24.08.2021
  185


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Едігенің төресі

Ертеде бір нашар, кедей адам болған екен, өзінің жалғыз ұлынан басқа жақын туысқан ешкімі жоқ екен. Қатынынан ұлы он екіге келгенде айырылған екен. Бала он төртке келген соң әкесі опат болып, мүлде жалғыз, жетім қалды. Әкесі өлген соң бір жылдан кейін бала бір бай саудагерге жалданды. Жалақы турасынан екеуі де ештеңе деген жоқ екен. Он екі жыл жігіт байға қызмет қылып тұрды. Он екі жыл өткен соң жігіт байдан шығамын деп ақысын сұрайды. Бай «жарайды»» дейді.

— Бірақ сенің киім, тамағыңа он екі жылдан бері қарай мен екі жүз ділдә жұмсадым, соныңды төлеп кет, — дейді, — өзге сенің жамандығыңмен шыққан шығынды санамай-ақ қояйын, — дейді. Жігіт:


— Мен сенің үйіңде текке қарап жүрген жоқ едім ғой. Қойың болса бағып, үйдегі жұмысың болса істеп жүріп едім ғой, — деп бағып еді, бай оған ештеме деп жауап қайтармады. Жігіт қазыға алып барды, көп кісі байға болысып куәлік берді. Жігіт байғұстың өзінен басқа жақыны жоқ, оған болысатын ешбір жан шықпады. Қазы кесім қылып салды, кесімі бойынша жігіт байға екі жүз ділда берсе керек. Егер де оны тауып бере алмаса, бай жігіттің етінен сегіз қадақ ет кесіп алуға мүмкін болады. Жігіт мұны естіген соң байдан құтылайын деп қашыпты. Бай көтінен қуады. Жігіт жайылып жүрген түйенің жанымен кетіп бара жатыр еді, бір уақытта бір бура аузынан ақ көбігі ағып жігітті қуа бастады. Түйе жігітке жақындап-ақ қалды. Енді бір жетеді-ау дегенде жігіт жалт қарап, қолындағы таяғын түйеге жіберіп қалып еді, таяқ барып түйенің оң көзіне тиеді. Оң көзін шығарды, сөйтіп түйеден құтылып кетті. Түйенің иесі жігіттің соңына түсіп, жігітті қуды, түйесінің құнын алайын деп. Жігіт қашып келеді. Аяғы аяғына тимей келе жатса, алдында бір жар қабағы бар өзен екен. Жігіт не қыларын білмей сасыңқырайды. Кім болса со болсын, не қылса да өзеннен өтіп бағайын деп жардан секіріп түсті. Жар астында үш жігіт балық аулап, де малып жатыр екен. Жігіт жардан секіріп түскенде үшеуінің ең ішісінің үстіне түсіп, кішісін басып өлтіреді. Інісі өлген соң ағалары ұшып түрегеліп, жігітті шап беріп ұстай алады «ініміздің құнын төле!» деп. Сол уақытта жігіттің артындағы екі қуғыншы да естіп қалады, сөйтіп, жігіттің сұраушысының өзі де үшеу боп қалады. Біреуі қазының бұйырған сегіз қадақ етін сұрайды, біреуі түйесінің көзінің құнын сұрайды. Жігіт әбден састы. Кісілер өзді-өздері сөйлесті, сөйлесті де, Едігеге бармақшы болды. Едігеге келіп түсіндіріп, әркім өзінің ісін айтады. «Сен қандай төре қылсаң да, біздер разы боламыз» деп уағда берді бәрі де. Едіге сөздерін қабыл алып, жігіт он екі жыл жүрген байға айтты:


— Саған қазы жігіттің етінен сегіз қадақ ет кесіп алуға бұйырыпты ғой. Мен де саған соны бұйырамын. Бірақ сен оның етінен дәл сегіз қадақ ет кесіп ал, егерде бір мысқал артық, болмаса бір мысқал кем кессең, мен сенің басыңды алғызамын осы жерде.


Мен қайтіп сегіз қадақ ет кесіп аламын деп ойлай-ойлай, қой мен мұны тастайын деп кетіп қалады.


Онан кейін Едіге түйенің егесіне айтты:


— Сен жүгіріп қашасың, мен сенің артыңнан бір бураны жіберемін, бура жақындай бергенде артыңа жалт қарап таяқпен түйеге жіберіп қалып, түйенің оң көзін шығарсаң керек. Егерде айтқанымды істей алмасаң, басыңды алғызамын. Егер айтқанымды істей алсаң, түйенің көзінің құнын өзім-ақ төлеймін, — дейді.


«Қой, мұны мен істей алмай өзім бір масқара боп қалармын» деп ол да қайтып жөніне жөнелген.


Ағайынды екеуіне бүй дейді:


— Мен бұ жігітті жардың астына бір жерге жатқызып қоямын. Екеуіңнің біреуің жүгіріп келіп жардан секіріп түссеңдер керек. Сол секіріп түскен салмақтарыңнан жігіт өліп кетсе керек. Егер мұны қыла алмасаңдар, екеуіңнің де бастарыңды алғызамын, егер айтқанымша қылсаңдар, інілеріңнің құнын өзім төлеймін, — дейді.


Хош, жігіт жардың астында жатады екен, оның қай жерде жатқанын білмейміз. оның үстіне тағы да секіріп түсу керек, үстіне түскен соң өлсе керек. Мұның бәрін қайтып орнына келтіре аламыз. Бұ қиын екен деп кетіп қалады. Сөйтіп, жігіт үш бірдей пәледен Едігенің көмегімен құтылыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу