Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  250


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ер Едіге (ІІ нұсқа)

Ер Едігеден естігенімді сөйлейін. «Ер Едігенің сөзі» деп, қариялар тақпақ қылып айтып отырушы еді:


Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Ел шетіне жау келсе,
«Мен шығайын!» — дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Өзінен бір жас үлкен болса:
«Әзизім, сіз білесіз!» — дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Өзінен бір жас кіші болса:
«Ботам, сен тұра тұр, мен сөйлейін!» — дер екен.
«Едіге деген ер дүрмін,
Үзілмес жібек кендірмін.
Өзі білмегенге,
Білгеннің тілін алмағанға:
«Еменнен шоқпар шекесіне
Шық еткізетұғын мен дүрмін!» —


дейді екен. Қазақ «Үш жүз» деген атқа ілінбей, елдің жұрттығы көзге көрініп, білінбей жүрген күнде қазақ ортасында «Бабай Түкті Шашты Әзиз» делінген диуана болыпты. Қаратау маңайында Мыңжылқы деген таудың бауырында бір бұлақты дара алып, намаз оқуы үшін меншікті мекен-жай қылып жүріпті. Бір күн[і] таң сәрінен алаң-қарақта дәрет алайын деп келе жатса, үш жалаңаш қыз суға шомылып, біріне-бірі су шашып ойнап жүр дейді. Бұрын жалаңаш әйел көрмеген диуана қалпақтай түсіп, талып қалыпты. Манағы үш қыздың бірі де қалпақтай түсіпті. Сөйтсе, олар пері патшасының қыздары екен. Аққу болып, сау екі қыз талған қызды көтеріп алып ұшып кетіпті. Еліне, жұртына апарған соң, бақсы-балгерлерін жидырып, бал аштырған екен:


— Адамзаттан шыққан әулиенің назары түскен екен. Сол әулие өзі жазып босатпаса, басқаның қолынан келмейді! — деген соң, ұшқыр перілерді жұмсап алдырыпты:


— Тоқтылық тоны жоқ, жалаң бұт, жалаң аяқ. өн бойында көрген жан жиренбейтін жері жоқ, кісі көрерлік түрі жоқ, бір сұмпайы! — дейді, — Құдай жұмысын түсірген соң, амал бар ма?


— Мына қызымды жазып, оңалтып беріңіз! — депті.


— Менің сенің қызыңда не ақым бар? өзіңде не ақым бар? Бұлар дәрет алатұғын суыма шомылып, суымды арамдап кетті. Және мен талып қалып, сол таң намазым қаза болды. Өмірімде бір намаз қаза қылған жоқ едім, соның орнын толтыр! — депті.


— Олай болса, бір қара тоқты есебінде осы қызым[ды] өзің ал! — деп, қызын диуанаға қосып, екеуін бұлақтың басына апарып тастатыпты.


— Мынау қатынды болып оңған жері жоқ. Анау байлы болып, не қызық дәурен сүрді дейсің? Ұйқы-тұйқы, қиқы-жиқы, мыжықы-тыжықы бір өмір дағы. Диуана:


— Баяғыңдай жалаңаштанып, денеңді көрсет! — деп, қиғылықты салыпты. Пері қызы өзге тілін алса да, бұл тілін алмапты. «Еркек ашуланса, жаман болар!» деген бар ғой. Диуана тұра сала сабапты. Тұщы етіне ащы таяқ өткен соң:


— Менің жалаңаш денемді көрген соң, өзің сілейіп, талып қалатұғын едің. Оны білмедің. Мен сенен бала тапсам, мендегі нұр, жарық сәуле сол балаға кететұғын еді. Сонан соң көруің керек еді. Оған шыдамадың, асықтың. Енді мен саған жоқ, сен маған жоқсың. Мен сенен екіқабат жүкті болған едім. Еркек ұл туады. Туысымен бесікке бөлеп, осы судың басына ап келіп тастаймын. Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі: белгісі
сол болар! — дейді де, аққу болып ұшып кете берді дейді.


Диуана мұны елең қылып күзетіп жүре ме? Қыз баланы уәде бойынша бесігімен алып келіп, тастап кетті дейді. Үстіне кез болып тауып алған біреу Түркістанда ноғайлының ханы Тоқтамыс ханға апарып беріп, Тоқтамысқа асыранды бала болып, соның қолында өсіпті.


Мұны ертегі қылып сөйлеушілер әр түрлі сөйлейді: «Ақымақтың тізгіні — құлағы. Ғақылдының тізгіні — көңілі. Ақымақ не нәрсені естісе, естігеніне қанағат қылады: қатықтай қатып, сүттей ұйып, тұра қалады. Ғақылды не нәрсені естісе, естуіне қанағат қылмайды, ғақылына салып,
көңілінің дауалауына тоқтайды».


Бұрынғылардан қалған оңулы сөз бар: «Батыр деген — бір барақ ит. Екі қатынның бірі табады. Би деген — ақ шариғат. Ілуде бір-ақ қатын табады!» — деген. осы Едігені Тоқтамыс ханның төресін бұзып, төре беретұғын би де қылып қояды. «Бетіне жан пар келмейтұғын ер де, батыр да қылып қояды. «Екі қылыш бір қынға сыймайды. Екі тілеу бір көңілге сыймайды». Мен өзім Едігені ер деп, батыр деп, әбден білемін. «Билік айтты» дегенге нанбаймын.


Кім болсын, ол болсын, Тоқтамыс ханның: «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай кұл болмас!» — деп, көзін жойылтуға қастық ойлағанын біліп, сезіп қалып, қашқаны рас. Сонда артынан: «Шақырып кел!» — деп Кеңестің ұлы Кеңжанбайды жібергенде, ер Едігенің Кеңжанбайға айтқан сөзі:


— Кеңестің ұлы Кеңжанбай,
Ақылың жоқ...жанбай.
Хан емес ол — қ...м ғой,
Кім екені маған аян ғой!
Өзің аман қайтса[ң],
Барып оған айтса[ң] не?
Бұ барғаннан барармын,
Сатемір ханға барармын.
Қанша жолдас болса да,
Керегінше алармын.
Қайтып келіп еліңе
Тебінгіден тер келіп,
Қабырғадан қан келіп,
Бүліншілік салармын.
Күнікейдей көріктіңді,
Тінікедей тектіңді
Неке қимай, мал бермей,
Қатындыққа алармын!
Суарып қанмен жеріңді,
Бүлдіріп шауып еліңді,
Қылышымды суарып,
Жосадай қанға малармын! —


деп, жүре берген екен.


Осы келе жатқан бетінде қалмақтан шыққан Қаратобын Сатемір ханның қызын алып барады екен. Соған кез болып, Қаратобын алыпты өлтіріп, қызды айырып алып, Сатемір ханға барған соң, Сатемір хан Едігеге қызын беріп, жер қайысқан қол алып келіп, Түркістанды шапты, талады. Тоқтамыс хан басын алып қашып кетті. Сегіз ұлы бар екен, олар да қашып кетті. Сонда ер Едіге қатынды болған соң, бала туып, баласының атын Нұралы қойып, сол Нұралы Түркістанды шапқанда, өзімен бірге екен. Жалғыз баласы Нұралыны:


— Тоқтамыстың басын кеспей, көзін теспей, қайтушы болма! — деп, соңына салып қоя беріпті. Сонда Нұралы әкесіне қатты тапсырып айтып кетіпті:


— Тоқтамыстың екі қызының бірін өзің алсаң, бірін маған қой! — деп.


— Жарайды, балам, Тоқтамыстың қарашығын жер үстінде қалдырмасаң, болады! — депті.


Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін екі қызын бірдей Едігенің қойнына салып, бауыр бастырып, өзінікі қылып меншіктетіп қойыпты. Сонда Нұралының өшігіп іздегені сондай, Тоқтамыс қайда қорғалап барса, жанын қоярға жер таптырмапты. Ол заманда Әмір Темір көреген бар екен. О да Тоқтамысты қорғалата алмапты. Тоқтамыс сол қашқаннан қашып, Ертіс өтіп кетіпті. Бір қопаға барып қорғалапты. Жалаң аяқ екен, аяғын қамыс тіліп, қанап, сол қанның аққан ізінен бұлжытпай тауып алып, өлтіріп, қопаның жағасына сүйретіп алып шығып көміпті. Бұл күнде сол қопаны «Баян қопасы» дейді. Басында бір оба бар, «Тоқтамыстың қара обасы» дейді. Бұрынғы заманда сол обадан Тоқтамыстың үзеңгісін тауып алғандар болып: «үзеңгінің кеңдігі бұл заманның атының басы сыйып кететұғын екен!» дескен екен. Керекуге жүз елу шақырым жерде «Шот» деген қала бар. Соған ұрымтал маңайлас дейді.


Нұралы аман-есен қайтып, әкесінің Тоқтамыстың екі қызын бірдей алып қойғанын естіп, әкесін көрместен, араз болып кетіпті. Тоқтамыстың ханымы ойлағанын орынға келтіріп, әкелі-балалы екеуін өмірінде бірін-бірі көрместей қылды.


Жә, бұл Түркістанды шауып талап жатқанда, Тоқтамыстың бір күңі жас босанып, ер ұл тауып жатыр екен. Ер Едіге соны көрген соң:


— Байғұс мүсәпір, балаңды өлтіріп алма! — деп, қулық құлындаған құла биені беріп кеткен екен. Сол биеден туған құлын ат болып, күңнен туған ұл азамат болып және сол баланың аты Кейқуат болып, Едігенің қарта[я] басқан кезі болып, жалғыз баласы Нұралы қайтып қарасын көрместей болып кеткенін әбден біліп, Тоқтамыстың кегін Едігеден алу үшін Кейқуат атқа мінді дейді. Сонда Едіге мен Кейқуат кездесіп қалғанда, Едіге сөйлеген екен:


— Ай, бәрекелді, қап, әттеген-ай!
Қулықтан туған құлаша
Ат боларын білмедім.
Күңнен туған Кейқуат
Жат боларын білмедім.
Қулықтан туған кұлаша
Ат боларын білгенде,
Күңнен туған Кейқуат
Жат боларын білгенде,
Ноқтада басын кеспес пе ем,
Жөргекте көзін теспес пе ем?! —


деген екен дейді. Сонда Кейқуат:


— Мен шаранада жатқанда, шешеме: «Балаңды өлтіріп алма!» деп, құла бие берген екенсің. Қартайған екен ғой деп қорлап, саған қару жұмсамайын! Қатын болсаң, күле-күле жүрерсің. Ер болсаң, шабыңнан жарылып өлерсің! — деп, жүре берген екен дейді.


Енді Едіге қанша жүреді дейсің, шабынан жарылып өлді ғой! Едігенің өлгеніне кім күйінеді?! Тоқтамыстың екі қызы — жас тоқалдар, шешесі мен үшеуінің ойлағаны қабыл болды. Пендеде жалғыз-ақ Нұралының келіншегі, Едігенің келіні сол күйінді болды дейді. Байына пәлен-түген деуге бата алмайды. Сонда бұл келін пақырдың бесікте баласы бар екен. Өшін баладан алатұғын болды. Баланы бөлегенде, жөргегіне шеңгел төсеп бөлейтұғын болыпты. Бала түні бойы ұйықтай ала ма, зар-зар етіп, шырылдап, қақсап зарлап жатады дейді. Нұралы келіншегіне:


— Бала мұнша неге жылауық болып кетті? — дейді. Онда келіншек:


— Кім біледі, жөргегіне шеңгел араласып кетті ме? Сондықтан жыламаса, дені сау, ауруы жоқ, — дейді.


— Шіркін, баланы күтпейсің, шеңгелін арылтып, тазалап, аршып, бөлесең болмай ма? — дейді екен.


— Бала қанша болғанмен, Нұралыдай-ақ болар, әке Едігедей болар. Нұралы Едігеге не көрсетті? Бұ да саған не көрсетер дейсің?! — депті.


— Япырым-ай, менікі адасқандық екен ғой. Қойнымда құшақтап жатқан қатыныма ерсі көрінгені тамам жұртқа да сондай ерсі көрінген қылық екен ғой! — деп, тұра аттанып, Кейқуаттан әкесінің кегін алыпты дейді.

Баяғы Тоқтамыстың сегізі Еділ өтіп кеткен екен. Олардың қолынан не келеді? «Осы сендер айғырдың боғындай үйіліп-төгіліп, не ғып жүрсің — деушілерге:


«Еділ тоңса, кім өтпес?! Едіге өлсе, кім қайтпас дейсің?!» деген сөздері мәтел болып, Еділ бойындағы жұрттың аузында қалыпты.


Ер Едігенің өзі тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен. өзі өлерінде ұлытаудың басында отырып, Кейқуаттың сөзінен құса болып, жарылып өлген екен. Сонда өлерінде айтқан екен:


— Мені бұл жерге жер қазып көмбеңдер! Қорған тас қалап қойыңдар! Нұралы жер үстінде бар болса, «ат айналып-қазығын, тиірмен айналып, шүмегін табар» дегендей, бір табар. Сонда мені Қаратаудың бауырында, Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында, Бабай Түкті Шашты Әзи[з] атам бар, соның қасына апарып қойсын! — дегенімен, денесін сонда апарып қойған екен. ұлытаудағы аманат қойған жайын «Ақмешіт әулие» деп атап кетіпті. Бұл сөзді кеше Керейіттен шыққан Сарысопының баласы Жалаңаяқ Әздер сөйлеп, ол әулие де өзін сол жерге қойдырыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу