Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  80


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жаңабатырдың жаламен шабылуы

Бұхар барып жолаушы жүрген күнінде екі жақ болып төбелесіп жатқандарға кез болып:


— Мынаны айырайық, арашалайық, — десе, жанындағы жол дастары:


— Өзіміз жолаушы жүріп, айдаладағы біреудің бізге өлген-тірілгені не керек? — депті.


Сонда аз жағы: «Кім де болса, Жаңабатырды танып айырады ғой, арашалайды ғой» — деп дәмелі болып қалған екен.


Жұртқа аты шыққан ірі кісінің арашашы болмай, керексіз қылып өте бергендігіне өкпелеп, сонда өлімші болып таяқ жеп қалған.


— Кім сені ұрған, соққан? — деп сұрағышқа:


— Маған қылғанда, Күлік Жаңабатыр би қылды. Менің каным соның мойнына, — деп өліп кетіпті. Мұның ұрмағанын, соқпағанын жұрт біліп тұр. Білсе де, өлермен қадалып жабысқан соң, арашалап айырмағандығының айыбына сексен серке тартқан екен.


«Кімде-кім екі ұрысып төбелескенді көре тұрып, айырып, арашалауға әлі келе тұрып арашашы болмаса, жазатайым соның бір жағы өліп кетсе, құнын өлтірушіден алсын да, айыбын арашаламағаннан алсын!» — деп.


Енді бір ұлы жиын, аста жерден сыңар аяқ өткен жеті жұртты тауысқан бір қу келді де, белдеуде байлаулы тұрған Жаңабатыр бидің атының аузын ашып қарады дейді. Қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен. Жергілікті Құдай жаратқан, өзі қояндай боз ат екен. Сол жатып жабысты дейді:


— Құлын күнінде жоғалтқан боз биенің құлыны еді, — деп.


Жаңабатыр:


— Өз жылқымның тумасы. Аузын ұрып, аяғын қолдан сыпырған тұл атым, — дейді. Анау:


— Құлын күнінде жоғалтқан менікі, — дейді.


Дау болған соң, бір көлденеңсіз құтыла ма, жүгініске түседі. Сонда жаламенен жабысушы көрінбеген жерінен белгі айтысайық дейді. Жаңабатыр:


— Бір меңі жоқ қояндай боз ат, бұған басқа белгі не керек? —  дейді.


— Енді осының көрінбеген жерінен белгі айтсам, менікі бола ма? — дейді.


— Қап, енді осыдан көздің көлеміндей боздығынан басқа белгі тапсаң, сенікі- ақ болғаны, — дейді.


— Менің биемнің тілінің түбіне тақалған жері қол басындай қап-қара еді. Енесіне тартса, мұның да тілінің түбінде сол белгі бар шығар. Егер де тілінің я ұшында, я ортасында, я түбіне тақалған жерінде қол басындай қара болмаса, менің боз биемнің кұлыны болмағаны, — дейді.


Атты алдырып, аузын ашып қараса, тілінің түбіне тақалған жері қап-қара екен.


— Мынаның сөзі шын болды, — деп, — сіздей кісінің астынан ат алу жол-жобаға сыймайтұғын нәрсе, бұл ат бүгін өз астыңызда барсын. «өзімдікі екендігі шын еді» деп бір ауыз сөз айтып, атты өзіңіздікі қылсаңыз да, өзіңіз біліңіз. «Жоқ, тақымым үйренген жануар еді» — деп үш бесті берсеңіз де, өзіңіз біліңіз, — делінген соң, жұрт дағдарып тарқасты дейді. Ертең таң атқан соң, Жаңабатыр үш бесті алып кеп ортасына келді дейді:


— Әлеумет, көп, жиылған топ, кеше өзімдікі деп таластым, бүгін мынанікі қылып, төлеуін алып келіп отырмын. Үйге бардым, бір аяққа аппақ сүт қойдым. Бір аяққа мөлдір, тұнық қара су қойдым. Сүтті қайыра сүтке қостым. Суды суға қостым. Сүттен жұғын қалды. Судан жұғын қалмады. Ойладым менің сөзімнің ақтығы сүттей ақ шығар, сонда да онан жұғын қалды-ау. Әне, бәлекеттің сөзінің қаралығы қара судай-ақ шығар, сонда да онан жұғын қалмады-ау?! А, бұрынғының «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғады» дегені осы екен-ау! деп, бір ауыз сөз айтуға жарай алмағаным осы, — депті. Ананікі жала екендігіне жұрттың көзі жетіпті, сонда да болмай Жаңабатыр бесті берген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу