19.08.2021
  461


Автор: Ақселеу Сейдімбек

ТАЙШЫҚ ХАННЫҢ ОРДАСЫНДА

Алпамысты байлап-матап Тайшық ханның ордасына алып келгенде, батыр әлі шырт ұйқыда еді. Тақ үстінде оқшырайып отырған Тайшықтың алдына ұйқыдағы жас батырды тақалтқанда, патша ішегін тартты. Ол қазіргі сәтте Алпамыстың алып тұлғасынан немесе айбарлы кейпінен шошып ішек тартпаған. Оның үрейін алған — өткен жолғы түсінде көрген, ел-жұртына қырғидай тиген шұбар аттылы батырдың дәл осы екені еді.


Ханның әлем-тапырақ ойын мыстан кемпірдің шақ-шақ еткен даусы бөліп жіберді:


— Хан ием, қырық отауың бес күнгі жиған несібең ғой, құрбан еттім. Оның есесіне берген уәдемнен шығып, дұшпаныңды табаныңа әкеп салғанымды көрмейсің бе?


Тайшық хан бұл сөзге самарқау ғана мойын бұрып:


— Көріп отырмын... көкейіңді тескен берген уәдем шығар, асықпа,— деді. Сонан соң, қолын киелі асаға тигізіп отырып, жарлық айтты. Жарлық бойынша, патшалығына қарайтын қырық қақпалы қаласының халқы жиналу керек болды. Әп-сәтте керней-сырнай тартылып, дабыл қағылып, кешікпей-ақ қалың жұрт құмырсқадай құжынап кетті. Бұлардың ішінде бір өзі самсаған жаумен жалғыз шайқасатын небір жалаң төс батырлар да бар еді.


Ханның күткені де осы болатын. Көп ішінен жар салғызып жүріп,кілең сайдың тасындай, сайыпқыран батырларды іріктетіп алды да, ұйықтап жатқан батырды өлтіріңдер деп әмір берді.


Жалаңдап тұрған қалмақ батырларының тілегені сол сияқты, жапыр-жұпыр қимылдап кетті. Дәл осы кезде Ғайып-ерен қырық шілтен көзге көрінбес құдірет сауыт болып, Алпамыстың денесін құрсап алып еді.


Қалмақтар шүйіле ұмтылған бетінде Алпамысқа қылыш шапты — өтпеді, найза шанышты — кірмеді. Түп зеңбіректің үңірейген көмейін үңілтіп келіп, онымен де атты — бәрібір былқ еткен жоқ. Тіптен, ұйқысы да бұзылмады.


Енді батырлар ғана емес, ханның өзі көзі шарасынан шығып, сасайын деді. Үрей үстінде өткендегі түсі тағы да көз алдына келіп, әбден берекесі кетті. «Бұл бәле оянып кетсе, сол жолғы көргенім түсім емес, өңім болып сорлаймын-ау!»—деген Тайшықтың кәрі жүрегін өрекпітіп, тордағы торғайдай тыпырлатып еді.


Осы оқиғаның бәрін күн ұзын көзі көріп, іштей Алпамысқа тілеулес болып жүрген Қаракөз оеы бір сәтте батырды құтқаруды ниет етіп еді. Ол әкесінің алдына келіп, иіліп тағзым етті де, тіл қатты:


— Әке, бұл батырдың басына зауал шақты мен тудырайын. Тек маған жеті күн, жеті түн мұрсат беріңіз. Жаныма мыстан шешемізді қосыңыз,— деді.


Осы кезде мыстан тағы да шақ ете қалды.


— Жоқ, хан ием, қызыңның ниеті бұзық. Мұны Алпамыстың алдынан шыққанда көрсеткен қылықтарынан сезгенмін-. Алма тілін! Мыстанның бұл сөзі Тайшық ханды дал қылды. Ойы онға бөлініп, бір өзінен басқаға сенбейтін күйге түсті. Сол халде түнере ойланып отырған Тайшықтың есіне өзінің арнайы қаздырған шыңырау зынданы орала кетіп еді. Сол-ақ екен, ханның еңсесі көтерілі-п, бір тығырықтан шыққандай күрсіне дем алды.


Кешікпей-ақ ұйқыдағы Алпамысты аузы сырнайдай тар, түбі арқан бойламас шыңырауға тастауға бұйырды.


Алпамыс бұл кезде де ұйқыда еді. Түбі тастақ, шақатты келген зынданға домалата тастап жібергенде, зеңбіректің оғындай заулап жөнелген. Бірақ «Жалғыздың жары — құдай» деген рас қой, жас батырды тағы да Ғайып-ерен қырық шілтен орта жолға жеткізбей қағып алып, қауырсындай қалқытқан күйі шыңырау түбіне жамбасын тигізген. Алпамыс мұны да сезген жоқ.


Бұл кезде жер бетіндегі көп қалмақ көңілін демдеп, Тайшық хан болса,Алпамыстың Байшұбарына қызыға көз салып отырған. Мұндайда ханның қас-қабағын баққан нөкерлері қарап тұрсын ба, дереу Байшұбарды Тайшықтың алдына көлденең тартуды ниет етіп еді. Бірақ Байшұбар осы сәт танымастай мінез көрсетіп, алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, тірі жанды маңайына жуытпады. Н^бір ат құлағында ойнайтын атан жілік ерлер түрлі айла-шарғы жасап көріп еді, шұбар ат бірін-біріне соғып, сарсаңг салды.


Бұл көрініс, әрине, Тайшықтың секемшіл көңілін тіксінтіп, түрлі ойлар жанын жегідей жеді. Сонан соң, дереу ел ішінен нелер бармағы майысқан шебер мен темірді нанша илеген ұсталарды шақыртып, аз күнде ені жеті кез темір үй соқтырды да, Байшұбарды сонда қаматып тастады. Жай қаматқан жоқ, алтасына бір бау шөп беріп, он күнде бір шелек сумен таңдайын жібітіп, әбден титықтатып көндіруді ниет етті.


Алпамыс пен Байшұбар осылайша бір жайлы болып, Тайшық ханның көңілі орнықты-ау дегенде, хан ордасына міндетси басып, мыстан кемпір щрген. рның міндетситін реті де бар. «Уәде — серт» деген, оның үстіне хан аузынан шыққан сөздің екіұшты болуы мүмкін емес. Мыстанның ендігі ойы — басы таз, балтыры қотыр ұлына Қаракөздей аруды қосып, ханмен сүйек болу еді.


— Құлағым сенде, мыстаным!—деді Тайшық хан. Үнінде іштей ытырынған салқындық бар.


— Е, хан ием!—деді аяр мыстан.—Дұшпаныңды табаныңа салып, басыңнан қауіп бұлтын сейілткен жанға құлақ салғаның жөн-ақ. Хан жарлығы екі емес, уәдеңнің орындалуын сұрай келген жайым бар. Айыбы —- басы таз демесең, балаңнан балам кем деп ойламаймын...


Хан осы кезде жақтырмаған шыраймен ырғала бір қозғалып алды да, мыстанның сөзін бөліп кетті:


— Ау, мыстаным, сөзді созып қайтесің! Уәдем — уәде. Жақсылығыңа — жақсылық жасаудан мойын бұрар мен жоқ. Оны айтасың, іштен шыққан баланы қиғанда, осынау ен дәулетімнің именбей бөлісері өзің болғаныңды қалаймын. Тек сенен сұрар мәулетім бар. Қаракөз айым он бір жасқа биыл шығып еді. Жиырмаға келгенше туған ошағының басында болып, көктемдей келте қызығын еркін өткерсе деймін. Тоғыз жылы өтіп, аттай жиырмаға толғанда, той-томалағын жасап, қолыңа табыс етейін.


Тайшықтың бұл сөзіне әбден риза болған мыстан енді хан ордасынан күпініп, желбуаз көңілі көкке жеткендей 'болып кете барды...


Жер бетіндегі көңіл жайланған тіршілік мұндай болғанда, жер астындағы шыңырау зынданда жатқан Алпамыс жас тәнін улаған арақтың зәрі қайтқанда бір-ақ оянған. Қөзін ашқан бетінде орнынан жұлқына тұрса, айналасы — тас қамау. Қуықтай тар шыңыраудың шырқау биігінен иненің жасуындай болып қана саңылау көрінеді. Өткен жайды көрген түстей есіне алған жас батыр өзінің тұзаққа түсіп, аңдаусызда шоқ басқанын білді. Білді де, қабырғасы қайыса өкініп, шарасыз халі жанын жасытып, көзіне жас алып еді.


— О, Тәңірім,— деді Алпамыс өзімен-өзі шыңырау түбін күңірентіп.— Тірідей көрге көмгендей не жазып едім. Ата-анамның көз жасына шыққан жалғыз түп ағаштың басындағы қос алманың бірі Қарлығаш болса, бірі мен едім. Соның сыңарын көктей солдырғың келсе, не шара. Өзекті пендеге бір өлім, ажалдан қорқар жайым жоқ... Тек су сұрасам, бал берген, жая десем, жал берген анашымның ақ сүтін ақтай алмағаным өкінішті.. Тай құлындай тебісіп, бір емшекті тел емген қарындасым Қарлығаштың қызығын көре алмағаным қабырғама батады... Қайтейін... Аңғалдығыммен жасағанымды -ауырсынбай көтеруден басқа шара жоқ...


Осылай деп зарланып, қасірет күйін тартып отырған Алпамысты әлдене елең еткізді. Ес жиғанша болған жоқ, түнек зынданды бір сәуле осқылап, қою қараңғылықты ығыстырғандай болды. Алпамыс мұны жақсылықтың нышаны деп қуанып, тәу еткені сол еді, бір мысық ғайыптан жаралғандай алдынан шығып, пырылдай жанаса берді. Жай мысық емес, аузына тістеген бір таба наны бар. Онымен қоймай бұрала ойнап, жас батырдың қам көңілін аулағысы келгендей, небір таң-тамаша қимылдар көрсетеді.


— Е, тәңірім!—деді Алпамыс,— құдіретіңе ризамын.


...Осымел күндер өте берді. Әр күнді қаза жібермей келіп тұрған мысық Алпамыстың жер астындағы жалғыз серіп әрі асыраушысы болып алды. Мұның бәрі де Алпамысқа қамқор болған Ғайып-ерен қырық шілтеннің тарапынан болып жатқан ғажайыптар еді. Сонымен, Алпамыс зындаға тасталды, Байшұбар темір сарайға қамалды. Тайшық пен мыстан құда-құдағи болып, көңілдерін орнықтырды. Мыстанның кембағал таз ұлы болса, ханға күйеу бала болғанын өзінше дәреже санап, бұрынғыдан әрман есіре түстІ. Көрінгенге бүйідей тиіп, үлкен-кішімен тасыраңдап ойнап, әңгүдік мінезімен ауыл-үйді әбден ығыр етті. «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дегендей, ханға күйеу бала болған соң, ел-жұрт есер тазға деген қыжылын сыртқа шығара алмай, іштен тынатын болды. Бұл жағдай бәрінен де бұрын, әсіресе, бейкүнә Қаракөздің қабырғасына қатты батушы еді. «Құдай-ау, Құдай!—деп, оңашада көзінің жасын сығып алатын.— Шынымен-ақ бар ғұмырым мыстанның миғұла баласымен қосақталып өтер ме екен!» Бұл ойдан Қаракөздің жас жаны түршігіп, уайымнан уыз өңі ағара жүдеп, қатты қамығатын. Бір күні Қаракөз ару өзі теңдес құрбыларымен өзенге шомылып жүр еді, топты қызды шу еткізіп, қойға шапқан қасқырдай арсалаңдап мыстанның таз ұлы жетіп келді. Келді де, ештемеде жұмысы жоқ, тап бір осы қыздардың бәрімен бұрыннан жақын адамдай қымыңдап, қотыр тайлақша сүйкене тиіссін. Ойыны қандай дөрекі патшағардың. Алғашқыда тіксініп қалған қыздар бұл бәледен құтыдмасын білген соң, «жездеке» деп ойнай-барымталап алып соқсын. Онымен де қоТймай, түйебас қылып түйгіштеп, таз кепесін сыпырып тастап, әбден келеке етіп еді. Осы оқиға Қаракөздің намысына шоқ болып түсіп, жас та болса бір тәуекел ойға бел буып еді.


Сол ниетпен Қаракөз ертеңінде әкесінің алдына барып:


— Әке, бір тілек сұрай келдім,— деді.


— Айта ғой, шырағым,— деп, Тайшық хан да қызына әкелік мейіріммен тіл қатып еді.


— Алдымда асқар таудай өзіңіз тұрғанда, еш нәрсені уайым етпеймін, әке. Бірақ жас та болсам, қыз баланың қызық дәурені қызғалдақтай ерте солатынын да білемін. Сондықтан ақ батаңызды алып, құтты жеріме қонғанша, еркіндікте өзімше бір сайран құрсам деп едім. Ол үшін жаныма қырық қыз нөкер берсеңіз, алдымызға ермек үшін жүз серке салып берсеңіз. Ол серкелерге бас-көз болуға Кейқуат қойшыны босатсаңыз. Сонда, ен далада, әсем табиғат аясында құстай еркін дәурен сүріп, тоғыз жыл өткенде қайтып оралар едім. Өзің лайық көрген жерге басымды иіп барар едім. Бар тілегім—осы. Тайшық хан қызының бұл сөзінен ешқандай оғаштық көрмеді. Қайта хан қызына лайық бөлек бір салтанат танығандай ризашылықпен келісімін берді. Кешікпей-ақ хан жарлығымен ақ отаулар сайланып, қырық қыз нөкер таңдалып, Қаракөз ару жолға шықты. Соңдарынан мүйіздері қарағайдай жүз серкені буындарын сыртылдата айдап Кейқуат ілесті.


Сол бетінде елсіз-күнсіз жердегі табиғаты құлпырған ен жайлауға келгенде, бір айна бұлақтың басына тізгін тартып, қоныс тепті. Сол жерге жұмыртқадай отауларын көтеріп, ойын-сауықпеһ алаңсыз ғұмыр кешіп жатты. Қаракөздің осынау шалғай шеттегі оңаша өңірді таңдауында өзіндік сыр бар еді. Осыдан біраз жыл бұрын әкесі Тайшық хан арнайы жасақ шығарып, осы маңнан шыңырау зындан қаздырған. Мұнысы хан ордасында сол кезде сөз болғанымен, дабырасыз құпия күйінде сақталатын. Алпамыс батырдың сол зынданға салынғанын Қаракөз жақсы білетін. Бірақ шыңырау зындан ен даланың қай жерінде, қандай қалтарысында екенін анық білмейтін. Енді, міне, әкесінен тоғыз жыл мәулет сұрап, өзінше салтанат құрып, шығанға шығуының сыры — сол зынданды тапса, Алпамысқа шапағаты тие ме деген ниет еді. Қаракөздің ықыласын аударып, мұншалықты қамқор қылған жағдай — жас сұлудың қазақ батырына деген аяулы сезімі, айнымас махаббаты болатын.


Осылайша Қаракөз арудың екі көзі төрт болып, ен даланы ине жоғалтқандай тінтіп, құпия зынданды іздеген күндері басталды. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дегендей, бұл ниетін қасына ерген нөкер қыздарына да сездірмеді. Ертелі-кеш өз мұңын өзіне шаққан болып, оңаша серуен құрады. Оңаша серуен құрған болып, әр бұтаның түбін, әр тастың қалтарысын тінтеді. Бірақ ханның жырынды жасағы қазған жасырын зындан таптырсын ба, оңайлықпен таптырмайды ғой, таптырмайды. Мейлі, апталар, айлар, керек десең, жылдар өтсін, Қаракөз сұлудың жас жүрегінен үміт оты сөнер емес. Үміт шіркін кеудеңде шыбын жаның барда үзілмейді екен ғой...


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы