23.08.2021
  144


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бәкеннің бірінші қадамы

Мырзатайдың баласы Бәкен — қарапайым, ұялмайтын, бет алғанынан қайтпайтын қайсар, тапқыр, шешен адам болған.


Мырзатайдың болыс кезі. Матайдың басты адамдары Қалматай, Тоқтыбай, Мырзатай бастаған бірнеше билер болып, қаракерей, жанайға жесір дауын даулап баратын болып дайындалады. Бәкен сол кезде он төрт жаста екен. Бәкен әкесінен:


— Қайда барасыздар? — дейді.


Мырзатай:


— Қаракерей, жанайға барамыз, — дейді.


— Әке, онда мен де барам.


— Сен неге барасың?


— Мен сіздердің сөздеріңізді тыңдаймын, атқосшы болып барамын.


— Жоқ, балам, сен бармайсың. Ұятты үлкен адамдардың алдында бірдеңе деп бүлдіресің.


— Мен ештеңе бүлдірмеймін, әке, атқосшылармен бірге босағада отырамын.


— Жоқ, бармайсың, — деп он бес адам ылғи рубасылар, билер атқосшыларымен аттанып жүріп кетті.


Бәкен де бір дөненге мініп, аттарынан ілесіп келеді. Оны әкесі Мырзатай көріп қалып, атының басын бұрып алып, ызбарлы кескінмен: Мырзатайдың баласы Бәкен


— Сен қайда барасың? — деп ақырды.


— Мен сіздердің атқосшыңыз болып барам, сөздеріңді естуге қызғанасыздар ма?


— Жоқ, бармайсың, — деп қамшының астына алып, екі белді асырып қуып тастайды. Бірақ ол артынан қалмай қайтадан еріп отырады. Әкесі тағы да ұрып, ұрсып қуады.


— Бұл оңбаған бүлдіреді, бекерге ұятқа қалдырады, — дейді.


Бәкен тағы да артынан қалмай ере береді. Әкесі тағы ұрсып қууға айналып еді, билер, ақсақалдар:


— Қой, Мырзеке, бір бала не бүлдірер дейсіз, мына атқосшылармен бірге жүре берсін де, — десті.


— Мұның сыры маған мәлім ғой, бұл бүлдіріп, бізді масқара қылады.


— Жоқ, ештеңе бүлдірмес. Бәкенге:


— Балам, мына аталарыңнан ұлықсатсыз сөйлемейсің, — деді Қалматай.


— Жоқ, ақсақалдар, біреу өзімнен сөз сұрамаса, мен аузымды ашпасқа ант бер демесеңіздер. Мен тек сіздердің сөздеріңізді тыңдау үшін ғана бармақпын, — деді Бәкен.


— Жарайды, мына атқосшылармен бірге жүре бер, — десті басшылар қалмайтынын білген соң.


Сонымен жолаушылар жүріп келе жатыр. Өзара нақыл сөздер мен тақпақтап айтқан бұрынғы билердің әділ билігін әңгімелеп келе жатып:


— Уау, біз бүгін қай жерде боламыз?


— Бүгін қара жолдың бергі бөктерінде, өз еліміздің шетіне қонармыз, ал ертең Көктеректе, Тана төренің қызы Зәуре апайға барып, аман-сәлем қылуымыз керек. Бір болыс:


— Елді билеп тұрған өзбек жездеміз бар білем, — десті.


— Уау, апайымыз өзбекке неғып тиді екен, — деді біреуі.


— Бай-дәулетті саудагер өзбектің жігіті, апайымыз көрікті адам екен. Соған ғашық болып, малды, ақшаны төкпей ме? Өзбек дегені болмаса, жігіт те келісті екен. Зәуре де ұнатып, бірақ мынандай шартпен тисе керек: «сен Ташкенге бармай, қазақ ішінде қалсаң, тием» деген болу керек. Сонымен сол елде қалып, апайымызбен бірге өмір сүреді екен. Жазу солай, абыройлы, бай, жақсы тұрады дейді.


Сонымен жолаушылар ертеңіне кешке сұрастыра келіп, Зәуре апайдың үйіне қонаға келді. «Бауыр наймандағы бауырларың сізге амандаса келіпті, түсуге рұқсат сұрайды» деп хабар салды. «Қонақ үйге түсіріңдер!» — деп қызметшілеріне тапсырды. Қонақ үйге кіріп, шешініп жайғасты. Қымыз ішілді.


Бір жігіт:


— Зәуре бәйбіше сіздерге амандасқалы келе жатыр, — деп хабарлады. Жұрт сыпайылықпен қарсы алып, амандасуға әзірленді.


Зәуре күйеуімен үйге келді. Қонақтар тұрып қарсы алып, ескі дәстүрмен құшақтасып, төс соғысып амандасты. Атқосшыларға дейін құшақтасып көрісті. Ал Бәкен шекпенін бүркеніп босағада бүк түсіп жатып алды. Зәуре апай ел-жұрттың амандығын сұрасып болған соң таныспақшы болып, Қалматайдан бастап сұрап танысты.


— Анау жатқан қай бауырым? — деп Бәкенді сұрады.


— Ол мынау Мырзатай бауырыңыздың баласы Бәкен деген бауырыңыз, — деді бір ақсақал.


— Өзге бауырларымның бәрі көрісіп амандасқанда, ол бауырым неге амандаспайды, әлде маған өкпесі бар ма?


Бәкен басын көтеріп алып:


— Өкпем бар, апай, сізде.


— Өкпең болса, айт, шырағым.


— Айтсам, сіз кешегі атағы Алатаудай Тана төренің қызы едіңіз. Солай бола тұрып, төре тұқымынан бір жігіт таппағандай немесе қазақтан бір жігіт таппағандай, есегімен ел кезген, пәленшесі қыржиған сартқа тиді деп өкпелеп жатырмын, — деп шекпенін бүркеніп қайта бүк түсіп жата кетіпті. Білген жанға «өлімнен ұят күшті» деген апайынан ұялғанынан Матай жақсылары кірерге тесік таппай отырса, апай да күйеуі де қатты қысылды. Үй іші тым-тырыс үнсіз отырысып қалды. Аздан соң апай:


— Ал, бауырларым, дем алып, жата беріңдер, — деп күйеуін ертіп шығып кетеді. Мырзатай:

— Айтпадым ба, бұл ит бүлдіреді деп, апайдың алдында бүйтіп ұятқа батып жер болғанымызша, өлгеніміз артық еді ғой.


Қалматай:


— Япыр-ай, бірінші көріскен апайымыздың енді бетіне қалай қараймыз, өлім болды ғой.


Тоқтыбай ақсақал:


— Біздің жолымыз болмайды екен. Мына өзбек жездеміз бір болыс елді билейді. Ертең бәріміздің аттарымызды айыпқа алып, елге жаяу қайтатын болдық, бүкіл елге масқара болдық, — деп қатты күрсінді.


Мырзатай Бәкенге төніп:


— Өй, тумай туа шөккір. Жон теріңді алар едім, әттең, өлім үстіне өлім болды-ау!


Тоқтыбай ақсақал:


— Жә, жетер, болары болды. Енді өзді-өзі төбелесіп жатыр деген атақ артпай, сабырмен ақырын күтелік.


Қонақасыға қысырдың тайын сойып, жарты еті пісіп, түсіріліп те келді. Әкелері өлгендей біреулері томсырайып отырса, енді бірі қисайып жатқан еді. Қол жуғызып, алдарына семіз тайдың балбыраған еті мен қазы қартасы, исі аңқып, үйеме табақ ет екі-үш жерден қойылды. Бірақ дұрыстап ас іше алмады. Бәкен сол жатқан бойы жата берді. Оны табаққа шақырған кісі де болған жоқ. Сонымен ас-су ішкен соң төсек салып жатқызды. Түнімен уһілеп-аһылап жөндеп ұйықтай алмады. Таңертең тұрып, жуынып асқа отырды. Семіз тайдың жарты еті тағы пісіп, табаққа тартылды. Бірақ ақсақалдардың бастарынан кешегі ұят сызы әлі тарамаған тәрізді. Ас ішіліп болған соң, жүретін уақыт таяды. Күтуші жігіттерден апайға «рұқсат болса, жүрелік» деп рұқсат сұратты. Бәйбіше күйеуін ертіп келді.


— Қалай, бауырларым, жақсы демалдыңдар ма? — деді апай.


— Рахмет, жақсы тынығып, дем алдық, апай, — деп жалпаңдасып жатыр, «ұятымызды кешіре ме» дегендей.


Бәкен шекпенін бүркеніп босағада жатыр. Апай:


— Бәкен бауырым, өкпең дұрыс, жеңілдім. Айыбыма түйе бастатқан бір тоғыз әкелдім. Енді өкпеңді кешір, кел көріселік, — деді. Бәкен орнынан тұрып келіп, апаймен құшақтасып көрісіп, амандасты. Жұрттың бәрі жадырап дуылдаса бастады.


Сонымен апа-жезделеріне разы болып, қоштасып аттанды. Былай шыққан соң дөйлер Бәкенді тәуір көрген тәрізді.


Бәкен:


— Уау, ақсақалдар, билер, болыстар, көсемдер, шешендер, сіздердің іздеп шыққандарыңыз — мал ғой, олжа ғой. Сол олжаны мен бұрын салдым ба, сіздер бұрын салдыңыздар ма? — дегенде барлығы сөзден тосылып, дәлелді сөзге тоқталады. Далада отырысып ақсақалдар Бәкенге баталарын беріп, «осы бара жатқан дауласуда сөйлеудің бәрін саған бердік, бүлдірсең де, күйдірсең де, өзің біл» деп тас ұстасып, билікті Бәкенге беріседі. Сол жолы Бәкен бәрін сөзден жеңіп, олжалы қайтады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу