Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  217


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Келіннің жоқтауы

Піссіміллә деп бастайық,
Артық айтып саспайық.
Иманды болғыр, Атекем,
Жыламай қайтіп тастайық.
Арғымақ келед еңістен
Ертоқымы күмістен.
Иманды болғыр, Атекем,
Бұйырғай орын бейіштен!
Базардан келген хат-қағаз,
Қаттауын адам жаза алмас.
Атекем еске түскенде,
Амалын адам таба алмас.
Есіктің алды жас қайың,
Жапырағын баспайын.
Атекем еске түскенде,
Аузымнан қайтіп тастайын!
Жылқы ішінде қоңыр жал,
Жылқыда жоқ оған пар.
Кеше де жүрген Атекем,
Бір көруге болдым зар!
Жылқы ішінде көк дөнен,
Жал-құйрығын өрмеген.
Атекемнен айрылып,
Отыр ғой жаным өлмеген!
Базардан келген қорғасын,
Қорғасын күміс болмасын.
Айналайын, Атекем,
Иманың болсын жолдасың!
Жылқы ішінде бозғыл көк,
Бәйгеден келер озғындап.
Артыңда қалған ұрпағың,
Кетер ме екен, тозғындап?!
Мінгенде-ей, атың, кекілді-ай,
Жолаушы кеткен секілді-ай.
Жолаушы кетсе келмей-ме,
Келмес жерге бекінді-ай!
Жылқы ішінде қарагер,
Қиналса шығар қара тер.
Мен жыламай кім жылар?!
Ішім толған қайғы-шер!
Есіктің алды сар дала,
Жағалай соққан ақ қала.
Жыламайын десем де,
Жұрағатың жас бала.
Есіктің алды сұр жазық,
Құланның еті жол азық.
Жыламайын десем де,
Орның қалды құлазып.
Есіктің алды молады-ай,
Молаға сұңқар қонады-ай!
Атекем, менің, кеткен соң,
Кімдер пана болады-ай?!
Әуеден ұшқан тотықұс,
Балақта жүні қос уыс,
Бұл жалғанда көру жоқ.
Иманды болғыр, Атекем,
Қиямет күні қосылыс!
Базардан келген жібегім,
Осылай болсын тілегім.
Қиямет-қайым болғанда,
Қосылар ма екен сүйегім?!
Жаратқан Алла, Құдайым!
Бір өзіңе жылайын.
Жылағанмен амал не?!
Өткенге иман сұрайын...
Әуеден шыққан бозторғай,
Балақта жүні бос болғай!
Бұ жалғанда көру жоқ,
Қош бол, Ата, қош болғай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу