24.08.2021
  128


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Едіге туралы

Балалармен ойнап жүрген Едіге келе жатқан екі кісіні сонадайдан көріп қалып, қасындағы жеткіншекке: «Өздерің сәлем бермеңдер, сәлем берсе, алыңдар, «сәлем бермедіңдер» деп сөксе, жауабын мен беремін», — деп ескертеді.


Кісілер бұлардың жанына жақындап келіп, үнсіз тұрғандарын көріп:


— Балалар, үлкен кісілерге неге сәлем бермейсіңдер? — депті. Едіге жалма-жан:


— Әуелі өздерің неге сәлем бермейсіңдер? — дейді.


Әлгі жолаушылар:


— Біздің жасымыз үлкен бе, әлде сендер үлкенсіңдер ме?


— Біз үлкенбіз, — дейді Едіге іле сөзге іркілместен.


— Сендер қалайша үлкен боласыңдар?


— Мына тұрған тоқсан баланың жасын қоссақ, біз үлкен болмағанда, кім үлкен болады? — депті сонда Едіге.


Сөзден жығылған екі жолаушы Едігенің тапқырлығына таңданып: «Бағанағы дауымызды осы балаға айтып көрсек қайтеді» деп ойлайды.


— Ей, бала, біз даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді сонымызды саған айтсақ, бітіресің бе? — дейді.


— Егер Құдай аузыма салса, бітірейін, — дейді Едіге.


— Олай болса, мынау — Алшын атасы Көкжалды мерген, мен — Кеңестің ұлы Көкжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді, сондықтан одан қашқан қоян да менікі, Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды қоян атып алыпты. осының төрелігін бер, — дейді.


Бала Көкжалға:


— Сен қанша жерден аттың? — деп сұрайды. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетеді.

— Егер бір төрелік айтсам, екеуіңіз де көнесіз бе? — дейді Едіге. Екеуі де «көнеміз» дейді. Сонда баланың берген төрелігі мынау екен:


Қоянды алып балаға құшақтатады да Кеңестің Көкжанбайына:


— Балаға тигізбестен қоянды мерген көрсеткен қашықтықтан ат: егер де балаға тигізсең, құнын бересің, оқ далаға кетсе, қояннан бейдамақ бол, тигізсең, қоян сенікі болады, — дейді. Бұл төрелікке көнбей біраз ашуланған Көкжанбай сабасына түсіп:


— Ұстат балаңа, атамын, — дейді. Аңшы балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізеді.


«Ендеше, бұрын көрген сенікі» деп қоянды Көкжанбайға ұстатады. Көкжалды: «бұл төрелігіңе көнбеймін» деп дау шығарады. Екеуі Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында Көкжанбай болған оқиғаны баяндайды, баланың төрелігін айтады. Сонда Тоқтамыс хан: «Сол баланың төрелігі — төрелік, біз ондай төрелік бере алмаспыз да», — депті.


* * *


Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң біреудің қойын бағып жүреді. Бір күні оған орталарында бір аяғы ақсақ жылқы жетегі бар төрт жолаушы ұшырасады. Төртеуі ағайынды екен.


— Біздің еншімізге тиген осы ақсақ жылқы ортамыздағы бір қара еді. Басы үлкен ағамызға, төрт аяғы төртеуімізге тиесілі. Осы ақсақ мал барып, кәпірдің егініне түсіпті. Кәпір төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділда сұрайды. Біздер соған даулы болып отырмыз. Егер сен би болсаң, төрелігін қалай айтар едің, қойшы бала? — дейді бұған. Сонда Едіге:


— Алла аузыма салса, айтамын, — дейді жұлып алғандай, — Мынау ақсақ аяғы қайсыңызға тиесілі? — деп сұрайды алдымен. Ең кішісі:


— Маған тиіп еді, — дейді.


— Ендеше сен төлеуден босайсың, — дейді Едіге, — Ділдәнің екі жүзін басын алған ағаң тартсын, өйткені малды егінге көзі көріп, басы сүйреп алып барады, екі жүзін екі ағаң тартсын, өйткені ауру аяқты сүйреп апарып бастырған сау аяқ. Үш ағасы бұл төрелікке көнбей, Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында кішісі: «Біз жол бойы бір балаға жүгініп едік, ол мынадай төрелік айтты, — деп болған жайды жайып салады. Баланың берген төрелігіне разы болған хан: «Баланың төрелігі — әділ, мен ондай төрелік бере алмас едім,, — дейді.


* * *


Тағы бір күні атан түйені жетелеген екі адам Едігені көріп:


— Әй, қойшы, осы түйеге даулымыз, төрелігін бересің бе? — деп сұрайды.


— Беремін, — дейді қойшы бала жасқанбай.


— Осы түйе менікі. Бота кезінде жоғалған. Атан болғанында танып тұрмын. Ұрлаған ұрым — мынау, — дейді біреуі.


— Өз інгенімнің ботасы, өз ботамның тұқымы. Бұл маған қылып отырған жаласы, — дейді екіншісі. Едіге екеуіне:


— Түйенің енесін тауып әкеліңдер! — дейді. Екі інген келтірілген соң, Едіге атанның тақымына қыл бұрау салып бұрайды. «Жоғалтып едім» деген жоқшының інгені боздап атанның үстіне түсе қалады. Сонда бала:


— Мұның ұрлатқаны шын екен. Түйесін қайтарыңыз — дейді. Екіншісі:


— Бұл төрелікке көнбеймін, — деп, Тоқтамыс ханға барады. Түйесін таныған бірінші ханға:


— Осындай бір төрелік айтылып еді, — дейді. Хан:


— Ол қандай төрелік еді? — дейді. Олар жолда бір қойшы балаға жолыққанын айтады. Хан:


— Ендеше сол төрелікке тоқтап, түйесін қайтарып беріңіз, — депті.

* * *


Едіге тағы бір күні орталарындағы бір балаға таласып келе жатқан екі қатын мен екі еркекке кездеседі. «Әй, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төрелік бересің бе?» — дейді жамырап. «Төрелігіме тек разы болсаңдар», — дейді.


— Осынау баланы бесікте жоғалтып едім, жүгіріп жүргенде танып отырмын, — дейді бір ерлі-зайыпты.


— Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала жабады, — деп зар қағады қалған екеуі. Едіге төртеуіне де:


— Берген төрелігіме көнесіздер ме? — деп сұрайды. Төртеуі де: «көнеміз» дейді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі қатынға ұстатады да «даулы баланы семсермен екеуіңізге қақ бөліп беремін» деп семсерді көтере бергенде, «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алады.


— Өлтірмеңіз, — дейді жалынып, — менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірше мынау-ақ алсын. Едіге үндемеген қатынға:


— Сенің ұрлағаның шын екен, өлтірсе өлтірсін деп үндемедің, мынаның баласын өзіне бер, — дейді. Өзім таптым деген еркек пен қатын: «бұл төрелікке көнбейміз» деп Тоқтамыс ханға барады. Төрелік тимеген қатын мен еркек ханға:


— Даулы болып сізге жүгінуге келдік, — депті. Болған жайды әбден тыңдап болған хан:


— Қойшы баланың берген төрелігі — төрелік, ондай билікті мен бере алмас едім, — дейді.


* * *


Мұнан соң Тоқтамыс хан: «Төрт рет мұдай әділ төрелік айтқан қандай бала, кім де болса мұнда шақырыңдар!» — деп бұйырады. Жігіттер Едігені хан алдына алып келеді. Хан:


— Төрт рет төрелік айтқан сен бе? — деп сұрайды.


— Иә, мен едім, тақсыр!


— Атың кім?


— Едіге.


Баланың киімдерінің көнетоз екенін байқаған хан үстіндегілерінің бәрін шешкізіп, жаңа киім кигізеді.


Жаурындары жақталы,
Түйе баулы тартпалы.
Ал қаракес тон берді
«Мұны үстіңе ки!» деді.
«Көкала жорға ат мін!» деді.
«Кенте белбеу бу!» деді,
Тұтам бауы сом алтын,
Ақсұңқар құс беремін,
«Ұшан теңіз шүй!» деді.
«Қырымнан қиын дау келсе,
Төрелігін соның бер!» деді.
«Қырымнан қалың жау келсе,
Едіге соны қыр!» деді.


Едіге дауды бітістіріп, жаудың бетін қайырады. Тоқтамыс хан болса, ел тыныштығын бұзбастан, жұртының алдында беделі өсе береді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу