Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  268


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Күйеуін жоқтау

Бозінгендей боздадым,
Өз құрбымнан озбадым.
Оң жаққа салған қу төсек,
Жақсылықпен тозбадың.
Айналайын, Құдайым!
Оң жақтан неге қозғадың?
Шақырайын шаяндай,
Бар дауысыммен аянбай.
Қосыла түсіп айрылдым,
Қожіке мен Баяндай.
Жасымнан мені зарлаттың,
Құдіреті ұлық бір Алла-ай.
Құдай қосқан жолдасым,
Түсірдің мені қиялға-ай.
Жолдасым еске түскенде,
Отырмын жерден тұра алмай.
Ат байладым ырғайға,
Дауысым жетпес Құдайға.
Дауысым жетсе Құдайға,
Алғаным тірі болмай ма?!
Қара бір таудың шиесі-ай,
Жайылар байдың түйесі-ай.
Салулы төсек, салқын үй,
Қайда кетті иесі-ай?!

—Қой, қарағым, қой!—деп тоқтау айтылған соң айтқаны:

Қой десеңдер, қояйын,
Қойдан қоңыр болайын.
Қойдырыңдар жылауды,
Оқытайын құранды.
Құран болса да қуат қой,
Алғаныма сауап қой.
Құдай қосқан алғаным,
Артыңда зарлап қалғаным.
Жаныңмен жаным бір болып,
Қасыңда сенің қалмадым.
Опасы жоқ сұм жалған,
Бес күндік өмір алдадың.
..................................?
Басыма түсті қиын іс.
Құдай басқа салған соң,
Мүдірмей сөйле отыз тіс.
.................................?
Қайғыңменен жүдейін.
Құдай қосқан жолдасым,
Ағынан иман тілеймін.
Арғымақ келер ағылып,
Жібектен арқан тағынып.
Иманды болғыр ақ досым,
Ел-жұртың келді сағынып.
Ақ бүркей салдым басыма,
Керегеге қарап табынып.
Құдай басқа салған соң,
Көзден жас келді ағылып.
Айтайын, жұртым, зарымды,
Көңілді қайғы—барымды.
Жыламай қайтып тұрайын,
Кең дүние тарылды.
Айтайын, жұртым, мұңымды,
Басыма түскен күнімді.
Өткіземін зарлаумен,
Күндіз бенен түнімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу