Өлеңдер ✍️

  18.08.2021
  133


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Әгигәу-гигәй

Басы биік Бұлғын тау мұнарланған-ей,
Өзен ағып баурынан – ей, сылаңдаған.
Әгигәу-гигәй.

Орман іші аң тола өрмелеген-ей,
Бұлбұл сайрап қырынан-ей бұлаңдаған.
Әгигәу-гигәй.

Сәлем де қалқатайға,
Дұғай-дұғай.
Әгигәу-гигәй.

Бұғы, марал, тауешкі, арқар, құлжа-ей.
Өсіп-өніп қоңыр аң жылдан жылға,
Әгигәу-гигәй.

Бұлғын тауы шаттанам көрінгенге-ей,
Әнге қосқым келеді құйқылжыта,
Әгигәу-гигәй.

Дәйім менің мінгенім мұз көк ала-ай,
Сала алмас осы әнге бала, әгигәй.

Сәлем де қалқатайға,
Дұғай-дұғай.
Әгигәу-гигәй.

Сай-саладан құйылған мөлдір бұлақ-ай,
Үн қосады суына құстар шулап.
Әгигәу-гигәй.

Жазғы самал аймалап беттен сүйіп-ай,
Қолын бұлғап тұрғандай кел мұндалап.
Әгигәу-гигәй.

Сәлем де қалқатайға,
Дұғай-дұғай.
Әгигәу-гигәй.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу