17.08.2021
  127


Автор: Иван Бунин

Мелитон

Мамыр айының алагеуім ымыртында салт атпен өзіміздің қорықты аралап жүр едім. Жалғыз аяқ сүрлеумен жаңадан жапырақ жайған балапан ағаштарды көктей салып-ұрып келемін. Жасыл желек жамылған орман, көмейі бүлкілдеп ана ағаштан да, мына ағаштан да бұлбұлдар жарыса сайрап жатыр. Күн ұясына қонғалы қашан, бірақ орман әлі тыншыр емес: жол жиегінен көгершін күңкілдеп, әлдеқайдан көкек даусы құмығып жетіп түр... Мамыр айында түн сергек, әрі қысқа, осы алагеуім қалпында бозамық тартып тұрады да көкжиектің арайы таң шапағына барып бірақ қосылады.


Алаңқайдағы күзетшінің үйінен шықтым. Иек артпадағы сай табанында аумағы бір қауым бөгесін қара су бар еді. Көлшікті айнала қоршаған атамзаманғы кәрі қайың мен емен тоғайдың ұшар басынан қылтиып бозамық ай туып келеді. Мелитон көл жағасында томар үстінде отыр екен, жер ошаққа отты маздата жағып, мосыға ілінген бақыр астына қу шөмшекті үстемелеп тастап қояды. Қашан көрсең де мұнтаздай, үстінде кір шалмаған көйлек, аяғындағы бұтыл етіктің қонышын да ықтияттап шандып тастапты. Екі шынтағы тізесінде, алақанымен иегін тіреп отқа үңілген күйі өзінің жіңішке даусымен ыңылдап он сап отыр.


— Паһ, шабақты мұрнынан тізген екенсің-ау, Мелитон! - деп аттан қарғып түстім.


Ол орнынан атып тұрды да бағзы бір Николай заманының әккі солдатындай бойын тік ұстап, қалшиып қатты да қалды; нұры қайта бастаған тұңғиық жанардағы таусылмайтын мұң-қасіретін жасырғысы келгендей бет-аузы тіпті бүлк етер емес. Сүйегі арса-арса, ұзын бойлы арық кісі еді; көк бурыл қалың қасына, шықшыттағы ұйпалақтанған жақ жүнімен жалғасып жататын көк бурыл мұртына қарап қатыгез адамға ұқсатасың, бірақ жалтыраған каска маңдайы мұң шелдеген қос жанар мен үстіндегі шаруаның кіршіксіз көйлегі қашанда "құдай десе құлшынып тағзым ететін" қой аузынан шөп алмас жапандағы жалғыз жатақпын деп түр.


Бұрқ-сарқ қайнаған картоптың буы ысқыра бастағанда қақпағын ашып, піскен-піспегенін шимен шұқып байқады да, бақырды мосыдан түсірді. От өлеусіреп өшіп барады, жер ошақта тек бір төмпешік қызыл шоқ қана қалды. Ошақ басынан өртенген емен жапырағының иісі шығады, ал шал ыстық картопты бипаздап арши бастағанда ыстық будың мұрын жарғаны соншалық, мен шыдай алмай бір-екеуін сұрап жеуге мәжбүр болдым. Сонымен екеуміз қара барқыт тартқан қыбырсыз көл жағасында, көкжиекте әлі де арайы сөне қоймаған көктемнің алагеуім әдемі бір ымыртында үн-түнсіз отырып дүмге жүгіндік. Ағаштардың ұшар басынан сібірлеп шалқыған байыған күннің арайы рауандап атқан таң белгісіндей шынында тым әсерлі еді.


— Мелитон, - дедім. - Баяғыда сені саптан өткізіп дүре салыпты дейді, сол рас па? -Аңғал жастықпен дүңк еткізіп қойып қалған ыңғайсыз сұрағыма:


— Рас қой, - деп ол жауапты қысқа қайырды.


— Не үшін?


— Ақымақ бас айыпты өзі тілеп алады да...


Ол үйге кетті де, мен от басында сөніп бара жатқан қоламтаға телміріп ұзақ отырып қалдым. Шал қараңғыда тықырын сездірместен кайтып оралды, шалғының сынығынан жасалған кездік, бір үзім қара нан және бір шөкім кесек түз әкеліп қойды. Бойына қарамай қабаған әрі жағымпаз көпек ит Крутик те құйрығын бұлғаңдатып қоса ере келді. Жер ошақ қасына шоқиып отырып алды да нанға түз сеуіп жатқан Мелитонның қолынан көз айырмай жалаң-жалаң қағады. Бұлбұлдардың жағы сөнер емес, мың құбылта әнді төгіп-ақ жатыр.


— Тұп-тұлдыр екенсің-ау.


— Иә... қатын да болған, бірақ төсегімнің қай кезде суығаны да есімде қалмапты.


— Балаларың бар ма еді?


— Бала да болған, бәрін қара жерге беріп қарап отырмын.


Қызыл иегімен қатқан нанды малжаңдап ол тағы да үнсіз қалды.


Маңдайының қатпар-қатпар әжіміне, салбыраған түкті қабағына тесіліп, оның мұң басқан тұйық жүзінен бір нәрсенің нышанын ұғамын ба деп мен де тым-тырыс отырып қалдым. Әлден уақытта ол маған немкетті ғана көз қиығын тастап өтті де, мен жүзім шыдамай теріс айналдым... Ол кезде жасым жиырмада еді, маған дүниенің бәрі таңсық: орман, көгілдір аспан, жапан түздегі жалғыз үй, жасыл қурай, шатыр астындағы қатарлап тізген өредегі жапырақты сыбыртқы... Қыл аяғы Мелитонның қайыңның қабығынан ұлтарған шәркейі мен үстіндегі мол тігілген ақ сиса көйлегіне дейін көңілге жылы сезім ұялатқандай... Әрі таза әрі жұпыны ғана кедей тірліктің де өз рақаты бар екен-ау! Бәрінен де анау жұтындырып буған шыбыртқыны айтсай, осының бәрін кімге бола жиды екен? Мен орнымнан көтеріле беріп Мелитонға:


— Сенің мынау тамың баспана емес скиф қой, - деп едім, оның мұңды жүзіне болар-болмас күлкі жүгірді.


— Скиттің мұнарасы болмайтын ба еді, - деді де Крутикке нанның қабығын тастап, жер ошақтағы қоламтаға бақыраштағы суды төңкере салды.


Қоламта бор етті де сөнді. Көгілдір аспанда кіршік жоқ екенін енді аңғардық, ағаш басынан арқан бойы көтеріліп кеткен толған ай орман ішін, иек артпаудағы алаңқайды жап-жарық етіп маужырап түр. Нан қоқымын қылғытып алып, Крутик өзінің түнгі қызметіне кетті. Шабалана үріп, үйдің ол жағына бір, бүл жағына бір шығады, құдды орман іші мың сан көпек итке толып кеткендей. Мелитон үйге кірді де шам жағып, терезе түбіндегі сәкіге шөп төсеп жүр, жалпайған шатыр астындағы сығырайған қос терезеден тысқа өлеусіреген жарық түсті. Ол шамды сенекке әкеліп қойғанда артынан мен де кіргем, тағы да езу тартып жымиды да:


— Қаласаңыз төсекке жатыңыз, - деді кереуетін иегімен нұсқап.


Кереует деген әйтеуір аты ғана, серейген төрт қайың сирақты сәкі тәріздес бірдеме. Бас жағын биіктеу етіп шөп төсепті, үстінде бір күпі жатыр.


— Қысқа түнде қайдағы ұйқы, кешікпей таң да ататын шығар, - дедім мен.


— Иә, атады ғой, - дей салды Мелитон.


Шынында, әншейін көз іліндірдік демесек, ұйықтап қарқ болғанымыз жоқ. Еденінде ала бұлдыр ай сағымы ойнаған қараңғы бөлме жанға жайлы екен. Бірақ кірпігім айқаспай қойғаны; ызыңдаған жалғыз масаның өзі-ақ ұйқымды шайдай ашты. Дамылсыз сайраған бұлбұл, бұлбұлмен жарыса шабаланған Крутик те маза бермеді, оның үстіне көзден ұйқы қашса көңілге әр түрлі ойлар келетін әдеті емес пе... Бүрге талаған Мелитон да дөңбекшіп көрер таңды көзімен атқызды.


— Тоқтай тұр, бәлем, сені ме, енді үйге жолатсам ба! - деп анда-санда Крутикке ұрсып қояды.


Жөтелді, күрсінді, әлденені күбірлеп біраз жатты... Енді міне еденді тықырлатып орнынан тұрды. Мен ашық терезеден тысқа басымды шығарып, түнгі қоңыр самалға бетімді төседім. Мелитон мені байқаған жоқ. Басы салбырап кеткен, алақанындағы темекі жапырағын уқалап, табалдырық үстінде әдепкі жарықшақ даусымен тағы да әлденені ыңылдап отыр.


— Е-е, жаратқан ием! - деп шақпақ тартып жатып терең күрсінді де басын шайқап-шайқап қойды. Қорқорын тұтатып алған соң жағын таянып алып, бұрынғыдай емес, даусын көтере, қайтадан ыңылға басты.


Құлағымды салсам жасыл бақ, жасыл бақтың ортасындағы жарасқан жар құшағы, "әлі күнге қия алмай, алыстағы қиялдай, бүл-бүл ұшқан қайран махаббат" жайында мұңды бір ән екен... Ай сүттей. Тас төбеге шығып алып бөгесін қара судың үстінен төніп түр. Анда-санда су беті шолп етіп, алмас кездік лақтырғандай жалт-жұлт ете қалады. Арғы бетте жиек жоқ сияқты. Көгілдір аспан тұңғиық судың түбіне ұшы-қиырсыз үңгіп түсіп кетіпті. Жағадағы жал-жал қайың, емен күндізгіден де ұзарып, бойшаң тартқан. Әсіресе, су астындағы түпсіз шыңырау аспанға төбесінен тік шаншылған ағаштар тіпті ғажап. Орманның арғы қапталындағы көкжиек шыныдай жалтырайды, сол тұстағы жазықтан таңдай қаққан бөдененің даусы естілді... Көзім ілініп кеткен екен. Ояна келсем, таң баяғыда атыпты; қара судан бу көтеріліп жатыр, ауа шыңылтыр, мелшиген орман баяғы сол мылқау қалпында, алаңқай қалың шықтан боз тартыпты. Ашық терезеден салқын леп шалқыды, кешікпей бақа шұрылдап, қанаттарын дүр сілкініп алып сенектен әтеш айқайлап қоя берді. Мелитон бүгжеңдеп суаттан қайтып келеді екен, қолындағы шүпілдеген шелектен жырқылдап су төгіліп, мұртын боз қылау шалған шалғында шиырланып із қалып барады...


Мен Мелитонмен соңғы рет өткен қыста кездесіп едім. Әлі есімде, күн бұлыңғыр болатын, орман соқыр тұманға тұншығып, ағаш бүріне сауыс-сауыс сүмбіле қырау тұрған шақ. Хат-хабар бар ма деп станцияға барған едім, қайтар жолда күн кешкіріп, көз байланып кеткен соң оппа қарды омбылап жүрем бе деген оймен жол жөнекей өкпе тұстағы қорыққа бұрылдым. Тас қараңғы. Бусанған атым аяздан ақ бозға айналып, өзімнің де қас-қабақ, мұртыма дейін ақшулан тартқан. Қарыс жерде не барын көру қиын, әйтеуір қазан үстіндегі есілген будай шырғалаң тұңғиық. Кенет соқыр тұман сейілгендей бірте-бірте дүние жарық тарта бастады. Тұман арасынан тұтылып ай туып келеді екен, тілдей қара бұлт оның дөңгелек шар табағын ортасынан қақ бөліп тастапты. Әрі-беріден соң бұлттан сытылып шығып, кірбең жүзі ашылып, саф алтындай сарғыш тартты. Мен қорыққа жеткенде әр ағаштың түбінде жосылып-жосылып ұзын көлеңке жатқанды, сан түрлі сағым ойнаған қорық іші мен дөңгелек алаңқай мың құбылған ертегі дүниесіндей көрінген. Түн қараңғылығын үңгіп, алыстағы жұлдыздай қос терезеден екі жарық жылт етті де артынша аяз құрсаған орманды Крутиктің шаңқылдаған даусы басына көшірді.


Атымды есік алдындағы еменге қаңтардым. Ағаш басынан бенгаль отындай жылтылдап күміс қырау саулады. Біраз аялдап, меңіреу орманның тыныштығына құлақ түрдім де ақырын басып терезе алдындағы күртік қардан ішке үңілдім. Жапан түзде жалғыз күн кешкен қу бас шалдың әулиедей пәк тірлігі мені тағы да таң қалдырған еді. Қабырғасын ыс басқан жатаған үйдің іші қара көлеңке; еденнің тең ортасында тұрып алып, екі көзін тарс жұмған Мелитон бірде еңкейіп, бірде етпеттеп, бұрыштағы иконға тағзым етіп жатыр екен. Жаңа ғана шомылып шықса керек - су-су селдір шашын жылмита тарап, қырынып алыпты, ұзын көйлегін белдіксіз желбегей жіберген. Анда-санда басын шалқайтып, салбыраған биік қабақтың астындағы шүңірек көзін аспанға қадайды да мелшиіп ұзақ тұрып қалады...


Сол бір кеште де жарытып көп сөйлеген жоқ-тын, үн-түнсіз жылы шыраймен қарсы алған. Үй моншадай жылы әрі дымқыл екен; мен тонымды шешіп сәкіге жайғастым. Ол менің алдымда тікесінен тік тұрып, қабағының астынан көз тастап қояды да, асықпай-саспай нәумез ғана тіл қатады. Ақыры аттанар алдында әншейін сөз арасында:


— Тым тұйық адам екенсің, - дедім.


— Мен бе? — деп ол таңданып, бетіме бажырая қарады.


— Қайдам... Кәріліктің алды шығар...


— Әлде бір қасіретің бар ма шеккен? - дедім жүзіне қадалып.


— Құдай сақтасын! - деді ол қипақтап. - Біз күзеттің адамымыз ғой...


— Жоқ, мен оны айтып тұрғаным жоқ, - дедім мен де ыңғайсыз сұрақ қойғаныма қысылып. - Жай әншейін...


Ол да түсінген сияқты, көңілі орнына түсіп, жымиды да көзін тайдырып әкетті.


— Мен бір нәрсеге ренжіп қалды ма деп едім, - деді сосын. - Ал көңіл-күйге келсек -қиналатын ештеңе жоқ. Тек таң макшарға арқалап барар күнәм коп пе деп қынжылмасам...


— Күнәһар болатындай не қылмыс жасап едің?


— Кім етегіне намаз оқып жүр дейсіз, - деді ол ойланып барып. - Жұмыр басты пендеге ғұмырдың өзін құдай алдындағы күнәсінен арылу үшін жазған емес пе...


— Несіне қысыласың? Бүкіл өміріңді оразамен өткізіп келе жатқан жоқпысың?


Ол тағы да аң-таң болып, артынша қабақ шытты.


— Бұйырған дәмді біз де таттық қой. Қара суға қамалып отырғандар да бар. Бірақ, сонда да құдайға тіл тигізген емес.


— Жә, ондай болса жақсы, көріскенше, - деп тонымды кидім де есікті ашып тысқа шықтым.


Айлы түн, сықырлаған аяз, Жетіқарақшы жіпке тізген моншақты алқадай салбырап тас төбеге таянып қалған екен. Мелитон бас киімсіз, жейдешең баспалдақ үстінде түр.


— Сау бол, Мелитон, - дедім шанаға отырып жатып. - Үйге кірсеңші, салқын тиіп қалар.


— Салқын тисе қайтер дейсіз, - деп күңк етті. - Құдай алмаса қыраудан қорқа алмаймыз енді... Жолыңыз болсын...


Айлы түнде ат та жүрдек, шана сыңсып, қарсыдан соққан қызыл бетіңді жалап, қас-кірпігіңді қыраумен опалайды. Мен бұлғын ішікке бүркеніп, жүзімді ыққа бере аунап түстім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу