19.08.2021
  384


Автор: Бердібек Соқпақбаев

МЕНІҢ ЖАУЫМ — ЖАНБОСЫН

Жиын-терін қарға араласып, әрең бітті. Астық, астық деп қарбаласқан айқай-шу басылды.


Мектептің тарс бекілген есігі қайта ашылды. Кішкентай жез қоңыраудың шыңғыр-шыңғыр еткен сүйкімді дауысы бізді талайдан бері бос қаңырап қалған класымызға қайтадан шақырды. Аузын ашса, ғылым мен білім, неше алуан қызғылықты әңгімелер фонтаншы атқылайтын Сағатбай мұғалім өзінің құтты орнына қайтадан келіп отырды.


Бұл күнді менің қалай сағынып күткенімді сіз білсеңіз етті.


Мен сабақтан қалмауға тырысушы едім. Әлдебір себеппен қалып қойсам, ол күн мен үшін ең бір қайғылы күн. Сағатбай неше алуан қызғылықты жаңа әңгімелер айтты, мен оны ести алмай қалдым-ау деп өкініп, қасірет жұтам.


Жақсы оқыған баланы мұғалім де жақсы көреді. Жаман оқысаң, жаман көреді.


Батырқанұлы Жанбосын нашар оқушы еді. Көбейту кестесін айта алмай, түйедей боп шатып-бұтып тұрады.


— Бердібек, сен айтып жібер, — дейді мұғалім.


Мен орнымнан тұрар-тұрмастан Құран оқығандай заулатам:


Екі жерде екі — төрт,


Екі жерде үш — алты.


Екі жерде төрт — сегіз.


Екі жерде бес — он.


Кідіріп-мүдірместен, «тоғыз жерде он — тоқсан» деп бір-ақ тоқтаймын.


— Жарайсың! — деп мұғалім мені риза болып мақтайды. Қатарымдағы Жанбосын әлі отырмай, түрегеп тұр. Сағатбай оны көзге шұқып:


— Мынаны қара, сенен жасы да, бойы да кіші. Ал сен оның қасында өгіздейсің, ұялмайсың ба? — дейтін.


Мен мақтағанға мәз болып, Жанбосынға «сенен асып кеттім бе» дегендей қутың-қутың қараймын. Жай кез болса, ол мені иығымен қағып, аяғымен тапап кетер еді ғой. Ал қазір өйте алмайды. Маған деген қыжылы ішінде болады.


«Сабақ бітсін, үзіліске шығайық, мен сенімен сонда сөйлесем» дегенді Жанбосын көз қарасымен білдіреді.


Сабақтан тыс жерде, мұғалім жоқта ол менің итімді шығарады. Ойнаған боп, басымнан тоқай алып, құлағымды созып, жерге аунатып, мойныма қар тыққыштап, істемегенді істейді. Жанбосын екеуіміз сондықтан да жау едік. Ит пен мысық тәріздіміз. Ол мені, өле алмай жүріп, одан асқан білгіштігім үшін, тілімнің кейде оны шағып алатын қыршаңқылығы үшін жек көреді.


Жанбосынды менің жек көруім үстіндегі киімнің бүтіндігі үшін. Аяғындағы менде жоқ бұжыр табан әдемі бәтеңкесі үшін.


Балалар мектепке қалталарына әртүрлі тамақ салып әкеліп, үзіліс кезінде малжаңдап жеп жүретін әдет бар. Көп жұрт қуырған бидай әкеледі. Қалталарына бұрқыратып талқан салып әкеліп, үзіліске шыққанда ауыздарына уыстап құйып жүретіндер бар.


Жанбосынның алып келетіні аппақ ақ нан. Үзіліс кезінде анадай көрнекі оқшау жерде тұрып, әдейі біздің көзімізді қызықтырып, баппен шайнап жей бастайды. Біз оған көңіл аудармаған боламыз. Қарамауға тырысамыз. Бірақ қарамау қайда. Көзі құрғыр еріксіз бұрылшақтап, түсіп кете береді. Ауызға бір кездерде жеген ақ нандардың дәмі келіп, сілекейіміз шұбырады. Біздің бұл хәлімізді қаскөй Жанбосын өте жақсы біледі. Осыдан соң онымен қалай жау болмассың?


Мен Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім. Батырқанның баласы болып тусам ғой — әдемі киім киіп, ақ нан жеймін.


Әлгінде Жанбосын жеген ақ нан сабақта отырғанда да көзіме елестеумен болады.


Тапа-тапа ақ нандар менің түсіме де кіреді. Апам есік алдында көң жағып, көмбеге нан пісіріп жатады. Маған жей қой деп,үлкен етіп үзіп береді. Мен қаужаңдап жеп жатам. Ояна кетсем, түсім. Ішім удай боп ашып кетеді. Көзімді тез қайта жұмып, әлгіндегі ақ нандарды қайтадан іздеймін.


Бірақ амал қанша, ақ нандар сол жоғалғаннан ғайып боп жоғалады. Аузымда дәмі, ойымда сырқыраған өкініші ғана қалады.


Ересек жігіттер не істесе, Жанбосын бәрін істейді. Мұғалімнен жасырып шылым шегеді. Әкесінің папиросынан ұрлап алатын болуға керек. Түтінді аузынан сақинаша дөңгелентіп, лек-лек етіп шығарып, бізді таңқалдырады.


Бір күні ол:


— Мен түтінді құлағымнан да шығара алам, — деді.


— Шығаршы.


— Ол үшін біреуің аузымды қолдарыңмен басып тұрыңдар.


— Мен басайын, — дедім.


Жанбосын түтінді ішіне толтыра сорып алды. Мен алақаныммен оның аузын бастым. Екі көзім құлағында. Құлақтың тесігінен түтіннің сыздықтап шыға бастағанын көргенше асықпын.


Сеніп тұрмын.


Кенет қолымның сырты тыз ете қалды. «Ойбай!»


Балалар ду күлісіп жатыр. Сөйтсем, Жанбосын алдаған екен. Қолымның сыртына темекінің шоғын басып алыпты. Қолымның терісі кәдімгідей қызарып, қолдырап күйіп қалды.


Әлгіндей сасық қулыққа Жанбосын шебер болатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Балнұр
Балнұр 31.01.2024 17:41
Мен бұны жаттап бас жүлде алдм

Пікір жазу