Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  123


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жәнібек туралы

Тіленшінің «Түбіңіздің бір шикілігі бар-ау» дейтін әзілінің, Жәнібектің «Мен жақсының атқан бір оғы емеспін ба?» дейтін сөзінің мәнісі былай екен.



Шақшақ Жәнібек жолаушылап келе жатып керейдің бір үйіне қонады. Үйде бір кемпір мен келіншек қана болады. Кемпір батырды сырттан киелі кісі деп еститінін, келінінің біраз жылдан бері бала көтермей жүргенін айтып бата сұрайды. Батыр ықылас білдіріп, бата береді. Келіншек кейін құрсақты болып, ұл туады. Кемпір «жақсының шарапаты тиді» деп немересіне батырдың атын қояды және жеті жасқа келгенде батырды
шақыртып сынатады.


Жәнібек баланы жалаңаштап көріп, «қатарынан кем болмас» дейді. Және өкіл әке болып: «Он жетіге толғанда келіп, еншісін алып кетсін», — дейді. Бала ержеткен соң іздеп барса, батыр қартайып, қолынан билік кеткен кезі екен. «Еншісіне бір айғыр үйір жылқы беріңдер», — десе, балалары қимапты. Батыр баладан қалағанын сұраса:


— Сауытыңызды қалап келіп едім, бірақ оңашада атып көргенімде саржай өтіп кетті, — дейді бала.


Босағада шаң-топырақ басып жатқан сауытын қағып-сілкіп, керегенің басына іліп:


— Енді атып көрші, — дейді батыр. Атса, садақтың жебесі өтпейді.


— Ерді темір сақтамайды, Тәңір сақтайды, — деп, батыр өкіл баласына «көктерек» дейтін сауытын сыйлапты.


Сосын жылқысын аралатып бір бурыл тайға бұғалық тастатып:


— Балам, жылқының жүзін алма, бірін ал! Жақсы ат жауға тастамайды. Жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың қолды бір ер бастайды, — деп Шақшақ Жәнібек батыр өкіл баласына батасын беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу