонып, ертегісін ертеменен шай ішіп, енді аттанар кезінде Жиреншекең қызға қарап мұртын сипады дейді. Жиренше мұртын сипағанда, қыз тұрып қасын сипады дейді. Жиренше қасын сипады дейді. Сонда қыз тұрып шашын сипады дейді. Қыз шашын сипағасын Жиренше де шашын сипап еді, қыз тұрып жерде жаюлы жатқан тулақтың түгін сипады дейді. Сонан ешбір сөз жоқ, Жиренше жолдастарыменен аттанып жолға шықты дейді. Жолға шыққасын, неше бір күндер жүріп аман-есен ауылдарына барғасын Жиреншекең ханға амандасуға барды дейді. Сонан хан аман-түгел сұрасқасын, хан айтты дейді:


— Қане, Жиреншем, өзіңе ұнаған қыз таптың ба? — депті дейді. Жиренше айтыпты:


— Тақсыр, таптым, тапқанменен дүниеде мал жететін емес, тулақтың түгі есебіне мал сұрайды, — депті. Сонан хан айтыпты:


— Бар, Жиреншем, төрт түлік малдан қанша айдасаң да айдап барып, со қызды неғылсаң да алып кел, — депті.


Сонан Жиреншекең қасына неше бір қосшы алып, төрт түлік малдан жер-дүниеге сидырмай айдап, әлгі қыздың ауылына қарап шығыпты дейді. Сонан неше бір күн жүріп барып, қыз тұрған ауылдың үстіменен малды айдап, көп мал қойсын ба, жарықтық, қыздың әкесі тұрған қосқа сүйкеніп, әрқайсысы маза бермей тақ қосты қирататын болғасын, қыздың әкесі:


— Ой, қан жауғыр, бұ кімнің малы, өз қосымызды қирататын болды ғой, — деп, қолына таяғын алып ашуланып, малды қайырайын деп сыртқа шықты дейді. Сонан қыз тұрып айтты дейді:


— Ата, о малды қайырма, бұ мал сізге келе жатқан мал болар. Мен түнеукүні келген қонақпенен сөйлесіп, «атам мені тулақтың түгі есебіне малға береді» деп айттым. Енді сіз тулақтың түгін есептеп, малыңызды алыңыз! — дейді. Сонан қыздың әкесі шал айтыпты:


— Өй, мен оны қайдан есептеп санап тұрайын, осы малдың бәрін берсе, осы мал маған жетеді, артығын сұрамаймын, — депті. Сөйдесіп тұрғанда ұзақтамай мына жағынан қосшыларменен малдың артынан Жиреншекең де келіпті дейді.


Қазақтың қарттарының айтуы, Жиреншенің қызға қарап, мұртын сипауы — «сені әкең осы мұртымның түгі есебі малға бере ме дегені» дейді. Енді қыздың қасын сипауы — «мұртыңның түгіне түгіл үстіне қасыңның түгін қоссаң да бермес» дегені екен. Енді Жиреншенің қасын сипауы — «оны қоссам, берер» дегені екен және қыз шашын сипап еді ғой. ол — «оның үстіне шашыңның түгі есебі мал қоссаң да бермес дегені» екен. Жиреншенің шашын сипауы — «оны қоссам, берер» дегені екен. Сонан қыздың «жерде жаюлы жатқан тулақтың түгі есебіне малға береді» деген сөзі екен. Бұ сөзді жолдастары түсінбей, тек екеуі түсінісіпті дейді.


Келгесін шалдың өзінің үйіне түсіп, әлгі малдың бәрін беріп, құдаласып, ертеңіне қыздың некесін қидырып әкеліп, манағы өзінің жыртық қосына қойып, ханға амандаса барды дейді. Хан:


— А, Жиреншем, аман келдің бе, қалай, келінді әкелдің бе, келін тәуір жақсы ма? — депті дейді. Жиреншекең айтыпты:


— Тәуір, жаман емес, — дейді. Сонан хан: «Жиреншенің әйелі қандай кісі екен, барып көріп келіңіз», деп қадірлі адамдардан үш-төрт адам жіберіпті дейді. Сонан ханның жіберген адамдары келіп Жиреншенің үйіне түсіп, қонақ болып, Жиреншенің әйелін көріпті дейді. Көрсе, несін
сұрайсың, ақ жібектей есілген, мойны құрықтай, ақ қолқа бір жас қыз екен дейді ханның жіберген адамдары. Мұны көріп, сірә, бек тамаша қалыпты дейді, сонан бұл адамдар қайтып ханға келіп, Жиреншенің әйелінің бойы-сынын, болмаса жүріс-тұрысын, ақылын сөйлеп, айтып бітіргісіз мақтап:


— Тақсыр, бұл адам Жиреншеге лайық емес, тап хан өзіңізге лайық екен, — деп, ханның көңілін аударыпты дейді. Ханның өзі Жиреншені қанша жаратса да, әлгілер өстіп азғырып тұрғасын пенде ғой, ханның көңілі ауып, әрне бар, Жиреншеден со келіншекті алуға айналдырыпты дейді. «Алуға болғанменен, қапелімде тартып алуға болмайды, айламен алуға Жиреншенің өзі сөзге шешен адам, қалайша алсам екен?» — деп хан бір күн өзінің кеңесетін адамдарын жинап:


— Қане, Жиреншеден бұ келіншекті қалайша аламыз, бұған не айла бар? — деп кеңес жасапты дейді. Сонан бұл адамдар мынау-мынау айланы, анау-анау айланы айта тұрса да, сірә, Жиренше дағдарғандай бір айла табылмапты дейді. Сонан сол адамдардың ішінде тұрып біреуі айтыпты дейді:


— Хан тақсыр, сіз мынау тәдбірде жасаңыз, — депті, — сіз Жиреншені шақырып айтыңыз: «Міне мен саған жүз еркек қой беремін, сол жүз еркек қойды жазғытұры қой қоздаған уақытта соны қозылатып бересің. Егер қозылатып бере алмасаң, басыңды аламын!» деп тәдбір жасаңыз, — депті, — со тәдбірге оның амалы құрыр, — депті дейді.


Сонан хан Жиреншені шақырып алып айтыпты:


— Жиренше, міне мен саған жүз еркек қой беремін, соны жазғытұры қой қоздаған уақытта қоздатып бер, егер қоздатып бере алмасаң, басыңды аламын, саған тәдбір сол, — депті дейді. Сонан Жиреншекең, сірә, бұ сөзге ешбір нәрсе тауып айта алмай дағдарып, көңілі бұзылып, үйіне барды дейді. Үйіне барса, алдынан жарқырап келіншегі шығып, Жиреншенің көңілі бұзылып келе жатқанын біліп:


— Жарқыным, бүгін неғып көңіліңіз бұзылып келатыр, не жайыңыз бар? — деп сұрапты дейді. Сонан Жиренше айтыпты дейді:


— Көңілім неғып бұзылмасын, бүгін хан бір ауыз сөз айтып, соған ешбір жауап айта алмай жанымнан үміт үзіп келе жатырмын, — депті дейді.


Сонан әйелі айтыпты дейді:


— Ау, неғылған ауыр сөз, — депті. Жиренше айтыпты:


— Хан айтады: «мен саған жүз еркек қой беремін, соны жазғытұры қой қоздаған кезеңде қозылатып бер, — дейді. — Егер қозылатып бере алмасаң, басыңды аламын» дейді. Мұнан артық ауыр сөз болар ма, еркек қой қозылай ма екен? — депті дейді. Сонан әйелі тұрып айтыпты:


— Қайғырма, құдайың берген екен, бар жылдам жүз еркек қойдан айдап келе ғой, — депті. Жиреншекең барып жүз еркек қойды айдап келіпті, келсе, әйелі айтыпты:


— Бұ қойдың жиырма шақтысын сой, ет керек қой жеуге, — депті, — және қалғанын базарға алып барып сат, киім-кешек, шай-шекер ал да, жалғыз бір еркек қойды есіктің түбіне байла, қыстай соны бағып шығармыз, — депті. Жиреншекең байғұстың әбден дағдарғаны ғой, әйелінің айтқанын бәрін істеп, жалғыз қойды әкеліп есік түбіне байлап қойды дейді. Ханға ақыл берген билер бар, мұны көріп, «көрім жақсы қылды, қойдың бәрінен айрылды, енді нағылады, ол мұрат-мақсұдымыз болад енді» деп қуанды дейді. Сонан, бәракалла, қыс өтіп, жаз шықты, қойдың қозылайтын уағы болды. Енді кесулі күн тамам болғасын хан манағы ақыл үйреткен билеріменен Жиреншеге бармақ болып шықты дейді. Сонан хан Жиреншеге жақындар мезгілде Жиреншенің әйелі айтыпты дейді:


— Тұр, жылдам ана қойды бауыздай қой! — депті. Сонан жалма-жан Жиреншекең қойды бауыздапты. Сонан хан үйдің сыртынан келіп айқайлапты:


— Ә, Жиренше үйде ме? — депті. Сонда жалма-жан Жиреншенің әйелі екі қолын сыбанып жіберіп, қойдың бауыздама қанына екі тірсегіне дейін бояп, қан болып, ханның алдынан шықты дейді. Сонан хан сұрады дейді:


— Шырағым, бұ тірсегіңе дейін қан не? — депті дейді. Жиреншенің әйелі айтады дейді:


— Тақсыр, қазір Жиренше жас босанып жатыр еді. Қолымның қаны сол еді, — депті. Хан тұрып:


— Ой ақымақ, ер кісі туатын ба еді? — дейді. Сонан Жиреншенің әйелі айтыпты:


— Бас тақсыр, еркек қой қозылайтын ба еді? — депті. Сонан хан санына қолын бір соғыпты да:

— Қой, болмас, жүріңіз қайталық, — деп, хан байғұс бір әйелден жеңіліпті де қалыпты дейді. Сөйтіп, «қапияда қатын табады ақылды» деген сөз сонан қалыпты дейді. Жиренше өз ғұмырында бір бақырдан алданыпты да, екінші осы қойға жауап таба алмай сасып, сірә, Жиреншеден көрі әйелі алғыр болыпты дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу