16.08.2021
  222


Автор: Иван Бунин

Қария

Қудай аппақ, дудыраған қалың шаш ағарып кеткен, күні бойы темекі сораптайды.


Құлқынсәріден оянады, тұра салып темекі тартпаса, жынды адам секілді, ымға да, дымға да түсінбейді.


Адамға да, құдайға да қажеті жоқ, мынау жарық дүниеге де, ұрык-шарқына да, жұрағатқа да жат (әйтеуір әке деп, ата деп алдай салысқан болады), ұзамай бір күні үн-түнсіз өле салатын шығар, мынау мещанның отбасынан, мынау түкпірдегі мылқау қалашықтан мәңгілік жоғалар, сонда ғұмыр бойы темекі түтініне қақалып оның не үшін, кім үшін өмір сүргенін біреуден сұрап көр, біліп көр.


Дегенмен оның да оз орны бар еді:


— Ата, тамаққа келіңіз. Кеспе суып барады.


— Жә, іше беріңдер, менсіз-ақ іше беріңдер... мен кейін... қалған-құтқанға да разымын...


Ал шындығында, сол тамақты шыдамсыздана күтіп отырған — құлқынсәріден.


— Ата, ең болмаса дамбалыңызды ауыстырып кимейсіз бе, сізде ішкиім деген қатпар-қатпар жатқан жоқ па!


— Мұныңа да рахмет! Қатпар-қатпар кейсің бе? Шырағым-ау, менде жыртық шұлғау да қалған жоқ қой! Болса оны несіне аяп отыр дейсің! Келін шырақ, маған енді түктің де қажеті жоқ. Шүкір, аз өмір сүргем жоқ, қанағат керек, құдайдан ендігі бар тілегім — тезірек өлсем деймін...


Ал оның сараңдығында шек жоқ, дірілдеп-қалшылдап жиған тергенін аңдып жүр, жарық дүниені қимайды, жүзге жетсем деп көксейді.


Не үшін?


Оны өзі де білмейді.


"Жаттың жаны — жұмбақ" деседі. Жоқ, өз жаның одан да жұмбақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу