23.08.2021
  109


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бала қонақты сынау

Қоштай бір байдың жылқысын бағып жұмысын істеп жүргенде сол үйге бір қонақ келіпті.


— Қонақтарға мал әкел, — депті бай Қоштайға бір кезде:


— Мал дейсіз бе? Сонда бұл кісілерге қой әкелемін бе? Қозы әкелемін бе? Тай әкелемін бе? Тайынша әкелемін бе? Қайсысын ұнатар екен, а? — деп тұрып қалған екен ол.


— Тәйт, ақымақ, сый кісілердің алдында әдепсіздік істеме! — депті оның сырын білетін бай зекіп.


Сонан Қоштай қорадан бір бағланды әкеліп бата тілеп, алып соғып, терісін үйектеп сыдырыпты да, ашабақанға іліп жіберіп, үйекті бар күшімен тартып кеп қалғанда аяқ жақта отырған бала қонақтың үстіне барып шалқасынан түсіпті.


— Үй, антұрған, қозыдан үйек алғаны несі мұның? — депті бай.


— Мына бала қонақтың тартпа айылы тозыңқы екен. Соған бір мықты айыл ұрып беремін бе деп едім, — депті ол.


Аздан соң маздап жанып тұрған отқа бас үйте бастайды.


— Үй, оңбаған, жай үйт, — депті бай тағы да. Қоштай шыға жөнеліпті. Аздан соң киіз үйдің есігін шалқасынан қайырып жіберіп:


— Кейін тұрыңдар, жол босатыңдар, — деп айғайлапты сырттан. Қараса Қоштай басты өзін сырыққа шаншып алып, атқа мініп алып, есік алдында тепектеп тұр екен дейді, үйдегілер ду күліп, жырғап қалыпты.


Қоштай үлкен қазанның есік жақ далдасында отырып, тобылғының сидамынан садақ жасап алыпты да, анда-санда әлгі бала қонақты сығалап кезеп-кезеп қояды екен. Бала қонақта бұдан сескеніп отырса керек. Садағын баланың көзіне дәлдеп кезеп отырған Қоштай бір кезде «тарс» деп айғайлап қалғанда оқыс шошып, жасқанып қалған бала қонақ жүктегі күміс ердің қасына басын соғып алыпты:


— Пай, пай, батырыңның жүректісін-ай, — деп Қошекең қарқ-қарқ күлген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу