Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  130


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жиренше туралы (І нұсқа)

Әз Жәнібек хан қасында бірнеше уәзірлері, жолдастары бар бір жақтан келе жатса, бір ұста үй салып жатыр екен. Ұстаға:



— Өнерпазсың, күніңе неме ақы аласың? — деді. Ұста айтады:


— Күніме бір ділда аламын, — деді.


— Күніңе бір ділдадан алғанда, неғып осы күнге шейін байымай жүрсің?


Ұста айтты:


— Бай болмайтын себебімді айтайын. Тапқан табысымды төртке бөлемін. Біреуін борышыма беремін, біреуін қарызға беремін. Біреуін суға тастаймын. Біреуін-ақ өзім ішіп, жеуіме ұстаймын. Енді қайдан байимын, — деді. Әз Жәнібек хан қасындағылардан сұрады:


— Осының не дегеніне түсіндіңдер ме? — деп.


— Жоқ, түсінгеніміз жоқ, — десті.


— Енді осыны аттан түспей, түп-түгел барып Жиреншеден сұрайық. Таратып орнын тауып берсе, сонда да өзгемізден артық көреді деп өкпелейсіңдер ме?


— Жоқ, өкпелемейік, — деп, ешқайда бұрылмастан шешенге келеді. Аттан түспей тұрып:


— Шешен, қайда барсың? — дегенде:


— Міне, мен бармын. Уа, немене, тақсыр!


Әз Жәнібек:


— Бүгін біз бір үй салып жатқан бір ұстаны көріп, жолығып сұрап едік «ақыңа не аласың?» деп, «күніме бір ділда аламын» деді. «Күніге бір ділдадан алғанда, неғып осы күнге байымай жүрсің?» дедім. «Байымайтын себебімді айтайын. Тапқанымды төртке бөлемін, бірін борышыма беремін, біреуін қарызға беремін, біреуін суға тастаймын, біреуін өзім ішіп-жеуіме ұстаймын». өзі ішіп-жейтіні белгілі, соның борышы не? Қарызы не? Суға тастаймын дегені не? Орнын тауып таратып берші, — дегенде, шешен айтты:


— Тақсыр, ол ұстаның қартайған әке-шешесі бар екен. Ер жеткен ұлы бар екен. Бойжеткен қызы бар екен. Тапқанын төртке бөліп, біреуін әке-шешесіне беріп тұрады екен. Жасында баланы әке-шешесі асырайды, өскен соң әке-шешені бала асырайды. «Борышын беремін» дегені — әке-шешеме қарасамын дегені. «Қарызға беремін» дегені — «еркек баласына беремін» дегені. «Тірі болса, күнінде қаруын олар да қайтарар» дегені. «Суға тастаймын» дегені — күйеуге беріп жасап отырған қызы бар екен. Қызға жасаған жасау суға тастаған дүниемен бірдей. Енді қалған бір бөлегі өзінің ішіп-жеуіне мүкі тақы зорға жарайтын шығар. Мұның бәрін асырап, сақтаған соң не жайы қалсын, қалай байысын. Құлағынан басқа дымы жоқ қу бас болса, онда байымасқа немене, — деп сөзін аяқтады.


Әр ханның тұсында бір сұрқылтай дегендей, әз Жәнібек заманында болған сұрқылтай Жиренше болды. Жиренше үш жүздің қайсысынан екені белгісіз. Әз Жәнібек мұның заманында болған хан. Шынқыз тұқымынан келеді, төре тұқымынан. Қай ғасырда болған хан екенін тарихтан қараңыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу