👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  61


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Марқұмның жылдығында айтылған жоқтау

Жетім-жесір атану
Лайық па еді біздерге?!
Жыл айналды келмеді,
Болмады күдер үзбеуге.
Із-тозы жоқ жоғалттық,
Дәрменім жоқ іздерге.
Көкірек толған қайғы-шер,
Төгейін, ел-жұрт, сіздерге.
Айтайын, жұртым, ойымды,
Болса сөзім орынды.
Сабазымдай пана боп,
Кім түзер оң мен солымды.
Аяулы қайран сабазым,
Аруағыңа табынам.
Көңілім менің алаң-ды,
Өмірде сенің жоғыңнан.
Қасиетіңді адамдық
Өмір бойы сағынам.
Құдайға бәрін тапсырдым,
Не келеді қолымнан!
Өзің жоқсың ақылшы,
Күн үшін кімге жалынам.
Қапыда сенен айрылдық,
Баста бақтың жоғынан.
Осы күнге кез болдық,
Маңдайдың қалың сорынан.
Дүниені опасыз,
Сенсіз де енді не қылам?!
Жайдары, жарқын жүзіңді,
Сағынбай қайтып тұра алам?!
Ойлағанда өзіңді,
Безіп те жүрмін жанымнан.
Біліп те жатыр ма екен,
Мен бейбақтың хал-жайын!
Ұрпаққа қара демесең,
Алып та кетсең, мен дайын.
Арманда кеткен асылжан,
Қапыда кеттің қасымнан.
Ұжданы күшті ер еді,
Құс ұшпаған басынан.
Болжаусыз ажал кез келіп,
Айырды асыл затымнан.
Жетім-жесір біз болдық,
Маңдайға таңба басылған.
Ақылға жүйрік зерегім,
Еңіреп туған ер едің.
Жоқтамай қайтып тұрайын,
Құласа бәйтерегім.
Айдын көл еді сабазым,
Тартылып шөл болғаны-ай.
Жесір деген ат алып,
Мен де бір болдым сор маңдай.
Қос қайғы басты иықтан,
Жүремін қайтып толғанбай.
Алды бар да, арты жоқ,
Опасыз дүние жалған-ай!
Ел иесі ер еді,
Арманда аруақ болғаны-ай.
Өмірі қысқа болғаны-ай,
Аруақ ата қолдамай,
Қырына Алла алғаны-ай.
Қос шаңырақ бірдей шағылып,
Ауыр салмақ салғаны-ай.
Күйзеле беріп қайтейін,
Сырымды менің жыл ұққан.
Есімді жиып бір жерге,
Сусындадың тұнықтан.
Тірліктің берсін ләззәтін,
Алыстан да, жуықтан.
Алданыш етіп өтейін,
Паршасын қалған сынықтан.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы