Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  300


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ақсақ құлан, Жошы хан

(І нұсқа)


Жошы ханның ашамайға мінгізген жас баласы аңшылармен бірге жүріп, бір жерде қашып келе жатқан ақсақ құланды қуып кетіпті. Ақсақ құлан жосып жүйткіп бара жатқан бір топ құланға қосылыпты. Баланың астындағы еріккен тұлпар елігіп, құйрығын шаншып құйғытып құландарға қосылады. Құланның әңгісі баланы шайнап өлтіріп кетеді. Аңшылар баланы іздеп таба алмайды. Жошы аңшыларға қаһарын төгіп: «баламды тауып бер!» деп, қалың кісіге іздетеді.


«Баламды «өлді» деп естірткен адамның құлағына қорғасын құямын!» — деп жарлық қылады. Аңшылар бір жерде баланың жұлмаланған қолын табады. Енді ешкім баласының өлгенін Жошы ханға батып айта алмайды. Ақыры көпшілік ордада отырып, бір күйшіге жырмен айтқызады. Сондағы жырдың ұзын-ырғасы мынау екен:


Уа, иеміз, Жошы хан,
Домбыра не деп жырлайды?
Сарнап бір даусын қырнайды,
Құлағың сал осыған.
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан.
Қиырсыз құла далада
Аңда жүрген балаға
Кез болып бір қашыпты,
Белден-белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан!..
Елсіз құба далада,
Қат-қат бұдыр салада,
Мекендеп өрген, өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Еріккен тұлпар құнанды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған.
Өлім деген Тәңір ісі,
Желіккен құлан әңгісі.
Құлан мен тұлпар еріккен,
Жосыған құлан желіккен.
Балаңды шайнап өлтіріп,
Жұлмалап жалмап кетіпті
Ордалы құлан шошынған.
Сөзді айтып жырлап зарлаған
Домбыраның балаңды
Естірткені осы, хан!
Өзгеге артпа жалаңды,
Еліктірген балаңды,
Сол қу құлан, ту құлан.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Илан, ханым, осыған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу