19.08.2021
  480


Автор: Бердібек Соқпақбаев

ҚАЙРАН МЕНІҢ ӘЛИМАН ЖЕҢГЕМ

Тамылжыған әсем жаз. Даланың қара жолы. Қос ат жегілген салдырлақ жүксіз арбада екі адам келе жатырмыз: мен және арба айдаушы.


Арба «Үлгілі» колхозынікі. Нарынқолдың бас жағындағы ағаш тілетін заводқа тақтай алуға бара жатыр. Менің де барар жерім Нарынқол.


Нарынқол бұ күнде жаңа құрылған ауданның орталығы. Осы биыл көктемде Кеген ауданынан бөлініп шыққан. Жаңа аудан құрылуымен байланысты колхоз-колхоздардан сауаты бар бірсыпыра адам аудандық мекемелерге қызметке шақырылады. Соның ішінде менің Сатылған ағайым да бар. Ол осы кезде прокуратурада хатшы болып істейді. Күлімбала екеуі Нарынқолға көшіп барған.


Міне, оқу жылы аяқталды, төртінші артта қалды. Мен енді жазғы демалысқа шығып, бұл күнде Нарынқолдың тұрғыны болған ата-жеңгемнің қолына келе жатырмын.


Нарынқолды бұрын керген емеспін, Құдай қойса, бірінші рет көрем.


Сүмбеге өкпем жоқ, мен үшін құтты жер, құтты мектеп болды. Биыл да төртіншіні озат бітіріп, мақтау грамотасын алдым. Осы келе жатқанда өзімді оңынан айы, солынан күні туып келе жатқан нағыз бағытты адамдай сезінем. Өйтпей ше? Мұнда мен мұндай табысты болсам, ана жақта атайым анадай қызметтен қызметке ерлеп барады. Бүгін прокурордың хатшысы, ертең өзі болмасына кім кепіл?


Бұл аймақтың халқы дүниеде сот пен прокурордан үлкен, одан маңызды қызмет бар деп ойлай қоймайды.


Күн бүгін әсем. Аспанда ине шаншым бұлт жоқ, лүп еткен жел жоқ. Жолдың асты мен үсті біркелкі боп жайқалған көк майса егін. Бозторғай биікке шығып алып, әсем жазды жыр етіп шертеді. Арба жақын келіп қалғанда ұша жөнеліп, жүз-жүз елу метрдей алыстап барып, тағы да әуеге ілініп тұра қалады. Үзілген әнін қайта жалғайды. Желіндеген биедей балбыраған дала төсінде бұдан да басқа құлаққа келер ғажайып үндер көп. Тіршіліктің мың бір ұрығы оянған, мың сан тамырға жан бітіп, нәр жүгірген кез. Төңірек толы қыт-қыт ежен тоқтаусыз, толассыз нәзік сырлы күй, өмір күйі. Қаулаған жаңа жас өмірдің сезімтал көңілмен ұғар сыршыл күйі.


Көшір тақырайған шекесін күннен қорғап, қалпағын осқырайта киген қартаң адам. Мен оның арт жағында бүгінгі ғажап жазды тамашалап, неше алуан қиялға беріліп отырмын. Сонау алыс болашағым да тамылжыған жаз болып елестейді. Мынау төбемдегі көк аспандай тап-таза, мөлдір, шетсіз-шексіз. Мен қырандай қанат қатып, бірден бірге биіктеп ұша берем, ұша берем. Мүмкін, бір кезде дауылға да ұрынармын, суыққа да тоңармын деген ойлар ол кезде басқа келмейді...


Ох, шіркін! Адам өмірден тек бала болып өтсе! Ойын-күлкімен етсе! Өмірге қалай келіп, қалай кеткенін білмей қалар болса!


Қостөбеде біз аялдамақ емеспіз. Кімге аялдаймыз? Ыдырыс та, Смағұл да бойдақ. Колхоздың жұмыс көлігінен олардың еш айырмасы жоқ қазір. Бригадир қайда қуаласа, сонда барады. Ой-қырдың бірінде еңбек етіп, жандарын бағып жүрген шығар.


Жауыртоғанда жер қойнында мәңгілік ұйқыға батып анам жатыр. Өз еркім өзімде болса, мен соған бұрылып барар едім. Қайран анам! Сен көз жұмғалы, міне, екі жарым жыл бопты. Екі жарым жылдан бері мен жетіммін. «Жетім» деген тажалдай суық сөзді ести-ести бұл күнде құлағым әбден үйренген.


Суық, түнек жердің қойнына, анашым, сен де үйренген боларсың.


— Шешесі жоқ жетімдер, қолдарыңды көтеріңдер! — десе, осы кезде мен бірінші болып қол көтерем. Бұл үшін арланбақ түгіл, ойланбаймын да. Жетімдік маңдайыма туғаннан жазылып қойылған сыбағамдай көрем.


Әне, адамның көнгіштігі, төзгіштігі солай болады екен. Тек тағдыр басқа салмасын. Басқа салса, біраз былғаңдап тулайсың да, сосын көк есекше бүлкілдеп жүріп бересің.


Өз тізгінім өзіме тиген кезде, анашым, сенің басыңа әлі талай келермін. Жүрек қалтама жиналған мұң-зарымды төгіп, босатармын. Ал әзірше қош бол, анашым, кінәлама!


Таулы жердің ауа райы ерке қыздың мінезіндей құбылмалы. Жарқырап тұрып, түнере қалуы тіптен оңай. Біз Қостөбеден өткенде күн ашық болатын. Кемерге жеткенде аспан бұлттана бастады. Үкірші жақтан жентек-жентек қара бұлттар жел айдап, ойнап шықты.


Нарынқолға таяу Жағатам дейтін шағын қыстақ бар. Соған тақалғанда тырсылдап жаңбыр жауа бастады.


— Мына күн қайтеді, жауа ма? — деп, арба айдаушы көкке үрейлене қарайды.


Екі қара бұлт бірімен бірі сүзісетіндей жақындасып келеді. Әне, сүзісті. Жер қайысқан екі үлкен армия біреуіне біреуі лап қойып, шабуылға шыққандай еді: зеңбіректер гүр-гүр, болат қылыштар шақ-шақ...


Екі бұлт араласып, миласып, бір бұлтқа айналды. Жаңбыр төпеп құйып кетті. Енді ойланып жатуға мұрша жоқ.


— Бала, анау үйге барып паналайық, — деді де, арбакеш аттардың басын жолдан бұра берді. Оң қол жағымызда қабақшада сыртын әктеген тоқал төбелі оқшау там үй тұр.


Бұл Жағатамнан өткеннен кейін.


Жүксіз арба үй алдына таңқылдап келіп тоқтай қалды (әлгі араның жері тастақ еді). Ши-шидің арасында жайылып жүрген тауықтар да жауыннан безіп, қораға кіріп кетіп жатыр. Арбадан секіріп түсіп, үйге ұмтылдық. Сырт есік ашық, ауыз үйге тасырлатып кіріп-кіріп келдік.


Осы кезде төр үйден кимешек киген әйел шықты. Әлгіні көріп, менің қолқа-жүрегім солқ ете қалды. Көзіме оттай басылған бұл адам өзімнің бір кездегі аяулы жеңгем Әлиман еді.


Әлиман да мені бірден таныды.


— Қайдан келесің? Қайда барасың? — деп, жөндеп сұрап жатыр.


Айттым.


— Ал үйге кіріңіздер.


Кірдік.


— Төрлетіңіздер!


Төрлетуге бізде құлық жоқ. Үйдің іші тап-таза, есікке дейін алаша, киіз төселіп тасталған. Әлиман ұстаған үй екені бірден-ақ көрініп тұр. Үстімізден тамшылаған суды қатып, сілкіп, есік алдына беттеле бердік.


— Ештеңе етпейді, жоғары шығыңыздар!


Төрге текемет, оның үстінен ұзынша аткөрпе төселген екен. Мына түрімізбен жүрген жолымызды былғап, оңда барып сұқсиып-сұқсиып отыруға бет шыдар емес. Сол араға жақын терезе жаққа, жай ғана текеметтің үстіне шөге-шөге кеттік.


Әлиман дәл қасымызға бір тізерлеп ол да отырды. Сол қалпы — өзгермеген, жүріс-тұрысы жұмсақ, биязы.


— Ағаң ауданда қайда істеп жүр?


— Прокурорда хатшы болып істейді.


Әлиман «мм...» деді. Өскен екен дегені тәрізді. Ақшұбар өңіне бір сәтке біраз ой көлеңкесі түсіп өткендей болады.


— Ал отырыңыздар, мен шай қояйын. Шай ішіп, бір-ақ жүретін шығарсыздар. Оған дейін күн де басылар.


Жұп-жұмсақ мәсі киген аяқтарын үнсіз басып, Әлиман ауыз үйге шығып кетті. Оның соңынан қарай отырып, мен өткен өмірді есіме алдым. Қайран Әлиман жеңгем! Қайтейін, бізге бұйырмадың ғой. Өсекші жұрт Сатылған екеуіңді екі жаққа ажыратып тынды. Оның зардабын мына мен тарттым. Иә, біздің үйді үй етіп, ел қатарына қосып едің. Аз тұрсаң да, өмір бойы ұмытылмастай талай жақсылық істеп едің. Ақ киізден сырып жасап берген әрі жеңіл, әрі жылы пимаң ұмыт бола ма?


Қайран Әлиман жеңгем! Үй ішін дәл сендей ретті, таза ұстайтын адам бар ма екен! Осындағы кез келген заттан, төсектің, жүктің жиналуынан мен сенің өнерлі, бипаз қолыңды ап-анық танимын.


Үй ішіндегі біраз зат маған бұрыннан таныс. Анау төрдегі кестелі киім жапқыш бір кезде дәл осылай біздің үйге көрік беріл тұрған еді. Тоқылған шашағы да, кестедегі суреттері де әлгінде көзіме бірден жылы ұшырай кеткен. Бірінің соңынан бірі шұбаған, бірінен бірі айырғысыз он екі қызыл қораз. Алтауы оң жақтан, алтауы сол жақтан қарама-қарсы келіп, ең алдағы екі қораздың бастары түйісіңкіреп тоқтаған. Киім жапқышқа тігілген кесте-сурет, міне, осы еді.


Мен қораздарды осы отырғанда санап та шықтым — тура он екі. Не азаймаған, не көбеймеген. Бізден кеткелі бергі уақыттың ішінде бір де біреуі шетінемеген. Не деген жаны берік қораздар десеңші!


Міне, шай да келіп қалды. Әлиманның шайы осындай — тез қайнайды, сарғайтып күттірмейді. Көңілді таза дастарқан, аппақ ақ нан, қант. Кесенің түбінен етіп сүт қатып құйған шайы қандай дәмді Әлиманның! Таңдайыңа балдай татиды, ішсең, іше бергің келеді.


Ауыл әйелдеріне тән ибалықты Әлиман берік ұстайды. Жаулықты кіршіксіз аппақ етіп киеді, бір тал шашын сыртқа шығармайды. Қолына күміс білезік, жүзік салады. Көйлекті мол киеді. Қарашы, шай ұрттауының өзінде қаншама әдептілік жатыр! Ұрттағаны ернінің ұшын ғана тигізген тәрізді — түк естілмейді.


Жауын басылған. Терезеден төрдегі бұрышқа қиғаштап күн сәулесі түсіп тұр. Үйдің басқа жері тұп-тұнық болғанда, әлгі жарық сәуленің іші быжынап ұшып жүрген мың-миллион ұсақ шаң-тозаң.


Шай құя отырып, Әлиман өз жайынан да айтты. Күйеуге шығыпты. Ері аудандық аурухананың осындағы көмекші шаруашылығында жұмыскер екен. Аурухана осы араға әртүрлі овощ егеді, бұлар соны күтіп, күзетеді.


Шай ішіліп болды. Біз енді жүрмекшіміз. Осы кезде Әлиман орнынан серпіле тұрып, төрдегі қоңыр әбдіраны ашып, бір орам көкала шыт алып шықты.


— Құдай жолыңды түсіріп, келіп қалған екенсің. Тай мінгізіп жіберер ек, шама жоқ. Тым құрса, жейде киіп кет. Ана жылы Сарыбастауда оқып жүргеніңде, ашумен үстіңнен қара шапанды сыпырып алған едім. Қайтейін, қу жоқшылық адамға не істетпейді? Сол жеңгем сол кезде сөйтіп еді деме, шығар есіңнен. Құдай қойса, әлі-ақ адам боласың. Адам болды деген, міне, осы...


Көкала шытты Әлиман қойныма тығып берді. Жүрегімді талайға дейін жылытып жүретіндей көп-көп аналық сөздер айтты. Бұл күнде жат боп кеткен адамнан мен дәл мұндай жақындық, дәл мұндай бейіл күтпеп едім. Ризашылығым өз алдына, мен Әлиманды қимастай боп аттандым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу