Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  90


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Дайрабай (ІІІ нұсқа)

Көбен байдың қиянат-зорлығымен түрмеге түскен Дайрабай бір күні орайын тауып, қашып шығады ғой. Сол бетінде, бой тасалау үшін Қорғалжын көлінің қалың қамысын паналайды. Ну қамысқа бойлай еніп, аралап келе жатып, бір қасқалдақтың ұясына тап болады. Ұяға үңіліп қараса, екі-үш сары үрпек балапан аузын ашады дейді. Дайрабай осынау қорғансыз тіршілік иесін ес көріп, сол жердің құрағына тізе бүгеді. Суылдаған қамыс, шырылдаған балапан үні, шет-шегі жоқ кең дүние, алды-артының ұшығы жеткізбес уақыт... Балапандар үстін көлеңке шалса болды, шырылдап аузын ашады. Анасынан жем күтеді... Ал көкте жалпылдап жапалақ ұшады, жалтылдап тұрымтай қалықтайды. Қарайғанның бәрінен қайырым күткен балапандардың кез келген сәтте жапалақ пен тұрымтайға жем болуы оңай...


Сонда бұл балапандар осынау жарық жалған, кең дүниеге не үшін келді?! Не көрді?! Не тындырды?! Дайрабай өз өмірін ұядағы сары үрпек балапандармен салғастырады. Панасыз бейбақ балапандарға мұңдасындай елжіреп қарап, жан дүниесі құлази толғанады...


Кейін осы көрініс, осы бір сезім Дайрабайдың есіне қайта-қайта оралып, ақыры күй тіліне түсіп еді дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу