23.08.2021
  181


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бақсабір қу

Бақсабір дейтін бір қу жігіт сол маңда бір сараң бай барлығын, оның жалғыз ұлы өзімен замандас екенін естіп, бір күні тобылғы торы атын мініп, солай беттейді.


Ел шетіне таяй келгенде, орманда өгізге отын артып жатқан бір келіншекті көреді. Оның сараң байдың келіні екенін біліп, отынын артып болды-ау дегенде келеді де, мылқау бейнеге еніп, өгізді ұрып-ұрып жіберіп келіншекке ымдап еді. Келіншек шошығаннан жан ұшырып өгізін үйіне қарай қуа қашады. Мылқау да артынан қалмай өгізді сабалап отырып үйіне келеді. Келіншек үйге жете жығылып, мән-жайды енесіне айтады.


Кемпір:


— Бұл жынды мылқауды бір шай беріп алдап, жолға салайық, — деп, даяр тұрған шайды талқан салып құяды. Мылқау кебежені нұсқап «май әкел» дегендей ымдайды.


Кемпір мен келіні:


— Май жоқ бұл үйде, қаңғырған жындының дәмесін, мына жақта бір бай ауыл бар, шайыңды іш те, соған бар, — деп ымдайды. Мылқау оған көнбей орнынан тұрып, кебежені түйгіштейді. Кемпір шошығаннан май салып береді. Әлгі мылқау шайға тойып алып, атын шідерлеп, отқа қойып келіп, төрдің алдына көрпені жайып, шапанын айқара жамылып, ұйықтаған болып жатады. Кемпір мен келіні қойдан келе жатқан ұлының алдынан шығып, мылқаудың барлық істегенін айтып, даттайды.


Жігіт:


— Тоқта, мен алдымен шайға қанып алып, ол жындыны маңайға жоламастай етіп бездірейін, — деп күжілдей үйге кіреді. Төр алдында жатқан мылқауды көріп:


— Әкемдей төр алдында керіліп жатқан мынау кім? — деп төсегіне сүйене келіп отырады.


Дастархан жиылып шай құя бастағанда, әлгі мылқау орнынан атып тұрып, үлкен байдың адалбақанда тұрған тымағын кие салып, жігіттің әкесіне ұқсап отыра қалады.

Шошынған келіншек шай құймақ болып ыңғайлана бергенде жігіт:


— Шай құйма, байқайық бұл жындыны, — дегенде, келіншегі шыныны жерге қоя салыпты. Мылқау отта жанып тұрған шаланы дереу алып, жігіттің басына салыпты кеп. Үйдің ішіне от шашылып ию-қию болып кетіпті.


Сөйтіп, шулап жүргенде қас қараяды. Мылқаудан құтылмасын білген жігіт жақын маңдағы ауылдан адам ертіп келмек болып жөнеледі. Әбден зәресі ұшқан шешесі мен келіншегі қоса кетеді. Бұл кезде мылқау кейпіне еніп Бақсабір есіктен қарап тұрып, қыр аса бере атқа міне салып, орап алдынан шығып:


— Қайда шұбап барасыңдар? — деп жөн сұрай қалады. Кемпір болған істі айтады.


— Жә, кісі ертіп келгенді қой. Жүріңдер, мен ол немені діретіп берейін, — дейді. Шошынып қалған жігіт:


— Күшті неме көрінеді. Отты шаланы басыма ойнатқанда, жүрегім су сепкендей суынып, кірерге тесік таба алмадым, шамамыз жетер ме екен? — дейді.


— Шешеміз қалжа жеген ұлмыз ғой, екеуіміздің бір мылқауға шамамыз келмей ме, жүр, су жүрек неме, — деп Бақсабір үшеуін ертіп ауылға тартады. «Мынаның аты әлгі мылқаудың атына ұқсайды ғой, тегі жігіттердің біреуі-ау соны жаяу қалдырмақ болған» деп ойлайды кемпір.


Бақсабір аттан түсе үйге кіреді. Әлгілер қорқып сыртта қалады. Бағана өзі кетерде оң жақтағы төсекке адам бейнесінде көрпеге орап кеткен
«мылқауды» сабай жөнеледі. Арасында:


— Келіншекті өгізбен жеткізген, мылқау, маңайдағы елді күлгізген, мылқау, отты шала ойнатып, батырдың басын күйгізген, мылқау, — деп кіжініп сартылдатып сабап-сабап болып:


— Үйге кіріңдер, жындыны тұрмастай қылдым, — деп айғайлайды. Жігіт бастап үйге кіреді. Келіншек от тамызып жатқанда, Бақсабір кемпірге:


— Мылқауды үлкен ұйқыға жіберуге таяттым. Шай ішкен соң мына балаң екеуіміз көтеріп, бір қалтарысқа апарып тасталық, — дейді.


— Ух, рахмет, қарағым, көп жаса, мылқау бәледен құтқардың әйтеуір, — дейді.


От маздап, үйдің іші жарық болғанда, төр алдында сөйлеп отырған мылқауды танып, аң-таң болған кемпір «Бақсабір деген қу бар» деп есіткені есіне түсіп:


— Қарағым-ау, жөніңді бұрын айтсаң болмай ма? Енді елге күлкі қылма, — деп қой сойып, қонақ қылып, жолға салған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу