Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  150


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Абылайдың алғаш көзге түсуі (І нұсқа)

Жиырмаға жетпеген жас Абылай хан қасында Оразаулық деген сарт жолдасы бар, Есіл бойында Атығай, Қарауыл деген елге келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бағып, жылқышы болып жүріпті:


— Атың кім? — деп сұрағанға:


— Атым Сабалақ! — депті.

Бай бәйбішесіне айтыпты:


— Өзге жалшыдай көрме, мұны, күте гөр! Бойында қасиеті бар екен. «Қалайша» десең, алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен бір ас құйып ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын біреуге бермей, ішпейді. Және жерге бір отырмайды. Дәнеме таба алмаса, киімін шешіп, астына салып отырады. Және түзге отырғанда, ұрғашыдан да ибалы, бір қырдың астына барып отырады, не болмаса, киімін басына бүркеніп отырады. Және өзі ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып тұрады, жанып тұрған шам шырағы болса керек, — дейді екен.


Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қара қалмақ Қатысыбан деген жау алыпты. Қазақ «қылқұйрық» деп көтеріле аттаныпты. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұғлы Жәнібек, Көкжаралы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей, уақтан шыққан Сары, Баян бәрі аттанып, қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің аузына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағында бұғып жатқан мергендері атып тастап, қалмақ қазаққа алдырмапты. Неше күн жатып, «сасық қамал» болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай, «салы суға кетіп» қайтпақшы болыпты.


Сонда жылқының соңынан қалмай қуған жылқышылардың бірі Сабалақ қазақтың қайтарына көзі жеткен соң, көптен оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап, ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай!» деп жалғыз барып кетті дейді.


Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы — өзіне атса оқ өтпейді, шапса қылыш өтпейді. «Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік» қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жусау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты жебір-жесір қылып, шауып, талап, шаш-етектен олжаға қарық (ғарық) болысып қайтысыпты.

Жауды жеңіп, көңілдері тынған соң арғын, найманның батырлары:


— Кеше бізден айтылмаған әруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ, бәрі дәнемеге жарамады. Бұл өзі жалғыз болса да тегі, заты кім екені белгісіз болса да, бәрімізден бақталайы жоғары, әруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді «қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа қой» деп еді. Кел, осыны хан көтерелік! — деп әу десіп, Атығай Есенаман байдың еркесіне алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.


Тобылбай бидің баласы Арыстан ақын қолға түскенде, Кенесары ханға айтқан:


— Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көргенмен өзіңнің Алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай, Қарауылдың баласымын! —


деп, сонда өзін өлтірткелі отырған Кене хан көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:


— Батыр, қалағаныңды ал! — деп астына ат, жетегіне түйе, мойнына берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен.


Абылай ханның қазаққа алғаш хан болған жері — осы. Өзі өлгенше, өмірі қартайғанша тұрағы Көкшетауда болған. Ол сөз де Арыстан ақынның өлеңінде бар:


Қылады Макаржиде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.


Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп, қоныс қылған екен. «Он сан ноғай болғанда, Ормамбет би өлгенде, сол Ормамбеттің елі бір алаша тайдан бүлініпті!» деген сөз бар. Сонан соң қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Қарақалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында «он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, Аюкенің ауыр қолы» атанған тұста, құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында қалмақтын құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң бұл заманғаша көрген емес.


Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты! —


деп өлеңге шыққан Абылай — осы.


Қазақ жұртында мақал болып қалды: «аң алмайтын жаман құс — ат еңбегі, Абылайдан басқа төре — ет еңбегі» деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу