Өлеңдер ✍️

  22.08.2021
  111


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Орта бойлым

Айналайын, қарағым, орта бойлым,
Сары майдан айырып торта қойдым.
Жанның бәрі атыңды білмесін деп,
«Күлімкөз» деп әдейі жорта қойдым.

Қайырмасы:
Ой, сәулем!
«Күлімкөз» деп әдейі,
Жорта қойдым,
Орта бойлым.

Қаңбақ ұшар даланың желіменен,
Мұз көшеді өзеннің сеңіменен.
Торғай жолдас тотыға бола алмайды,
Ойнағаны жарасар өз теңімен.

Қайырмасы:
Ой, сәулем!
«Күлімкөз» деп әдейі,
Жорта қойдым,
Орта бойлым.

Мойыныңа жарасқан ақ меруерт,
Ойнамасаң, күлмесең, тарқай ма дерт.
Өзің теңдес ұнатсаң бір құрбыңды,
Алысқан қол, айтқан сөз—сертіңе жет.

Қайырмасы:
Ой, сәулем!
«Күлімкөз» деп әдейі,
Жорта қойдым,
Орта бойлым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу