Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  400


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бұл — Мезгілбайдың ауылы (II нұсқа)

Бөкей хан билеріне пышақ беріп: «Біреуі — байдікі, біреуі кедейдікі, соны табыңдар», — дейді. Екі арғымақ беріп: «Біреуі — анасы, біреуі — баласы, соны табыңдар», — дейді. «Жайық жақтан кісінген жылқылардың даусынан Нарындағы биелерім құлын тастап жатыр. Соны қойдырыңдар!» — деп бұйырады. Билер бұған не жауап берерін таба алмай, сасып, қарттардан ақыл сұрап ел жағалап келе жатса, ауыл сыртында бір тоғыз-он жасар бала қозы жайып келе жатыр екен.


— Бұл кімнің ауылы? — дейді жолаушылар.


— Бұл — Мезгілбайдың ауылы, — дейді бала.


— Бұл ауылдан әрі ауыл бар ма?


— Мұның ар жағында «қайда-қайданың» ауылы бар, онан әрі «кейін қайталықтың» ауылы бар, — дейді бала. Жолаушылар жүре береді. Біраз жүрген соң «қайда-қайдалап» ел таба алмай, адасып «кейін қайталық» деседі. Қайтып Даттың үйіне келіп түседі. Даттың үйінен манағы қозышы баланы көріп билер:


— Шырақ, алдарыңызда ел бар деп бізді алдап жібергенің не? — дейді. Сонда бала тұрып:


— Түу, хан, уәзірге керім білгіш адамдарды қоя ма десем, кез келген адамды қояды екен ғой. Мен сіздерге айтпадым ба, біздің ауылдың ар жағында «қайда-қайданың» ауылы бар, одан әрі «кейін қайталықтың» ауылы бар, — деп. — Сол айтқаным елген жоқ па? — дейді. Билер ешнәрсе айта алмай, отырып қалады. Ханның жұмбағын біреу шешсе осы бала шешер деп билер ханның жұмбағын балаға айтады. Бала екі пышақты кезек-кезек отқа қыздырады. Сонда бір пышақтан шып-шып май шығады да, екінші пышақтан су шығады. Сонда бала: «Май тамған пышақ — байдікі, су тамған пышақ — кедейдікі», – деп, бірінші жұмбақты шешеді.


Одан кейін астауға бір шелек сүт құйдырады да, екі арғымақтың алдына қояды. Біреуі астаудағы сүтке еңкейе бергенде, екіншісі оның басынан асыла барып ішеді. Бала: «Тамағыңның астынан ішкен — баласы, асыла барып ішкен — енесі», — деп, екінші жұмбақты шешеді.


— Үшінші жұмбақты ханның өз алдына барып шешемін, — деп, билермен бірге жүреді және мылтық ала жүреді. Бөкей хан ауылының төбеттері абалап алдынан шыққан-ды. Бала иттерді атып тастай береді. Бала билерден бұрын үйге кіріп келгенде, хан қаһарланып:


— Төбеттердің саған қандай жазығы бар еді, иттерімді неге атасың? — деп, дүрсе қоя береді. Сонда бала Сырым:


— Мен бір күні мал бағып жүргенімде малыма қасқыр шапты. Мен қанша айқайласам да, сенің төбеттерің көмекке келмеді. Сондықтан аттым, — дейді.


— Біздің хандықтарымыздың арасы қашық жер ғой, сенің даусыңды менің төбеттерім қайдан естиді? — дейді хан.


— Ендеше сіздің құлын тастап жатқан биелеріңіз біздің жылқыларымыздың кісінеген даусын қалай естиді? — дейді Сырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу