24.08.2021
  170


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Етекбай би мен Шорманның Мұсасының сөзі

Төңкерістен жарты ғасыр бұрын Осы күнгі Павлодар облысы бұрынша Кереку еліндегі Қаржас Шорманұлы Мұсаның елінің жүз жылқысын Жауар Қарауыл Етекбай бидің елі айдап келіп пайдаланады. Жүз жылқысын Жауар елінің айдап кеткенін естіп, Мұса өз Қаржас елінен балуан, батыр, шешен елу жігіт таңдап ертіп алып, жылқыларын қуып Етекбайдың еліне келеді екен.


Мұса келгенмен Етекбайдың отанына кірмей, жарты шақырым елдің сыртында тұрады. Бұл бөдегей шет елдің адамдары екенін көріп, Етекбай атының шылбырын беліндегі кісесіне қыстырып, Мұсаға қарсы жүрген екен. Сонда Мұса да атын жаяу жетектеп келе жатқан Етекбайды көріп, аттан түсіп, «Етекбай кіші мінезбен, инабатты келе жатыр ғой. Мен де кішірейіп амандасайын» деп құшақтасып, көрісіп, жыласып амандасқан екен.


Бұдан бірнеше уақыт бұрын Мұсаның елі қаржас қырылысып, бір себеппен дау болып, бітімге келмейтін болған соң, Мұса ның өзіне кейбір ағайыны бас салған соң, Мұса Сейтенді айдатып, Тайжанды аттырған дейді. Өсіткен Мұсаға қаржас елі өкпелеп, быт-шыт болып Қуандық-Сүйіндік еліне бытырай көшкен екен. Бұл бытыраған халыққа шыдай алмай Мұса Қуандық-Сүйіндік еліне барып, жайын айтып, елін қайта
көшіріп өз еліне әкеліп қондырады.


Осы жағдайды Қарауыл Етекбай сол уақиғаның жанында тұрғандай біліп алған көрінеді. Әлгі Мұса мен Етекбай көрісіп, жыласып болғаннан кейін, орнығып отырып Етекбай Мұсадан жағалай отырған «мынау кім, мынау кім?» деп бір-бірлеп көрсетіп, жігіттерін сұраған екен. Сонда Мұса жігіттерін көрсетіп, «мынау — батырым, мынау — балуаным» деп елу жігітін түгел баяндайды.


Сол кезде аңдып отырғандай Етекбай Мұсаға:


— Уа, Мұса! Ойпырым-ай, Мұсажан-ай, мырзасы көп елдің елі бытырай ма екен, батыры көп елдің жылқысын жау ала ма екен деген екен.


Осыны естіген Мұса екі сөзге келмей атын мініп, жігіттеріне команда беріп, еліне тартқан екен. Қатулы Мұсаның атқа мініп, үйіне тартатынын сезген Етекбай үйден ұшып шығып:


— Мұсаеке, мұныңыз қалай, тоқтаңыз. Сіздерді дәм айдап келді. Бөлінбеген енші, жеп кететін бір малдарыңыз бар. Соны жеп кетіңіздер, — деп жармасқан екен.


Мұса:


— Жоқ, дәміңізге рахмет. Мына сөзді естіп отырып, сіздің дәмді ішіп отыруға болмайды, — деп тартып кеткен екен.


Былай шығып жігіттері Мұсаға:


— Мұсеке, мұныңыз не, Етекбайға ештеңе дей алмай, сыбағалы асымызды іше алмай кеткеніміз? — деп сұрақ қойған.


Мұса сонда жігіттеріне:


— Не ас керек? Не деп жауап беруім керек. Жамандар, сендер мені тірідей өлтірдіңдер, сендердің кесірің тиген жоқ па? Етекбай менің елімнің бытырағанын айтқан жоқ па? Енді не деп жауап беремін? — деп Мұса жігіттеріне жауап беріп аяқтаған екен дейді.


Сөйтіп, Мұса Етекбайдың енді бетіне келе алмай, жүз жылқысын ала алмай, бос қайтқан екен. Етекбай жүз жылқысы олжа болып, елін Мұсадан сақтап, аман алып қалған көрінеді. Міне, бұл әңгіменің маңызы осы. Бай Мұсаның жазасын кедей Етекбай берген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу