23.08.2021
  102


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Балгер, тәуіп

Ел кезіп, бірге түстеніп, бірге қонып жүре беру Күсептің белгілі әдеті. Тағы бірде бір үйге келіп қона қалды. Үй иесі жолаушылап кетіпті. Мейманның тиісті қонақасын берді де, үй иесі жас әйел қонағын төрге жатқызып, өзі шымылдық ішіне кірді.


Түн ортасы ауып, шырт ұйқыда жатқан кезде Күсеп әлденеден шошып оянғандай болды. Шымылдық ішінен күбірлеген дыбыс естілді. Үй иесі келген болар деген оймен үнсіз жата берді. Бір мезгілде көңілді, қошаметті екі үн жалғаса шықты.


— Мен сені жанымдай жақсы көремін, — дейді еркек үні.


— Шын сүйетіндігіңе сенейін, мені осы төсектен түсірмей тосып, әжетке отырғызшы! — деген жіңішке әйел үні естілді.


Айтылуы-ақ мұң екен, әйел тілегі орындалды. Биік төсек ағаш үстінен шорылдаған дыбыс шықты да, жердегі қаңылтыр шіләпшінге сұйық зат құйылды.


— Ау, байқаңдар, тұздығың төгілді ғой, — деп қалды төрдегі қонақ.


Бұдан ұялып қысылған жігіттің буыны босап кетті де, әйел сылқ етіп шіләпшінге құлады.


Әйел қатты ауырып жатыр. Күйеуі келді.


— Көлденеңнен кездескен көк атты боларсыз. Мына әйелдің сырқаты қандай сырқат, қандай ем керек? — деді қонағына.


Күсеп қу білмеймін деген жоқ. Қолына домбыра алып, безілдетіп тартты да, басқа адамдар анық ести алмастай күмбірлете, сарнай жөнелді. Әйелге төніп барып:


— Жазыл, тез жазыл! Жазылсаң, үйіме қайтамын, жазылмасаң, байыңа айтамын! — деді.

Бұл сөзді үйдегілер ұғынған жоқ. Әйел дереу басын көтеріп, күйеуіне жазылып қалғанын айтты. Қандай сырқат екенін тапқан балгер, оны емдеп жазған тәуіп лайықты сыйлықпен аттанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу