Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  83


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Дайрабай (ІV нұсқа)

Дайрабай — әңгімеге шебер, әзілге ұста, ашық-жарқын адам болыпты. Өзі әнші, күйші, сері атанған, жалғыз атты кедей екен. Бір күні Дайрабайды Алтайдағы Тобықты Құбылтай деген нағашысы шақырады. Бірақ ел арасына өзінің өнерімен аты шыққан Дайрабай, қолы тимей, бұл шақыруға бара алмайды. Сөйтіп жүргенде елде үлкен той болып, сол жердегі Көбен деген бай ағайыншылап, Дайрабайдың жалғыз Көкбесті атын өзімсініп, бәйгіге қосады. Ал Дайрабайды күреске шығарады.


Досбай, Көлбай еліндегі тойдың осы ат шыбыс жарысында Дайрабайдың көкбестісі бірінші болып келеді. Дайрабай белдескенін жығады. Бірақ бұл бәйгінің бәрін Көбен бай өзі алып, Дайрабайға ештеңе бермейді. Той бітіп, ауылға келген соң, Көбен Дайрабайдың көкбестісін тартып алып, өзін елден қууға әмір етеді.


Көбен Көкбестіні кісендеп, қасына төрт кісі қарауыл қояды. Дайрабай — өз атын қалай да қайтарып алу үшін күнде кісенде тұрған атты аңдумен болады. Ақыры сәті түсіп, бір күні Дайрабай ат күзеткен қарауылдардың үшеуін ұрып жығып, атқа ұмтылғанда басқа адамдар келіп қалып, ол өз басы зорға қашып құтылады. Мұнан кейін Дайрабайдың соңына қуғыншылар түсіп, жан-жақтан іздейді. олар қанша іздегенімен, халық өздері сүйген өнер иесін ұстап бермейді, қайта жасыра түседі.

Аттан айырылып қаламын ба деп қорыққан Көбен бай енді көкбестіні қараңғы түнекке құлыптап ұстайды. Сол ауылдағы Дайрабайдың тілеулестері Көбен байдың атты жасырған жерін Дайрабайға хабарлап, оған көмектесуге әзір екендіктерін білдіреді. Бір күні Дайрабай жігіттердің жәрдемімен үйдің төбесінен түсіп, аттың аяғындағы кісенді сындырып, үйдің қабырғасын бұзып, көкбестіні алып қашып кетеді.


Дайрабай сол кеткеннен Алтайға асып, баяғы өзін шақырып жүрген Құбылтай нағашысына бет алады. Жолшыбай бір ауылда болып жатқан тойдың үстінен шығып, осы тойда Кәмшат деген қобызшы қызбен танысады. Ол қыз да Тобықтыға жиен екен.


Тойда Кәмшат қобызбен, Дайрабай домбырамен өз мұңдарын шертеді. Бұлардың тартысын халық қызыға тыңдайды. Бірақ не айтып, қандай сыр шертіп отырғандарын жете түсінбейді. Сол күні Дайрабай — өзінің жалғыз екендігін, кедейліктің салдарынан байлардың қысымына шыдамай осы жаққа кетіп қалғанын баяндаса, Кәмшат — өз әкесінің жоқтығын, жетімдік өмірін айтады. Осылайша, екеуі музыка тілімен бір-бірін ұғысып отырғанда, бозарып таң да атады. Ертемен Кәмшаттың өгей әкесі сауда істеуге базарға кетеді.


Сол күні Дайрабай Кәмшатты алып нағашысының ауылына қарай қашады. Бұлардың артынан қуғыншылар шығады. Алтай жеріне жете бергенде Дайрабай мен Кәмшатты қарақшылар ұстап алады. Ұрылар бәрі жабылып Дайрабайды ұрып-соғып, үлкен қара тасқа матап байлап, Кәмшатты алып кетеді.


Дайрабай сол жерде екі күндей байлаулы жатып, әрең дегенде ретін тауып босанып, жаяулап нағашысының үйіне жетеді. Нағашысы жиенін көріп қуанып, елін жинап той жасайды. Осы жиында Дайрабай бастан кешкен оқиғасын түгел баяндай отырып, домбырамен бір күйді екпіндете тарта беріпті. Күйді беріле тыңдаған Алтай елінің адамдарының ішінен бір қарт:


— Шырағым-ай! Адамның жан-дүниесін қозғаған мына тартқан сазыңның аты не еді? — дегенде, Дайрабай:


— Өздеріңіз де сезіп отырсыздар ғой Дайрабайдың жайын, бұл күйді «Дайрабай» десеңдер де болады, — депті.


Сөйтіп «Дайрабай» күйі дүниеге осылай келген екен деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу