23.08.2021
  266


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бәйдібек би

Бәйдібек жаугершілік кезінде үш жасынан әке, шешеден жетім қалады. Ағайындарының қолында жүріп, есейе келе үйсін Шынтас деген байдың жылқысын бағады. Тәжірибелі жылқышы, ат бапкері, мерген, сайыскер, көкпаршы дода-паздардан әбжілдік, батырлық дәстүрді үйренеді.


Бір күні өзі бағып жүрген үйір-үйір жылқыдан қырық шақты қысырақ ауа жайылып жоғалып кетеді. Шынтас бай қаһарланып:


— Сол жоғалған жылқыны таппай қайтпа! — дейді.


Жылқышы бала сонымен қырық қысырақтың үйірін іздеп кетеді. Қаратау шатқалдарын шолады. Кездескен адамдардан, ауылдардан сұрайды. Ешкім көрдім, білдім демейді. Мойынқұм жағына өтіп шөл даланы кезеді. Күндер өте береді. Бала шөліркейді, аты болдырады. Бір сексеуілдің түбіне түсіп, атын шалдырады. Өзі жанқалтасында қалған бес малта құртты қаужайды. Кеш батып, қараңғылық түседі. Балада ұйқы жоқ. Елегізиді. Әр тараптан пыр етіп ұшқан жапалақтың, уілдеген үкінің үні естіледі. Алыстан дала бөрісінің ұлығаны, одан берегіректе қарсақ, қорқау қасқырдың шақылдап таласқаны құлағына келеді. Бала қорқа бастайды. Амал қанша. Ол сексеуілден таяқ сындырып алады. Төңіректен тас жинайды. Егер қасқыр, қарсақ жақындаса, от жақсам ба екен деп қураған сексеуіл жинайды. Аты болса төңіректеп жайылып жүреді. Сөйтіп отырып бала сексеуілдің түбінде қалғып кетеді. Түс көреді. Түсінде ақ киімді, ақ сақалды қария оған келіп: «Балам, тарықпа, қамықпа, Алатауға бет алып жүре берсең, Шу өзенінің бойынан жылқыңды табасың. Ал, жолың болсын, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен шылауыңнан демесін. Тілеген мұратыңа жет! Аумин!» Бала да «Аумин!» деп қолын жоғары көтере бергенде оянып кетеді. Қараса, түсі екен. Қарияларша: «иә, аруақ, қолдай гөр» деп ұшып түрегеледі. Жайылып жүрген атына барып, ауыздығын салып мінеді де, күншығысқа қарай жүре береді.


Ат үстінде ойланып келеді. Көрген түсін өзінше жориды: Кеше Қаратаудың теріскей жотасындағы Жылыбұлақ басына жетіп, қарт қойшының үйіне барғанда әлгі қойшы:


— Анау тұрған Жылыбұлақ басындағы сағанада Бабай Түкті Шашты Әзіз әулие жатыр. Өзің жетім бала екенсің. Басына барып дұға оқып, садақаңды беріп қайт! Жүр, мен ертіп барайын, — деген. Екеуі Сағанаға барып тізе бүккен. Қарт қойшы «Құл хуалланы» үш қайырып бата қылған. Бәйдібек бала орамалының шетіне түйіп, бойтұмардай сақтап жүрген жеті теңгесін құдайы садақа етіп, Сағананың есігінен тастаған. Сөйтіп, екеуі «Бабай Түкті Шашты Әзіз әулие қолдай гөр!» деп қайтқан.


Мидай далада құмды кешіп келе жатқан Бәйдібектің ойына осы жайлар оралады. «Түсімде мені жебеп жүрген ақ киімді, ақ сақалды кісі — сол Бабай Түкті Шашты Әзіз әулие екен ғой. Иә, бабам, жарылқай гөр!» — деді де, ол атын қамшылай түсті.


Күн жүрді, түн жүрді, ертеңіне ол Шу бойына жетті. Қалың қамыс арасынан жылқысын тауып айдап шықты. Еліне жетті. Жылқысын көргенде Шынтас бай әйелі ұл тапқандай қуанды. Бәйдібек баланың арқасынан қағып:


— Жарайсың, балам, жоғалған табылды. Етек жабылды. Біз сенен қорқып отыр едік, қолды бола ма деп. Әйтеуір жылқы да, өзің де аман келдің, — деп оған риза бопты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу