Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  115


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Арна

Қиын кезде ел қамын ойлап, түрлі амалын қарастырып, ат үстінен түспейтін азаматтың бірі күйші Тауданбекұлы Дәуітбай болған. Бір жылы ерте көктемде Боғда үкіметінің жандай-шаптары қимылын ширатып, елді дүрліктіре бастайды. Осындай қиын шақта Дәуітбай күйші жанына бір жолдасын ертіп, Қобда сыртындағы елге хабар беруге келе жатса, өзеннің қызыл суы жүріп, сең бұзыла бастапты дейді. Қамсыз отырған елге қалайда хабар беру шарт. Сәт сайын сарқырап-күркіреп ағасын күшейтіп бара жатқан Қобданың асау мінезі тіптен асықтыра түскендей болады. Сонда Дәуітбай: «Әй, мұндайда аяған жан кімге шікірә!» — дейді де, астындағы атты тартып-тартып жіберіп өзенге қойып кетеді. «Дәуітбайдан жаным ардақты ма!» деп, жанындағы жолдасы да күмп береді.


Содан Қобданың ақ көбік шашқан асау ағысы екі жігітті жанқадай қалтылдатып ала жөнеледі. Тақымға басқан аттары иектерін көтеріп, парылдай жүзіп жан таласады. Бірақ дүлей күш туырлықтай сеңдерімен соғып, келесі жағалауға маңайлатпай қояды. Дәуітбайдың аты бір-екі рет су қауып, өзінің де бойынан қауқар кеткендей көзі қарауытады...


...Әлден уақытта, ес кетіп, жан шықты дегенде бірдеңе сарт етіп иығына тигендей болады. Сөйтсе, жағалауға бұрын шыққан жолдасы қыл арқан лақтырған екен. «Суға кеткен тал қармайды» деген, жан-дәрмен арқанға қолы тиіп, аман-есен Дәуітбай да жағалауға шығады-ау.


Сол күні ауылға келіп, ағайынның ықыласына бөленіп отырып, Дәуітбай әлгінде ғана көрген азабын күй тіліне түсіріп еді дейді.


Бұл күй ел ішіне «Арна» деген атпен тараған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу