Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  177


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ер Едіге (І нұсқа)

Қазақ жұртынан Едіге деген ер шықты.


Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Ел шетіне жау келсе:
«Мен шығайын! — дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Өзінен бір жасы үлкен болса,
«Ғазизім, сіз білесіз», — дер екен.
Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен,
Өзінен бір жасы кіші болса,
«Ботам, сен тұра тұр,
Мен айтайын», — дер екен.
«Едіге деген ер дүрмін,
Үзілмес жібек кендірмін.
Өзі білмегенге,
Білгеннің тілін алмағанға —
Еменнен шоқпар шекесіне
Шық еткізетұғын мен дүрмін», —


дейді екен. Алтыннан шүмегі, күмістен түбегі бар бесікте жатқан бала күнінде біреу тауып алып, Түркістанда Тоқтамыс ханға апарып беріп, сонан Тоқтамыс асырап, асық ойнап жүрген бала күнінде ол Тоқтамыстың берген төресін бұза берген екен.

Мұның әңгімесі қазақта бір үлкен кітап еді. Бұл күнде ескі сөзді жұрт ұмытып, тыңдаушы жоқтығынан айтушы азайып кетті. Бір бұзған төресін сөйлейік.


Тоқтамыс заманында бір адамның жеті баласы бар екен. Өзі өліп, жалғыз ешкісі қалып, жеті баласы қалыпты. Сонда тірі жүрген ешкіні тірідей жетеуі үлесіп алып, меншіктесіпті. Басын біреуі алыпты. Екі көзін біреуі алыпты. Төрт аяғын төртеуі алыпты. Өзге денесін біреуі алыпты. Сонда бұл ешкінің ең кенжесіне тигені артқы аяғының біреуі екен. Сол кенженің сыбағасына тиген аяғы ақсап, оған бұрыш, тотыяйын салып, шүберек орап қойса, сол шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басуменен, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан барып біреудің егініне жайылып тұтанған шүберектен от алып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеуімен дауласып, Тоқтамысқа келсе, Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара зарлап, ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге сұрапты. Сонан ол бастан-аяқ әңгімесін айтқан соң, жетеуін бірдей шақырып алып:


— Хан мұның төресін білмей берген екен. Мұның төресі ол емес, мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамай қалған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады? Мұның төлеуіне бұл кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі — солар кінәлі, — дейді.


Мұны бұлар қайта Тоқтамыс ханға барып айтып, жұрт бұл сөзді қостапты. Неше жерден Тоқтамыстың төресін бұзып, төре бере бергеннен, Тоқтамыс хан қиянат қылып, сол қиянатын сезіп, қашып кетіп, ақырында айналып келіп Тоқтамыс ханды шапқанда, Тоқтамыс қашып, жалғыз баласы Нұралыны:


— Осыны өлтірмей қайтпа! — деп, соңына салып жіберіп, бір қопаның ішіне жалаң аяқ кіріп кеткенде, аяғын қамыс жаралап, сол қанаған қанның ізімен барып тауып өлтірген.

Сонда Нұралы кетерінде: «Тоқтамыстың бір қызын маған қой!» — деп, әкесіне тапсырып кеткен екен. Тоқтамыстың ханымы мұны естіп, әкелі-балалы екеуін араз қылу үшін, сол қызды жасап түрлентіп, Едігенің өзін қызықтырып:


— Бала сіздей болғанша, неше қыз табылмайды?! Бұл менің балам, өзіңізге лайық бала! — деп, қызын Едігеге қосып[ты].


Сонан Нұралы қайтып келгенде, өзі меншіктеп кеткен қызды әкесінің алып қойғанына өкпелеп, әкесін керек қылмай, тастап кетіп қалған. Сол Тоқтамыстың елін шапқанда, Тоқтамыстың бір күңі жаңа босанып, еркек бала тауып жатыр екен. Жаңа туып жатқан жас нәрестені аяп, бір құла бие берген екен: «Сүтін сауып ішіп, балаңды асыра», — деп. Сол бала ер жетіп, Кейқуат атанып, ат арқасына мінгенде, Тоқтамыстың қанын іздеп, Едігеге қарай бет алып жүрді дейді. Едігенің қартайған кезі екен. Кейқуат қарсы ұшырап, қаруласайын дегенде, Едіге айтқан екен:


— Қулық туған құлаша
Ат боларын білмедім.
Күңнен туған Кейқуат
Жат боларын білмедім.
Қулық туған құлаша
Ат боларын білгенде,
Күңнен туған Кейқуат
Жат боларын білгенде,
Ноқтада басын кеспес пе ем?
Жөргекте көзін теспес пе ем?! —


деген екен. Сонан соң Кейқуат:


— Мен туып жатқанда: «Балаңды асыра» деп, құла биені беріп кеткен жақсылығың бар еді. Сол үшін саған қару жұмсамайын. Қатын болсаң, күле-күле жүрерсің. Ер болсаң, шабыңнан жарылып өлерсің! — деп жүре беріпті.

Сонан соң Едіге:


— Әй, бәрекелді! Әттеген-ай, сол шаранаға былғанып жатқанда, мұның көзін жоғалтып кетсем, маған бұл тосу болмас еді-ау! осы сөзін өткізіп кеткені ұрғаннан жаман болды-ау! — деп, құса болып жарылып өліпті.


Нұралы қатын алып, балалы болған екен. Сонда Нұралының келіншегі жас баланы бесікке бөлегенде, жөргегінің арасына шеңгел төсеп бөледі дейді. Бала шырылдап таң атқанша жылап шығады дейді. Сонда Нұралы:


— Бала неге жылай береді? — деп сұраса:


— Жөргегінде тікенек ол-пұл бар шығар. Сонан тынышсызданып жылайтұғын шығар, — дейді екен.


Онда Нұралы айтады екен:


— Жөргегін тазалап, тікенек, ол-пұлын арылтып, неге бөлемейсің? — деп.


Онда келіншегі айтады екен:


— Уай, тәйірі-ай, әке Едігедей-ақ болар, бала Нұралыдай-ақ болар. Нұралы Едігеге не көрсетті? Бұл саған не көрсетер дейсің?! — дейді екен.


Мұны келіншегінен естіген соң, Нұралыға ой түсіп, аттанып, Кейқуаттан барып әкесінің кегін алды дейді.


Едігенің өзінің тұрақ қылған жері Ұлытау, Кішітау екен. Өзі тірісінде өсиет қылған екен:


— Мен қашан өлсем, сүйегімді Қаратаудың Мыңжылқы деген тауының түбінде Созақ деген қорғанның күнбатысында Бабай Түкті Шашты Әзиз атам бар, соның қасына апарып қойыңдар! — деп.


Сол өсиеті бойынша, ер Едігенің сүйегі сол жерге қойылған екен. Бұл сөзді кеше Жалаң аяқ Ашдүр айтып, ол кісі де өзін сол жерге қойдырған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу