👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  160


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Күлшаттың әкесін жоқтауы

Жан әкем еді қорғаным,
Мәпелеп баққан қормалым.
Тұтқиыл келіп сұм ажал,
Қайғыға терең шомғаным.
Қоймадым жастық басына,
Бола алмадым қасында.
Тұтқиыл қаза болды ғой,
Сексенге келген жасында.
Көңілімнің күні едің,
Ақылымның нұры едің.
Айрылып, әке, бір күнде,
Қайғыдан әбден жүдедім.
Ақылыңды ойласам,
Бейне асқар белмен тең.
Көңіліңді ойласам,
Дария шалқар көлмен тең.
Қасиетіңді ойласам,
Тап баспайтын алтындай.
Көз алдымнан кетпейді,
Сәуле шашып жарқылдап.
Мейіріміңді ойласам,
Үліңгірдің көліндей.
Пейіліңді ойласам,
Алтайдың дарқан жеріндей.
Осыларды ойлап егілдім,
Бордай боздап езілдім.
Асқарым құлап бір күнде,
Қайғы-шерге жегілдім.
Биіктеді тұғырың,
Қарбалас өтті ғұмырың.
Рақат көрер кезіңде,
Қарашы, ажал шұғылын.
Халқыңа сыйлы жан едің,
Тарихқа жүйрік дана едің.
Ақ бата сұрап қашанда,
Құрметтеуші еді бар елің.
Алтын ерден қас кетті,
Төгіліп көзден жас кетті.
Жоқтамай қайтып шыдайын,
Ауылымнан ұйтқы, бас кетті.
Күрсінді туған еліңіз,
Құлазып қалды жеріңіз.
Қайғыдан қажып иілді,
Қалған жалғыз ініңіз.
Әкежан, едің асқар бел,
Ағызып жылап көзден сел.
Тұтқиыл кетіп арадан.
Көкірекке толды шер.
Белімді бекем буайын,
Көзімді жаспен жуайын.
Мұрагер болып ісіңе,
Өз жолыңды қуайын.
Арманын алға жалғайын,
Сөнбесін арты шырағы.
Алладан тілек тілейін.
Жәннатта болсын тұрағы.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы