19.08.2021
  373


Автор: Бердібек Соқпақбаев

ЖАҢА КИІМДЕРДЕН КӨРГЕН АЗАБЫМ

Бастан-аяқ түгел болмаса да, ағайымның маған біраз сыртқы киімдер әкелуі рас екен. Тері жағалы қыстық бобрик пальто, калошымен жаңа сұр пима әкелген. Жүні сабалақтау малақай алып келген. Жазда киімнің бар-жоғы онша білінбейді, жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап жүре бересің. Киімі жоқ адамның қор болып бітетіні қыстыгүні. Ағайым маған киім сатып аларда көптен-көп осыны ойлаған.


Өмірі киім киіп жарымаған, базар киімін иығына да іліп көрмеген мен байғұста қуанғаннан ес қалмады. Пальтоны да, малақайды да, пиманы да (әрине, калошымен) киіп алып, былай-былай жүріп қараймын. Жаңа киімнің аты — жаңа киім, үстіме қонымы да, денеме сезілуі де мүлдем бөлек. Айнаға қарап, өзімді өзім танымай қалғандай болам. Иә, «Адам көркі — шүберек, ағаш көркі — жапырақ» деп бекер айтылмаған. Күндегі жарбиған жаман емеспін, сүйкімді, әп-әдемі болып шыға келгем.


Шіркін-ай, дәл қазір далада қыс болса деп тілеймін. Қар борап, аяз шытынап тұрса. Мына киімдермен аяғымды шіреп басып көшеге шыққан болар едім. Жұртқа көрсетіп, мақтанар едім.


Жер қара, күн жылы кез. Бұл киімдермен қазір көшеге шықсам, мақтаншақтың өзі болып қаламын.


Үстім көпсіп, терлеп барам. Жаңа киімдерімді сонда да шешкім келмейді. Малақайдың құлағын біресе түсіріп, біресе түріп киіп қараймын. Иә, енді маған қыстың қандайы да қорқынышты емес.


Төсекке жатқаннан кейін де ойлағаным ағайым әкеп берген жаңа киімдерім. Үйде жеке өзім болсам, мен оларды киіп жатып ұйықтаудан да тайынбас едім.


Алматыда оқыған бірнеше айдың ішінде-ақ Сатылған ағайым кәдімгідей өзгеріп, мәдениеттеніп қалған. Ақ жейдеге галстук тағатын болған. Галстукті ауылда тек балалар тағады және қызыл галстук. Ал ағайымның мойнында көкала галстук. Мен үшін бұл сөлекет болып көрінеді.


Ауылдағы кемпір-шалдар Сатылғанға үдірейе қарасады. Қайбірі қасына шақырып алып:


— Қарағым, мойныңдағы не зат? — деп сұрайды.


Ағайым күліп жауап береді:


— Бұл галстук.


— Оқыған балалардың бәрінің мойнына өстіп байлап жібере ме?


Шын сұрақ болсын, кекесін сұрақ болсын, Сатылған ашуланбайды. Одан бетер күле түсіп, дұрыстап жауап береді. Қалада галстукті жұрттың бәрі тағатынын, магазинде еркін сатылатынын айтады.


Кемпірлер ауыздарын сылп еткізіп:


— Құрып қалсын, ит құсатып адамға қарты бау таққаны не сән екен, — дейді.


Мұндағы жұрттың ұғымында галстук тағу — ол өкіметші болудың, комсомол болудың және бір нышан-белгісі тәрізді. Ескілік салт-санадан алшақтау, орыстану. Әсіресе қарттар жағы Сатылғанның бұл мінезін құп ала қоймайды.


Қалада ағайым әрқилы болып суретке түскен, өзінің бірталай сурет-карточкаларын әкелген. Tөp жақ бұрышта үстіне кітап-журнал жиналған стол бар емес пе? Сол тұсқа қабырғаға газет қағып, газетке бірсыпыра суреттерді шет-шетін кіргізіп іліп қойған.


Үйге келген қарттар осы суреттерге көп үңіліп қарайды. «Адамның өзінен айнытпайды екен», — деп, ғажап қалып, бастарын шайқасады. «Орыстан өнер қалған ба» деген тәрізді сөздер айтады.


Мен әлі күнге суретке түсіп көрген емеспін. Колхоздарда сурет тартатын адам жоқ. Суретке түсу, қағаз бетінде түр-түсім қандай болып шығатынын көру — ол менің аңсаулы арманымның біреуі.


Кім де кім суретке түссе, мен оны бақытты деп қараймын. Сатылған ағайым, міне, бақытты.


Сүмбеде жаяу қайтып келе жатырмын. Ағайым әкеп берген жаңа киімдерімді түгел орап, көтеріп алғам. Аға-жеңгем:


— Қазір күн жылы, бәрібір кимейсің, тастап кет. Соңынан қатынаған адамнан беріп жібереміз, — деп еді. Көнбедім. Өлгенде көрген киімдерімді көзімнен таса етіп шыдай алатын емеспін.


Нағашыларыма көрсетіп мақтанғанша және асықпын.


Күн бүгін жылы, жарқырап тұр. Айдала, қара жолдың үсті. Не алдымда, не артымда менен басқа қыбыр еткен пенде жоқ. Мынау елсіз далада жаңа киімдерімді тағы да түгел киіп аламын. Тағы да қақаған қыс болып тұрмағанына өкінемін. Екі қолымды қалтама салып, біраз жер жүріп барам. Содан соң жүгіремін, Құдайдан қыстың тез түсуін тілеймін.


Жаңа калоштың ізі жолға мөр басқандай болып түседі. Мен оған үңіліп, тамашалап қараймын. Бір кезде Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкенің ізіне сонша қызығатын едім. Мен үшін ол қол жетпес арман еді.


Сөйтсем, арманы қалай орындалғанын адам білмей де қалады екен.


«Ағасы бардың жағасы бар» деген рас сөз-ау. Мен осы жолы Сатылған ағайыма шексіз разымын.


Өмір бойы осындай дәрменсіз балалық халде тұрып қалмайтын шығармын. Мен де өсіп, ержетермін. Мал табармын. Сонда ағайымның осы жақсылығын он есе, жүз есе қайтармасам, ит болайын.


Сонау көз ұшынан адам қарасы көрінсе, үстімдегі киімдерімді дереу шешем де, орап алам. Күн жылы, жер қарада қыстық киіммен қорбиған қандай есуас демей ме?


Біраздан соң шаршай бастадым. Қалың пальто, пима, малақай, калош жаяу адамға бірсыпыра жүк екен. Сүмбеге қас қарая әрең жеттім.


Менің бір құшақ жаңа киімдер арқалап келуім нағашым үйіндегілерге ғажап әсер етті. Рамазан мен Қасымқан іштері күйіп қарайды.


Дәл сол күні Сүмбеде Қали дейтіннің үйінде той бар екен. Той десе, қу бас домалайды. Ел шұбап келіп жатыр. Мұндағы жұртқа шақырған, шақырмағаны есеп емес.


Бір үй той жасапты десе, еліріп кететін әдет бізде, балаларда да, бар. Бізсіз тойдың сәні келмейтін тәрізді. Міне, Рамазан екеуіміз тойға барамыз деп, қамданып жатырмыз.


Кеш, әрине, күндізгідей емес, салқын. Соны сылтауратып, жаңа киімдерімді түгел киіп бармақ болдым. Ауылдың бар баласы жиналады, көрсін, бәлем. Іштері күйсін. Қашан қыс түскенше тосып шыдай алатын емеспін.


— Бұл киімдерді қайдан алдың, ей? — деп олар сұрайды ғой.


— Ағайым Алматыға оқуға барған еді, сол әкеліп берді!


Алматы бұл араның халқы үшін жер түбі, екінің бірі бара алмайды. Бұл киімдердің Алматыдан әкелінуінің өзі-ақ біраз жұртты «оу!» дегізеді.


Алматыда оқып келген ағайым бар екенін Баймырза секілділер біліп қоюы және теріс емес.


Сонымен, Рамазан екеуіміз тойға келе жатырмыз. Рамазан пешпентшең, басында кепка. Самдағай. Мен болсам, солтүстік полюстен самолетпен келіп түсе қалған адамдаймын: үстімде қорбиған қалың пальто, басымда малақай, аяғымда пима калошымен.


Мен бұған дейін өмірі калош киіп көрген адам емеспін. Калоштың қажеттігі, менің түсінігімде, тек аяқтан сыз өтпеу үшін емес. Әрі пиманың табаны тозып, тесілмеу үшін. Яғни аяқ киім көбірек киіс беру үшін. Бұл бір.


Екіншіден, калошты және сән үшін де киетін тәрізді. Әсіресе, өңін кірбің шалмаған жаңа калош аяқта жалт-жалт етіп тұрса, ғажап емес пе?


Төңірек қараңғы тартып, көз байланып қалған.


Мынау сол ғой жасап жатқан үй. Сүйек-саяқ дәметкен иттер мен балалар есік алдында торуылдап жүр. Біз де келіп қосылдық. Қараңғыда менің қандай киім киіп келгенімді жұрт онша байқамайды. «Қорбиған мынау кім, ей», — деп, біреулер үңіліп қарап өтті.


Күресіп, алысып-жұлысып ойнай бастады балалар. Мен араласпаймын, аулақ тұрмын. Әлі киіліп жұмсармаған пима жүргенде тобықтарымды қажап, ауырта бастады. Арқа-басым терлеп, пысынай бастадым. Ойнауға да, алысуға да ешқандай икемім жоқ.


Той асынан балаларға да дәм татқызады. Біз мұнда, негізінен, сол үшін келіп жүрген жоқпыз ба? Аспаз әйелдердің бірі есік алдына шығып, айқай салды:


— Балалар, мұнда кіріп, шай ішіңдер.


Ойын да, алысып-жұлысу да жайына қалды. Ac үйге кіріп, іргені жағалап отырыса бастадық. Стол жоқ, бірімізге біріміз тақалып, жерге отырып жатырмыз. Балалар менің не боп кеткенімді енді анық көрді.


— Охо! Мынаған қараңдар!


— Өй, саған не болған!


— Жер қара, күн жылыда пима киіп алыпты, әуелі!


Көзге шыққан сүйелдей елден ерек оғаш боп келгенімді мен дағы анық байқадым. Оғаш түгіл, тіпті ұят екен. Өмірі киіп жарымаған сорлы екенімді бұдан артық әшкерелей қоймаспын, сірә да. Бір өзім екі адамның орнын алып, аяқтарым жөнді бүгілмей, әрең отырып жатырмын.


— Киімдерін жұртқа көрсетіп, мақтанайын дегені ғой! — дейді біреулер. Солай екенін ел түгел біліп отыр.


Қысыла бастадым.


Жерге дастарқан жайылған, бауырсақ төгілген. Енді ыстық шай құйыла бастады. Шай құюшы келіншектер маған қарап мырс-мырс күледі:


— Мына Қағазбайдың жиеніне қайдағы қыс келген?


— Қарағым, үйде тағы да кимеген киімің қалды ма?


— Баланы мүйіздей бермей, қойсаңдаршы. Аяқ астынан қар борап, күн суытып кетсе, үйіне қалай жетпек!


Қаншықтардың тілдері тікеннен де жаман, пісіп-пісіп алады.


Қалың киімнің пысынатуы, ұялып-қызаруым — бәрі араласып, жазамды бере бастады. Терлеп кеттім, бауырсақтан емін-еркін еңкейіп алып жей де алмаймын. Есем кетіп барады. Ыстық шайдан ұрттасам, одан бетер терлеймін. Менен басқалар жайылымға шыққан сиырларша жапырып барады.


Мен адам емеспін, буып қойған теңмін.


Ақымақ болғанымды ойлап қысылған сайын, тер аннан да, мыннан да сорғалап, еркім кетті. Моншада, ыстық буда отырғандаймын: тер арқамнан, шашымның ара-арасынан жорғалап, жыбырлап шыққаны өзіме ап-анық білінеді. Сүртінейін десем, орамал жоқ. Менің қалтама өмірі орамал бітіп көрген бе!


Терімді алақаныммен сүртем де, жамбасыма сүйкеймін.


Мұрын... Мынау кішкентай тәмпіш мұрын — бұл дағы нағыз оңбаған зат. Осындай жаның қысылған кезде өзіне өзі бекем болуды білмейді, бір винті босайды да кетеді... Мұрынмен, термен алысып отырып, енді ас алып көр!


Қазір менде бір ғана арман бар, ол — бәрін қойып, тезірек сыртқа шығып жөнелу. Бірақ оған жол жоқ. Тым құрса, есік жаққа шетке де отырмаппын. Сығылысқан балалардың ортасына түсіп қалғам. Алдым дастарқан, артым үй қабырғасы, қозғала да алмаймын.


Басымды кегжитіп тік ұстап, мұрнымды пыш-пыш тарта берем. Сәл еңкейсем, танаудың ішіндегі мүлікке ие бола алмай қалатындаймын...


Өлдім-талдым дегенде, шықтым-ау сыртқа! Бұрышты айнала беріп, зыңқ еткізіп мұрнымды босаттым. Пальтомның түймелерін ағытып, кеудемді самал желге тосып, жан шақырып жатырмын. Бүйткен жаңа киімдері құрып қалсын! Көрмеген азабымды көрсетті, өмірі естен кетпес халге душар етті. Бір қызықтың бір шыжығы болады деген осы екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу