19.08.2021
  711


Автор: Бердібек Соқпақбаев

ШАЙТАН ЕКЕН ДЕП ҚАЛСАМ

Менің ертеңді-кеш үйде, жас жеңгемнің қасында күзет болып отыруым Бәзілге ұнамаған тәрізді. Бір күні ол маған:


— Шөпке барасың, шөмеленің атына мінесің, — деді.


Шөп ору — астық ору секілді ол дағы қарбалас науқан. Шабындық ауыл маңынан алысырақ болады. Шөп оратында істейтіндер сонда түнеп, сонда тамақтанады. Бәзекең мені көзімді ауылдан жойғалы отыр.


Қарсыласар менде шама жоқ. Бригадирге мінгестім де, кете бардым.


Текестің арты өңірі тоғайлы алқап, саздауыт. Шөбі қалың. Шөп машина еркіндеп жүре алмайды. Шөпті жігіттер тоғай арасындағы алаң-алаңнан шалғымен шабады. Мая салатын жерге шөмелені арқанға орап, атпен сүйреп жеткізеді.


Атқа бала мінеді, ол — мен.


Мая салушы Жылқыбай, менің ескі «досым».


Орта қазан Текестің бергі солтүстік қабағында, әрі биік, әрі ашық тақыр жазықта. Тоғай арасында маса көп, бұл арада аз.


Күлімбала енді үйде күндіз де, түнде де жалғыз өзі.


Түнде мен қоста жатып, жөндеп ұйықтай алмаймын. Үйдегі жас жеңгемді ойлаймын. Көзім ілініп кетсе, жаман түстер көрем. Түсімде Бәзілді көрем. Әне, ол шылымды бұрқ-бұрқ сорып, жеңгемнің керуетінің үстінде отыр. Күлімбала қасында. Ол да шылым шегіп отыр. Екеуі сықылықтап күле ме-ау. Бірін бірі құшақтап, бірінің аузына бірі түтін үрлеп ойнай ма-ау! Мен төр алдында өтірік ұйықтаған болып жатыр екенмін деймін.


Мен енді шыдамаймын. Айқай салып тұра ұмтылғанда, өз дауысымнан өзім оянып кетем. Сөйтсем, қос басында жатырмын. Қасымдағы адамдар қоса оянады. Жылқыбай маған зекіп ұрса бастайды: «Не көрінді, ей! Бірдеңе басып жатыр ма! Осы неменің дені сау емес қой деймін!».


Менің шошып оянуымды әркім әр саққа жориды.


— Шешесі түсіне кіретін шығар, — дейді біреулер.


— Етпетінен жатып, бастырылып қалған ғой, — дейді екіншілер.


Кейде шошып оянған соң, қасақана, әлдененің шалығы тиген тәрізденіп, бақырып жылай берем. Қос басындағыларды дүрліктіріп түгел оятам. Талайға дейін жұбанбай, әлек қыламын. «Не болды? Не түс көрдің? Айтшы».


Мен ештеңе де айтпаймын, үйге барам деймін.


Түсіме шешем кіретіні ол да рас.


Өсти-өсти мен, шынында да, ауру бола бастадым. Бірдеңеге қатты ренжісем, ашулансам, етім қызып шыға келеді. Екі шекем солқылдап, басым ауырып, жатып қаламын. Бұндай кезде дүниенің бәрінен безер болам. Нәр татып алмаймын. Айқай-шуды жақтырмаймын, тек өлі тыныштықты қалаймын. Басымды таңып алып, жатқанды білем. Не ұйықтап тұрсам, не құссам, сонда тәуір болам. Жұрт енді мені:


— Бұның басының сақинасы бар, — дейтін болды.


Күнде түсте тамақтануға Текестің суынан өтіп, Орта қазанға келетінбіз.


Орта қазан маса аз, дөңес жерге тігілген оқшау киіз үй. Мұқамедидің Қант дейтін әйелі тамақ жасайды. Таңертең шай, кеште шай. Түсте кейде шай, кейде талқан көже.


Оқта-текте өлген малдың еті келіп қалады. Тартқыласаң, тіс өтпейтін көк жасық шандыр.


Бір күні, әдеттегіше, түскі үзіліске шықтық. Атты-жаяулы шұбап, Текестің арты бетіндегі Орта қазанға келе жатырмыз. Мәссаған безгелдек! Тоғайдың ішін қаптаған су басып кеткен. Көктен түскен су емес, әрине. Шілденің нағыз ыстық кезінде тау басындағы қар ағыл-тегіл ериді де, Текеске құяды. Әншейінде моп-момақан болып жататын Текес өстіп шарасынан асып тасиды.


Бүгін күн ерекше ыстық болған еді. Соған орай Текестің тасуы да сойқан екен. Судың түсі қызыл күреңденіп өзгеріп кеткен. Тоғай ішіндегі су мұнша болғанда, Текестің өз арнасынан дәл қазір көлік өтіп болмайды. Атты да, адамды да жаңқа құрлы көрмей, ағызып әкетеді.


Шөпшілер Орта қазанға бара алмай, қаңтарылып тұрмыз. Не істеу керек? Көпір мен Қостөбенің тұсында. Көпір айналып баруға тым алыс.


Маяшы төрт адам. Шөмеле салушы төрт-бес әйел және бар. Бәріміз он шақтымыз.


— Мен барып, тамақ әкелейін. Судан өте аламын, — дедім.


— Қалай өтесің?


— Жүзіп өтем.


Жұрт жамырап кетті: «Қой! Сумен ойнама! Ағып өлесің», — дейді біреулер. Біреулер: «Өлгің келсе, бара ғой», — дейді. Үшіншілер: «Бұл өлмейді. «Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?» деп бекер айтылды деймісің. Барсын», — дейді.


Мен баратын болдым.


Тоғайдағы судың біраз жеріне дейін атпен кешіп келдім. Әрмен қарай терең, жұмыстан қажып жүрген арық атқа сену қиын. Атты сол арада қалдырмақ болдым. Бар киімімді шешіп, ердің үстіне байладым. Енді, міне, тыр жалаңашпын. Труси менде жоқ-ты. Шалбармен жүзе алмайсың.


Тоғай ішіндегі судың өзі көкірегімнен келеді.


Монтиып жататын Текес көк долы дарияға айналған. Жүрексініп біраз қарап тұрдым да, қойып кеттім. Құлаштап жүзіп келем. Өзіме өзім сенем.


Атын күндегіден қатты. Маған ырық бергісі келмейді.


Жаға жақын. Міне, қолым ілінді.


Тыр жалаңаш болып жағада тұрмын. Ар жағымда жүз метрдей жерде киіз үй. Орта қазан. Онда қазір тым-тырыс. Судың бұ жақ бетінде істейтін басқа шөпшілер тамақтанып, тарап кеткен.


Не істеймін? Тапайдың тал түсінде тыр жалаңаш қалай барам?


Бармай және болмайды.


Киіз үйге қарай жүгіріп келем. Кім болса, сол болсын, үйге тез кіріп, қолыма іліккен киім, бірдеңемен тәнімді бүркей қалмақпын. Есік түсірулі, тым-тырыс. Үйге жақындап қалдым.


Кенет, киіз үйдің есігі жалбаң етіп ашылды да, қолында тегеші бар Қант шыға келді. Ол үйде жалғыз екен. Тыр жалаңаш жүгіріп келе жатқан мені көріп, шайтан көргендей баж ете қалсын. Қолындағы қамыр салған тегеш құлап қалды. Менің бөгеліп,түсінісіп жатуға уақытым жоқ. Тоқтамастан, үйге зып беріп кірдім де кеттім. Керегенің көгінде Мұқамедидің ұзын шекпені ілулі тұр екен. Үстіме соны жамылып, далаға қайта шықсам, Қант жоқ. Сөйтсем, жаулығының ұшы желбең-желбең етіп анадайда безіп барады.


— Қант! Қайда зытып барасың? Бұл мен ғой!


Қант сенбегендей таңырқап қарап қалыпты.


Ақыры таныды. Уһілеп, бырбық қолымен жүрегін ұстай береді:


— Ой, қу шешек! Тырдай боп жүгіріп келе жатқанға, қайдан білейін. Шайтан екен деп қалдым.


Мен күлкіге қарық болып жатырмын.


Бірер шыны ыстық шай ішіп, әлденіп алдым. Енді ар жақтағы шөпшілерге тамақ алып қайтуым керек. Қазанға қарып пісірілген үлкен бір жаппа нан берді Қант.


— Бұны қалай әкетесің?


— Бір шүберек бер. Соған орап, арқама байлап алам.


Қанттың үлкен қызыл шыт дастарқаны бар екен. Қинала тұрып, әрең дегенде соны берді. «Дастарқаным ағып кетіп жүрмесін» деп таптап айта береді. «Байқа, су жаман, өзің атып кетіп жүрме» демейді.


Су бойына дейін Мұқамедидің шекпенін жамылып келдім. Қант анадайда қарап тұр. Нанды арқама келтіріп, дастарқанды мойныма байлап жатырмын.


Шекпенді сыпырып тастап, суға қойып кеттім. Жотамдағы нан су болмас үшін, кеудемді, мүмкін болғанша, көтере малтуға тырысам.


Шөпшілер риза болып, қаужаңдасып қалды. Төбемнен төгіліп жатқан мақтау сөздер қаншама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу