23.08.2021
  146


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Болаттың әңгімелері

Болат ақындығымен қатар тілге жүйрік, сөзге шешен, әзілқой, қуақы болған адам. Бір байдың мырзасы 3-4 жолдас ертіп, қулық салыстырмақ болып Болаттың үйіне келіп түседі. Болат кедейлігіне қарамастан қонақжай адам екен. Мырзаны жолдастарымен қарсы алып, қонақасы әзірлейді.


Болатты сөйлеткісі келген мырза сөз бастайды:


— Бөке, — дейді ол, — осы бір дуадақ деген құс өте семіз болады ғой. Не жеп семіреді десем, тас жейді екен ғой. Бір жылы бір дуадақ атып әкеліп сойып қарасам, ішінен жұдырықтай-жұдырықтай көк тас шықты, — депті.


— Ол рас, — депті Болат, — менің де мылтық ұстайтын өнерім бар еді. Таудан бір дуадақ атып әкеп әжеме сой деп беріп, өзім үйге кіріп кеттім. Аздан кейін әжем:


— Болат, ау, Болатжан, — деп дауыстағансын шықсам, дуадақтың бөтекесінің ішінен құлағы жоқ қызыл шыны аяқтың үстіңгі құлағы шыққан екен. Сол бір ай бұрын біздікінен жоғалып еді, — депті.


Мырза Болаттың шешіле сөйлегеніне қызыға түсіп:


— Бөке, осы қазақтың бір мақалы бар, «семіздікті қой көтереді» дейді ғой. Менімше, семіздікті қой емес, жылқы көп көтеретін сияқты. Бір жылқы соғымға сойдым. Сіз көрген жоқсыз, саған өтірік, маған шын. Сол биенікі мынадай шықты, — деп қарысын керіпті.


— Ол рас, — депті, — Болат, — қазақ бір-екі қонаққа да сойып алуға ыңғайлы болғансын «семіздікті қой көтереді» деп мақтай салған. Семіздікті қой емес, жылқы көтеретіні рас. Бір жылы мынау хахолдарда бір сарыала айғыр сатып әкеліп қойып еді, сен көрген жоқсың, саған өтірік, маған шын ғой. Әлгі айғырдыкі мынадай шықты, — деп қарын жазып көрсетіп, жұдырығымен мырзаның мұрнына салып қалыпты.


Мырза тұра киініпті.


— Асықпаңдар, ас жеп кетіңдер, — депті Болат.


— Рахмет, асығыс едік. Сізге сәлем бере келіп едім, — деп мырза жолдастарымен жүріп кетіпті. Жолдастары мырзаға:


— Қулық салыстырамын деп келіп едің ғой, асына қарамай кеткенің не? — деп сұрасыпты.


— Сендер түсінбеген екенсіңдер ғой. Болаттың қулығы, менің қулығымнан құлаш жарым артық шығып, бір шеті мұрныма тиіп, мұрнымды бұзып кетті, — депті мырза.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу