19.08.2021
  2930


Автор: Бердібек Соқпақбаев

МЕКТЕП

— Қостөбеде мектеп ашылатын бопты! Бала оқытатын мұғалім кепті! — деген қуанышты хабар әр үйдің түндігін бір желпең еткізді. Бұған, әсіресе, балалар мәз.


Сіз тақыр шөлге су келгенін көргеніңіз бар ма? Бұл аспаннан нұр жауғанмен бірдей. Жұрттың бәрі қуана дабырласып, мәз-майрам болысады. Үйден үйге жүгіріп:


— Су келді!


— Су! — деседі.


Ғасырлар бойы қараңғылықтан соққы жеп келген халыққа жарқырап білім сәулесінің жетуі қуарған қу мекиен шөлге тіршілік нәрін алып, сыбдырап су жеткенмен бірдей еді.


Үркердей аз ауыл Қостөбеде бұған дейін жаңаша мектеп болмаған. Жұрт балаларын Нарынқол, Сүмбе, Жалаңаш тәрізді жырақтағы мектептерге апаратын. Оған өзі аш-арық, қолы қысқа халықтың бәрінің бірдей шамалары келмейді. Сондықтан да біздің ауылдың оқу жасындағы балаларының көпшілігі әлі күнге мектеп есігін ашып көрмеген. Оқу оларға созса қол жетпейтін алыс армандай көрінетін. Сол арман бір-ақ күнде топ етіп алақанға өзі келіп қонғалы отыр.


Қазақ айналайынды шілдей тоздырып, көгертпей келген бір көне дерт бар. Ол — аталастық, рушылдық алакөздігі. Киікбай мен Найза түбір бір атадан тараса да, екеуі ылғи екі жік. Бір артельге бас қосып отырса да, екеуі екі бригада. Іргелері тиіссе, өрт шығатындай екеуі бөлек қоныстанған. Найза ауылы, Киікбай ауылы деп, бөлек-бөлек аталады.


Мектептің ашылған жері — Киікбай ауылы.


Таңертеңгі шайымызды ішіп алып, Садық екеуіміз, күндегі дағды бойынша, жар жағалап, ойын қуып кетіп бара жатыр едік. Кенет қарсы алдымыздан салт атқа мініп одыраңдаған бригадир Нұрғазы шыға келді. Бізді мал қайырғандай қайырып:


— Әй, қайтыңдар! Мектепке барасыңдар! Бүгін оқу басталатын күн екенін білесіңдер ме?


— Қайдан білейік?


— Бүгін сентябрьдің бірі — оқу басталатын күн екен.


Бүкіл жан-тәнім ойынға бейімделіп келе жатқандықтан, мен әнеугүні оқимын деп, тізімге құлшынып жазылғаныма тап осы арада қатты өкіндім. Қазір маған оқудан ойын мың есе қымбат еді. Оқудың бүйтіп міндет болып келетінін мен қайдан білейін. Мойынға бұғалық болып түсерін қайдан білейін. Нұрғазы еркімізге қоймады, алдына салып айдап алды. Басымыз ауған жаққа қаңғып жөнелетін қайран еркіншілік өмір енді біткен екенсің деген қайғылы ойға келдім. Үйден жоспарлап шыққан неше алуан қызық ойындардың бәрі қалғалы отыр...


Ана үй, мына үйден жинастырған бала саны көбейе берді. Айдаушымыз Нұрғазы. Қойша топырлатып, қуалағаннан қуалап, екі шақырым жердегі Киікбай ауылына алып келді.


Мынау, міне, мектеп — ауылдан шеткерек шаңы аз көгал жерге тігілген кәдімгі киіз үй. Осы киіз үйде біздің тұңғыш сабағымыз басталды. Мұғалім әнеугүнгі қасқа бас жігіт. Ныспысы Сағатбай Хасенұлы.


Ол кезде жарымыншы класс дейтін болатын. Біз сол жарымыншы класқа жиналған, бұрын мектеп есігін көрмегендерміз. Жалпы санымыз отыз шақты. Жарым-жартымыз Киікбай, жарым-жартымыз Найза ауылының балаларымыз.


Парта жоқ. Бірімізге біріміз сығылысып, малдас құрып, жерде отырмыз. Киіміміз былғанады, астымыздан сыз өтеді деп қорқақтайтын біз емеспіз. Күл мен топыраққа еркін аунап өскендігімізді көрсетіп, мұғалім отырыңдар дегенде, шөге-шөге кеткенбіз.


Сауатымыз бірдей болғанмен, жастарымыз бірдей емес, ала-құламыз. Ең кіші дегендер мен шамалас. Ең үлкен дегендер он бес, он алтыға келіп қалғандар. Кәдімгідей мұрт шығып, жігіт бола бастаған балалар бар.


Бәріміз жарымыншы класс.


Кепекбайдың Жүнісбайы, Батырқанның Жанбосыны, Шықабайдың Тұрсынбайы баяғы заман болса, әйел алуға жарап қалған соқтауылдай жігіттер. Олар да жарымыншы класс.


Мұғалімнің алдында шағын тақтай стол. Жап-жаңа қызыл шүберек жабылған. Осы қызыл шүберек бүгін салтанаты күн екенін аздап та болса білдіріп тұрған секілді.


Қасқа бас мұғалім сүйкімді жұмсақ адам. Көз қарасынан жып-жылы нұр себелеп тұрғандай болады. Дауысы мәнерлі де, құлаққа жағымды.


Бірінші күнгі сабақты ол түгелдей әңгімемен өткізген еді. Өзім өзі боп, мен дәл осындай әңгімешіл адамды көрген емеспін. Дүниеде білмейтін нәрсесі жоқ: ғылым жайлы, қазақ халқының өткені мен болашағы жайлы, патшаның құлауы жайлы, Ленин жайлы... көп-көп әсерлі әңгімелер айтып берді. Біз аузымызды ашып, ұйып тыңдағанды ғана білдік.


Сағатбайдың әңгімелерінен мен дүниенің төрт бұрышына сапар жасап қайтқандай әсер алдым. Бір ғана күннің ішінде білмесімді біліп, ақыл-ойға кемелденіп, іштей түлеп шыға келгендей болдым.


Бағана, Нұрғазы оқуға барасың дегенде, ойынды қимай, көңілім күрт түсіп кеткенін есіме аламын. Оқуды мойныма бұғалық түскендей көріп едім. Оның бәрі бекершілік екен. Оқуға жазылғаным қандай жақсы болған.


Сағатбай әңгімесінен мен біз секілді кедей балаларының оқуға қолы жетуі тек совет өкіметінің арқасы екенін білдім. Лениннің арқасы. Бұрынғы заман болса, оқу қайда бізге. Байдың қой-қозысын бағамыз, малай боп өмір кешеміз.


Лениннің «Оқы, оқы және оқы» деген әйгілі сөзін сол күні Сағатбайдың аузынан естідім.


Сағатбай әңгімелері ғажайып қызық ертегі тәрізді. Қанша тыңдасам, тыңдай бергім келеді. Еш жалықтырмайды. Мен дүниедегі данышпанның данышпаны мұғалім екен деген ойға келдім. Өскенде Сағатбайға ұқсап мұғалім болуды армандадым. Балаларды аузыма қаратып, мен дағы неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып берсем деймін.


Киіз үй мектепте оқып жүріп жаттық.


Әліппе жетіспейді. Екеуара бір оқулық.


Дәптерді тіземіздің үстіне қойып немесе жерге етпеттеп жатып жазамыз.


Бір күні бормен жазатын тақта пайда болды.


Класском, тазалықшы сайлап алдық. Класском болып пысықтығымен бүкіл ауылға әйгіленген Жүнісбай, тазалықшы боп ішіміздегі ең таза, ең ұқыпты Майра сайланды.


Сағатбайдың алдында кішкентай сары жез қоңырау. Шылдыр-шылдыр еткізіп, үзіліске шығарады. Сағатбай бала мінезді, ойын құмар адам. Үзіліс кезінде бізбен бірге қосылып ойнайды. Қалайда бізді зеріктірмеудің, өзі де зерікпеудің амалын ойлап табады. «Мысық — тышқан», «Ақ серек — көк серек», «Үшінші артық» секілді ойындар ойнайды.


Сағатбай ойынға жан-тәнімен беріліп, осыдан өзіне рақат тауып, қызып ойнаушы еді. Кішкентай балалардың біреуін мысық боп қуалағанда, көздері мысықтың көзіндей жайнап, түр-түсі біртүрлі айбаттанып, еліріп кетеді. Сен шын тышқан болғанда, артыңнан нағыз шын мысық қуып келе жатқандай зәрең қалмайды. Ауыр да мол денесімен қатты қызып жүгірген кезде, Сағатбай иегін алқымына тығып алушы еді. Қашан тышқанды қуып жетіп, бассалмайынша жаны жай таппайды.


Оқулық қана емес, қарындаштың да тапшы кезі.


Бір күні Сағатбай класқа бір уыс қарындаш алып келді. Екеуара бір қарындаштан үлестірді де, өздерің пышақпен бөліп алыңдар деді. Осы арада класта біраз дау, жанжалдар туып қалды. Бөлінген қарындаштардың бір жағы ұзындау, бір жағы қысқалау болып шығады. Әркім ұзынырағын алғысы келеді.


— Тоқтаңдар! Бөлмей тұра тұрыңдар.


Сағатбай осыны айтты да, жерден қарындаштың ұзындығындай бір тал шөп тауып алды. Оны қарындаштың бойына дәл етіп туралады. Сосын екі бүктеп сындырды да, әр сынық қарындаштың тең жарымы болатынын, яғни қарындаштың дәл ортасын табудың қарапайым тәсілі осы екенін көрсетті.


Осы бір оп-оңай ақыл біздің басымызға неғып келмеген?!


Ал енді ұзынды-қысқалы боп бөлініп қойылған қарындаштар бар емес пе? Оларды қалай етеміз?


Сағатбай бұған да ақыл тапты. Жеребе салып, ешкім ренжіместей етіп бөліп берді.


Жеребесі мынандай: қарындаштың екі бөлегін де, ол кесілмеген ұштарын теңестіріп, кесілген жағын көрсетпей, ұстап тұрады. Таласушы балалардың біріне: «Қане, қалағаныңды суырып ал», — дейді. Суырасың. Ұзыны кез келе ме, қысқасы кез келе ме, өз бақытың.


Ақылдылық тек үлкен істен байқалмайды. Ұсақ-түйектен де анық көрініп тұрады. Сағатбай сабақ беруде ғана емес, тұрмыста кез боп қалатын ескерусіз жайттардың бәрінде де тапқыр адам еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Асылжан
Асылжан 11.01.2023 16:57
Костөбеде мектеп ашылғаны жақсы бопты

Пікір жазу