Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  127


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ежен хан (ІІІ нұсқа)

Асан қайғы атанған Қасен ханды қалмақ ханы Ежен хан шақыртыпты. Қыста желмаяға жеңіл шана жегіп, қосшы бала ертіп жолға шығыпты. Асан қайғы ішікті жамылып, садақ-саржасын шанаға мол салып, астына басып отырыпты. Кездескен жолаушы жөн-жосық сұрағанда, Қасенханның айғырларының кісінеген даусын есіткен Ежен ханның байталдары іш тастайды екен. Сол себепті шақыртып жатырғанын айтыпты. Бұны есіткен Қасенхан желмаяның делбесін өзі қағып отырыпты. Еженхан аулына жақындағанда иттері абалап үріп алдынан шығыпты. Қосшы бала иттерді саржамен жайратып салыпты. Ауылдың аяулы иттерінің бәрі өліпті. Ежен ханға бір адам барып хабар беріпті. «Шанадағы екі адам итімізді қырып салды. Тез шақырып, жазасын беріңіз» депті. «Хан шақырып жатыр» деп біреу хабар беріп келіпті. Хасенхан Ежен ханға келіпті.


— Ау, бұл не? Ауылдың иттерін түгелдей қырғаның қалай? — депті. Сонда Асан қайғы:


— Осы ауылдың иттерінің үрген даусын естіп, біздің ауылдың қаншықтары күшіктемей қалды. Сол себепті саржамен жайратып келеміз, — депті. Еженхан өзінің айтқан сөзі өзін ұялтып, Қасенханды ел құрметке тартыпты. Қалмақтар қаумалап ортаға алып:


— Еліңде батыр кім? — деп сұрапты.


— Елімде батыр — Абат, — депті.


— Еліңде мырза кім? — деп сұрапты.


— Елімде мырза — Абат батыр, — депті.


— Еліңде би кім? — деп сұрапты.


— Елімдегі би де Абат батыр, — деп жауап беріпті.


— Неғыл дейт, бәрі бір Абат па? Әлде басқа-басқа Абаттар ма? — депті. Асан қайғы:


— Бәрі — бір Абат. Батыр да, мырза да, би де бір кісі, — депті.


— Апырмай, бұл қандай кісі? Барып көріп қайтар ма еді? — депті.


— Әлбетте, барып көріп қайтыңыздар, — депті.


Көктем айында Абат батырды көреміз деген қалмақтың сыншылары мен зор батырлары аттанып келеді. Абат батыр келгендерге жайдары да, жарқын мінезімен сый-құрмет көрсетеді. Абатқа қалмақтар риза болып, түр-түсінен, тұлға құрылысынан мін таба алмайды. Қалмақтар жылы шыраймен Абатпен сыйласып отырып:


— Батырлықты қайдан, кімнен, қалай үйрендіңіз? — депті. Абат:


— Батырлықты қояннан үйрендім, — деп жауап қайырыпты. Қалмақтар ішек-сілесі қатып, қарқылдап күлісіпті.


Абат қалмақтарды сайысқа шығарыпты. Арқар, бұғы, киіктерді қуып келе жатқанда алдынан қоян кездесіпті. Қалмақтар қоянды ортаға алып, қоршап тұра қалыпты. «Ал енді қоянды аттың аяқ астынан өткермеу керек, кімде-кім өткеріп алса, үлкен айып тартады», — депті. «Қоянды найзаның ұшына іліп алып көрсету керек», — депті. Қоян әр жаққа бір жалтарып қашып, қалмақтардың ұйқы-тұйқысын шығарыпты. Қалмақтар арланып, намысына тиген қояннан әбірейсіз қалатын болдық-ау деп күйзеліпті. Қоян Абат батырдың атының аяқ астынан көбелектей шыр айналыпты. Абат қоянның шалттығынан екі есе артық қимылдап, қоянды найза ұшына іліп алып, қалмақтарға көрсетіпті. Қалмақтар тамсанып таңырқап, Абатқа сүйсініпті. Бірақ Абаттан сақтану қажет екенін ойланыпты. Қалмақтар:


— Жарайсың, шалттығыңа болайын, — депті. Мына қимылмен бұған еш нәрсе шақ келмейтінін аңғарыпты.


Енді Абат батырдың мырзалығын сынап көрейік десіпті. Қалмақтар Абатпен күнде сайысқа шығады. Сый-құрметті емін-еркін көріп жатыр. Ақбөкен, киіктердің сүйем шыққан жал-жаясынан шұжық пісіріп жатыр. ойын-сауық, күлкі болып жатыр. Бүгін қалмақтар бір тәуір, сұлу да батырын қалдыру керек. Себеп Абат батырдың әйелінің қасына сол жігітті жатқызып, Абат батырды сынау керек. Абат әйелін қызғана ма, әлде жоқ па? Ол үшін қазақтардан сенімді адам алып, ол адамды куә есебінде түсіндіріп, ол кісі Абат батырдың әйеліне түсіндіреді. Қалмақтар:


— Біз Абатты сынағалы жүрміз. Біз Абаттың батырлығын, шалттығын көзбен көрдік. Енді мырзалығын көзімізбен көруіміз қажет. Сол қалмақтың сұлу да батыр жігітін Абаттың әйелінің қасына төсегіне жатқызу керек, — депті. Қалмақтың сұлу, батыр жігітін кешкісін Абат келер
қарсаңына әйелі төсегіне қабылдапты. Түнде сайыстан келген Абат батыр әйелінің қасында жатқан ер адамды көреді. Қалмақ батыры қолын әйелдің мойнының астына жіберіп, ұйықтап жатқан адамша құшақтасып жатыпты. Абат жайымен жігіттің қолын әйелдің мойнының астынан алып: «Әй, күшің қайтып кететін болды-ау! — деп, сыртқа шаруасына шығып кетіпті. Мұны естіп білген қалмақтар енді баяндап тұра алмапты. Бәрі жиылып Асанқайғыға келіп:


— Асыл аға, баланы тусаң, ту, айтқаныңдай бар екен. Енді біз елімізге қайтамыз. Ұлықсат, батаңды бер, — депті.


Қалмақтар риза болып шалға тұлпар ат, алтынды ер-тұрман, жаннат ішік жауып, басқа да қымбат бағалы заттар сыйлапты. Қасенхан:


— Абат батырың осы, шырақтарым! Бұйымдарыңыз болса, айтыңыздар, — депті.


— Асыл аға, бізде ешқандай бұйым жоқ. Бар бұйымымыз Абатты көру еді. Көрдік, енді ризамыз. Бірақ бір бұйымды айтқымыз келіп тұр, — депті. Қасенхан, Абат та:


— Айтыңыз, айтыңыздар, қысылмаңыздар, — депті.


— Біздің бұйымымыз Абат батырды елге шақырамыз. Мүмкін болса өзімізбен бірге жүрсін. Немесе кейін өзінің жолдас-жорасымен барсын! Біздің елімізде бір биік тауда тұйғын құс мекендейді. Біз ол құсқа жақындап бара алмаймыз. Себеп ол тау өте биік, шыға алмаймыз. Бірақ таудың етегіне барып аң аулап, құс саламыз. Осы құстың нендей құс екенін біз білмейміз. Біз оған зәбір жасаудан аулақпыз. Бірақ ол біздің сұңқар, қаршыға, ителгі, бүркіт, Баразұлы асырап атқан құстарымызды киіп түсірді. Шалттығы найзағайдан да шалт. Жалт етіп түседі де, жоқ болады. Небір мықты деген құстарымызды киіп түсіріп кетті. Бірнеше атақты мергендеріміз айнала қоршап дөңгеленіп тұрса да, атып түсіре алмады. Осы құс бізді мықтап зәбірледі. Қалайда осы құсты атып түсіру керек-ақ. Асыл аға, сізден, Абаттан біз осы бұйымды сұраймыз, — деді. Абат:


— Жарайт, жақсы, күзгі салқында барамын, — деп уәдесін берді. Қалмақтар ризаласып төс қағысып еліне қайтты.


Арада үш ай өткен соң Абат батыр қаруланып, сауыт киіп, он жолдас ертіп, Ежен хан еліне келді. Манағы келіп қайтқан қалмақтар Абат батырды тамашалап, қарсы алып, неше түрлі сый-құрмет көрсетті. Абат батырды тынықтырып, бір жеті, он күн демалдырып алып, баяғы айтқан биік таудағы құсқа баруға дайындалды. Бірнеше мықты палуан, батыр, мергендерін іріктеп алды. Атақты зор сұңқар, бүркіт, қаршыға, ителгілерімен таудағы құс сайысына келді. Таудың етегіне барып, биік таудағы құсты көрді. Абат та не құс екенін аңғара алмады. Бірақ садақ
саржасын кезеніп атуға дайындалған мергендер әр жерге бөлініп тұрды. «Құстарды түгелдей жібер, ұшырыңдар!» деген айқай шықты. Құстар жаппай көкке көтеріліп кетті. Шыңдағы құстан көз алмай, кірпік қақпай аңдып тұрған Абат батыр биіктегі құс жалт беріп төмен шүйліге түскенде, дайындалып тұрған Абат садақты тартып үлгірді. Өкпе тұстан кірген саржа құсты жерге ала түсті. Аспанға қараған қалмақтар Абаттың садақ тартқанын да көрмей қалды. Құстың жерге түскенін бірақ көрді. Жабыла шауып барса, құстың сырттаны бүркіт екен. Бұл бүркіттерге ұқсастығы жоқ. Киген тоны мүлдем басқа. Сүйек бітімі, туысы, көзінің өткірлігі жүдә бөлек. Қалмақтардың армандаған мақсаты орындалды. Абат батырға өте қатты риза болған қалмақ тарту-таралғысын аямады. Абатты он жігітімен риза етіп еліне қайырды. Осы Абаттан қорғалаған күшті Ежен хан қоныс аударып, қашыққа көшіп кетеді. Ежен хан көшкесін, басқа хандықтар да баяндап тұра алмайды. Құстың сырттанын атып түсірген Абатты көп ұзамай Жақсықылыштың етегінде атын суғарып тұрған кезінде жайын жұтыпты деседі. Жайынның ішінде ат-патымен тулаған Абат зор пәтпен жайынды жиекке шығарыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу