17.08.2021
  117


Автор: Иван Бунин

Уайым

Күзгі кеш күн батпаса да салқын. Ой мен қырға созылып, өзенге барып құлайтын үлкен селоның сыртындағы кендірлі, қурайлы жазықтан маялардың төбесі шошаяды. Село көшелерін көлеңке басқан, күн үйлер мен қора-қопсылардың терісіне құлап барады, соңғы шапағы өзеннің арғы бетіндегі сары балшықты жарды жалап, сол мандаты диірменші үйінің әйнегінен шағылысып қайтып тұр.


Қария Авдей Забота, ауқатты мұжық қалаға жиналып жатыр. Үйінің қасында, шарбақ пен жолдың ортасында арбаға жегілген боз бие қалғып тұр, жіп-жіңішке аяқтары тәлтиіп, кірпігі жұмылып, астыңғы барқыт еріні салпайып кеткен. Аврейдің бұйра шашы да боз тартқан, ірі денелі, түсі суық; еңкіштеу қыр арқасындағы оңып кеткен шыт көйлектің астынан жауырын қақпағы ырсияды. Сабан тиеген арбаны айналып жүр, қолында балға, езуіне қыстырған бір шөкім шеге, ешкімге бұрылып қарар емес.


Мұжықтың бір басындағы қайғы жетерлік.


Соңғы күндері қойымды сатсам ба, сатпасам ба екен деп көп қиналды. Қойы кәрі, сатқанмен пайда шамалы, күтім керек еді. Онан да астық сатқан тиімді. Күз жайлы, түсім де жақсы, бір маяны соғып та қойған, тек тие де қалаға тарт. Тек қарабидай мен сұлының биылғы бағасы тым арзан. Қаражат қанша асықтырғанмен астық сатуға болмайды... Апта бойы ойланып Авдей ақыры қойдан құтылғаным жөн болар деп шешті.


Бірақ осы аптада өзі де жүдеп қажып кетті, жағы сорайып, беті қарайып шыға келді. Жанары тік, қабағы салыңқы. Ешкімге шапағат салмастан кетіп барады.


Қызы кеудешесіз қысқа юбка киіп, жүн шұлықпен қора мен үй арасында жасқаншақтап екі дүркін жолды кесіп өтті. Ол да құрбысына, қызойнаққа баруға дайындалып жүр, тек әкесінен қорқады, әке уайымының қасында мұның елпілдеп-желпілдеп кеткені ерсі екенін сезіп, енді білдірмей сып ете түсудің күйбеңінде жүр. Бауыры, қарны қампиған жас бала, басындағы үлкен ескі малақайды зорға көтеріп, қаспақ қатқан мұрнын, жалақ ернін жалап қойып өзінше қамшы тұқылын үйірген болып еді, тыраңдап барып жол үстіне омақаса құлады. Әкесіне жағынамын деп қыз оны қаспен көздің арасында сұп-суық домбыққан қолынан жұла жөнеліп үйге тығып жіберген, Авдей айқайлап та үлгерген жоқ.


Кемпірі баспалдақ үстінде шалына аянышты көзбен қарап тұр. Тарамыстанған бір қолын қарнына басып, екінші алақанымен иегін таянып алған. Әжімді күрең бет, ақсиған тіс, жүзінде уайымнан басқа дым жоқ. Сарафаны қысқа, таяқтай сидиған аяғы ұзын, табаны мен өкшесі шырыш-шырыш, балшық пен суықтан жарылып кеткен болар, құдды тауықтың башпайындай тілім-тілім. Қарны дүңкиген, бала табудың азабы мен ауыр жүктен белі бүкірейіп кеткен. Көйлегінің ашық өңірі күлді-көмеш, ар жағынан кәрі қаншықтың емшегіндей омырауы салақтап көрініп тұр, ортасындағы жез крест өңезден көкпеңбек.


Ұзақ өмірдің азабы оны қайғылы, Авдейді жұртқа жат қылған.


Арба кеуіп қалған, шашылуға жақын. Авдей жәшігін ақтарып, босап кеткен шабақтарын шегелеген болып жүр. Кешкілік салқын жел етегін түріп, қыр арқасын жалаңаштап, аш белге батып кеткен белдікке дейін қайта-қайта ашып тастап тұр. Шұлғауы етіктің сыртында салақтап жүр, тіпті қоныштың ішінде ештеңе жоқ сияқты. Осы үйдің төбеті құйрығын бұлғаңдатып келіп жаңа ғана қарамай жаққан етіктің қонышын иіскеп еді, Авдей оны балғамен қабырғадан қаңқ еткізіп періп жіберді.


— Шолақ тонымды алып шық, арбаға нан байлауды ұмытпа, — деді ол кемпіріне зеки сөйлеп.


Соңғы шегесін сіңіріп жіберіп, маңдайына түскен шәпкесін кейін ысырды да қидан божып тұрған қораның ашық қақпасына беттеді. Қораның жартысы көлеңке, жартысын күн сәулесі жалап тұр еді. Көлеңке жағындағы саңғырық басқан бұрышта тауықтар балапан басатын. Жабықтан кептерлер күркілдеді... Кезінде тауықтар да, кептерлер де, мынау талдан тоқып, балшық пен сиырдың жапасын араластырып шапаттаған жып-жылы қора да Авдейді ылғида қуантушы еді...Қидан баяғыда шіріп кеткен ершіксіз ескі арбаның үстінде арқанның үзігі жатқан. Соны алды да Авдей қой қамайтын дүңгіршекке барды.


— Әке, қияр салайын ба деп шешем сұрап жатыр, — деді қақпадан сығалаған қызы.


— Немене, өзі білмейтін бе еді? — деп Авдей ызалы үн қатты. — Әлде мені бірінші рет жолға шығарып тұр ма екен?


Дүңгіршектің торлы есігінің ар жағынан сабанның сылдыры естілді. Ай мүйізді, қалың бұйра жүнді шағыр көз кәрі қой бір нәрседен секем алғандай қалақтай құйрығын жыбырлатып сабанды таптап жүр еді. Авдей есікті ашып бас салды да бар күшімен алып соғып, аяғын арқан үзігімен байлап тастады. Қой таңқалғандай көзі бақырайып тырп етпей жата берді. Шал тас қылып байлаған арқан тұйығына қолын тығып жіберіп, күшеніп жүріп, үйілген қидың өркешін жырта арбаға қарай дырылдатып сүйрей жөнелді. Қой байғұс көзі аларып, құйрығы дірілдеп, түрпідей тілімен иесінің қасаң боп кеткен қолын бір жалап алғаннан басқа дәрмен жасаған жоқ.


Жарты сағат өткенде Авдей жолға шықты.


Қарамай мүңкіген шиқылдақ арба бірде өрге тырмысып, бірде еңіске қарай дірдектеп ыңырсыған үнмен қатар-қатар тізілген үйлер мен қора-қопсыны жаңғырта ақырын аяңдап келеді. Артында бір бау шөп байлаулы жатыр, алдында аяғы байлаулы момын қой. Авдей шолақ тонын қымтана, бөркін милығына баса киіп доңғалақ шиқылына құлақ түргендей бейжай еріп келеді, қолтығында қамшы, аузында трубка, анда-санда көк түтінді бұрқ еткізіп қояды.


Мінеки, соңғы үй, ар жағы жалаңаш кең жазық: дәл осы жерде қалаға бұрылатын шынтақ. Қанаты тозып қаусап кеткен атамзаманғы ескі жел қапалағы ербейіп тұр, алпыс жыл бұрын да, Авдейдің бала кезінде де дол осылай мыңқ етпей тұрушы еді. Түбінде мұңсыз балалар бір аяғымен секектеп ұябасар ойнап жүр... "Тұра тұр, ойының осылғырлар, сендер де мендей боласыңдар!" деді Авдей ішінен күрсініп. Әйел көйлегін киген боқмұрын тақырбас таяп келіп тыныш жатқан қойға көзін бақырайтты... Авдей көңілсіз езу тартты: "Ақымақтар қашанда бақытты, қайғысы жоқ!".


Сайға түсеберісте түбінің ақ қайраңы жарқырап тайыз өзен жайылып жатқан, қарсы бетке лекерлеп көпір салған болыпты. Жайылма күн сәулесіне шағылысып, жағадағы тастақ беткейді сағымға бояп тастапты. Көпір үстінде еріккен аңшылар: қосаяқ жеңіл трәшпеңкеге жеккен елірме жирен ат, екі адам шіреніп отырып алыпты, иықтарынан екі мылтықтың ұшы шошаяды. Авдей арқан божысын тартып биесін тоқтатты да аңшылар әрі тар, әрі тайғанақ көпірден өтіп кеткенше тосып тұрды. Бәрін көріп тұр, бірақ бәрі де түсі секілді. Қайғы меңдегендіктен бәріне немкетті - дертті адам дерсің.


Ақыры көпірден де өтті-ау. Дөң басына көтеріліп сайға түсті, тағы да өрге шықты. Тозып біткен мылқау жолдың тастақ асуларындағы жаз бойы күн қақтаған бұта-қарағандары қызыл-күрең тартқан. Асулар таусылар емес. Қалаға дейін жиырма бес шақырым, бірақ сол қала Авдейге қашанда жер түбі секілді көрінуші еді. Белестен белеске көтеріліп, үнемі ілгеріге көз тігемін деп шаршады. Арттағы күн де қызарып батып барады. Қисайған сәуледен Авдейдің де, ат-арбаның да көлеңкесі зорайып кеткен. Иен даланың шегі жоқ. Қарғалар да бүрісіп келіп ағаш басына қонақтап жатыр. Көкжиектегі телеграф бағандары да жер шетіне көшіп барады. Қызыл вагондарды тіркеп алған тауар пойызының будақтаған түтіні түйдек-түйдек болып кейін қарай жосылуда. Авдейдің күні бүгінге ең жек көретіні осы пойыз. Өмірінде бір-ақ рет темір жолмен жүргені бар. Соған да өкінді: дамылсыз басы айланып, зәре-құтын қашырған.


Жазықты кесіп өтетін теміржолға жеткенде шлагбауымның алдына келіп тоқтады. Күздің күні ерте жанған күзет күркесінің шамы да ерсі екен.


Бұдан әрмен тас жол, адамды зеріктіретін дүниедегі ең жаман жол да осы...


Авдейдің жасы алпыс жетіде, өлер шағы да алыс емес. Аса бір жоқшылық та көрген жоқ, қиянат пен қырсықтан құдай өзі сақтаған.


— Өміріңде бастан кешкен бір қызықты оқиғаңды айтсаңшы, — деген бірде жастау мырза.


— Құдайға шүкір, менде ондай жағдай болған емес, — деп жауап берген. — Мінеки, жетпіске таяп-қалдым, құдайға рахмет, қызықты оқиғаға тап болған емеспін.


Бірақ тіршілік уайымы өмір бойы қажытумен келеді. Кедей көршілері оны сараңсың деп сөгетін. Іштей ашуланған Авдей, қайыршыға айта салу қашанда оңай деп ойлайтын.


Күн батысымен салқын жел ұлып қоя берді. Авдей қойын сабанмен бүркеп, бөркін баса киіп, қолын жеңіне тықты да жол жиегімен шиқылдаған арбаның соңынан адымдай басып келеді.


Желбезекті кәртәміш танауы көгеріп, ағарған сақалын жел сауды. Бозарған жалпақ қасы түйіліп, өшіп бара жатқан жанарында мұң ғана қалды.


Капри. 24.01.1913.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу