Өлеңдер ✍️

  20.08.2021
  197


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сүйекті үйден шығарғанда айтылатын жоқтау

Қош енді, әкем, қош енді,
Қоштасқан жерім осы енді.
Қателігім болса енді,
Кешір, әкем, балаңды,
Кеттің-ау, әкем, кеттің-ау!
Көзімнің жасын төктім-ау!
Жел ұшырған қаңбақтай,
Бұл дүниеден өттің-ау!
Кең дүниеге симадың,
Артыңда қалды жиғаның.
..........................
Жолдасың болсын иманың.
Әкетті сені бақиға,
Алдамшы тірлік жасаған.
Шаңырағың шайқалып,
Мұртынан сынды босағаң.
Әкешім кетті жер үйге,
Шайқалмай бақыт тұра ма?!
Ажал келді көлденең,
Шыбыным қалды өлмеген.
Кебін киіп аттандың,
Қоштасып мәңгі елменен.
Тағдырға сырды алдырдым,
Басыма қайғы салдырдым.
Жаным басқа болған соң,
Топырақпен көміп қалдырдым.
Жаратқанға жалынып,
Жарылқа деп табынып,
Тастап кеттім амалсыз,
Жатқан соң топырақ жамылып.
Әкешім қайда, мен қайда?!
Әкешім кетті шалғайға.
Жеті қабат жер асты,
Көретін енді күн қайда?!
Жамылдың әкем топырақ,
Көз жұмдың-ау зар жылап.
Алладан иман сұрайын,
Басыңа жансын шамшырақ.
Оқыттым құран басыңа,
Туысты жинап қасыма.
Өшпесін мәңгі атың деп
Тас әкеп қойдым басыңа,
Сүйенем жылап тасыңа.
Топырағың торқа болса екен,
Бұлғанған көз жасыма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу