19.08.2021
  1012


Автор: Ақселеу Сейдімбек

КӨРІПКЕЛ ШАШТЫ ӘЗИЗ

Үміт соңынан бұйдалы іңгендей елпілдей ерген қос мүңдық тырмысып жүріп тау басына шықты. Ентіктерін де баспастан елбірей тұрып, ілгері қараса, етекте ботаның көзіндей мөлдіреп айна көл жатыр. Көл жағасынан буы бұрқырап арна тартқан бұлақ көрінеді. Сірә, әулиенің көз жасы сияқты — бұлақ суы жылы болса керек. Бұлақ желкесіне жалғыз түп қара ағаш бітіпті. Бір ғажабы көрер көзге қаншалықты шүйгін көрінсе де, бұлақ маңайы елсіз, жалаңаш еді. Тіптен моласы да, тамы да жоқ. Оның орнына — бұлақ төңірегі қара ағашпен жарыса өскен қалың шеңгел.


Бай-бәйбіше тағы да сол тәтті үмітке жіпсіз шырмалып, бұлақ басына жеткенше асықты. Көз алдары суланып, етекке құлдырай түскен беттерінде қалың шеңгелді аралап кетіп еді. Тау басынан қызара көрінген шеңгел шынында да ұйыса бітіпті. Көңіл шіркін, елегзіп, елбіреп, ілгері жетектейді. Байбөрі алда, Аналық артта, жүректері лүпілдеп, көрмеген жерлерін танып-білгенше асыққандай ілгері қарай емпеңдей ұмтылысады. Қадам басқан сайы елеңдеп, алдарынан елп етіп бір нышан көрінердей зарыққан күйге түскен.


Кенет Аналық бәйбіше жаулығы ағараң етіп, бөгеліп қалды. Бөгелейін деп бөгелген жоқ, шеңгел басының салалана біткен бір бұтағы иіліп келіп, маңдайынан тіреді. О, ғажап! Бұтақты жазайыншы деп жасқап үлгермеді, ақ маңдайына екі елі батып-ақ кеткені. Кереметі сол, бұтақтың тиген жері не қанаған жоқ, не ауырсынған жоқ. Аналықтың жүрегі бір құдірет сезгендей алып-ұшып:


— Ием, тоқтай тұршы! — деуге ғана тілі келді.


Артына бұрылған Байбөрі бәйбішенің өңінен алабұртқан толқуды жазбай танып, бір нышанның болғанын аңғарып еді. Аналық болса, сөзге келместен, бөлек бір сезім қолтықтап көтеріп кеткендей, басындағы қабат-қабат жаулығын шешіп, әр шеңгелдің басына іле берді. Аналықтың қазіргі күйі гүл көрген ақ қанат көбелектей еді. Әр шеңгелді бір құшып, ықылас-ниетін бағыштап, ақ жаулығын ырым етіп байлап жүр. Сол күні бай-бәйбіше жылы бұлақ басына аялдады. Қарап отырмай, күн ұясына қонғанша бұлақ басындағы тасты жинап, қонып шығар қалқа жасауды ниет етіп еді. Осы ниет үстінде тағы да бір нышанның кереметіне куә болысты. Кереметі сол, жерден көтерген тасы өзінен-өзі қиюын тауып, қалап жатқан қалқасына жымдаса кетеді.


— Е, тәңірім, жақсылықтың нышаны болғай!—деп күбірледі Байбөрі. Қиюы келіп, өзі сұранған тасты қалқайтудың қиындығы бар ма, намазшам кезінде бай-бәйбіше алыстан белгі боп қараятындай, жақындасаң, жел-күннен қорған болатындай етіп тас үйіп үлгерген. Мұнан әрі осынау сапар үстіндегі дағдылары бойынша құптан намазын оқып, дамыл алысты. Құбылаға бастарын қаратып, бір етегін төсеніп, бір етегін жамылып дегендей, іштей тәубеге келіп, қатарласа қисайып еді. Бұрын түннің бір уақытына дейін әр нәрсені ойлап, елегзіп, қам көңіл болып жататын бай-бәйбіше бүгін қисайған бетте мызғып кеткен. Жаз түні қамшы сабындай келте емес пе, әні-міне дегенше таңның хабаршысы — бозторғай шыр етті. Кешікпей-ақ шығыс аспаны рауандап түріле берген. Осы кезде көктен түскені, яки жерден шыққаны белгісіз, көк есекке мінген ақ сәлделі диуана шырт тыныштыққа шомған бұлақ басына пайда болды. Алдымен қырау шалған кою қасын сабырмен көтеріп, тұңғиық ойлы жанарын төңірегіне тастап, бір уақ үнсіз тұрды. Оның қазіргі кейпі осынау дүние дидарындағы мұң-сырдың, қуаныш-қайғының бәрін іштей біліп, қасіреті мол өмірге қабырғасы қайысқандай күйде еді.


Уақыт өткізген жоқ, көк есегін тебіне түскен диуана асықпай аяңдап келіп, бай-бәйбішенің ұсына тізгін тартты. Сонан соң қолындағы сырлы асасын сабырмен көтеріп, шырт ұйқыда жатқан бай-бәйбішені ақырын ғана бір-бір түртті де, тіл қатты:


— Ей, көзінен жас кетпеген, бейшаралар! Арманның жетегінде шырмалып, жетімдей тентірегенде қалағандарың не еді?


Ақ сәлделі диуананың үні жеті қат жер астынан немесе жеті қат көктен естілгендей, күмбірлеп шықты. Байбөрі мен Аналық алақтай бас көтеріп, жамырай жарыса ауыз аша беріп еді, диуана тағы да сөйлеп кетті:


— Білемін! Көкіректі кернеген жалғыз ғана арман-тілектеріңнің барын білемін. Бір ұл керек дейсіңдер ғой, әрине. Әулиеден әулие қоймай жалбарынып, жердің жүзін шарлап үргендеріңді де білемін. Көз жастарыңды көрмей, сырт беріп кеткен бірде-бір әулие-әмбие жоқ. Сендер үшін бәрі де орындарынан бір-бір аунап түсіп, қатты қиналды. Жарықтықтардың мәртебелері бөлек қой, назары түскенге қайырым жасамай қалмақ емес. Сонан соң да, сексен сегіз серулер мен тоқсан тоғыз машайық бас қосып, бір сендердің тілеулеріңді тілеп, жаратқан жалғызға жалбарындық. Олардың ішінде мен болдым. ЖаратушььТәңірге тілегіміз ұнады. Ұнағанын содан біл, сендер үшін сұрап барғанымыз бір ұл еді, оған бір қыз қосып сыйлады. Менің атым — Шашты Әзиз. Жұрт Баба түкті Шашты Әзиз деп құрмет көрсете атап жатады. Енді езіліп-егіле беруді қойыңдар, бастарыңды көтеріп, жастарыңды тыйыңдар. Ұлыңның аты Алпамыс болсын, қызыңның аты Қарлығаш болсын. Алпамысың елден асқан ер болар. Шапса қылыш, атса мылтық өтпес, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, өмір бойы жас боп өтер. Жауының басы —қалмақ болар... Енді батамды берейін, орныңнан тұрып, қолыңды жай. Айтқанымның бәрі айнымай келсін! Тілегің қабыл болсын! Осы сөздің айтылуы мұң екен, бай-бәйбіше еңіреп келіп, диуананың аяғына бас ұрды. Қолынан иіскеп, етегінен тұмарлық жыртып алды. Сол сәт ақ сәлделі диуананың келгені қандай белгісіз болса, кеткені де елеусіз, көз алдарында ғайып болып еді Байбөрі мен Аналық болса қуаныштан жүректері жарыла жаздап, бір-біріне қарасты. Аналық байғұстың қабағы ашылып, ақша бетіне қан жүгіріп, бойын түзеді. Асыл туған арудың көңіліне сай, көркі келісіп, аршын төсін бастыра мойнына алқа салды.


Байбөрі мен Аналықтың қаяулы көңілі орнығып, ел-жұртын бетке алғалы бүгін айдың жүзі өтіпті. Өздері де, әулие-әмбиені ақтаймыз деп тым шығындап кеткен екен. Қазір көңілдері қаншалықты алып-ұшып, туған жерге асыққанымен, ұзақ жол өнбей-ақ келеді. Қуанышпен оралар күнді ойлаған бұлар бар ма, мол қазына теңдеген жазылы бурадан бастап, жаулығына дейін үміт жолына байлап кеткен. Енді, міне, табаны тасқа ойылып, маңдайы күнге күйіп, қиналып келе жатқан жайлары бар. Соңғы күндері Байбөрі бәйбішесінің көңіл күйінен бір өзгеріс аңғарғандай еді. Аналық байғұс күрт жүдеп, өзінен-өзі қатып-семіп, дертті болғандай күйге түскен. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Байбөрі мұны сезіп-біліп жүрсе де, сұрауға батпай, ішінен тынған. Бүгін ертеңгісін ен далада екеуден-екеу шошайып отырып, қоржын аузын ашты. Орамалдың түйіні шешіліп, жолға алып шыққан құрт-ірімшік, бабымен қатырып алған сүр ет, өрік, мейіз жайылды. Байбөрі байқап отыр, бүгін бәйбішесі аузына түйір дәм салмады. Осы тұста Байбөрі шыдай алмай:


— Япыр-ау, саған не болды, тәбетің неге болмай жүр?! — деп, көңілін күпті еткен жайдың мәнісін сұрады.


Сонда Аналықтың бетіне лып етіп қан жүгіріп, болмашы қымсынғандай шырай танытып еді. Сонан соң аз-кем бөгеліп отырып, тіл қатты:


— Уайым етпе, ием. Ауру-сырқаудан аманмын. Өзіңе айтайын деп талай рет оқталып едім, орайын таппадым. Енді айтпаска шарам жоқ, «Жерік — сүзектен жаман» деген рас екен... жерік болып жүрмін. Бір кереметі, адал асқа тәбетім шаппайды, арамды көңілім қалайды. Жазмыштың бұйрығы сол шығар, бір қабылан атып берсең, тойғанымша жеп, жерігімді басар ма едім деп ойлаймын.


«Қуанған мен қорыққан бірдей» деген, Байбөрі қуаныш салмағын көтере алмағандай отырып қалды. Бүлардың аял еткен жері бұдырсыз жазық болатын. Жалаңаш жерде қабыланның жүрмейтіні мәлім. Сонан соң да Байбөрі жер жайын оймен шолып, аң-құсы мол Жетіаралға жеткенше асығып еді. Содан бір күні, Байбөрі таң алагеуімнен тұрып, қапысыз қамданып, Жетіаралдың алыс түкпіріндегі қалың жынысты бетке алып еді. Тәңірі оң шырай танытқан соң, не нәрсенің қисыны келе бермек қой. Күн шекеден өтпей-ақ, қалың қауды жапыра жүріп, артына мөрдей із тастаған қабыланның сорабы кездесе кетті. Байбөрі із қуалап табанынан таусылған жоқ. Қозы өрісіндей ғана жер жүргенде, гүр еткен дауыс естілді Айтқанша болған жоқ, қабағы сапты аяқтай, жанары тостағандай қабылан қылыш құйрығын шапақтап, ұшыраса кетті. Әп-сәтте қапысыз қимылдап, бой тасалап үлгерген Байбөрі қарсы алдынан кездескен қара ағашты паналай тұрып: «Я, сәт!» — деді. Айтқанша, қара мылтықтың ұңғысы жыланның ініндей үңірейіп, қабыланның өкпе тұсына үңіліп келді де, күрс ете қалды. Діттеген жерден табылған қорғасын қабыланды мұрттай ұшырып еді. Байбөрі атып алған аңын ақтармалап тастап, қос басына алып келгенде, Аналықтың қуанышында шек болған жоқ. Қабыланды мүшелеп бұзғанша тағаты қалмай, бөлек бір мінез танытып еді. Мұның бәрін жазбай таныған Байбөрі ширақ қимылдай жүріп, аз сәтте қабыланды боршалап тастады.


Табиғаттың тәртібіне тосқауыл болған пенде жоқ, Аналық бәйбіше де жеріктік күйінің құлы боп, бір қайнауы ішінде болса да, мосыдағы етті түсіріп алған. Сонан соң маңдайынан тер шығып, сүйсіне отырып, қабыланның он екі мүшесінен бір-бір қарбытып ауыз тиіп шықты. Тұла бойы жеңілдеп, бетінің ұшына қан жүгіріп, көңіл күйі де қанаттанып кеткендей еді. Байбөрі мұны көрген соң, ішінен шүкірлік етіп, енді елге жетудің қамына кіріскен. Аналықтың жерігі басылып, қабағы ашылған соң, бәйбішесіне қарап, Байбөрінің де көңілі судай тасыған. Сонан соң да еш алаңсыз сыдыра тартқан бай-бәйбіше аз күнде ел шетіне тұяқ іліктіріп еді.


Ел шетіне келген жолаушыны ең алдымен малшы-жалшының көретін әдеті. Бұларды да елдің жоқ қарап жүрген жылқышысы көрген. Көрісімен есі қалмай қуанып, етегі желбірей шапқан бетінде ел-жұрттан сүйінші сұрауға асығып еді. Далалы елде жылт еткен жаңалықтың қанаты бар. Айтқанша болмай, бүкіл Қоңырат руы құлақтанып, жас-кәрісі бар, хан-қарасы бар — естіген жанның бәрі қызылды-жасылды болып шұбап, Байбөрі мен Аналықтың алдынан шықты.


Ел-жұрты елбіреп алдынан шыққанда, бай-бәйбіше қатты толқып, көңілдері көкке жеткендей болып еді. Аналық байғұс қуаныштан көз жасын сығып тастап, онысынан өзі қысылып та келеді. Байбөрі болса, сабыр сақтап, шұбырта тақалған ел-жұртына көз тоқтатса, қарсы алдында хан келеді екен.


Бұлар иіліп тағзым етті. Сол кезде хан тіл қатты.


— Уа, арысым Байбөрі! Сең елден аттанғалы он айдың жүзі болды. Ел-жұртың дін аман. лаңымыз өзің ғана едің. Шүкір, есен-сау көрдік. Енді көңіл күйіңді білгіміз келеді.


— Хан ием, сапар қайырымен болды! Тәңірім көз жасымды көріп, тілегімді қабыл етті! —деді Байбөрі.


Сол-ақ екен, иін тірескен қалың қауым жамыраған қойдай араласып, бірінен-бірі сүйінші сұрап,бай-бәйбішеге құтты болсын айтуға ұмтылды. Қаумалаған ел-жұрты қуаныш күйін тартқандай дабырласып, зарыға күткен жолаушыларын ақ ордаға кіргізді. Бел шешіп, көңіл демдеген Байбөрі естіген жанды таң қалдырып, көрген-білгенін жыр ғып айтты. Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты. Бұл бұрын-соңды болмаған дәстүр еді. Қөрген жан мұны да өмірдің жарасымды заңындай қабылдап, таңырқай тамашалаған. Сол кезден бастап байтақ жатқан Жиделібайсын жеріндё жүкті болған әйелге ақ тілеу айтып, құрсақ шашу шашатын дәстүр қалыптасты.


Содан үлкен басын кішірейтіп, алдынан шыққан ханға сый-сияпат беріліп, қалың жұртқа ықылас-ілтипат көрсетілген соң, жұрттың аяғы басылды. Көңіл орнығып, тіршілік үйреншікті ағыммен өтіп жатты. Аналық бәйбіше болса, күннен-күнге төлежіп, көрген жанның көзін қуантып, көкірекке қуаныш үйірді. «Туған ай — туралған ет» деген, уақыт зымырап өте берді. Арада тоғыз күн өтіп, ай-күні жеткенде, Аналық бәйбіше бебеу қағып толғата бастады.


Ақ ордаға құр керіліп, қолтығынан асылды. Ел-жұртының екі көзін төрт етіп, тура бір күн толғатқан соң, арыстай бір ұл дүниеге келді. Ұзақ өмірінде перзент даусын өз ошағынан зарығып естіген Байбөрінің қуанышында шек болмады. Ендігі бар үміт-тілеу осынау нәрестенің жолында болып, құтты болсын айтқанға бір-бір аттан жетектете берді. Аналық бәйбіше сүйегі асыл, дені ..таза әйел ғой, аз күнде ширап, қол-аяғын бауырына алып, түлеп шыға келді. Бұл екі арада Байбөрі ұлан-асыр той жасамақ ниетпен тоқсан үй тіктіріп, әр үйдің босағасына мұрындық-ноқта тимеген тоқсан нарды, тоқсан құр атты құлатты. Байсынның саздауыт жазығы тойға жиналғандардың дүбірінен солқылдап жатты. Байбөрі байлықтың бет-жүзіне қарамаған соң, оның сый-сияпаты да ерекше салтанатты болды. Құда-құдандал, жекжат-жұрағат, дос-жаран өз алдына бір бөлек құрмет көріп, бас-басының иығына жанат ішік жабылды. Осы тойға қалың Қоңырат қана емес, жапсар жатқан Шекті елінің атақты байы — Сарыбай да келген. Сарыбайдың бұл қуанышты бөлісуінде өзіндік сыр бар еді.


«Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас қой, күні кешелер Сарыбай да бір перзентке зар болып, көзінің жасы көл болып, Байбөрімен мұң-сырын ортақтастырушы еді. Сонда Сарыбай өзінше арман етіп:


«Ей, Байбөрі, біз де тәңірінің өзі жаратқан пендесіміз ғой, қашанғы еңіретер дейсің. Көз жасымызды көрер. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, екеуміз құда болайық, қыз бен баланы кемеліне келтіріп, бір-біріне қосайық»,— деп тілек білдірген.


Мұны Байбөрі құп алып, іштей қуанып: «Тілегің Тәңірінің құлағына шалынсын!» — деген. Сол Сарыбайдың бәйбішесі жуырда бір қыз тауып, қуанышқа кенелген. Қызына Гүлбаршын деп ат қойған. Енді, міне, өзінің мұңдас досы Байбөрінің перзентті болғаны құлағына жетісімен, құтты болсын айтуға асығуында осындай себеп бар еді. Өзге жұрттан келген соң, Сарыбайға арнайы үй тігіліп, елден ерен ықылас көрсетілді. Той үстінде екі бай бір-біріне берген уәделерін еске алысып, сол сертке барша жұртты куә етті. Байбөрі мен Сарыбайдың мұнысы бұрын-соңды бұл елде болмаған дәстүр еді. Қуаныш үстінде Байбөрі Сарыбайға мойын бұрып:


— Ау, Сарыбай, әуелі бел құда болып едік, енді бесік құда болдық.Байлықтың бақыт болмайтынын өзге білмесе де, сен екеуміз білеміз. Сондықтан тілегің қабыл болып, Тәңірім екі жастың жарасқан қызығын көруге жазсын!—деді.


Отырған жұрт:


— Аумин! — деп ұлардай шулап, бет сипасты. Осы кезде көңілі тасыған Аналық бәйбіше қуанышқа мас бола тұрып тіл қатты.


— Тәңірім сүйген қос мырза, жақсы ниеттерің жанымды жадыратты ғой! Осы уәделерің ауыздан шыққан көп сөздің бірі болып қалмасын, сондықтан құйрық-бауыр жесіп, ерін майлаңдар. Сүйек болғандарыңды дәлелдеп, төс тигізіңдер. Көңілдеріңнің ақтығына айғақ етіп, беттеріңе ұн жағыңдар. Осы бір айып-шамы жоқ үш жоралғы аталықтың белгісі, адалдықтың серті болсын!


Аналықтың айтқан сөзін естіген жұрт қуана құптады. Қос құда құйрық-бауыр жесіп, төске төс тигізісіп, беттеріне ұн жақты. Мұның өзі көрген жұртқа бөлек бір салтанаттай, ұрпаққа үлгі болар дәстүрдей әсер етіп еді.


Сол кезден бастап бел құда, бесік құда болу; туыстықтың айғағы сияқты құйрық-бауыр жесіп, төс түйістіріп, бетке үн жағу; балалар есейген соң, қалыңдық ойнату — ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан дәстүр болып қалыптасты.


Мұнан кейін Байбөрінің көңілі өскен үстіне өсе түсті. Тойға жиналған қара құрым халықтан риза болмаған бір жан қалған жоқ. Байсынның даласында аңдай өрген қалың жылқысын тарата-тарата, тек қана құнаны мен тайлары қалып еді. Оған өкініп жүрген Байбөрі бар ма, ағайынмен кеңесіп, бәйбішесімен сырласып, енді ұсақ малын сыйға тарта бастады. Қанағатсыз пенде көп, Байбөрінің сый-сияпатын бір емес, бірнеше оралып соғып олжалағандар да болды. Онымен ен дәулет ортайып жатқан жоқ. Әйтеуір, қалың елдің үлкен-кішісі ұзақты-қысқалы ғұмырында мұндай тойды көрмек былай тұрсын, естігеміз де жоқ деп, ауыз ашып, көз жұмып еді. Осының бәрі зарығып жүріп көрген перзентіне біреудің назасы тимесінші, тіл-көзден аман болсыншы деген көңілдің көрінісі болатын, Той үстінде азан шақырылып, нәрестеге Алпамыс деп ат қойылды. Бай-бәйбішенің көзінің жасы тыйылды, көрген қорлық, тартқан бейнет, шеккен уайым бір күнгідей болған жоқ. Көрген түстей сейіліп, бәрі де ұмыт болды. Осымен мұңсыз-қамсыз күндер өтіп жатты. Алпамыс үкідей үлпілдеп өсе берді. Күндердің бір күнінде, дәлірек айтсақ, арада аттай үш жыл өткенде, Баба түкті Шашты Әзиздің айтқаны айдай келіп, тұлымы желбіреген бір қыз дүниеге келді. Байбөрі қызына Қарлығаш деп ат қойды. Тағы да тамам елді тамсандырған той жасады. Алпамыс пен Қарлығаш жауқазындай желбіреп, қызғалдақтай құлпырып, күн санап өсе берсін! Аумин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу