Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  494


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Алаша хан әңгімесі (ІІ нұсқа)

«Қырық сан Қырым, отыз сан рұм, он сан оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай» бүлгенде, Ормамбет хан өлгенде», — делінген бір заман болған екен. Сол заманлардың тұсында: Қондыгер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болған екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген бір би болған екен. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен дейді. Осылардың заманында қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген хан сол уақыттарда Бұқарада тұрып, уақытында Бұқараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, сонан бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:


— Бұл балаңды, балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртынды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді! — деген соң хан қырық жігітке бұйырыпты:


— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер! Өлсе, өлсін. Өлмесе, өз бетімен қаңғып күнін көрсін! — деп, жер аударыпты — зинақар қайтып бұл жұртты, мына қатын мен баланы да көрмесін, сендер де көрмеңдер! — деп.


Сонда бұл бала Майқы биге ұшырап, Майқы би қасына өз баласы Үйсін батырды жүз жігітпен қосып:


— Қаратаудан әрман қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар болады, Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген бұлақтар болады. Сол жайларды барып, ірге теуіп, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! — деп батасын беріп, қоя берген екен.


«Болар ұлан боғынан» деп, бұлар бір-екі жылдың ішінде көзге түсіп, ауызға іліне бастады. Ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай қайратты, батыр болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан есітеді. Қотан, Қоғам, Қондыгер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді: «Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны? Баламды өзіме алып келіп берсін де, менен не қалағандарын алсын!» деп.


Сонан соң бұлар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Сендер барып шақырып келіңдер!» деп.


Бұлар келген соң бұларға еріп қайту былай тұрсын, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді. «Аты бестісінде қатаятұғын, жігіт жиырма бесте қартаятұғын, көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ» сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз?» — деп.


Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жіберді: «Сендер барып жа-
тып алмаңдар, шақырып келіңдер!» деп.


Олар да қайта алмады: «Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен. Ішкені — жылқының сүті, сапырылулы сары қымыз, жегені — қазы-қарта, жал-жая — жылқының еті. Құдайдың құтты күні құшқаны — сұлу қыз-келіншек бұларда!» [деп], орнығып тұрып алды.


Бұл сөзге дәлел боларлық бір сөз — Бұхарай-Шәріптен кеше Мұса, Секербай заманында бір «Тентек ишан» деген ишан келіп, Бұхараға қайта барғанда, халық сұраған екен:


— Тақсыр, не көрдіңіз? — деп.


Сонда Тентек ишан айтыпты:


— Сахараға бардым, мұнда көрмеген төрт нәрсе көрдім: бағылан семіз қозы, сары қазы, сапырулы қымыз, сәулетті қыз! — деген екен.


«Тоқсан ауыз сөздің түйіні бір» деп, сөздің мылжыңын қойып, тұрғысын айту керек. Бұлар енді: «Ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік!» — деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған «Алаша хан» деп ат қойды. «Әуелгі келгенді — ұлы жүз, оның басы Үйсінге: «Ұлы жүз — Үйсін» деп ат қойды.


Ортаншы келгенді — орта жүз, оның басы Болат, оған Ақжол, «Орта жүз — Ақжол» деп ат қойды. Соңғы келгенді — Кіші жүз, оның басы Алшынға «Кіші жүз — Алшын» деп ат қойды.


«Жауға шапқанда, «Алаш! десіп шабайық!» деп, «Алаш!» деп ұран шақырды. Кеше: «Алаш — Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз — ағаш, ұранымыз — Алаш болғанда, үш жүздің баласы —  Қазақ емес пе едік?!» деп айтылған сөз сонда қалды.


«Сонда Болат ел шапқанда, соғысуын [да] жан аянбай соғысады екен, олжа алғанда, алмайды екен. Затында, сүйегінде абыздық бар екен. Сонан: «Болатқожа» атанған екен» деседі. «Және қайда барса, жолы ақ болғандықтан, «Ақжол» атанған екен» деседі. «Бұрынғы аты Ақарыс екен» деп сөйлейді.


Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін өз тізгіні өзіне тиіп, қатын керек болса, ноғайлардың қызын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгенше жек көріп кеткені — сол дейді.


Қалмақ ежелден атасының асындай болған, онан олжаға ұл түссе, «құл» дейді де, қыз түссе, «күң» дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу