Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  231


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Әкеден бала жас қалды-ау!

Әкеден бала жас қалды-ау,
Ақылдан бәрі бос қалды-ау.
Бісміллә деп бастайын,
Көңілді жаспен басайын.
Иманды болғыр, сабазым,
Зарымды айтып сарнайын.
Сабазым еді ақ маңдай,
Жоқтаушы енді жез таңдай.
Ұжымақтан болсын орныңыз,
Шариғат жолы айтқандай.
Кесте тіктім ершімдеп,
Ою салдым өрнектеп.
Алладан ажал келді ме,
«Орта жаста алсын» деп.
Қала ішінде алтын тақ,
Осылай болды-ау, біздің бақ.
Мұңсыздар келіп тыңдайды-ау,
Тартынбай сөйле, тіл мен жақ.
Жарқылдап өткен жасылдай,
Нажағай неткен асылдай.
Аяусыз неткен бұл ажал,
Елуге келген жасыңда-ай.
Шағи бір кидім етіме,
Кесте бір салдым шетіне.
Үш жылдай дәрігер көрсе де,
Болмады-ау шипа дертіне.
Отырмыз жұртым қамығып,
Қарадан шапан жамылып.
Жұбайым сенен айрылып,
Есімнен қалдым жаңылып.
Өзеннің бойын өрледің,
Қысылып жаның терледің.
Бір күнгідей болмады-ау,
Елу жасқа келгенің.
Бұл үйге тұрмын сия алмай,
Өлімге тұрмын қия алмай.
Жаным бір басқа болған соң,
Артыңда қалдым ұялмай.
Өмірің зар мен жыр болсын!
Көзімнің жасы сел болсын!
Қанша бір балам болса да,
Жұбайым сендей кім болсын?!
Бісміллә сөздің сарасы,
Ажал бір келсе Алла ісі.
Қимай бір тұрмын өлімге,
Пенденің жоқ қой шарасы.
Көзімнің жасы зарлы жас,
Құлақ сап тыңда кәрі-жас.
Алладан ажал келгенде,
Алды-артыңа қаратпас.
Ел жайлаған сары дала,
Далада ойнар боз бала.
Көрмеді бес ұл қызығын,
Алдағы жалған аз ғана.
Бұл бір пәни өтер ме,
Дүние алдап кетер ме?!
Үйде ауырып, түзде өлді-ау,
Осыдан қорлық өтер ме?!
Қайырып жылқы бағайын,
Мойнына тұмар тағайын.
Серігімді Алла алған соң,
Мұңымды кімге шағайын?!
Жез шәугімнің тұтқасы,
Өрнектеп салған ұстасы.
Иманды болғыр, сабазым!
Өміріңнің қысқасы.
Көшкенде міндім ақбоз ат,
Еру де кидім ақ манат.
Жиырма жеті жыл өткенің,
Білінбей кетті бір сағат.
Ішім бір жалын, сыртым шоқ,
Қайғысыз өткен адам жоқ.
Иманды болғыр сабазым,
Бір-ақ күнде болды жоқ.
Қаракер аттың жүйрігі,
Жалынан асқан құйрығын.
Өмірлік жолдас болмадық,
Алланың, шіркін, бұйрығы.
Өлім деген өрт екен,
Өзекке түскен дерт екен.
Өзіңнің тірі кезіңде,
Үйіңнің іші кент екен.
Мінгендей атым қаракер,
Тоқымдығы қара тер.
Алдында аға-іні жоқ,
Болатын маған дәнекер.
Мінгендей атым қара аттай,
Жал-құйрығын таратпай.
Аллаға мен не қылдым,
Балаларға қаратпай?!
Күмістен жүген торлаған,
Не деген жанмын сорлаған.
Қаншама жерге емдетсем,
Жанына шипа болмаған.
Қара ат міндім қатырып,
Қабырға жүнін батырып.
Отырдым боздап қасыңда,
Ұйқысыз таңды атырып.
Бәйшешек едің жайнаған,
Таусылмас енді сорлы арман.
Арыздаспай, қоштаспай,
Келмеске кеттің жалғаннан.
Мінгендей атым сары бауыр,
Сары ала қамшы қолға ауыр.
Жылады деп сөкпеңдер,
Ішімдегі қайғы ауыр.
Мінгендей атым кекілді,
Жолаушы кеткен секілді.
Жолаушы кетсе, келер ед,
Келмеске кеткен секілді.
Қайыңнан алған күрегім,
Қайғылы болған жүрегім.
Ажал жетіп мен өлсем,
Қосылар ма еді сүйегім.
Алтын ердің қасы еді,
Бір ауылдың басы еді.
Ажал келіп алмаса,
Жұбайым менің жас еді.
Суға бір біткен жалбызым,
Әуеден ұшқан байғызым.
Өмірің қысқа болды ғой,
Қиылдың шынар-жалғызым.
Ана бір таудың басынан,
Алдырдым қайрақ тасынан.
Иманды болғыр сабазым!
Қосылып едім жасымнан.
Базардан келген елеген,
Елеген шетін емерген.
Қанша бір сөйлеп жатсам да,
«Сен қалайсың?» демеген.
Мінгендей атым кер шұбар,
Тебініп жүрсем тер шығар.
Тең құрбың үйге келгенде,
Жайраңдап үйден кім шығар?!
Базардан келген ақ жаулық,
Он екі теңге бір баулық.
Таусылмас, шіркін, бұл арман,
Қалғанға берсін денсаулық!
Таудан аққан тас бұлақ,
Жағалап жатқан жас лақ.
Иманды болғыр, жұбайым,
Баласы қалды-ау жасырақ!
Беткейге шығар ошаған,
Жылқыдан шығар қашаған.
Қанша жылап зарлансам,
Қоймады-ау, мына жасаған!
Әуеден ұшқан боз торғай,
Балақ жүні бос болғай.
Енді маған көру жоқ,
Жұбайым, енді қош болғай!
Күн еңкейіп кеш батты,
Сарғайып барып таң да атты.
Жалғаннан көшкен, сабазым,
Тұрағың болсын жаннат-ты!
Жаралы болды жүрегім,
Кім болар менің тірегім.
Сабазымнан айрылып,
Саудырап қалды сүйегім.
Балалар бетке салды ойын,
Аралап соқты бір құйын.
Жалғаннан кеткен жұбайым,
Айрылам деген бар ма ойым?!
Жүйрік міндім боз аттан,
Басыма әкеп ақ жапқан.
Қаралы болып қақсадым,
Құйылды елің жан-жақтан.
Шабысы қатты тұлпардың,
Иісі жақсы жұпардың.
Орыны қайтып толады?
Қасымдағы қормалдың.
Қызмет қылып халқыңа,
Үлгі шаштың артыңа.
Орның толмай өтеді-ау,
Тең келер кім затыңа?!
Ел қарамай жүзіңе,
Қосылушы еді сөзіңе.
Зар болып қалдым қайтейін,
Басып бір кеткен ізіңе.
Тау басында жүрейін,
Дүние жүзін көрейін.
Сен кеткен соң жалғаннан,
Несіне өмір сүрейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу