16.08.2021
  447


Автор: Иван Бунин

Деревня

(повесть)


Сыған атанып кеткен Красовтардың арғы атасын Дурновоның байы тазы иттерге талатып өлтірген. Сыған қожайынының ашынасын азғырып әкеткен екен. Қожайын Сығанды Дурновоның сыртына апарып дөң басына отырғызыңдар деп бұйырыпты. Өзі бір үйір итін ертіп шығып: "Таландар!" — деп айтақтапты. Есі шыққан Сыған қаша жөнелсе керек. Ал тазыдан қашу қателік, бәрібір құтылмайсың.


Красовтардың атасы өйтіп-бүйтіп жүріп әйтеуір бостандық алыпты. Содан отбасын жинап қалаға кеткен, кешікпей әйгілі ұры болып атағы шыққан. Черная Слободадан әйеліне лашық жалдап, сатуға кесте тоқытып қояды да Белокопытов деген әлдебір мещанмен бірігіп губернияның шіркеулерін тонауға кіріседі. Ұсталған кезде бүкіл уезді таңғалдырған: үстінде қымбат сырмалы күрте, аяғында хром етік, бет-ауызы бүлк етпестен өзінің бүкіл қылмыстарын бүге-шігесіне дейін қалдырмай: "Дәл солай, айна қатесі жоқ!" — деп түгел санап беріпті.


Ал Красовтың ата-анасы ұсақ алыпсатар болған. Кезінде уезді шарлап, Дурновода да тұрған, ләпке ашпақ боп талпынған екен, одан түк шықпай ішіп кетті де ақыры қалаға қайтып барып өлді. Оның балалары Тихон мен Кузьма да саудамен айналысып, ләпкеден шықпай күн кешті. Арбаға кебежесін артып алып:


— Қатындар, тауар! Қатындар, тауар! — деп қақсайтын да жүретін.


Тауарының түрі — айна, тарақ, сабын, жүзік, жіп, орамал, ине сияқты нәрселер. Ал арба толы айырбасқа келген өлген мысықтың терісі, жұмыртқа, кенеп, тағы сол секілді көр-жер...


Бірақ бірнеше жыл қаңғырыстап жүріп, ағайынды екеуі бір күні пышақтаса жаздап ақыры айырылысып тынды. Кузьма мал айдаушыға жалға кірді де Тихон Дурноводан бес шақырым жердегі Воргол бекетінің жанындағы тас жолдың жиегінен жолаушылар тоқтайтын түнемел ашып, "қара ләпке" дейтұғын қабаққа ие болды, оның аты да затына сай: "ұсақ-түйек тауар мен шай, қант, темекі, сигар" сататын дүңгіршек дейтін жазуының өзі-ақ айғайлатып тұратын.


Қырық жасында Тихонның самайын қырау шала бастады. Бірақ бұрынғысындай әлі тік, сымбатын жоғалтпаған: енді ғана секпіл жүре бастаған сұрғылт бетінде ызғар бар, артық еті жоқ, кең жауырынды, сөзі тік әрі зілді, жүрісі шапшаң. Тек кірпігін жиі қағып, көзін шақырайтып қадалып қарайтын болды.


Күздің жауын-шашынына қарамастан деревняларда сауда-саттықтың қызып тұрған кезінде тыным таптырмай делдалдарын алыс түкпірлерге қуалады. Тыным таппай помещиктерден орылмаған егінін, су тегінге жерін сатып алды... Ұзақ жылдар аспазшы мылқау қатынмен төсекте табысты, "оқасы жоқ, есесіне аузынан сөз шықпайды" дейтұғын, одан бір балалы болып еді, мылқау байқұс ұйықтап жатып жаншып өлтіріпті, одан соң Шахова деген княжня кемпірдің қызметінде жүрген әйелге үйленді.Үйленіп, жасауына дейін алған соң Дурновоның кедейліктен тақыр жерге отырып қалған помещиктің мұрагерін теспей сорды, иегіндегі әдемі қоңыр сақалынан басқа мақтанары жоқ, жиырма бес жасына қарамай басы жұмыртқадай жалтырап қалған неме еді. Ол Дурново имениесіне ие болғанда мұжықтардың намыстан қуанбағандары жоқ, өйткені Дурново түгелдей дерлік Красовтар әулетінен еді.


Керегін сатып алу, керексізін сатып жіберу, күн сайын имениені барып тексеру, жерінің әр пұшпағын қызғыштай қору — япырау, бұл жарылып кетпей осының бәріне қалай үлгеріп жүр деп мұжықтар бүған да таңқалатын... Таңқалса да соған сүйсініп:


— Зұлым ғой! Есесіне шаруаға мықты! — десіп қоятын.


Осыған үйреткен де Тихон Ильичтің өзі. Ылғи да айтатыны:


— Жаман тұрмаймыз, жаманға жуымаймыз. Әділеттен қашпаймыз. Бауырым, мен орыспын. Сенікінің маған тегін жатса керегі жоқ, ал менікіне қолыңды артсаң кешірімі жоқ! Еркіңе жібермеймін, ешқайсыңды күндемеймін! Осы естеріңде болсын!


Осының бәрін тыңдап отыратын Настасья Петровна (үнемі құрсағы баладан босамайтын болғандықтан үйрек секілді аяғын қисық басып теңселіп жүретін, ылғи да әлі қыз табатын өңі сап-сары әйел) күйіп-пісетін:


— Ой, сен түбі кісі жерсің, тірі жүрсем оны да көрермін-ау! Сол ақымақпен несіне әуре боласың? Сен оған ақыл айтасың, ал оның сенсіз де уайымы аз ба еді. Бұхардың әмірі секілді шіренуін қарашы!


Күзде, бір беті тас жолға, бір беті бекет пен элеваторға қарап тұратын жолаушылардың түнемел үйінің маңы арба шиқылынан азан-қазан болады: астық артқан кіре жоғарыдан да, төменнен де ағылып жатқаны. Настасья Петровна сауда жасайтын қабақтың есік топсасында да дамыл жоқ, Тихонның махорка, кересін сасыған қаракөлеңке кір ләпкесі де тыным таппайды. Минут сайын қабақта абыр-дабыр:


— Уһ! Арағың удай ғой, Петровна! Құдай атсын, тура шекеме шық ете қалды!


— Аузыңа май, пақырым!


— Әлде насыбай сепкенбісің?


— Ақымаққа бәрібір емес пе!


Ал ләпкеде бұдан да бетер:


— Ильич! Бір кесім шұжық өлшеп жібермейсің бе?


— Құдайдың құдіретімен биыл менде шұжық дегенің ас та тоқ!


— Бағасы қанша?


— Сутегін!


— Қожайын! Қарамайдың тәуірі бар ма?


— Мұндай қарамай, шырағым, сенің атаңның тойында да болған емес!


— Бағасы ше?


Ұрпақты болудан үміт үзген соң, оның үстіне кабактардың жабылуы Тихон Ильичтің өміріндегі үлкен оқиға болды. Әке деген бақытты маңдайына жазбағанына көзі жетісімен ол аяқ астынан қартайып кетті. Әуелде қалжыңға жығып жүрді.


— Жоқ-ә, мен дегеніме жетемін, — дейтін таныстарына. — Ұрпақсыз адам — адам емес. Ол әншейін қортық қошқар секілді...


Келе-келе оны қорқыныш биледі: бұл не болды өзі — біреуі баланы жаншып өлтірді, екіншісі өлі табатынды шығарды. Настасья Петровна соңғы рет жүкті болғанда мүлдем мазасы кетті. Тихон Ильич уайым мен ызадан көз ашпады; Настасья Петровна білдірмей жаратқанға жалбарынып, жасырып жылайды, түн ішінде төсегінен тұрып, күйеуім ұйықтап жатыр деп ойлап шырақ жарығында еденге шөкелеп отырады да иконға мөлие қарап күбірлейді, буын буыны сықырлап зорға көтерілген кейпі аянышты-ақ. Тихон Ильич бала күнінен ешкімге айтпаса да май шам дегенді ит етінен жек көруші еді, әсіресе оның шіркеудің шырағы секілді өлеусіреген жалпылдақ жарығын жактырмайтын: күні бүгінге дейін есінен кетпейтіні — Черная Слободадағы қарашаның бір түні, сонда да өлі тыныштықта осындай май шам жанып тұрған, әулие суретінің астындағы сәкіде екі қолын көкірегіне айқастырып, көзі жұмулы, танауы көкке шаншылып әкесі үн-түнсіз жатыр еді, қызыл шүберекпен жапқан терезенің ар жағында гармондатып, тойдан қайтқан жұрт жамырасып ән салып бара жатты... Енді міне, сол май шам тағы да жалпылдап тұр. Жолаушылардың түнемел үйінде ат күтетін Владимирдің шабата жасайтын шеберлері еді — солардың ішінде болашақты болжайтын көріпкел сиқыршы да бар екен, кез келген сұрағыңа картамен, құмалақпен қолма-қол жауап береді. Настасья кешкілік көзілдірік киеді де балауыздан құмалақ жасап сиқыршының алдына тастайды. Тихон Ильич көзінің қиығымен аңдып отыратын. Бірақ оңдырған жауап алған жоқ, көбі мән-мағынасыз.


— Байым мені жақсы көре ме екен? — деп сұрайды Настасья Петровна.


— Иттің таяқты жақсы көргеніндей.


— Қанша балам болар екен?


— Жазмыш саған өлім кескен, арам шөпті аңыздан отап тастау керек.


Сол кезде Тихон Ильич шыдамай:


— Маған берші, мен лақтырайын, — дейтін.


— Өзіме таныс әйелмен өмір кешуге бола ма? — деген сұрақ қояды.


Бұған да жауаптың жетісіп тұрғаны шамалы:


— Алдымен аузыңдағы тісіңді санап ал!


Бірде Тихон Ильич ас бөлмеге кіріп барып әйелінің аспаз сәбиінің бесігін тербетіп отырғанын көріп қалды. Шұбар шіби шиқылдап терезе көсегінде шыныға қонған шыбындарды теріп жеп жүр екен, ал Настасья Петровна нар үстінде бала тербетіп, жыламсырап көне бір бесік жырын әндетіп отыр:


Менің балам қайда екен?


Көрпесі оның шәйі ме екен?


Тұғыры оның биік-ті,


Тал бесігі сүйікті.


Біздерді жат көз таппасын,


Есікті ешкім қақпасын.


Тәтті ұйқысынан оятып,


Жібек көрпесін ашпасын.


Осы сәт Тихон Ильичтің түсінің бұзылып кеткені соншалық, Настасья Петровна оның бетіне түзу қарай алмай жылап жіберді де сіңбіріп отырып сыбырлап қана:


— Құдай үшін, мені әулиеге апаршы, — деп жалынды.


Сонымен Тихон Ильич оны Задонскіге алып барды. Бірақ жол бойы ойлағаны: шаруамен әбігер болып жүріп діни мерекенің кезінде ғана болмаса шіркеуге бас сұқпағаны үшін құдай оны бәрібір жазалайды. Ойға келмейтін тағы бір нәрсе миын жеді: ол өзін көпке дейін бала көрмеген әулиелермен теңестіруші еді. Әрине, бұл да астамшылық, дегенмен желкесінде өзінен де ақымақ әлдебіреудің отырғанын көптен бері сезетін. Жолға шығар алдында Афоннан хат алды: "Аса қайырымды әрі жомарт Тихон Ильич! Сізге жарқын ғұмыр, амандық тілеймін, құзыры күшті жаратқан мен қатын құдайдың батасы қонсын! Сіздің құдайлар храмын, монахтар ғимаратын салып, соған шын ниетіңізбен жәрдем жасайтыныңызды естігеніме өзімді бақытты санаймын. Бүгінде менің лашығым да әбден тозып күйрейін деп тұр..." Күйрейін деп тұрған лашықты қайта тұрғызуға Тихон Ильич жеткілікті сома жіберді. Атағым Афонға дейін жетіпті дейтін баяғы алаңғасарлық сенімнің уақыты өткен, соңғы кезде Афон лашықтарының тым көбейіп кеткенін де білетін, бірақ біле тұра оған да ақша жіберді. Бірақ бұның да шарапаты тиген жоқ, әйелінің толғағы жан түршігерлік азаппен бітті: соңғы өлі баласын табар алдында Настасья Петровна жастыққа басы тисе болды дірілдеп-қалшылдап, ыңырсып, қыңсылауды шығарды... Өзінің айтуынша, көзі ұйқыға кетісімен сұмдық бір күлкі қысып, оның арты зәреңді кетіретін қорқынышқа айналатын көрінеді: біресе көкорай далада алтын шапаны күнге шағылысып көк патшайымы өзіне қарай келе жатады да, аспаннан ғаламат бір әуен төгіліп тұрады екен; енді бірде төсек астынан сайтан шыға келіп, тас қараңғыда ерін сырнайын боздатып жөнелетін болыпты. Қапырық бөлмедегі құс төсекте тұншыққанша далада, амбар шатырының астында жатқаны жөн еді, бірақ Настасья Петровна түнде ит келіп аузымды жалап кете ме деп қауіптенетін.


Баладан біржола күдер үзген соң Тихон Ильич: "мұндай каторганың кімге қажеті бар, бәрі де адыра қалсын!" — деп түңіліп жүрді. Дәулет дегенің оған жараға сепкен тұз сияқты көрінді. Қолы қалтырап, қас-қабағы жырпылдап, езуі қисая бастады, әсіресе өзінің үйреншікті сөзі "есіңде болсын" дегенді айтқанда ырбиып кететінді шығарды...


Қас қылғандай жаз да ыстық, құрғақшылық болды. Қара бидай күйіп кетті. Тихон Ильич жұртқа шағымдануды әдетке айналдырды:


— Осымен доғарамын, доғарамын! — дегенді ерекше бір мәнермен, содан ләззат алғандай сүйсініп тұрып айтатын болған, ал шарап саудасына келгенде мақтаныштан терісіне симай кетеді.


Енді қалай, монополия ғой! Қаражат министрінің өзі менімен сауда жүргізгісі келеді!


— Артыңа бір қарап алсаңшы!— деп Настасья Петровна тәубесіне келтірмек болады. — Тіліңнен тартасың-ау! Жер түбіне айдап тастаса сүйегің табылмай қалар!


— Қорқытпа! — дейді Тихон Ильич көзін жыпылықтатып. — Жоқ! Екі елі ауызға бес елі қақпақ қоя алмайсың!


— Ал егінге қарасаң көз тоймайды! — деп тұтынушыға екілене көз тастап қояды. — Есіңде болсын, бұл бәріміздің қуанышымыз! Тіпті түнде де толқып жатады. Есік алдына шығасың, көз салып қарасаң, ай астында айна таздың қасқасындай жарқырап жатады- ау! Несін айтасың!


Сол жылдың Петров күндерінде Тихон Ильич төрт тәулік қалада, жәрмеңкеде болған, қапырықтан, ұйқысыз түндерден, уайымнан әбден қажып қайтты. Бұрын жәрмеңке десе қуанып тұра шабатын. Ымыртта арбасын майлап, шөп артып қоятын да қызметші шал екеуі мінетін көлікке тон, жастық тастаушы еді. Кеш аттанып, содан таң атқанша шиқылдап жөнелетін. Алғашында әзіл-қалжың әңгіме соғады, шылым шегіп, бір-біріне баяғыда жол бойы мен түнемелдерде қарақшылар өлтіріп кеткен көпестердің хикаясын айтады; біраздан соң Тихон Ильич ұйқыға ыңғайланады — ұйқысырап жатып жолай кезіккендердің дауысын естіп, ылдидан төмен зырлаған арбада тербетіліп барып көз ілсең, бұған жететін рахат бар ма, жағынды жастық қытықтап, басыңнан картузың түсіп қалса төбеңнен ескен түнгі самал түсінде де кәйіп дүниесінен бірақ шығарады-ау! Күн шықпай оянып, керіліп бір есінесең тіпті жақсы: шық басқан бозғылт дала, төңірек теңізде толқыған егінжай, сонау көз ұшындағы ойпаңнан қаланың ақ шағаладай үйлері, шіркеулердің шошайған күмбездері жарқырайды. Таңғы салқында бұйығып, боп-боз боп қалғып-шұлғып отырған шалдың қолынан божыны қолыңа аласың да алыстан жеткен қоңырау дауысына шоқынып қоясың...


Бұл жолы Тихон Ильич арбасын старостаға қосып жіберді де жалғыз өзі салт шықты. Түн жылы, ай сүттей жарық еді, бірақ жабырқау көңіліне жұбаныш таппады. Жол бойы қатты шаршады, қаланың кіреберісіндегі жәрмеңкенің, түрме мен аурухананың оттары он шақырымнан-ақ көрініп еді, бірақ сол қалғыған оттар жуыр маңда жеткізбей-ақ қойғаны. Ал Щепная айлағындағы қоналқы үйдің бүргесі түйе жарғандай екен, оның үстіне қақпаның алды айқай-шу, тас аулаға кірген арба доңғалақтарының шарқылы, таң атпай шулаған қораздардың айқайы мен кептерлердің күркілі маза бермей көрер таңды көзімен атқызды. Екінші түні де мандытып ұйықтаған жоқ, жәрмеңкенің ортасында арба үстінде қонып қалып еді: жылқы кісінеп, шатырлардың шамы да сөнбей қойды, маңай толы абыр-дабыр сөз, таңсыз бере көзі енді ілініп бара жатыр еді, түрме мен аурухананың қоңыраулары боздап қоя бергені, оған қосылып дәл төбесінен қайдағы бір сиыр азан-қазан мөңіресін келіп...


— Каторга ғой мынау! — деп жатып шамырқансын.


Қала шетіндегі шақырымға созылған жәрмеңке қашанда шулы, ретсіз былық. Дабыр-дұбырдан құлақ тұнады: жылқы кісінеп, балалардың ысқырығы бір тынбайды, әткеншек маңындағы марш пен полька ойнаған дарақы оркестр миды ашытып жіберді. Таңнан қара кешке дейін ауыз жаппайтын қатындар мен мұжықтар сүрлеудің шаңын аспанға көтеріп, арбалар мен аттардың, сиырлардың, шатырлар мен итарқаның жықпыл-жықпылынан шұбырып, борсыған май сасыған асхананың маңынан шықпайды. Қашанда саудагерлердің делебесін қоздырып, бірді бірге жанып жүретін делдалдар мен алыпсатар пайдақорларда қисап жоқ; бірі таяқпен, бірі балдақпен сүйретілген мүгедектер мен кемтарлар, соқырлар мен қайыршылар қасыңнан өтіп қақсағанда тұла бойың түршігеді; осыларды қақ жарып уезд полициясының бастығы келе жатыр — жеккені қоңыраулы тройка, арбакешінің кигені барқыт бешпент, басында үкілі топы... Тихон Ильичпен саудаласқан жұрт көп болды. Қаракүрең сығандар, жымырық қонышты етік, делдиме сулық киген поляктің жіп-жирен еврейлері, желбегей киімді ұсақ-түйек дворяндар да бар, еркектің көркемі гусар князь Бахтин де келді, қасында ағылшын кәстөмін киген қатыны, одан Севастополь батыры, сүйегін сүйреткен шал Хвостов та қалған жоқ, кейпіне қарамай кекірейіп киінген — ұзын мундир, кең шалбар, кең қонышты етік, сары жиекті үлкен картуздың астынан бояған шашы жылтиып тұр, әжім басқан қызыл күрең беті мен жақ сүйегі ересен ірі екен... Бахтин шегініп барып ат сынаған болды, мұртынан күліп, қылтасына қоңыр былғары жапсырған жөкей шалбарын әдейі көрсеткен сыңай танытты. Хвостов тырпылдап жақындай бергенде ат шақырайған көзі от шашып үрке қараған, кілт тоқтаған еңкіш шал құлап қалатын сияқты еді, таяғын қайта-қайта көтеріп, қырылдаған дауыспен:


— Қанша сұрайсың? — деп он дүркін сұрады.


Сұрамайтын жан жоқ, бәріне жауап беру керек. Қырсығып тұрған Тихон Ильич жағы қарысқанша тісін шықырлатып аспандағы бағаны айтқан соң бәрі де жағасын ұстап тайып тұрады.


Күнге күйіп әбден жүдеді, үсті-басы шаң, тұла бойы зіл тартып, буыннан әл кетті. Оның үстіне іші бұрап, бүгіліп қалды. Сонан ауруханаға баруға тура келгені. Екі сағат бойы кезекке тұрып, карболка сасыған қараңғы дәлізде отырды да қойды, құдды Тихон Ильич емес, әлдсбір бастықтың есігін күзеткен бейшара секілді қатты қорланғаны. Үстінде ыс мүңкіген ұйпалақ сүртік, шегір көз қызыл доктор ырсылдап-күрсілдеп құлағын мұның көкірегіне тосқанда "ішім бұрағанды қойды" деп атып тұрды да косторкасын шешпестен тұра қашты. Жәрмеңкеге қайтып келе жатып бұрыш пен түз қосып бір стақан арақты тартып жіберіп еді, нан мен колбасаны бұрап соғып, суық суға қоса щи мен шайды сыңғытса да аш өзегін тойғыза алмағаны. Сырамен шөл басалық деген таныстардан да қалған жоқ.


—  Ашыған квас, ішсең танауыңды жарады! Бағасы тиынға да тұрмайды! — деп айқайлаған сатушыны да босқа жібермеді.


— Мінеки, балмұздақ! — деп қызыл көйлекті шартық шал да шырылдаған. Сүйек қасықпен балмұздақ та жеген, құрғырды, мұздай екен, танауын қарып, миынан бірақ шыққаны.


Шаңға тұншығып, аяқ пен тұяқтан, арбаның доңғалағынан сары жұрт боп қи сасыған жәрмеңке тарап бос қалды. Бірақ Тихон Ильич қасақана әлдекімге қас қылғандай өтпей қойған аттарын күнге қақтап арба үстінде тапжылмай отырды да алды. Құдай-ау, бұл неткен өлке! Қара топырақтың қалыңдығы аршын. Құнарлығы қандай десеңші! Сонда да бес жылға жетпей аштық жайлайды. Бүкіл Ресейді нан саудасы шіреп тұрғанда бұл қалада тойып жеген бір пенде бар ма екен? Ал жәрмеңке ше? Қайыршы мен жарыместердің, соқыр мен кемтарлардың жиналған жері, көрсең көзің ұялады, қарасаң жүрегің айниды!


Тихон Ильич үйге ертесімен ескі кіре жолмен қайтты. Аспан ашық, күн ыстық еді. Базар арқылы қаланы кесіп, былғары зауытының жуындысынан божып кеткен шағын өзеннен өтті де дөн басындағы Черная Слободаға тартты.


Базардағы Маториннің ләпкесінде бір кезде інісі екеуі сатушы болып істеген.


Енді бүгін сол базарда жұрттың бәрі бұған табынады. Слободада балалық шағы өтті -жерге шөгіп кеткен шірік шатырлы балшық тамдар еді, айналасы көң-қоқыр, күл, шоқпыт, есік алдында қысқа деп әзірлеген қый кірпіштері үюлі тұратын... Тихон Ильич туып өскен сол лашықтардың бүгінде ізі де қалмаған. Оның орнында қазір ағаштан салған жаңа үй тұр, маңдайындағы тоттанған темірге: "Шіркеу тігіншісі Соболев" — деп жазып қойыпты.


Бұдан басқа еш нәрсе өзгермепті: есік көзінде жатқан шошқалар, өріп жүрген тауықтар, қақпа алдында ұзын сырық, сырық басында қойдың мүйізі; сығырайған терезенің ар жағында гүл отырғызған құмыраның арсынан беті табақтай кестеші ақ келіншек сығалап тұр; тараққұйрық батпарақ ұшырған жалаңаяқ балалар; үйіндінің қасында "қуыршақ жерлеу" дейтұғын ойынның қызығына түскен ақсары шашты үрпекбас кішкентай қыздар... Дөң басындағы зиратқа жете беріп шоқынып қойды, шарбақ ішіндегі ағаштардың арасында Зыков деген дүниеде жоқ сараң байдың мүрдесі жатушы еді, жаратқанның қарғысы ма, топырақ салып бола бергенде төбесі опырылып құлап қалыпты. Тихон Ильич біраз ойланып отырды да атын зираттың қақпасына қарай бұрды.


Абажадай ақ дарбазаның алдында ертегіден келген мыстандай мұрны біздей, омырық ұрт бір кемпір шұлық тоқып отыр — осы зират түбіндегі кәрі-құртаңдар баспанасында күн кешкен жесір кемпірлердің бірі.


— Қал қалай, қария? — деді Тихон Ильич атын қақпаның діңгегіне байлап жатып. — Менің атыма қарай тұрасың ба?


— Қарайын, қарағым, — деп кемпір орнынан тұрып еңкейіп тағзым етті.


Тихон Ильич картузын шешіп, қақпа маңдайындағы Успенияның бейнесіне тағы бір шоқынып қойды.


— Қазір қаншау болдыңдар?


— Көппіз ғой, қарағым, тура он екі кемпірміз.


— Жиі-жиі ұрсысып тұратын шығарсыңдар?


— Е, ұрсысамыз ғой, қарағым...


Тихон Ильич ағаш шіркеуге апаратын аллеямен асықпай аяңдап жөнелді. Жәрмеңкеде шашын қидырып, сақалын дөңгелектеп бастырып алып еді, едәуір жасарып қалыпты. Жасартып тұрған аурудан соңғы арықтап, сылынып қалған денесі. Жасартып тұрған — күнқақты беті, үшбұрыштап қырған самай шаштың етегі, бастағы жаңа картуз. Жасартқан балалығы мен жастық шақтың естелігі. Жан-жағына жалтақтап қарайды... Өмір шіркін неткен қысқа, мән-мағынасыз болды екен! Мынау күн нұрына малынған ескі қорымның ішіндегі бейішке бергісіз тыныштықтың өзі неге тұрады! Ыстық жел тұңғиық көкке талпынған жасыл шыршалардын ұшар басын тербетіп, құлпытастар мен ескерткіштерді солардың көлеңкесімен майда ғана сипайды. Самал бір сәтке тына қалса, ащы күннің сәулесі гүл біткенді аймалап, бұта түбінен құстар сайрап жөнеледі де көбелектер қызған сүрлеудің аптабына сауырын төсеп тарбайып жатқаны... Бір крестің түбінен Тихон Ильич:


Ажал неткен сұм едің,


Адамнан салық жинаған, —


деген тақпақ оқыды.


Бірақ бұл маңнан сұмдық дейтіндей еш қорқыныш көре алмады. Керісінше ол аралап жүріп зираттың молайып қалғанына қуанғандай болды, төрт тағанды табыт секілді тастар мен шойын плиталарды, шіріп, топыраққа шөгіп бара жатқан ауыр крестерді жаңа құлпытастардың ығыстыра бастағанын да жақсылыққа жорыды. "1819 жылдың 7 қарашасында таңғы сағат 5-те дүние салды" депті, әрине, мұндай жазуды оқу көңілге ауыр, таң мезгілінде, оның үстіне қара күздің лайсаңында өлу қайбір жақсылық дейсің. Бірақ соның қасында, қалың ағаштың арасында жанарын аспанға қадап гипстен жасалған періште тұр екен, етегіне алтын әріппен: "Жаратқанның жазымышымен көз жұмған пенде бақытты!" — деп жазыпты. Жаңбыр мен уақыттан тозуға айналған әлдебір колледж асессорының темір беттақтайынан бір шумақ өлең оқыды:


Патшаға адал қызметі өтті,


Жақынды өзекке теппеді,


Жағып еді марқұм көпке де...


Тихон Ильич өлеңнің бәрін өтірік деп қабылдады. Бірақ шындық шіркін қайда? Міне, бұтаның ішінде адамның жағы жатыр, былғаныш балауыздан жасалған сияқты, кешегі тірі жаннан бар қалғаны осы ғана... Осы ғана ма? Шірімейтін нәрсе жоқ, гүл де, крест те, табыт та, сүйек те — бәрі шіриді, өлімнің арты шіру. Бұдан ары Тихон Ильич тағы бір жазуға тап болды: " Өлік қайта тірілсе осы шіріктен шығады".


Мұндағы жазудың бәрі де тыныштық пен жан рахатын, жарық дүниеде болмайтын мейірімділік пен махаббатты, адамдардың бір-біріне деген қайырымын, құдайға деген құлшылығын дәріптепті, болашақ өмірдің рахаты о дүниеде көрінеді, о дүниеде байбатша да, байқұс та тең екен, қайыршыны бауырыңдай құшақтап сүйіп, оны хан мен патшаға балайды екенсің, бірақ сол үшін өлу керек екен, әрине, бұған тек зират басында ғана сенесің... Бір түкпірде, күн көзінде қалғыған шоқ бадамның түбінде жас баланың қабыры жатыр екен. Тихон Ильич крестен жарты шумақ өлең оқыды:


... ақырын, шуламашы жапырақ,


тынышталсын менің Костям азырақ!—


оның есіне мылқау аспаз тұншыктырып өлтірген ұлы түсті де қас-кірпігі жыбырлап көзіне жас алды.


Зират іргесінен өтетін тақтақ кіре жол сонау белес-белеске барып сіңетін. Бірақ мұнымен қазір ешкім жүрмейді, бұрылып шаңдақ қара жолға түседі. Тихон Ильич те соны жөн көрді. Қарсы алдынан жеңіл трашпенке салдыр-күлдір өте шықты — уезд арбакештері қашанда дарақы — трашпенкеде қала аңшысы отыр: алдында үрегеш дүрегей ит жатыр, қорапты мылтық, аяқта батпаққа киетін етік, бірақ бұл өңірде батпақ бар дегенді естіген пенде жоқ. Тихон Ильич, мына жалқау итті жұмысқа жетер ме еді деп тісін шықырлатты. Талма түстің күні шақырайып қуырып барады, жел де бет қариды, бұлтсыз аспанның өзі де қайнап тұрған секілді. Тихон Ильич кіржиіп бұрқыраған шаңнан бетін алып қашты да, әбден қурап кеткен астықты көріп қобалжып келеді.


Қолдарында ұзын таяқ, шыжыған күннен әбден қажыған діндарлар тобыры ілініп-салынып шұбырып келеді. Тихон Ильичке иліп сәлем берген болып еді, бірақ бұл, бәрібір, шетіңнен жүліксіңдер деп іштей қыжыртты.


— Құлшылықтарыңа болайын! Қоналқыда ғой ырылдасып бір біріңді итше талайсыңдар!


Жәрмеңкеден қайтқан мас мұжықтар жолдың шаңын аспанға көтеріп аттарын тырағайлатып қуалап келеді — өңшең жирен бас, бурыл бас, қап-қара бастар, бірақ бәрі де ұйпа-тұйпа, тыртиған арық, түрлері албасты қуғандай. Солардың шарқылдаған арбаларын басып озған Тихон Ильич:


— Өй, өңшең жарымаған қайыршылыр! — деп басын шайқап-шайқап қойды.


Көйлегі дал-дүл бір мұжық сақалы аспанға шөушиіп өліп қалғандай шалқасынан түсіп серейіп жатыр, дүңкиіп, көнектей боп ісіп кеткен мұрны қып-қызыл қан. Енді біреуі жел ұшырып кеткен қалпағын қуалап дедектеп келе жатыр еді Тихон Ильич бишікпен тартып жіберді. Енді бір арба тола қатындар, шабата, күрек: қатындар теріс қарап талтайып отырып алған, бірінің басында күнқағарын желкесіне қайырған баланың картузы, екіншісі бақырып он салған болып, енді бірі қолын ербеңдетіп, қарқылдап күліп Тихон Ильичке:


— Ағатай, қайда асығып барасың?! — деп айқайлап қала берді.


Жол бекетінен бұрылған соң шарқылдаған арбалар кейін қалды.


Мидай дала, ми қайнатқан ыстық, әйтеуір тым-тырыс тыныштыққа іліккен соң Тихон Ильич жарық дүниеде көңіл жұбатар жалғыз ермек "еңбек" қой деп өзін-өзі уатқан болды. Қайда барсаң еңсені басқан кедейлік. Мұжықтар тыржалаңаш қалды, усадьбаларда бұрауға дым жоқ, бүкіл уездің халі мүшкіл. Әттең осыларға қожайын табылар ма еді, қожайын!


Жол бойында Ровное дейтұғын үлкен село тұратын. Бұл да күн қақтап, көшесін шаң қаптап жатыр екен. Шарбақ түбінде қанат-құйрығы тарбайып күлге аунаған тауықтар. Дөң үстінде бояуы қашқан шіркеу тұр. Шіркеу сыртында күнге шағылысқан тайыз тоған, сарбалшық кемерін көңмен бөгеген соң суы сап-сары, бір табын сиыр су үстінде шыбындап, тезегін де соған тастап тұр, ал оның аяқ жағында жалаңаш мұжық басын сабындап жатыр. Суға белуарына дейін кіріп кетіпті, беті мен мойны қақпыш, бүкіл денесі күн тимеген шіп-шикі.


— Аттың ауыздығын алып жібер, — деді Тихон Ильич қи мүңкіген тоғанға жете беріп.


Мұжық сабын тұқылын жағадағы сиыр жапасына лақтырып жіберді де, басының сабынын сүртпестен ұятын жасырған болып жолаушының айтқанын орындады. Ат суға бірден бас қойып еді, борсыған тоғаннан жеркеніп ұрттап алмастан теріс бұрылды.


— Ойпырай, суларың бар болсын! Осыны да ішесіңдер ме?


— Немене, сіздердікі қант тати ма? — деп мұжық сыпайы ғана жымиып жауап берді. — Мың жыл ішіп келеміз! Суды қойшы, нан жоқ, нан жоқ қой...


Ровное селосынан кейін жол қара бидай егісін қақ жарып өтетін, мұнда да астық әбден қурап, арамшөп басып кеткен екен... Ал Дурновоның іргесіндегі Выселканың тұсында дүмі үңірейген жуан ағаш басында ұзақ деген қарақұрттай қаптап отыр, тұмсықтарын аңқита ашып, күн көзіне қақталғанды жақсы көретін жәндіктер: бүгінде Выселканың тек аты ғана қалған, көң-қоқырдың ортасында үйлердің сорайған қабырғалары ғана жатыр. Көң-қоқыр түтіндеп, сол жақтан күйіктің көңірсік иісі ұрып тұр... Өрт деген зауалдың атынан-ақ Тихон Ильичтің тұла бойы түршіксін. "Пәледен аулақ!" — деді ол түсі қашып. Дүние-мүлік, шаруа жайын кепілдеген жоқ еді, бір-ақ сәтте тып-типыл жоғалып кетуі мүмкін екен-ау...


Сол Петров күндеріндегі жәрмеңкеден соң Тихон Ильич жиі-жиі ішетінді шығарды, мас болмаса да бас терісінің қызарғанына дейін тартып жіберіп жүр. Бірақ шаруасын ұмытқан жоқ, өзінің айтуынша денсаулыққа да зияны тимейтін көрінеді. "Арақ қанды тазартады" дейтін ол өз өмірін каторга деуін сонда да қойған жоқ, кейде тұзақ, кейде алтын тор деп те қоятын. Бірақ жолынан тайған жоқ, бірнеше жылы өзгермеген бір қалыпта өтті, бәрін жиғанда бір жұмыс күні секілді. Тек күтпеген үлкен оқиға — жапондармен соғыс, одан соң революция болды.


Соғыс туралы әңгіме әуелде көпірме сөзбен басталды. "Бауырым, қазақ кешікпей сары шайтанның терісін сыпырып алады!" десті. Бірақ кешікпей сөз сыңайы кілт өзгерді.


— Өз жерімізді қайтерімізді білмей отырмыз! — дейтін болды ызаланған Тихон Ильич, — Мынау соғыс емес, ақымақтың ісі ғой!


Қышыған жерін қасығандай орыс армиясының күйреуіне жаны кіріп:


— Мә, қатырды! Бұларға сол керек еді, шешеңді! — деп разы болды.


Әуелде революцияны құптап, ондағы қырғынға да іші ауыра қойған жоқ. — Әлгі бір министрдің әкесін танытқан жоқ па! Ақыры сүйегін жинай алмай қалды ғой! — деп Тихон Ильич ет қызуымен екіленіп сөйлеген болатын.


Кейін жер бөлісі болады екен дегенді естігенде тағы да қаны қайнап шыға келді. "Осының бәрін істеген жөйіттер! Тек жөйіттер, сосын әлгі жалбыр шаш студенттер!" деп әуелгі бетінен тайқып шықты. Түкке түсінсе бұйырмасын: революция, революция деседі, бірақ бәрі де баяғыдай, сол күйкі тірлік — күн шығып батады, егін пісіп орылады, бекетке шұбырған кіре... Тек халықта ғана үн жоқ, халық жалтақтаумен бұйығып отыр.


— Бұл халық дегенің неге тым-тырс?! Халықтың үнсіздігінен зәрең ұшады! — дейді Тихон Ильич. Сол сәтте-ақ "жөйіттерді" мүлдем ұмытып: — Айталық, бүл әннің астары белгілі ғой, — дейді. — Үкіметті ауыстырсын, жерді бөліссін, бұл балаға да түсінікті. Демек, халықтың көксеген мақсаты айдан анық. Әрине, содан соң үнсіз. Сондықтан оны үндетпеу керек, тапжылтпай аңду керек! Тек қозғала көрмесін! Қозғалса бітті, пайданың шетін сезіп, шілиясы айланшығын түртсе болды, мөңкігенде аяғыңды аспаннан келтіреді!


Бес жүз десятинадан артық жері барлардың еншісін кесіп алады екен дегенді еетігенде Тихон Ильичтіц өзі-ақ "бүлікшіл" боп шыға келді. Тіпті мұжықтармен де салғыласатын болды.


Кейде ләпкеге келген мұжықтардың бірі:


— Жоқ, Ильич, бұл сенің айтатын сөзің емес, — дейтін, — Әділетіне жүгінсек артық жерді алу керек. Ал былайынша ол күпіршілік болады.


Қайнап тұр, аула қарсысындағы амбардан самырсын тақтайлардың иісі тынысты қамайды. Орман сыртындағы бекеттің арғы бетінен пысылдаған паровоздың дыбысы естіледі. Бас киімсіз Тихон Ильич сығырая қарап, қулана жымиып кояды.


— Мейлі, ал егер жер иесі жатып ішер жалқау болса ше?


— Кім? Барин бе? Онда аяйтын дәнеңе жок. Кейбіреудің тырпын қалдырмай сыпырып алсаң да обал емес!


— Міне, әңгіме сонда!


Бірақ, бес жүзден кем болса да кесу керек деген тағы бір өсек жетті. Бұл да көңілді алай-түлей қылып, тыныштықты бұзды. Үй шаруасына мойын жар бермей, істеген ісінің бәрі өзіне жақпады.


Егорка дейтін қолбала ләпкеден ұннан босаған мөшектерді алып шығып қаға бастап еді. Төбесі сопақ, шашы едірейген қалың, "осы ақымақтардың шашы неге қалың болады екен"деп бір таңғалды, шекесі ойық, беті жұмыртқа секілді сопайған, көзі балықтікіндей ұясынан шығып кете жаздап тұр да бұзаудың кірпігіндей ақ қылшықты қабағы терінің тапшылығынан көз сүйегіне жетпей қалған сияқты: қабағын ашса аузы ашылып қалатындай, аузын жапса көзі бақырыйып қалатындай.


— Долдон! Дүлей! — деп Тихон Ильич зірк етті, — Маған сіліккенің не?!


Қойма, ас үй, амбар, шарап сататын ләпке бөренеден салынған темір шатырлы тұтас бір құрылыс еді. Үш жағынан қамыспен жапқан мал қорасы қоршап тұратын да бәрін қосқанда төрт бұрышты мықты бекініс болатын. Амбар тура үйдің қарама-қарсысында, жолдың арғы бетінде. Оң жақта бекет, сол жақта кіре жол. Жолдың сыртында қайыңды тоғай. Тихон Ильич әлде неден жабырқаған сәтте жол бойына шығатын еді. Сұр таспадай шұбалаңдаған жол белес-белестен асып, бір жоғалып, бір көтеріліп сонау көз ұшындағы қарақшының күркесінен көкжиекке сіңіп кетеді. Егер ақыл-есі орнында, пысықтау Дурново мұжықтарының бірі көріне қалса, мәселен "байлығымен", сараңдығымен аты шыққан Яков Микитич секілді, Тихон Ильич міндетті түрде тоқтатып алатын.


— Тым құрығанда бір картуз сатып алмадың ба! — дейтін Тихон Ильич кекесін күліп.


Яковтың басында бөрік, үстінде терден қақ боп кеткен кенеп көйлек, бұтында тыртиған шалбар, жалаңаяк рдуанда отырады. Кендір божыны шірей тартып, тер басқан семіз биесін тоқтатады.


— Сәлем, Тихон Ильич!


— Сәлем! Бөркіңді ұзақтың ұясына садақа ететін уақыт боп қапты-ау!


Яков қуақы күлкімен басын изейді.


— Енді... қалай десем екен... дұрыс қой. Бірақ капитал шіркін рұхсат бермей тұрғаны.


— Босқа жылама! Білеміз ғой сен секілді қазан жетімектерін! Қызыңды ұзаттың, ұлыңа қатын әпердің, ақшаң жетеді... Енді құдайдан осыдан артық не тілемексің?


Яков бұған әжептәуір масаттанып қалса да айтарын ішке бүге біледі.


— Ой, құдай! — деп даусы дірілдеп күрсінген болады. — Ақша... маған қай заманда ақша бітіп еді... Ал ұл болса... Одан не пайда? Ұл көңілді қалдырып тұр... Көңілді қалдырып тұр ғой!


Көп мұжықтар секілді Яковтың да жүйкесі тозған, әсіресе, әңгіме отбасына, шаруа жайына тірелсе. Әдетте тұйық адам, бірақ бұл жолы дірілдеген дауысы, тұтыға шыққан сөзі ішкі запыранды сездіріп қойды. Оны тағы да қажай түсу үшін Тихон Ильич жаны ашыған болып:


— Көңіл қалды деймісің? — деп сұрады. — Шыныңды айтшы, бәрі қатынның кесірі ме?


— Арамқатқыр, сол қатынның кесірі де, туысқан, — деп Яков жан-жағына жалтақтап көкірегін қасыды.


— Қызғана ма?


— Қызғанады... Менен дәмесі бар дейтін көрінеді келін... — деп Яковтің көзі жыпылықтап кетті. — Күйеуіне күнде шағыстырады. Мені улағысы да келді. Кейде мәселен, көңілдің қыжылын басу үшін темекі шеккің келеді... Бірде жастығымның астына бәтшағар сигар тығып қойыпты. Егер байқамағанымда сеспей қататын едім!


— Ол неткен сигар?


— Өліктің сүйегін үгіп темекінің орнына нығыздап қойыпты.


— Ұлдың өзі ақымақ қой. Орысша сықпыртып алмай ма!


— Қайдағы! Оны қойып, мені көкіректен итерген жоқ па! Жылан секілді жылпылдап қолға тоқтамайды!.. Шашынан ұстайын десем тақырлап қырып тастаған, жағасынан алайын десем көйлегі жыртыла ма деп аяймын!


Тихон Ильич басын шайқап біраз тұрды да ақыры әңгіменің бетін өзгертті.


— Ал, жағдайларың қалай? Әлі бүлікті күтіп отырсыңдар ма?


Яков сол сәтте-ақ өзінің тоң-торыс мінезіне көше қойды. Мырс етіп қолды бір сілтеді де:


— Қайдағы бүлік! — деп міңгірледі. — Бізге бүліктің не қажеті бар. Біздің жұрт момын ғой. Тіпті момын...


Биесі жұла қашатындай-ақ божысын тартып қойды.


— Онда жексенбі күні неменеге жиналып жүрсіңдер? — деп ызаланған Тихон Ильич жабыса кетті.


— Жиналыс деймісің? Оны сайтаным біліп пе! Шуласып — шуласып тарасты.


— Білеміз ғой неге шуласқанын!


— Жасырып тұрған мен жоқ... Әлдебір нұсқау келіпті деп оттасты... Байларға бұрынғыдай арзанға жұмыс істеуді тоқтату керек дей ме...


Қайдағы бір Дурновоға бола жұмысқа деген зауқының қашқанына ыза болды. Сол Дурноводағы түтін саны отызға да жетпейді. Өзі албасты аяғын сындыратын қуыста жатыр, бір жағы терең ор, екінші жағында сабан лашық пен жұтаған усадьба. Шамасына қарамай солар да нұсқау күтеді-ау!.. Әттең, шықпыртатын оншақты қамшылы қазақ болар ма еді!..


Ақыры "нұсқау" да келді. Жексенбі күні Дурновода жиын болады екен, усадьбаларға шабуылдың жоспары жасалады екен деген хабар дүңк ете қалды. Қуаныштан көзі қызарып алған Тихон Ильич "сайтанның да сирағын сындыруға" бармын деп өрекпіп, жеңіл трашпенкеге құр айғырды жектірді де он минут өтпей кіре жолмен Дурновоға қарай құйғытты. Жаңа басылған жауыннан соң қызарған күн көзі жентек бұлттарға қорғалап қалып еді, қайың балақтары қызыл жалқын бояуға малынып, жол езілген балшықтан ауырлай түскен. Шілия қиған айғырдың сауырынан ақ көбік сорғалағанша айдаған екен. Божыны өршелене қағып Тихон Ильич кіре жолдан дала соқпағына бұрды да Дурновоны көргенде хабарды әншейін өсек пе деп күдіктеніп қалды. Маңай тым-тырс, тыныштықты бұзған бозторғай шырылынан басқа дыбыс та жоқ, кешкі салқында ескен дым топырақ пен гүлдің қош иісі кеңсірік қытықтайды. Кенет усадьба түбіндегі түйе бұршақ сепкен сүдігерге көзі түскен, сүдігер үстінде мұжықтардың табыны емін-еркін жайылып жүр. Басталған екен деп ойлады. Божыны қағып жіберіп Тихон Ильич табын қасынан, қалақай мен ошаған көмкерген қора-қопсыдан да, тырбиған аласа бақтан да ағып өтіп аулаға қойып кетті.


Бұдан кейін дүние аласапыран боп кетті: әрі үрей, әрі өкпе, әрі ашу қысқан Тихон Ильич ымыртта трашпенке үстінде тырс етпей отырды да қойды. Жүрегі дүрсілдеп, қолы қалтырап, беті дуылдап, атылатын жыртқыштай айналасына құлақ түрді. Дурново жақтан айқайлаған дауыстар естіледі, бір уақытта мұны көріп қалған қалың тобыр жырадан секіріп өтіп топырлап усадьбаға лап қойды да ауланы айқай мен боқтыққа толтырып, Тихон Ильичті баспалдақтың есігіне бірақ тықты. Қолында қамшыдан басқа дым жоқ еді. Біресе кейін шегініп, біресе ілгері ұмтылып қамшы үйіруден басқа амалы да қалған жоқ. Бірақ танауы қоңқиған, сарғыш көйлек, сары былғары етік киген шартық карын етікші бұдан да есірік екен, таяғын оңды-солды сермеп тап-тап береді. Бүкіл тобырдың атынан айқайлап, кеңірдек жыртып, бейбастақ шаруаны тыю керек деген нұсқау шықты, бүгіннен бастап бүкіл губерниядан бөтен-бөстек жалдамалыларды қуып шығып, тек осы жердің мұжыктарын ғана жұмысқа алып, оларға күніне бір сөлкебайдан пұл төленетін болсын деген бұйрық бар деп өндіршектесін келіп. Тихон Ильич айқайды етікшіден де асырамын деп жыртылды:


— А-а, солай ма! Насихатшылардың қақырығын жұтқан екенсің ғой, қаңғыбас! Қоталақ неме!


Етікші оның осы сөзіне жармаса кетті:


— Қаңғыбас сен едің ғой! — деді қызара бөртіп долданып. — Ақ басты ақымақ! Сенің қанша жерің бар екенін мен білмеймін бе! Ал елкезбе саудагерің қанша? Мүмкін екі жүз шығар? Ал менде қанша — сайтанның сапалағы да жоқ! Неге? Сен кімсің өзің? Кімсің деп тұрмын ғой? Кімнің қойыртпағынан шыққан немесің?


— Митька, осыныңды ұмытпа! — деп Тихон Ильич айқай салды да басының айналып бара жатқанын сезіп, топты қақ жара трашпеңкесіне ұмтылды. — Ұмытпа осыныңды!


Бірақ оның қоқан-лоққысынан қорыққан ешкім жоқ, қарқылдап күлісіп, айқайлап, ысқырып шығарып салысты... Ол усадьбаны неше дүркін айналып шықты, тоқтай қалып тың тыңдады. Содан соң кіре жолға, жолдың қиылысқан торабына шықты да құбыла жаққа, бекетке бетін бұрып, қит етсе шаба жөнелетіндей сіресіп біраз тұрды. Өлі тыныштық, қараңғы түн жып-жылы, бірақ ауада ылғал бар. Қызыл сызатты көкжиекке барып тірелген бүкір жер үңірейген түпсіз тұңғиық секілді қап-қара еді.


— Тоқта, пері соққыр! — деп шыдамсыздана бастаған атына айқай салды. — Тоқта!


Алыстан айқай-шу естілді.Солардың ішінен екі дүркін Донецкінің шахтасында болып қайтқан Ванька Красныйдың дауысын таныды. Кенет усадьбаның төбесінен қызыл жалын бұрқ ете қалды: мұжықтар бақ ішіндегі итарқаны өртеп жіберсе керек, жуырда қашып кеткен мещан-бағбанның ұмыт қалдырған оқтаулы пистолеті өзінен-өзі тарс-тұрс атыла бастады.


Кейін білді, расында бұрын жұрт естімеген оқиға болған екен: дәл сол күні бүкіл уездің мұжықтары бірі қалмай көтеріліпті.


Үкіметтен араша күткен помещиктер қаладағы қонақ үйіне жиналып, көпке дейін кетпей қойыпты. Тихон Ильич те арашаға зар болып еді, сонысына артынан қатты ұялды, себебі мұжықтар дүрлігіп, айқай-шумен бірнеше усадьбаны өртеп жіберді де сонымен тынды. Етікші де түк болмағандай ләпкеге дүркін-дүркін келіп жүрді, оны көрген сайын Тихон Ильичтің беті қабарып, түтігіп кететінін байқамағансыды. Сөйтсе де дурновтықтардың Тихон Ильичті өлтіреміз десіп жүргенін де естіп қалған. Сонсоң да Дурновоға барған сайын кештетіп қайтуға қорқатын, қалтасында дүңкиіп жататын "бульдогін" қайта-қайта сипалап қойып, осы Дурновканы тып-типыл қылып өртеп жібермесем бе деп өзіне-өзі серт беріп... бір түнде тоғанын улап тастауға бекінген. Келе-келе өсек те тиылды. Бірақ Тихон Ильич Дурновомен біржола есеп айырысамын деген ойынан танған жоқ. "Қатынның қапшығындағы ақша ақша емес, қалтаңдағы ақша бір басқа!"


Сол жылы Тихон Ильичтің жасы елуге де толып қалды. Алайда балалы болудан әлі де үмітін үзген жоқ еді. Сол үміт оны Родькаға тап қылды.


Родька, ұзын бойлы түксиген бозбала осыдан екі жыл бұрын Ульяновкадан бойдақ ағасы Федоттың қолына келген еді; келе салып үйленді, тойда араққа күйіп өлген Федотты жерледі де солдатқа кетіп қалды. Ал жас келіншек — сазандай аппақ, бетінен нұр теуіп, ұзын кірпігін өмірі көтермейтін сымбатты неме усадьбада жалданып жұмыс істеді. Сол шіркін Тихон Ильичтің көкейін тесіп маза бермей-ақ қойғаны. Дурновоның қатындары төбесіне "мүйіз" киіп алатын әдеті: неке қиылған соң бұрымын төбесіне иіріп, үстінен орамал жапса сиырдың мүйізіне ұқсас бірдеме шошайып шыға келеді. Оқалы бешпент киіп, беліне алжапқыш байлайды, аяқта шарқай. Жас келіншек — аяқ астынан ол Келіншек атанып кетті — осы киімнің өзінен-ақ көрікті еді. Бірде ақшамның кезінде Келіншек қырманда дән сыпырып жатыр екен, Тихон Ильич қасына жетіп барып:


— Қысқа қонышты етік киетін боласың, басыңа жібек орамал саламын... Не ішем десең де сараңдық жасамаймын! — деп жабыса кетті.


Келіншек тіл-аузы байланғандай бежірейді де қалды.


— Естіп тұрмысың? — деп сыбырлады Тихон Ильич.


Келіншек ештеңе естімегендей еңкейіп тырмасын сілтей берді.


Бұл жолы ол түк те бітіре алмады. Содан күтпеген жерден Родька келіп қалды: мерзімінен бұрын, қисайып кеткен. Дурновтықтардың бүлігінен кейін болған оқиға еді, "бүгінде солдатсыз өмір сүре алмайсың" деп Тихон Ильич әйелі екеуін усадьбаға жұмысқа алды. Илья күндерінің қарсаңында Родька сыбыртқы, күрек алып келуге қалаға кеткен, ал Келіншек үй жуып жүр еді. Көлкіген суды кешіп Тихон Ильич үйге кіріп келді, еденге тоңқайып тұрған Келіншекке, кірлі су шашыраған аппақ санына тесіліп тұрып қарады, байға тигеннен бері балықтай болып толыса бастаған екен... Кенет тұла бойы қызып, қаны тасығандай өзін-өзі ұстай алмай Келіншекке ұмтылды. Әйел атып тұрып, бойын түзеді де беті алабұртып:


— Жақындасаң бетіңді даладай қыламын! — деп қолындағы шоқпытын көрсетті.


Ыстық судың, ып-ыстық дененің, қамау тердің иісі бұрқ етті... Қолынан шап беріп, шоқпытын кағып жіберді де Тихон Ильич Келіншектің белінен құшақтап қатты қысқаны сонша, сүйегі сытырлағандай болды, содан төсек-орны бар келесі бөлмеге ала жөнелді. Көзі шарасынан шыға бақырайған Келіншек алқымын ашып тастап тырп етпестен көне салды...


Осыдан кейін әйелін көруге де, Родьканың бетіне қарауға да жүзі шыдамады, оның Келіншектің қойнында жатқаны, күн сайын, түн сайын тепкілеп ұратыны есіне түскенде жаны шығып кете жаздайды. Кешікпей іс насырға шапты. Қызғаныш қысқан адамның не сұмдыққа барарын бір құдайдың өзі ғана біледі. Родька да кісі шошырлықтай өзгерді. Ырсиған арық, денесі қиқы-жиқы, қолы маймылдікіндей сала құлаш әрі керемет қарулы, қара шашты шақша басын үнемі тұқырайтып жүретін де қабағының астынан қадалып қарайтын шүңірек көзі қорқынышты еді. Солдатта жүргенде хохолдын неше түрлі балағат сөзін үйреніп алыпты. Егер Келіншек оның қыжыртпа қысқа сөзіне қарсылық білдіре қалса, қолына дырау қамшысын алып, аспай-саспай қасына келеді де кекесін жымиыспен сызданып тұрып:


— Иә, не деп тұрсыз? — деп сұрайтын әдеті.


Бұдан ары не болғанын есінен танып қалатын Келіншек білмейді де.


Бірде Тихон Ильич осындай қырғын үстіне тап келіп қалды да жаны түршігіп:


— Әй, нақұрыс, не істеп жатырсың?! — деп айғай салды.


Родька оны қаперіне де алған жоқ, асықпай сәкіге барып отырды да көзінің қиығымен:


— Сіз не оттап тұрсыз? — деді.


Тихон Ильич сасқанынан есікті тарс жауып тайып тұрды...


Кейде әр түрлі жаман ой да келетін: мәселен, Родька құлаған шатырдың астында қалса, немесе топырақ басып өлтірсе... Бірақ бір ай өтті, екі ай өтті, көптен күткен үміті де әншейін алдамшы екен, Келіншектің аяғы ауыр болатын түрі жоқ. Осыдан соң отпен ойнаудың не қажеті бар? Ендігі қалғаны Родькадан құтылу, ол үшін оны тезірек қумаса болмас. Бірақ бұл пәленің орнын кім баспақ?


Ойда жоқта мұның да сәті түсті. Тихон Ильич інісімен татуласып, Дурновоны басқаруға қиылып отырып көндірді.


Кузьманың Касаткин деген помещикте кониорщик болып қызмет атқарғанын қаладағы бір танысынан естіген, таңғаларлық тағы бір ғажабы — бұл кезде ол "автор" болып та үлгеріпті. Өлеңдері тұтас бір кітап болып басылыпты десті, сыртында мекен жайы "автордың қоймасы" деп жазылса керек.


— Солай ма! — деді Тихон Ильич мұны естіген соң. — Жарайсың, Кузьма! Шыныңды айтшы, Кузьма Красовтың шығармасы деп анық жазылған ба екен?


— Тайға таңба басқандай! — деді танысы, дегенмен каладағы көпшілік секілді бұл да өлеңдерін Кузьма кітап пен журналдардан көшіріп алған деген пікірде болатын.


Сонымен Тихон Ильич табан астында, Даевтің трактирінен ұзамай отырып інісіне анықтап тұрып қысқа ғана хат жазды: өткенді кешіріп екі шалдың татуласатын уақыты жетті. Ертеңінде-ақ екеуі дәл осы Даевтің трактирінде қолма-қол әңгімеге кіріскен.


Азанғы уақыт еді, трактирде адам да жоқ. Шаң басқан терезелерден сығалаған күн сәулесі дымқыл қызыл мата жапқан үстелдердің бетін жалап, кебекпен кептірген еденнен атқораның иісі шығады, үй сыпырушылар үстеріне шымқай ақ көйлек пен ақ дамбал киіп алыпты. Top ішіндегі шұбар шымшықтар кілтпен бұрап қойған ойыншықтай шырылдағанда жақтары сөмбейді. Тихон Ильич үстелге енді ғана отырып екі шыны шай сұрағаны сол еді, тура құлағының түбінен ежелден таныс дауыс:


— Иә, амансың ба?! — деп гүж ете қалды.


Кузьма бұдан гөрі аласа еді, артық еті жоқ қатпалау. Сүйегі адырайған жалпақ бет, салбыраған бурыл қастың астынан сықсиған шегір көзі жылтырайды. Әңгімені әріден бастады:


— Тихон Ильич, мен алдымен өз жайымнан бастайын, — деді Тихон Ильич оған шай құйып беруі мұң екен. — Біліп қой менің кім екенімді, — деп езу тартты. — Кімге жабысқаныңды білемісің?..


Әр сөзін баптап бөліп айтып, аузынан леп шыққан сайын қасын керіп, пенжағының жоғарғы түймесін біресе ағытып, біресе бекіте беретін әдеті еді. Бұл жолы түймелеп отырып:


— Айтып қояйын, мен анархистпін ғой, — деді.


Тихон Ильичтің көзі де жапақ ете қалды.


— Қорықпа. Саясатта жұмысым жоқ. Бірақ әркімнің іштегі ойына ешкім тыйым сала алмайды. Одан саған келер зиян жоқ. Шаруаңды шыр айналдырам, тек айтып қояйын, біреудің терісін шешуге жоқпын.


— Оның заманы өтті ғой, — деп Тихон Ильич күрсініп салды.


— Заманның өзгере қойған түгі жоқ. Таяқтың зілі әлі де жүріп тұр. Тек оның қажеті канша. Шаруаның қамы да жетіп жатқан жоқ па. Бос уақытымда өзімді өсіруге тырысамын... оқимын дегенім ғой.


— Ой, өсемін деп жүріп қалтаңды өшіріп алып жүрме, оны да ойла! — дегенде Тихон Ильичтің басы қалтаңдап, езуі қисайып кетті. — Тегі ол біздің кәсібіміз емес қой.


— Жоқ, менің ойым басқа, — деп Кузьма қарсылық білдірді. — Бауырым, мен — саған қалай түсіндірсем екен, бір сөзбен ерсілеу орыспын.


— Есіңде болсын, мен де орыспын! — деп Тихон Ильич те қыстырыла кетті.


— Ио, оның рас, бірақ бөтенсің. Мен өзімді сенен артықпын деп санамаймын, дегенмен айырмам бар. Байқаймын, сен орыспын деп дардай боласың, ал мен, бауырым, өзімді славянофильмін деп айта алмаймын. Көп мылжыңдап қайтемін, айтарым бір-ақ нәрсе: құдай үшін, орыспын деп мақтана көрмеңдер. Біз жабайы халықпыз!


Тихон Ильич қабағы түнеріп үстелді саусағымен сартылдатып отырды да:


— Осының да дұрыс шығар, — деді. — Жабайы халықпыз. Есірікпіз.


— Мінеки, енді жөніңе көштің. Бұл өмірде қаңғырып мен бармаған түкпір жоқ, сонда не көрдің дейсің ғой? Бізден өткен моты, бізден өткен жалқау жұрт жоқ. Ал пысық дегендердің өзі де тындырып жатқандары шамалы, — деп Кузьма ағайынына көз қиығын тастап қойды. — Жанталасып бас құрап, ұя салған болады, ал одан не қайыр?


— Иә, оның несі айып? — деп Тихон Ильич оған таңдана қарады.


— Айталық, ұя салған екенсің оның да бір мәнісі болу керек қой. Адамша өмір сүремін деген мақсат қайда? Мынау жүрекпен де, баспен де ойлаған жөн, — деп Кузьма көкірегі мен маңдайын саусағымен нұқып-нұқып жіберді.


— Бауырым, бұл біздің қолымыздан келмейтін тіршілік қой, — деді Тихон Ильич. — Алдымен деревняда тұрып көр, шөп-шалам быламық ішіп, шарқай тасып көр!


— Шарқай! — деп Кузьма кіржің ете қалды. — Адыра қалғыр сол шарқайды сүйреткенімізге екі мың жыл болған жоқ па! Ал оған кім кінәлі? Татарлар келіп таптады дейміз! Біз жас халық едік деп жылаймыз! Немене, Еуропа тапталмап па еді, монғолдардың ат тұяғының астында қалған жоқ па еді! Германдықтар да бізден кәрі емес шығар... Жә, бұл енді басқа әңгіме!


— Дұрыс! — деді Тихон Ильич. — Онанда өз шаруамызға келейік.


Бірақ Кузьма тыңдай қоймады:


— Шіркеуге мен бармаймын...


— Сонда сен молокан болғаның ба? — деп сұрады да Тихон Ильич ойланып қалды. "Құрыған екем ғой! Бүл Дурноводан біржола құтылған жөн шығар!".


— Молокан десең де еркің, — деп Кузьма кекесін жымиды. — Сен де шіркеуге барып жүрген шығарсың? Қорқып, жаның қысылмаса баяғыда ұмытқан болар едің.


— Ұмытқанның алды да мен емеспін, соңы да мен емеспін, — деді Тихон Ильич реніш білдіріп. — Бәріміз де күнаһармыз. Айтпаушы ма еді: бір күрсінсең бәрі де кешірімді деп.


Кузьма басын шайқады.


— Үйренген бас дейсің ғой. Сен бір сәтке ойланшы: сонда қалай болғаны? Өмір бойы шошқаша ғұмыр кешіп едің, енді бір күрсінсең құлан-таза болып шыға келесің бе? Бұл әншейін сандырақ емес пе?


"Рас-ау" деп Тихон Ильич үстелге бежірейген күйі үнсіз қалды. Әңгіме қиындап кетті. Қайдағы бір ауыр ойдан, құдай, өмір жөніндегі қыжылы көгі сөзден қашу үшін ол аузына келгенін айта салып еді:


— Жұмақтан қашпас едім-ау, әттең күнәм жібермейді.


— Міне, міне, міне! — деп Кузьма іліп әкетті. — Біздің ең жақсы көретін тірлігіміз де осы, сорымыз да осы: сөзіміз бір басқа, ісіміз айдалада! Ежелден орыстың жыры осы: шошқаша өмір сүру харам, бәрібір шошқаша өмір сүріп жатырмын, шошқаша өмір сүре бермекпін! Жо, енді шаруаңды айт...


Шымшықтың үні өшкен. Трактирге жұрт тола бастады. Енді базардың әлдебір ләпкесінен бөдене қақсап жөнелді. Шаруа жайында әңгіме аяқталғанша Кузьма соның дауысына құлақ түріп отырды да ара-түра күбірлеп "ғажап!" деп тамсанып қояды. Келісім бітісімен үстелді алақанымен салып қалды да сөзді кілт кесіп:


— Жә, енді көп езіп жатпалық! — деп қолын пенжағының жанқалтасына жүгіртті де бір бума қағазды суырып шықты, солардың ішінен сұр тысты кітапшаны тауып алып ағасының алдына тастай салды.


— Мінеки! — деді. — Сенің тілегіңді, өзімнің көңілшектігімді жеңе алмай беріп тұрмын. Нашар кітап, өлеңдер талғамсыз, баяғыда жазылған... Енді амал жоқ.Мә, ал да тығып таста.


Тихон Ильич кәдімгідей толқыды, інісінің "автор" екені, мынау сұр кітаптың сыртында "К.И. Красовтың өлеңдері" деп жазылғаны көңілін өсіріп тастап еді. Қолына алып, аударып-төңкеріп қарады да жасқаншақтап:


— Оқып жіберсең қайтеді а?.. Өтінем, бір-екі өлеңіңді оқып жіберші! — деді.


Кузьма пенснесін киіп, кітапты алдынан алыстата ысырып қойды да екі көзі әйнек астынан ежірейіп, тұқырайып отырып оқи бастады, әдетте әуесқойлардың Кольцовқа, Никитинге еліктейтін дерті, айтары тағдырға деген назы, жоқшылыққа деген іштегі қыжылы мен түнерген аспанның түндігіне өкпесі. Сонда да беті алабұртып, оқта-текте дауысы дірілдеп кетіп отырды. Тихон Ильичтің де жанары жалтылдап көңілденіп қалды. Қайтсын, өлең жақсы ма, нашар ма, оған бәрібір, оның көңілін елірткен мынау қасындағы махорка мүңкіген жыртық етікті қарапайым өз бауырының жазғаны...


— Әй, Кузьма Ильич, — деді Кузьма пенснесін шешіп демігін басқан соң, — екеуміздің өңіміз бір екен ғой. — Тихон кейісті қабақпен езу тартты. — Екеуміздің әніміз бір екен: айна қатесіз!


Інісін Дурновоға әкеліп қамады да Тихон Ильич сол өңіне бұрынғыдан да өршелене кірісті. Әуелі Дурновоны тапсырмас бұрын ит жеп қойған жаңа тәжіні сылтауратып Родьканы жұмыстан қуып шықты. Родька оған қиналып та жатқан жоқ, әдетінше қорс етті де жоқ-жұқанасын жинауға лашыққа кіріп кеткен. Келіншек те оның бұйрығын селт етпей тыңдаған сияқты еді, Тихон Ильичпен айырылысарда тағы да үн-түнсіз бетіне тіктеп қарамай кетіп қалған. Бірақ жарты сағат отпей Родька әйелін ертіп кешірім сұрауға қайтып келді. Келіншектің жылаудан екі көзі бұлаудай, босағадан озбай тағы да мыңқ етпей сазарып тұр. Родьканың басы салбырап кеткен, картузын мыжғылай береді, бет-аузы әлем-тапырық, мұның да жылағысы келіп тұрған сияқты, ал Тихон Ильич қабағының астымен қадалып, тек шот қағумен болды. Бар істеген жақсылығы — ит жеп кеткен тәжінің құнын даулаған жоқ.


Тихон Ильичтің көңілі енді орнықты. Родькадан құтылып, шаруаны інісіне тапсырған соң иығынан жүк түскендей жеңілденіп қалды. "Кузьма сенімсіз адам, қуыс кеуде сияқты, бірақ әзірге жарап тұр". Ворголға келісімен бүкіл қазан бойы тыным тапқан жоқ. Оның көңілін тапқандай ауа райы да керемет жайма-шуақ болды. Бірақ аяқ-астынан бұзылды — күн сайын нөсерлі дауыл, Дурноводан да күтпеген шатақ бұрқ етті.


Родька казан айында теміржол бойында жұмыс істеген, ал Келіншек жұмыссыз үйде бос отырды, тек анда-санда усадьбаның бағында қол қыбырлатып болар-болмас тиын-тебен тауып жүрген. Мінезі де қатты өзгеріп кетті: үйде үн-түнсіз жылаумен болды да бақ ішінде өте көңілді, қарқылдап күліп, Донька Коза дейтін мысырлықтан аумайтын ақымақтау келген асқан сұлу қызға қосылып ән салумен жүрді. Коза бақтың бұрышын жалдап отырған бір мещанинмен бірге тұратын, ал Келіншек соның сотқарлау інісіне көз сала берді де ән айтқан болып өліп-өшіп, оған ғашық екенін сездіріп маза бермепті. Екеуінің арасында не болғаны белгісіз, әйтеуір осының аяғы масқара шатақпен біткен: қалаға кетер алдында мещандар шалашта "бастаңғы" жасапты да соған Коза мен Келіншекті шақырса керек, түнімен әндетіп, түні бойы тамақпен тығындап, арақпен суарып, таң ата ат жеккен кезде өле мас Келіншекті жерге алып соғыпты да қолын байлап, етегін тыр-жалаңаш түріп кеудесін арқанмен шырмап тастапты. Шошыған Коза қашып барып қалың қурайдың арасына тығылған екен, басын көтергенде мещандардың арбасы бақ ішінен ұзап та кетіпті, сол сәтте ғана ол ағашта таңулы тұрған жалаңбұт Келіншекті көрсе керек. Сібірлеп тұманды таң атқан, сыбырлап сірке жаңбыр бүркіп тұрған, Коза еңіреп жүріп, дірілдеп-қалшылдап жүріп Келіншекті арқаннан босатты да ата-анасының атымен ант-су ішіп, бақта болған бұл жағдайды біреуге айтсам мені найзағай соғып өлтірсін деп қарғанған... Бірақ бір апта өтпей жатып-ақ масқара болған, Келіншек туралы өсек бүкіл Дурновоны кеулеп кеткен...


Бұл өсектің өтірік-шынын анықтау, әрине, мүмкін емес, "көрген ешкім жоқ, ал Коза айта салуға ақы сұрамайды". Дегенмен осы өсекке байланысты сыпсың сөз күннен-күнге өрши түсті де Родька қашан келер екен, қатынын қалай жазалар екен деп жұрт шыдамсыздана күткен. Бақ ішінде болған бұл кесапатты Тихон Ильич те жұмысшыларынан естіп қатты қобалжып жүрген, себебі мұның аяғы кісі өлімімен бітуі де ғажап емес-ті. Кісі өлімі бола ма, әлде басқадай шатақпен біте ме, әйтеуір бұл оқиға Дурновоны бір дүрліктіріп тастайтыны рас еді, құдай сақтағанда, Михайлов күнінің қарсаңында киім ауыстырам деп түн жамылып келген Родька "ішім әкетіп барады" деп кенеттен өліп-ақ кеткені. Хабар Ворголға келесі күннің кешінде жеткен, Тихон Ильич жаңбырға қарамастан асығыс ат жектірді де інісіне тартты. Шай үстінде бір бөтелке шарапты тастап алды да қызып отырып, көзі алақтап:


— Бұл менің күнәм, бауырым, күнәһар менмін! — деп ақталмастан мойындады.


Кузьма көпке дейін үн қатқан жоқ, саусақтарының буынын сықырлатып бөлме ішінде ары-бері сенделіп жүрді де қойды. Кенет жұлып алғандай:


— Ал, енді бір ойланып көрші, — деп ағасына қадалды. — Біздің халықтан өткен жауыз жұрт бар ма екен? Соқыр тиынға тұрмайтын тоқаш ұрлаған байқұс баланы тойымсыз қорқаулар жабылып қуып, ұстап алса өңешіне сабын кептейді. Өрт, төбелес десе бүкіл қала жүгіреді, жаны ашығандықтан ба, әлде қызықтау үшін бе? Жә, басыңды шайқама! Әлдекім қатынын итше тепкілеп, болмаса баласын шырылдатып шықпыртып жатса айызымыз қанып тұратынымыз қалай? Мінеки, әңгіменің ең қызығы осында.


— Есіңде болсын, — деп Тихон Ильич оның сөзін бөліп жіберді. — Нақұрыстар қайда барсаң да толып жатыр.


— Солай де. Әлгіні сен өзің әкелген жоқ па едің... аты кім еді? Әлгі ақымақтың?


— Үйрек Бас Мотяны айтасың ба?


— Иә, соны айтам... Соны әмпей-жәмпей ермек үшін әкелмеп пе едің?


Әкелгенім рас, — деп Тихон Ильич жымиып күлген болды. Бірде сол Мотяны шойынжолға да алып барғанмын — қанттың бөшкесіне отырғызып, бөшкенің сыртына: "Абайла. Бітеу ақымақ" деп жазып қойғанмын.


— Сол ақымақтарды ғой ермек үшін кісі сабауға баулыдыңдар! — деп Кузьма кейісті қабақ танытты. — Бейшара қалыңдықтардың қақпасын қара маймен былғап тастаймыз! Қайыршыларға ит қосамыз. Ермегі таусылғандар шатырда отырған кептерді таспен атып түсіреді. Ал кептерді жеу күнәһарлықтың үлкені екенін білеміз бе? Әулиенің қасиетті рухы кептер бейнесін қабылдайтынын ұмытпа!


Самауыр баяғыда өшіп қалған, шырақ түбіне дейін балқып, бөлме көк түтінге түншығып тұр, саптаяқ толы мыжылған темекінің сілекейлі тұқылының иісі қолқа қабады.Терезенің жоғарғы бұрышындағы қаңылтырдан жасалған булық ашық еді, сол жақтан ара-тұра ызылдаған, быжылдаған жылаңқы дыбыс келеді — " тұп-тура болыс басқармасындағыдай" деп ойлады Тихон Ильич. Бірақ он булық болса да темекі түтінінің сейілетін түрі жоқ. Шатырды тырналаған тыстағы жаңбыр толастар емес, Кузьма сағат тіліндей бөлме ішінде теңселіп ауыз жаппай сөйлеп жүр:


— Иә, бәрі жақсы, айтарға жоқ! Бұдан өткен жұмақ болар ма! Тарихты оқысаң төбе шашың тік тұрады: ағайын ағайынды, құда құданы, баласы әкесін бауыздап, қызыл қанға бөктіріп жатқаны... Аңызды тыңдасаң одан да бетер ләззат аласың: "ақ төсін аяусыз жарып", "қанымен қара жерді суарды"... Ал өлеңіміз ше? Бәрі бір бірінен аумайды: өгей шеше "жұлымыр да тойымсыз", қайын ата "қабаған да қазымыр", "шынжырлы төбеттей талауға төніп отыр", қайын ене де "зұлым" — "байлауда жатқан қабаған қаншық", абысын — сөз жоқ "өсектің мөшегі", бажалар — "қасқой құшы— иаштар", күйеу — "не ақымақ, не маскүнем", әкесі оны "қатыныңды қаны шыққанша саба, терісін бақайына дейін сыпырып ал" деп айтақтайды, ал сол келін болса оған "еденді жуып сорпаға косады" да "табалдырықты сыпырып ботқа" жасап береді, енді күйеуіне сөйлей қалса айтатыны: "Түр, жексұрын, көзіңді аш, міне саған шәйінді — жуын, міне шылғау — сүртін, міне жіп — қылғынып өл"... Ал мәтеліміз ше, Тихон Ильич?! Одан өткен нас, одан өткен дөрекі бар ма! Мақалымыз ше? "Бірді өлтірсең — тірінің екеуін береді"... "Қарапайымдылық ұрлықтан да жаман"...


— Демек, сеніңше қайыршының өмірі рахат екен ғой? — деп Тихон Ильич мысқылдап күлді.


Кузьмаға керегі де осы еді, қуана құптай жөнелді:


— Міне, дұрысын айттың! Дүниеде тыржалаңаш бізден басқа жұрт жоқ, соған тас-талқан болатын да біз. Хайуандығымызды кедейлікпен жасырғымыз келеді! "Албасты! Аузыңа салар нәр таппай тұрсың ба...". Мінеки саған мысал: Дениска... әлгі ше... Серыйдың ұлы... етікші ше... сол бір күні маған айтады...


— Тұра тұршы, — деп Тихон Ильич оның сөзін бөліп жіберді. — Серыйдың өз халі қандай екен?


— Денисканың айтуынша аштан өлейін деп жатқан көрінеді.


— Мұжықтың құзғыны сол! — деп Тихон Ильич кесіп тастады. — Сен маған ол туралы жырыңды айтпай-ақ қой.


— Жырлайын деп тұрған мен жоқ, — деп Кузьма ренжіп қалды. — Сен онанда Дениска туралы тыңдасаңшы. Сол Дениска айтады да: ашаршылық жылы шәкірттер жиналып Черная Слободаға шығатын едік, сонда жезөкше дегенің құртша құжынайтын. Қып-қызыл аш, аштықтан құр терілері ғана қалған. Қызмет көрсеткені үшін жарты әшмөшке нан берсең астыңда жатып-ақ жеп қоятын... Күлкінің көкесі деген осы емес пе!.. Естідің бе! — деп Кузьма айқайлап жіберді. — Осы да күлкі болғаны да!


— Құдай үшін, тоқтай тұршы, — деп Тихон Ильич тағы да сөзді бөлді. — Сөзге қонақ берші, әлгі мәселе жөнінде бір ауыз бірдеңе айтайын да!


— Ал, айта ғой, — деді Кузьма. — Бірақ айтатын да не қалды? Сонда не істемексің? Амалың жоқ! Ақша бер — сонымен іс бітті. Өзің ойлашы: отын-су жоқ, тіске сыздық және жоқ, жерлейтін жер шамасы қайсы! Содан соң тағы да жалға шақыр. Маған, аспазшы ретінде...


* * *


Үйге Тихон Ильич елең-алаңда қайтты: ызғарлы соқыр тұман еді, сыз тартқан қора-қопсыдан түтіннің иісі шалқиды, тұман астындағы деревнядан қылғынып қораздар айқайлай бастаған, баспалдақ үстінде бұралып ит жатыр, үй іргесіндегі жапырағынан жұрдай болған кәрі алма ағаштың бұтағында кәрі түйетауық құр — жиіп ұйықтап отыр. Жел қуған боз бұлыңғырдан далада екі адым жер көрінбейді. Денесі дел-сал болып қатты шаршағанымен Тихон Ильичтің ұйықтағысы келмеді де әдетінше атын бар жүрісіне салған, құйрығын түйіп тастаған дәу торы бие судан сауыры жылтырап, жүдеп кеткендей қабақтай қарыны қабысып түрі қара баран тартыпты. Желден бетін бұрып, шұға шекпенінің жағасын көтеріп еді, күмістей жылтылдаған жаңбыр мөлтештері мұздай екен, кірпігіне іркілген сұп-суық тамшылардың астынан зырлаған доңғалаққа шылп-шылп жабысқан қара батпаққа қарады да отырды, ылжыраған лай барған сайын қалыңдап, қонышына дейін өрлеп барады, соның ар жағынан бұлт-бұлт ойнаған аттың сауыры, боз кіреукенің арасынан қылтылдаған құлағы көрінеді... Содан бет-ауызы шұбар-ала болып үйге жеткенде ең алдымен көзіне түскені мамағашта тұрған Яковтың аты еді. Божысын арбаның алдыңғы қалқанына байлай салып ләпкенің ашық қалған есігіне тұра жүгірді де сасқанынан қалт тұрып қалды.


— Далдон! — деп күңкілдеп жатты қоршаудың арғы жағынан Настасья Петровна күйеуінен естігенін қайталап, бірақ даусы майда әрі жылаңқы шықты, еңкейіп ақша салған жәшікті ақтарып, өңшең бақырды салдырлатуына қарағанда қалған пұлын қайтаруға ұсақ тиын таппай жатса керек. — Далдон! Кересіні бар болғыр қай жерде арзан дейсің!


Ақыры түк таппастан басын көтерді де қарсы алдында тұрған үстінде шолақ тон, басында бөрік, жалаңаяқ Яковқа, бетіндегі түр-түсі белгісіз қисық сақалына қадалып қарады:


— Мүмкін қатыпы улап өлтірген шығар? — деді.


— Біз оны қайдан білейік, Петровна, — деп Яков міңгірлеп болса да асығыс жауап берді...  — Сайтан біліп пе... Біздің шаруамыз қанша... Пәлелі жыртыққа бармағыңды тықпа деген ғой...


Осы күбір ойынан кетпей күні бойы Тихон Ильичтің екі қолы қалтырап жүрді. Жұрттың бәрі де Родьканы қатыны улап өлтірді деп ойлайтын сияқты.


Сәтіне қарай құпия құпия қалпында қалды: Родька жерленді, табыттың соңынан ерген Келіншек шын көңілімен ағыл-тегіл жыласын келіп, тіпті елден ыңғайсыз болды — көздің жасы сезімнің белгісі емес, рәсім үшін еді ғой. Жүре-келе Тихон Ильичтің күпті көңілі де орнықты.


Бір жағынан шаруаның қамы да шаш етектен, ал көмекші жоқ. Настасья Петровнаның септігі шамалы. Тихон Ильич батрақты күзгі аласапыранға дейін "келімсектерден" жалдайтын. Олар әлдеқашан тарап кеткен. Қалғаны жыл бойғы "жатақтар" — аспазшы, Жмых атанып кеткен күзетші шал, содан соң "көк төңірінің нақұрысы" Оська дейтін қолбала. Бір ғана малдың өзі қаншама күтім тілейді. Жиырма шақты қой қыстап шығады. Бітеу үйшікте қабағы ашылмайтын қанағатсыз алты бірдей қорсылдақ қара шошқа жатыр. Жем қорасында үш сиыр, бір өгіз, қызыл торпақ тұр. Шашпада — он бір жылқы, ақырда — көк айғыр, өзі шадыр, жалы жерге түскен, көкірегі қаптай, салмағы шойындай — нағыз мұжық, құны төрт жүзден кем емес: әкесінің аттестаты бар еді, бағасы мың жарымнан асатын. Осының бәріне көзқарақ қажет.


Настасья көптен бері қаладағы таныстарына қонақтап қайтсам деп жүр еді. Ақыры жиылып-теріліп кетіп қалды. Шығарып салған Тихон Ильич бос мөңгіріп далада біраз жүрді. Иығында шошайған мылтығы бар кіре жолда Ульяновкадағы пошта бөлімінің бастығы Сахаров келе жатыр екен, мұжықтарға қырғидай тиісетін зұлым деген атағы шыққан, "бір ауыз хат тапсырып болғанша қол-аяғың қалшылдап құтың қашады" дейтұғын. Тихон Ильич қиғаштап алдын тосты. Қабағының астынан оған қадалып тұрып: "Ақымақ шал, балшықты пілдей есіп келе жатқанын қарашы" деп іштей сөгіп тастады да жорта көңілді шырай танытқан болып:


— Антон Маркыч, тегі егістік жайды аралап қайтқансыз-ау, — деді.


Поштагер тоқтаған соң қасына барып сәлем берді.


— Қайдағы егістік! — деп ол кейісті жауап қайырды. — Геморрой отырғызбаған соң әйтеуір сандалған да. — Көтеу деген сөзге әдейі мән беріп айтып еді. Еңкіштеу келген еңгезердей картамыштың қобыраған бурыл шашы құлағының үстінен салбырап, танауының ішінен де боз қылтанақ едірейіп тұр, доғаша иілген қабақ жүннің астынан шүңірек көз жылтырайды.


— Есіңізде болсын, — деді Тихон Ильич саусақтары тарбайған дөңбектей қолын ұсынып жатып дереу қоштай жөнелді. — Есіңізде болсын, бұл өңірдің бүгінде аты да жоқ, қараң қалды емес пе, аң да, құс та ауып кетті.


— Орманды да отап тастады, — деді поштагер.


— Отады ғой! Отағанда қандай! Қайшымен күзегендей қылды! — деп Тихон Ильич одан да асырып жіберді. — Бәрі де түлеп бітті! Дүние түлеп жатыр.


Соңғы сөзін неге айтқанын Тихон Ильичтің өзі де білмейді, әйтеуір тегін айтпағанын сезді. "Бәрі де түлеп бітті, ұзақ қыстан жүдеп шыққан алба-жұлба арық малдай" — деп ойлады. Поштагермен қоштасқан соң да маңайын көзбен шолып кіре жолдың үстінде ұзақ тұрды. Тағы да жаңбыр сіркірей бастады, сүйкімсіз дымқыл жел ұрып тұр. Сүдігер, күздік, қысыр аңызға бөлінген тілік-тілік толқынды жазық қарақұрық тартып барады. Түнерген аспан да аласарып жерге жақындай түскен сияқты. Жаңбыр суынан жол үсті мырыштай жалтырап қалыпты. Теміржол бекеті Мәскеуге жүретін пошта поезін күтуде, сол жақтан самауырдың иісі келді де Тихон Ильичтің көкейі жылы үй, жайлы төсек, жарасты отбасын көксеп сала берді...


Түнімен тағы да жаңбыр құйды, көзге түртсе көргісіз тас қараңғы. Тісін шықырлатып Тихон Ильич жаман ұйықтады. Жол бойында тұрғанда денесін суық ұстаса керек, тұла бойы қалшылдады — үстіне жамылған шұға шекпені түсіп қалыпты, сол-ақ екен, жауырыны мұздаса болды, бала кезінен маза бермейтін бір жексұрын түсін тағы көрді: ымырт екен, қайдағы бір қиқы-жиқы шолақ көше, жан ұшыра безектеген қалың тобыр, ырсылдаған семіз ат жеккен өрт сөндірушілер тырапайлап шауып барады... Үш дүркін шошып оянды, сіріңке жағып еді, сағат үш екен, шекпенін көтеріп қайта жатты да көзі ілініп бара жатып ләпкені тонап, жылқыларымды қуып кетер ме екен деп уайымдады...


Бірде ол өзін Данковадағы жолаушылар үйінде жатырмын деп ойлады, түнгі жаңбыр қақпа қалқанынан сорғалап, маңдайшадағы қоңырау дамылсыз сылдырлап, есік сықырлай берді, бір уақытта ұрылар қараңғы түнді жамылып мұның көк айғырын жетелеп келген екен, егер осында жатқанын білсе өлтіріп кетері хақ... Ара-тұра есін жиып алады. Бірақ өңінде де үрейден құтыла алмады. Күзетші шал таяғын тықылдатып терезенің алдынан ары-бері өтеді, бірақ тықылы тым алыстан естілетін сияқты, енді бірде Буян әлдекімге шабаланып, арсылдап алысқа ұзап кетеді де дереу қайтып келіп терезе көзінде тапжылмай тұрып алады да дамылсыз үріп ұйқы берсін ше. Сол кезде Тихон Ильич тысқа шығып далада не болып жатқанын біліп қайтқысы келеді. Қырсыққанда оның ойын сезіп қалғандай тас қараңғы даладан желмен жарыса соққан дүлей жаңбыр терезені қасақана өршелене сілкілейді де ұйқы шіркін әке-шешеден де қымбат боп көрінеді...


Не заматта есік ашылып, күзетші Жмых бір бума сабан мен бір қора суық ызғарды үйге ала кірді. Тихон Ильич көзін ашқанда бөлме іші кілегейленіп, терезе терлеп тұр екен.


— Жақ, бауырым, дүрілдет! — деді шала ұйқы Тихон Ильич даусы қырылдап. — Әуелі малды отқа қоялық, содан соң барып ұйықтарсың.


Суық пен жаңбырдан көкпеңбек болып, шаршап, бір түннің ішінде жүдеп азып кеткен шал қожайынға мөлиген отсыз жанарын зорға көтерді. Малмандай малақайын, су сіңген ескі шекпен мен балшық кептелген шарқайын әзер көтеріп пеш алдына жүрелеп отырды да оттықтың көмейіне мұздай сабанды нығарлап жатып бірдеме деп күбірлеген болды.


— Ей, сиырлар ендігі тілін жалмап қойған шығар? — деп Тихон Ильич төсектен түсіп жатып зіркілдей жөнелді. — Танауыңның астынан не деп күңкілдеп отырсың?


— Түні бойы сандалдым, енді мал жайлау керек болыпты, — деді шал басын көтерместен от үрлеп отырып.


— Көрдім сенің қалай сандалғаныңды! — деп Тихон Ильич оған көзінің қиығымен ата қарады.


Бешпентін киіп, ішінің ептеп қалтырағанына қарамастан балшық басқан баспалдаққа шықты, бұлыңғыр таңның былжыраған ызғарынан бірден денесі тітіренген. Іркілген шалшық қайда қарасаң да қорғасындай жалтырайды, жаңбырдан қабырға біткен қап-қара болып кеткен. Аспан әлі де ептеп себелеп тұр екен, "түске таман тағы да жауатын болды" деп жорамал жасады. Бұрыштан еркелеп өзіне бас салған Буянға таңдана қарады: көзі шырадай жанып, қып-қызыл тілі шоқтай бусанып, ып-ыстық демінен иттің күлімсі иісі атып тұр. Тіпті түнімен үріп, түнімен жүгірмеген сияқты.


Тихон Ильич Буянды мойынтұрығынан алды да балшықты малшылап қора-қопсыны айналып жүріп барлық құлыпты тексеріп шықты. Содан соң ғана итін амбар алдындағы шынжырға байлап сенекке кірді, жеке тамдағы үлкен ас бөлмеге бас сұқты. Ашыған тамақтың иісі мүңкіп тұр екен, бірақ жып-жылы; аспазшы тақыр тақтайдың үстінде ұйықтап жатыр, бетін фартукпен жауып алған, екі аяғын бауырына жиып, бөксесін торситып шығарып тастапты, ұлтаны балшық еденге тапталған пимасын да шешпепті; Оська майлы дәу жастыққа басын тығып нарда жатыр, жамылғаны шолақ тон, аяғында шарқай. "Сәбимен шатысқан сайтан! — деп Тихон Ильич жеркенгендей болды. — Көрдің бе, түнімен ылығып, таң атқанда ұйқыға басқанын!".


Ыс басқан қабырғаны, сығырайған шағын терезелерді, жуындыдан быршыған бадейка мен абажадай пешті көзімен адақтап шығып айқай салды:


— Ей! Бояр мырзалар! Ұят дегенді де білу керек қой!


Аспазшы пеш жағып, шошқаларға картошка пісіріп самауыр қайнатқанша Оська жалаңбас, ұйқылы-ояу жығылып-сүрініп жүріп сиырлар мен жылқыға топан тасыды. Тихон Ильич бітеу қораның сықырлауық қақпасын өзі ашып, алдымен өзі кірді, жып-жылы, бірақ былығып жатыр екен, жеке-жеке бөліп тастаған қуыстар да белден. Божыған қый қызыласықтан асады. Тезек, сідік, жаңбыр — бәрі жиылып қоңыр қоймалжыңға айналған. Жылқылар шатыр астында сенделіп жүр, қысқа қарай түгі жетіліп қарақылшық тартып қалыпты. Балшықтан алабажақ болған сатал қойлар бір бұрышта ұйлығып тұр. Дымы жоқ бос ақырдың қасында қартайған боз керік мүлгиді. Аула төбесіндегі түнерген аспанның кейісті қабағынан сірке жаңбыр толассыз сеуіп тұр, сеуіп тұр. Саман кепеге қамалған шошқалар қинала сыңсып, қолқасын кере қорсылдайды.


"Сары уайым" деп ойлағаны сол еді, дәл осы кезде бір бума сағдар сүйретіп келе жақан шалға барқ етіп айқай салды:


— Кәрі ит-ау, балшықпен сүйреткенің не?!


Шал сағдарды жерге тастай салды да бетіне бежірейіп тұрып аспай-саспай:


— Сол иттен естіп тұрмын! — деді.


Тихон Ильич бала кетті ме, кетпеді ме деп жан-жағына жалтақтап қарады да Оська көзіне түспеген соң асықпай шалға келіп бар пәрменімен ауыздан періп жіберді, басы қалтаңдаған байқұсты жағасынан алып қақпаға қарай атып ұрған:


— Жоғал! — деді сұп-сұр болып қақалып-шашалып. — Енді бұл жерден иісің де шықпайтын болсын, қайыршы неме!


Шал қақпа сыртына атып кеткен, бес минут өтпей иығында мөшегі, қолында таяғы, жолға түсіп үйіне бүгжеңдеп бара жатты. Тихон Ильич қолы дірілдеп айғырына су берді, кешеден қалған жемді шылап, араластырып үстіне сұлы қосты да ки мен балшықты аяусыз езгілеп лашыққа беттеді.


— Дайын болды ма? — деді есікті ашар-ашпастан.


— Тоясың! — деді аспазшы да қитығып.


Қазандағы картоптың буынан лашықтың іші тұманданып тұрған. Аспазшы мен Оська оқтаумен картопты езгілеп, үстіне ұн сеуіп жатты да оқтаудың тарсылынан оның не айтқанын Тихон Ильич естімей қалды. Ақыры есікті сарт жауып шай ішуге кетті.


Қуықтай кіреберістегі жолда жатқан былғаныш жабуды теуіп тастады да, түкпірдегі мырыш легенді төбесіне киіп алып талтиып тұрған орындыққа тура тартты, кір сабынның тұқылын езгілеп, жез қолжуғыштың кіндігін салдырлатып жуына бастады. Жуынып жатып та аузы-басын қиқаңдатып, танауы қусырылып, бежірейген бетіндегі ашудың ізін баса алмады:


— Бұларды да жұмысшы деп! Бір сөз айтсаң — он жауап! Он сөз айтсаң — жүз сөз! Жоқ-ә! Жаз болса құртша құжынайсың! Қыс түскенде көрермін, бауырым, аштық қысқанда аяғыма келіп жығыларсың, өңшең иттен туған нәжістер!


Орамал сонау Михайлов күндерінен бері ілулі тұр еді. Түтесі шыққан кір шүберекті көргенде Тихон Ильичтің жақ-шықшыты білеуленіп, тісі шықырлап кетті.


—  Оһ! — деп көзін жұмып, басын шайқап-шайқап жіберді. — Ох, көк патшасы қатын құдай!


Иткірмеде екі есік. Бірі сол жақта — келген-кеткендер үшін босатқан терезесі қораға қарайтын сопайған күңгірт бөлме; қара клеенкамен қапталған жамбасы тастан қатты арбадай екі диван тұр, езіліп қалған, кеуіп қалған, жорғалап жүрген қандаладан көз жамырайды, оның жоғарғы жағында жағына бұйра түбіт бакенбарды жапсырып алып генералдың портреті тұр, соның маңайына орыс — түрік соғысы батырларының ұсақ-түйек портреттерін жыпырлатып іліп тастапты, етегінде лепірме жазу бар: "Біздің әкеміз, ержүрек жауынгер Сүлеймен пашаны талқандап, қас жауымызды жеңіп, қанатты құдайлар мен тұман ғана мекен еткен асуларды балаларымен басып өткенін кейінгі ұрпақтар, иісі славян бауырларымыз ешқашан ұмытпайды!". Екіншісі — отбасының бөлмесі. Есік көзіне таяу ыдыс-аяқ қоятын шынылы сөре, оның сол жағында орыс пеші — кезінде қақ ортасынан жарылып кеткен соң балшықпен сылаған болып еді, енді шөкелеп жатқан бүкір адамдай Тихон Ильичтің көзін әбден жауыр қылды. Пештің ар жағында дөңкиіп екі кісілік кереует тұр; кереует тұсында тікірейген мысық құлақты жолбарыстың суреті бар жасыл жіппен тоқылған кілем.


Есік қарсысындағы қабырғаға тақау кестелі асжаулық жапқан комод тұр, оның үстінде Настасья Петровнаның қыз жасауымен келген қобдишасы.


— Ләпкеге барыңыз! — деп аспазшы есіктен сығалап айқай салды.


Көз жетер қашықты тағы да дымқыл тұман басып қалыпты, дүние тағы да қарақұрық тартып жаңбыр сіркіреп тұр, тек желдің бағыты өзгеріп терістен соққан соң ауа тазара түскен секілді. Күндегідей емес бекеттен жол шеккен тауар пойызы қаттырақ қышқырып жіберді.


— Амансың ба, Тихон Ильич! — деді есік көзіне ала атын жетектеп келіп тұрған жырық ерін мұжық қазандай су тымағымен басын шұлғып.


— Аманбысың, — дей салды Тихон Ильич мұжықтың ернінің жырығынан жалтыраған тісіне көзінің қиығын тастап. — Иә, не бұйымтай?


Асығыс керәсінмен тұз өлшеп берді де, ас үйге асығыс қайтып келді.


— Өңшең иттер, шоқынайын десең маңдайыңды да босатпайды! — деді жүре күңкілдеп.


Іргедегі үстел үстіндегі самауыр тас-талқан боп бұрқылдап тұр еді, қабырғаға ілген айна беті ақ будан тершіп қалыпты. Терезе буланып, айна астына жапсырған кремль алдындағы қолына Ресей туын ұстап шіренген сары кафтан, қызыл етікті еңгезердей жігіттің суреті де бусанып тұр. Суреттің айналасы да жыпырлаған фото, солардың ортасында бүйрек бет, сықсима көз, қымбат шекпенді атақты священниктің портреті ерекше көзге түседі. Соны көрген Тихон Ильич дереу бұрыштағы иконға бар ықыласымен шоқынған болды. Содан соң күйелі бөксе құманды самауырдан алды да борсыған жапырақ мүңкіген құла шайды стақанға толтыра құйды.


Әлдебір өткен-кеткенді есіне алғысы келді, бір нәрсе істегісі де келді, әлде жақсы атақпен жатып алып ұйқы қандырсам ба екен деп те ойлады. Жылы төсек пен тыныштықты көкседі, жатып алып жақсы ойға шомғанға не жетсін. Орнынан тұрды да мен мұндамын дегендей шынаяқты сылдырлатып маза бермеген шынылы шкафқа барды да шырғанақтан айдалған бір бөтелке арақ пен бүйірінде "мұны қонақтар да ішеді" деген жазуы бар шартық стақанды қолына алды...


— Ішсем бе, ішпесем бе? — дегенді әлдекімге айтқандай даусы шығып кетті.


Ақыры құйды да тартып жіберді, тағы құйып тағы да тартып жіберді. Крендельмен арақтың ашуын басып үстелге келіп отырды.


Бір түйір қантты таңдайының астына байлап қойып ыстық шайды рахаттана сораптады. Шайды сораптап отырып қабырғадағы суреттерге, сары күртелі мұжыққа, тіпті әсем шекпенді иерейге де көзінің қиығымен күдіктене қарады.


"Біз секілді шошқаларға дін не теңі!" — деп ойлады да содан ақталғандай: — Деревняда тұр да божыған борщ ішіп көр! — деді.


Иерейге қитыға қарап отырып бір нәрседен күдік алғандай болды, тіпті осы иерей туралы түйсігі де жалған сияқты көрінді. Егер ыждаһатпен ойланатын болса... Кенет ол назарын Мәскеу кремліне аударып әкетті.


— Масқара, осы уақытқа дейін Мәскеуді де көрмеппін-ау! — деп күбірледі.


Иә, көрмегені рас. Неге? Шошқалар жібермеді. Одан саудадан қол босамады, одан соң жолаушылар қоналқысы, қабақ рұхсат етпеді. Мәскеу дейді ғой! Мынау шоссенің арғы бетіндегі қайың тоғайын аралап қайтсам дегеніне де он жылдан асып барады. Бір бос уақыт табармын деуші еді, кешкі салқынмен кілемімді сүйретіп, самауыр алып көкке шықсам дейтұғын, бірақ сол бос уақыттың реті болмай-ақ қойды... Саусағыңның арасынан аққан су секілді күндер зырлап өтіп барады, ес жиып үлгергенше елу жасқа кеп қапты, осымен бәрі біткені ме, жалаңбұт жүгіріп жүргені осы кеше ғана емес пе еді!


Рамада тырп етпей бежірейген екі адам. Қалың бидайдың ішінде жатыр — Тихон Ильич, жас көпес Ростовцев, қолдарында тобылғы түсті тор сыра... Енді ғана басталған екеуінің арасындағы достық қандай еді десеңші! Сүретке түскен сұрғылт күн әлі есінде. Сол қай жылы еді? Сол Ростовцев қайда? Өлі ме, тірі ме, оған да көзі жетпейді. Анау қатар тұрып тастай қатқан үш мещанин, шаштарын жылмитып артына қайырып тараған, кестелі көйлек, ұзын сүртік, жалтырата майлаған етік — Бучнев, Выставкин мен Богомолов. Ортададағы Выставкиннің қолында ағаш табаққа салып, бетін кестелі қораз суреті бар орамалмен жапқан нан-тұз, Бучнев пен Богомолов икон ұстап тұр. Шаң бұрқыраған желді күн еді, элеватордың ашылуына байланысты архиерей мен губернатор келген, соларды қарсы алуға жиналған қадірлі жұрттың ортасында болғанына Тихон Ильичтің төбесі көкке жеткен. Сол күннен де есінде не қалыпты? Бұлтша жөңкілген құла шаңда элеватор қасында жұрт бес сағат бойы күткен... алтын лампасты ақ шалбар, сарала мундир киген мұнтаздай ұзынтұра губернатор маң-маң басып мінберге зорға жеткен... осының өзімен-ақ елдің зәресін ұшырып, сөз сөйлеп, нан-тұздан дәм татқанда күн тимеген қолының жыланның жаңа ғана сыпырылған қабығындай қурап қалған терісін көргенде таң қалған, жылтыраған сақина толы сорайған ұзын тырнақты қусүйек саусақтары да тым ерсі екен... Қазір сол губернатор да, Выставкин де бақида... Енді бес, он жыл өткенде Тихон Ильичті де көз көргендер — марқұм Тихон Ильич деп ауызға алатын шығар... Алса де.


Пеш қызуынан бөлме жылынып, көңілденіп қалды, айнаның беті ашылған, бірақ буланған терезенің ар жағынан дым көрінбейді, демек тыста ауа қатайған болар. Ыңырсыған аш қабандардың даусы тынар емес, кенет сол ыңырсық жаппай қорсылдап қоя берді — дәу бадейкамен қоймалжың көтеріп бара жатқан аспазшы мен Оськаны көріп қалса керек. Өлім туралы уайымын аяқтап болмай Тихон Ильич папиросын шәйінді шелекке лақтырып жіберді де тысқа беттеді. Қорқылдаған малыңды қиды жырта кешіп дүңгіршектің аузын өзі ашты, буы бұрқыраған қоймалжыңды астауға ақтарып жібергенде шошқалар жапатармағай тұра ұмтылған, Тихон Ильич мұң шалған аш көзін солардан ажырата алмай біраз тұрды.


Өлім туралы ой өкшелеп қойсашы: көз жұмған соң өліктің бәрі бір, бірақ мұны ерекше еске алып кейінгіге үлгі тұтар. Кім еді бұл? Қу жетім, қайыршы, екі күнде бір үзім нан татпаған сорлы... Ал енді ше?


— Сенің өміріңді өлең қып жазу керек, — деп еді Кузьма бірде әзілдеп отырып.


Күлетін ештеңе жоқ. Егер әліпті таяқ деп әзер үйренген қайыршы баладан Тишка емес, Тихон Ильич шықса баста ми болғаны да... Бірін-бірі баса көктеп астауға аяқтарымен кіріп кеткен шошқаларға қадала қарап тұрған аспазшы жоқ жерден баж ете қалғаны.


— Оһ, сақта құдай! Биыл басымызға бір пәле төнбесе болар еді! Түсімде біздің аулаға әлдекім мал қамап кетіпті: қой деймісің, сиыры бар ма, шошқа деген жын атады...бәрі де қап-қара, кіл өңшең қап-қара!


Жүрегі тағы да шымшып алды. Баяғы осы мал! Адамның түбіне жететін мал шығар. Үш сағат өтпей жатып тағы да қолыңа кілт ал, тағы да бүкіл ауланы шиырлап жем тасы. Ашық қорада үш сауын сиыр, шашпада қызыл торпақ, Бисмарк дейтін бұқа: бұларға шөп сал. Жылқы мен қойға топан керек, ал айғырдың талғамайтын тамағы жоқ. Айғыр торлы есіктен басын шығарды да үстіңгі ернін көтеріп, азуын көрсетіп, аузын арандай ашып есінеп алды... Жыны келген Тихон Ильич өзі де байқамай барқ етіп айғай салды:


— Есірген албасты, жай соқсын сені!


Тағы да аяғынан сыз өткізіп алды, сырғақ себелеп тұр еді, әбден тоңазыған соң шырғанақтан тағы бірді тартып жіберді. Күнбағыстың майына шылап картоп, тары ботқасын, тұздаған қияр жеді де саңырауқұлақтың ашымалымен қымыздық сорпасын ішті... Беті қызарып, басы зіл тартты.


Өкшесімен тіреп балшық кептелген етігін шешті де сырт киіммен төсекке жата салды. Сонда да тағы да тұрамын-ау деген уайым маза бермеді: кешкілік жылқы мен сиырға, қойларға сұлы сабанын беру керек, әрине айғырға да... жоқ, оны шөппен қатырайын, кейін дымдап, тұздап жемдермін... Тек басың жастыққа тиген соң ұйықтап қаласың-ау. Тихон Ильич комодка қолын созып қоңыраулы сағатты алды да құлағын бұрап қойды. Сағаттың бір қалыпты тықылынан бөлме ішіне жып-жылы тыныштық келгендей болды. Содан қалғи бастаған.


Көзі ілінер-ілінбестен құлаққа жағымсыз шіркеу үні күңіреніп қоя бергені. Сасқанынан көзін ашып алған Тихон Ильичтің аңғарғаны — екі мұжық танауынан мөңіреп тұр екен, иткірмеден салқын ызғар мен су шекпеннің иісі мүңкиді. Бұл неткен мұжықтар болды деп басын көтерді де қадалып қарады: бірі беті шұбар, танауы пұштиған қауын бас, салпы ерін соқыр, екіншісі кәдімгі Макар Иванович.


Бір кезде оны жай ғана Макарка деуші еді, "Дуана Макарканы" жұрттың бәрі білетін, бірде Тихон Ильичтің кабагіне келген. Қаңғырып кіре жолмен басы ауған жаққа кетіп бара жатыр екен — аяғында шарқай, үстінде майлық секілді шапан, сүмірейіп келіп тұр. Қолында бояған таяқ, оның басында крест, ұшында темір істік, иығында қоржын мен солдат боқшасы; солаңдаған жирен шаш; беті табақтай, мылтықтың ұңғысындай үңірейген шоқпардай танауы шошақ ердің қасындай қақ бөлініп тұр екен, осы бір әлем-тапырық жексұрын беттің үстінде жылтыраған жылан көз. Ұятсыз, әрі жылпос, темекіні бірінен соң бірін сорып түтінін танауынан боздатып отыратын, қарсылықты қаламайтын сөзі дөкір, дәл осы мінезі үшін ол Тихон Ильичке қатты ұнап еді, өйткені, оның "табанын жалаған қу, нағыз иттің баласы" екенін бірден таныған.


Содан Тихон Ильич оны қолқабыс болсын деп үйінде қалдырған. Қаңғыбастың киімін сыпырып тастатты. Бірақ Макарка ұрының алаяғы болып шықты да итше текпілеп кешікпей қуып жіберді. Жыл өткен соң Макарка қарғысымен бүкіл уезге атағы жайылды да жұрт одан өрттен бетер қорқатын болды. Көңіліне жақпаған әлдекімнің терезесіне келеді де "аруақпен бірге бол" деп боздатып тұрғаны, болмаса бір түйір қара май, әлде бір шымшым топырақ ұсынса болды, ол үйден әйтеуір бір өлік шығады.


Енді міне сол Макар үстінде баяғы сол шапан, қолында таяқ, босағада боздатып тұр. Доғала көз соқыр оған қосыла қыңсылауда, оның түр-түсінен Тихон Ильич жыртқыштан озбыр қашқын катаржан екенін бірден таныды. Адамның жанын түршіктіретін екеуінің ұлыған үні еді. Соқырдың екі көзі аспанда, кірпігін жыпылықтатып жарқышақ жіңішке дауыспен сыңсиды да, Макар екі көзі тастай қатып гүжілдеп кеп қосылады. Екеуі бірігіп боздағанда көне шіркеудің күңіренісіндей тұла бойды түршіктірген қорқынышты үн зәреңді алады.


Қара жер-ана жылайды, өксиді! —


деп сыңсиды Соқыр.


Жы-лай-ды, өк-си-ді! –


деп Макар қосыла кетеді.


Спастың бейнесінің алдында, —


деп Соқыр шырылдаса,


Күнаһарлар кешірім өтінсін деп! —


жалғастырады Макар танауы шелектей болып. Содан соң Соқырдың дауысына еріп құдды бір көріп тұрғандай: Құдайдын қаһарынан құтылу жоқ! Тозақтың отынан құтылу жоқ! — деп қорқытады. Кенет екеуі де төбеге ұрғандай тоқтай қалып, Макар өзінің әдепкі дауысымен өктем сөйлеп:


— Көпесім, бой жылыту үшін арағыңнан құйып жібер! — деп бұйырды. Жауапты күтіп жатпастан табалдырықтан аттап Тихон Ильичтің төсегіне жетіп келді де бір суретті ұстата салды.


Бұл әншейін журналдан қиып алған сурет екен, Тихон Ильич көз жүгіртіп қарады да денесі мұздап сала берді. Дауылдан майысқан ағаш, соның түбінде найзағайдың отынан құлап жатқан адам, сурет астында: "Жан-Поль Рихтер, нажағайдың құрбаны" деп жазылыпты.


Тихон Ильич сасайын деді. Бірақ сол сәтте суретті асықпай отырып ұп-ұсақ қылып жыртып тастады. Асықпай төсегінен түсіп, етігін киіп жатып:


— Сен қорқытатын менен көрі ақымақтау біреуді тауып ал, — деді. — Мен сені анаңнан туғаннан білемін. Бергеніме разы бол да табаныңды жалтырат!


Ләпкеге кірді де соқырмен баспалдақ алдында тұрған Макарға екі фунт крендель, тұздаған екі балық алып шығып тағы да мығыздап тұрып:


— Құдайыңды біл! — деді.


— Темекі ше? — деп қоймады Макарка.


— Темекі өзіңде де бір басыңа жетерлік! — деп кесіп тастады Тихон Ильич. — Мені, бауырым, алдай алмайсың! — Аз үнсіздіктен соң: — Сенің осы қулық-сұмдығың үшін қылғындырып өлтіру керек! — деді.


Макарка кірпігін аспанға қадап қасында тұрған Соқырға қарады да:


— Құдайдың құлы, сен қалай ойлайсың? Тұншықтырған дұрыс па, әлде атып тастаған жөн бе? — деп сұрады.


— Атып тастаған жөн ғой, — деді соқыр бар шынымен. — Бірден қиналмай жаһаннамға бірақ кетеді.


Ымырт үйіріліп барады, қаптаған бұлт көкшағыр тартып, күн суып, қыстың ызғары келді. Балшық тоңази бастаған. Макарканы шығарып салып Тихон Ильич сірескен етігімен баспалдақты тоңқылдатып үйге кірді. Шешінбестен терезе алдындағы орындыққа келіп отырды да темекі тұтатып ойға қалды. Өтіп бара жатқан жазды, бүліншілікті, Келіншекті, інісін, әйелін есіне алды... әлі күнге атқарған жұмысы үшін әр отбасына төлейтін қарызын өтемегені есіне түсті. Жұрттың жал ақысын зар илетіп зорға беретін әдеті еді. Күз болса ала жаздай жалда жүрген қыз, жігіттер есігін босатпай, жоқшылығын айтып, жалынып-жалпайып, кейде қарғап-сілеп кетпей қоятын. Бұл да безер. Бетпақтыққа басып айқайлап, құдайды куәлікке тартып, "осы үйде соқыр тиын жоқ" деп қалтасы мен әмиянын ақтарып, сұрамшақтардың "ұятсыздығын", сенімсіздігін "беттеріне" басады да жорта түкірініп қарғанатын... Енді "ұятсыз" өзі екенін мойындап отыр. Әйеліне де аяушылығы жоқ, суық та тым қатал, бөтен екенін енді ғана сезініп, соған да енді таңғалғандай: құдай-ау, оның қандай адам екенінен де түйсігі жоқ екен ғой! Тіршіліктің уайымымен ұзақ жылдар бірге тұрғанда ол байғұс не күн кешіп, не сезіп, не ойлады екен?


Папиросын лақтырып жіберіп екіншісін тұтатты... Не десең де әлгі Макарка ақылды пәле! Ақылды болған соң да алда кімді не, қашан күтіп тұрғанын болжайтын қасиеті болса керек. Ал Тихон Ильичті не күтіп тұрғанын өзі де сезеді. Жас болса келіп қалды.


Қаншама замандастары бақида жатыр! Кәрілік пен өлімнен қашсаң да құтыла алмайсың. Одан балаларың да құтқара алмас еді. Баланы бұл қайдан білсін, балаға да бөтен болар еді, бала тұрмақ өлі-тірісі бар жақын-жұрағатқа да бөтен боп өтіп бара жатқан жоқ па. Адам дегенің аспандағы жұлдызбен бірдей; өмір дегенің тым қысқа, адам шіркін тез өсіп, тез қартайып, бірін бірі танып болмай жатып жалған дүниеден өте шығады, ұмытылып бара жатқан өткеніңді ойлап отырсаң жынданып кете жаздайсың. Жуырда ғана ол өзіне-өзі:


— Менің өмірімді хатқа түсірсе де болады, — деп еді.


Сонда хатқа түсіретін не бар? Дым да жоқ. Жоқ па, әлде қажетсіз бе? Сол өмірден есте қалар ештеңе тұтпапты да. Мысалы, балалық шағын да тап-тақыр ұмытып қалыпты: тек анда-санда жұлым-жұлым бір нәрселер елестейді, әлдебір жазғы күн, әлдебір оқиға, әлдебір құрдасы... Әлдекімнің мысығын өртеп жіберіп таяқ жеді. Бірде ысқырық сыйлағанда қатты қуанғаны бар. Енді бірде мас әкесі:


— Келе ғой, Тиша, келе ғой, жаным! — деп еркелетіп шақырып алып шашынан жұлған.


Егер тілемсек Илья Миронов тірі болса ғой. Тихон Ильич оны мүсіркеп, тамағын тойғызып жіберер еді-ау, ал бұл оны кезінде танымай да қалған жоқ па. Шешесі де қайыршының күнін кешкен, шешеңді білесің бе деп қазір сұрашы, жарытып бірдеме айтар ма екен, бар болғаны — бір бүкір кемпір болған, тезек кептіріп, пеш жағып, ептеп ұрлап ішіп күңкілдеп жүретін дер... Бұдан басқа айтары жоқ. Тихон Ильич он жылдай Маторинге қызмет етті, бірақ сол он жыл бір-ақ күндей болып есінде қалыпты: сәуірдің жаңбыры сіркіреп, көрші ләпкенің алдындағы арбаның қаңылтырын шұбарлап қаңғырлатып тұрған... ызғырықты сұрқай талтүс, кептерлер үйірімен парылдап келіп көршідегі үн, жарма сататын ләпкенің маңындағы аппақ қарға қонып жатыр, бұл інісі екеуі өгіздің құйрығымен шыр-көбелек айналған зырылдауық ойыншықты сабалап тұрған еді...Маторин ол кезде жас еді, бетіне қаны тепкен қажырлы, иегі жып-жылтыр, келтелеу жирен бакенбард қызыл шырайлы жүзіне жарасып тұратын. Бүгінде тақыр кедей, кигені күнге қақпыш боп кеткен шолақ тон, кәріліктен бүгжеңдеп ләпке мен ләпкенің арасында жорғалап таныстарымен пешке ойнап жүргені, барар жері Даевтің трактирі, ептеп ішкен болады, масайып қалса айтатыны:


— Біз кішкентай адамбыз ғой, ішеміз, жейміз, төлейміз, сосын үйді табамыз!


Кездесе қалса Тихон Ильичті де танымайды, ыржиып күлген болып:


— Сен осы Тиша емессің бе? — деп тұрғаны.


Тихон Ильичтің өзі де биылғы күзде алғаш көргенде туған бауырын да танымай қалды: "Япырау, қаншама жыл қара жолды шаңдатып даланы да, қаланы да бірге кезген Кузьма сен емессің бе?" — деп аң-таң болғанын қайтерсің!


— Қартайып қалғансың-ау, бауырым!


— Солай шығар.


— Ертерек емес пе?


— Орыс емеспіз бе. Табиғатымыз сондай.


Үшінші папиросты тартып отырып та Тихон Ильич терезеден көз алмай бежірейген қалпы:


— Басқа елдерде де дәл осылай ма екен? — деп ойлады.


Мүмкін емес. Шетелдегі таныстарының, мәселен көпес Рукавишниковтың айтуы бойынша... Пәлі, Руковишниковсыз да белгілі емес пе. Мысалы Ресей немістерін, немесе жөйттерді алалықшы: шетінен іскер, тап-тұйнақтай, бәрі де бірін-бірі біледі, бәрі де жұрағатшыл, әншейінгі арақ үстіндегі жомарттық емес, бір-біріне қатты көмектесіп жатқаны; егер ажыраса қалса — хат жазысып, ата-ананың портреттерін келесі отбасына аманат етуді де ұмытпайды; балаларды оқытады, жанындай жақсы көреді, бірге серуендейді, оларды қорсынбай әңгімелесіп жүргені, осының бәрі кейінгі ұрпақтың есінде қалмай ма! Ал бізде бір-біріне жау, қызғаншақ, өсекшіл, айында-жылында бір-бірін көре ме, көрмей ме, келе қалса жанталасып үйдің ішін жиған боламыз... Масқара ғой, бір қасық балқаймақты қонаққа қиғымыз келмейді, сұрамаса артық бір стақан арақ та бермейміз...


Терезеден әлдекімнің тройкасын көріп қалды. Тихон Ильич қадалып тұрып қарады. Аттары жарау, тегі жүрдек болса керек. Тарантасы да мықты. Кімдікі болды екен? Бұл маңда мұндай ат-арба ешкімде жоқ. Жақын жердегі помещиктер түржағым болып біткен, үш күн бойы нансыз отыра береді, іске татырдың бәрін сатып тауысқан, сынған әйнек пен шатырды жөндеуге де соқыр тиыны жоқ; үңірейген терезенің көзін жастықпен тығындап, көлкіген еденге шелек, бақыраш біткенді көгендеп қойған, қалбырдай шұрық-тесік төбеден жаңбыр суы шүмектейді де тұрады... Біраздан соң етікші Дениска өтті. Қайда бара жатыр екен? Қолындағысы не? Чемодан болмаса еді? Oh, ақымақ неме, аузыма түсіп кеткені, құдай өзі кешірсін!


Тихон Ильич аяғын калошка сұға салып баспалдаққа атып шықты. Қыстың хабаршысындай сұп-сұр кешкі ымырттың шытқыл ауасынан көкірегін кере жұтты да сәкіге отыра кетті... Әлгі Серый да туған ұлымен бір шаңыраққа сыйыспай қойды. Қолында чемодан, мынау батпақты күнде сонау түкпірден толарсақтап жаяу жеткен Денисканың жолын ойша өлшеп шықты. Дурновоны көз алдына елестетті, өзінің усадьбасын, лашықтарды, сай-жыраны, ымырттағы інісінің жылтыраған шамын, ауланың оттарын есіне алды... Сірә, Кузьма кітап оқып отырған шығар-ау. Кіреберістегі пешке арқасын қақтап, тоңазыған қолын жылтып, қашан "ас әкел" деп айқай салар екен деп кеберсіген ернін жымқырып Келіншек тұрған болар. Не ойлап тұр екен? Родьканы ма? Шылғи өтірік, байын улап өлтірді дегені өтірік! Ал өлтірсе ше... Құдай сақтасын! Өлтірген күнде қандай сезімде жүр екен? Көңілінде көрдің көк тасындай болып сұп-суық беріш жатпаса нағылсын!


Дурноводағы үйінің баспалдағынан ойша төңеректі шолған болды: жардың арғы бетінен дөң басындағы тал тасасынан қара лашықтар мен астық қоймасын көрді... Сол жақта, ашық алаңның етегінен теміржолдың үйшігі қарауытады. Соның қасынан заулап пойыз өтіп барады, жыпырлаған вагондардың жалпылдаған отты көздері ымыртты тесіп кетіп барады. Енді міне оған деревняның оттары қосылды. Ымырт қойылған сайын жаның жай тапқан сияқты болады да Келіншек пен Серыйдың баспанасы көзіңе түскенде бірден құлазып сала береді: екеуі де Дурновоның дін ортасында, арасында үш-ақ үй бар еді, екеуінде де жылт еткен жарық жоқ. Серыйдың боқташағы көртышқан секілді тас қараңғыда отырған шығар, анда-санда болса да кешкілік шам жана қалса үлкен бақытқа санап, уласып-шуласып қарық болысып қалушы еді...


— Жоқ, кісәпір болма! — деп Тихон Ильич орнынан тұрды. — Құдайдан ұят! Аздап болса да көмектесу керек, — деді бекетке қарай бет бұрып.


Ызғар қысып барады, вокзалдан самауырдың таныс иісі шалқыды. Шамдары жарқырап, арбакештердің қоңырауы да сыңғырлап қоя берді. Жұлынып тұрған тройкалар. Бұлардың қасында мұжық байғұстардың тырақылары мен доңғалақтары шашылуға жақын сатал-сатал арбаларын көріп жаның ашиды. Қақпаның арғы жағынан вокзал есігі тынымсыз шиқылдап, сарт-сұрт құлақ қабады.Тихон Ильич айналып өтіп, биік тас баспалдаққа көтерілген, кернейінен оты жалақтаған екі шелектік самауыр бұрқылдап тұр, іздеп келген Денисканы да дәл осы жерден тапты. Дениска басы салбырап әлдебір ой үстінде тұр екен, оң қолында белінен бір буып қаңылтыр калпақты жалтыр шегелермен әшекейлеп тастаған арзан чемодан. Үстінде белі бүрмелі, иығы сөлбірейген ескі бешпентше, картузы жаңа болғанымен ақмұрт боп қалған етігі жыртылуға жақын. Жаратқан әуелде-ақ бой бермеп седі, кеудесіне қарағанда аяғы тым қысқа. Бүрмелі бешпент, қиқиған етік киген соң бұрынғыдан да қысқара түскен сияқты.


— Денис! — деп шақырды Тихон Ильич. — Сен мұнда нағып жүрсің?


Ешқашан, ештемеге таңданбайтын Дениска асықпай басын көтерді де ұзын кірпікті мұңды көзімен Тихон Ильичтің бас-аяғын тінтіп шықты, содан кейін барып картузын шешті. Не қоңыр, не қара емес, сұрғылт шашы ерепейсіз қалың, беті майлап қойғандай қара-күрең, тұла бойындағы бар әдемісі көзі еді.


— Сәлеметсіз бе, Тихон Ильич! — деді қала дәстүрі бойынша дауысын әндете созып, оның үстіне қашанда ұялшақ мінез танытатын әдеті еді. — Кетіп барамын... әлгі неге... Тулаға.


— Иә, онда не боқ жейсің?


— Мүмкін бір жұмыс табылып қала, ма деп...


Тихон Ильич оның бас-аяғына түгел көз жүгіртіп шықты.


— Сенің мына түрің Тулаға сыя қояр ма екен...


— Бешпетім бе? — деді ол қысылып. — Қайтер дейсің, Тулада ептеп тиын-тебен жинасам жаңа күрте сатып аламын ғой. Жазда жағдайым жаман болған жоқ еді. Газет саттым.


Тихон Ильич чемоданды иегімен нұсқап:


— Ал, мынауың немене? — деді.


— Чемодан сатып алдым, — деп Дениска тұқырайып төмен қарады.


— Иә, чемодансыз жаңа күрте жараспайды, — деп Тихон Ильич кекесін жымиып қойды. — Анау қалтаңдағы немене?


— Жәй, әр түрлі шатпақ қой.


— Көрсетші.


Дениска чемоданын жерге қойып қалтасынан кітапшаларын шығарды. Тихон Ильич қолына алып тәптіштеп қарап шықты. "Маруся" дейтұғын он кітапшасы, "Азғын әйел", "Зорлықтың құрсауына қамалған бөде қыз", "Ата-ана, тәрбиеші, қамкоршыларды құттықтайтын өлеңдер"...


Тихон Ильич әрмен қарай оқымай бөгеліп қалып еді, оны бағып тұрған Дениска жалғастырып жіберді:


— Ресейдегі пролетариаттың рөлі.


Тихон Ильич басын шайқады.


— Жарыттың! Тіске сыздық дымың жоқ, ал чемодан, кітап сатып аласың ә. Әрі қандай кітап дейсің! Сені бүлікшіл деп тегін айтпаған екен. Үнемі патшаны балағаттайды дейді ғой? Сақ бол, бауырым!


— Мен бір имение сатып алғандай, — деп Дениска реніш білдірді. — Ал патшаға тиіскен емеспін. Өлгеннің соңынан өсек айтқандай маған сөз ертпейтін пенде болсашы. Патша туралы мен ойыма да еш күдік алған емеспін. Әлде менің тұзым жеңіл ме?


Есіктің топсасы сықырлады, бекеттің күзетшісі екен, көкірегі сырылдаған ентікпелі отставкадағы кәрі солдат, соңында шашына дейін май, көзі көнтиген семіз буфетші.


— Көпес мырзалар, жол беріңіздерші, самауырды алып кетелік...


Дениска жол беріп, тағы да чемоданын қолына алды.


— Бір жерден жымқырғансың-ау тегі? — деп Тихон Ильич чемоданға күдікпен қарады да бекетке неге келгенін енді ғана есіне алды.


Дениска тұқырайып үнсіз қалды.


— Ішінде қандала да жоқ шығар?


— Дым жоқ, — деп Дениска ыржиып күлді.


— Жұмыстан қуып жіберді ме?


— Жоқ, өзім кеттім.


— Аумаған әкесі! — деп Тихон Ильич күрсініп салды. — Оны да желкелеп қуып шықса "өзім кеттім" дейтін.


— Аузыма қан толсын, өтірік айтып тұрғам жоқ.


— Жә, болды, болды... Үйде болдың ба?


— Болдым, екі апта.


— Әкең тағы да жұмыссыз отырған болар?


— Әзірге жұмыссыз.


— Әзірге! — деп Тихон Ильич кекетті. — Деревняң үріккен малдай быт-шыт! Революционермін дейді ұялмай. Қасқыр болғың келеді, ал құйрығың иттікі. "Өзің де соның бірісің ғой" ғой деп Дениска басын көтерместен іштей кекетті.


— Сонымен, Серый темекісін сораптап уайым-қайғысыз отыр деші?


— Ессіз нақұрыс! — деп қыжыртты Дениска.


— Нақұрыстың сөзін естіп тұрмын! Әкең туралы осылай деуге аузың қалай барады!


— Жасына жетпей алжыған төбет! — деді Дениска беті бүлк етпей. — Әке екенсің — асыра. Ал ол мені асырады ма?


Бірақ Тихон Ильич оны тыңдаған жоқ. Келген шаруасын бастамаққа сылтау іздеп тұрған, әдейі сөзін бөліп жіберді.


— Тулаға дейін билет алдың ба?


— Маған билеттің қажеті қанша? — деп жауап берді Дениска. — Вагонга кіремін де, құдай бұйыртса, сәкінің астына кіремін де кетемін.


— Онда кітапты қалай оқисың? Сәкінің астына саған деп ешкім шам жағып қоймаған шығар?


— Дениска ойланып қалды:


— Әнеки! Осы жұрттың бәрі сәкінің астына таласпайтын болар. Құрығанда жүктің орнына шығармын, сосын іш кепкенше оқы да жат.


— Әңгіме былай, — деп Тихон Ильич қабағын түйді. — Әңгіме былай: осы музыканды өшіретін уақыт жетті. Ақымақ дейтін, бала смессің. Кері қайт та Дурновоны тауып ал, тірлік ету керек. Әйтпесе сендерге қараудың өзі жеркенішті. Көрдің бе, анау қора-қопсымның кеңесшілері де сенен жақсы күн кешіп жатыр, — деді Тихон Ильич аула күзеткен иттерін мегзеп. — Өзім көмектесем... алғашқы кезде. Тауар, құрал-сайман деген сияқты... Сөйтіп өзіңді өзің асырайсың, әрине әкеңе де септігің тиеді.


"Сөзінің төркіні не болды екен" деп ойлады Дениска.


Тихон Ильич көп күттірмей айтарын айтып салды:


— Сосын қатын алатын да уақытың болды.


"Солай де!", Дениска асықпай темекісін орай бастады.


— Несі бар, одан мен қашпаймын, — деді Дениска басын көтерместен сабыр сақтап. — Жезөкшелерге жүгіре бергеннен жақсы ғой.


— Мен де саған не айтып тұрмын, — деп Тихон Ильич қостай жөнелді. — Тек есіңде болсын, қатынды да ақылмен алу керек. Баланы да капитал мен жемдеуге тура келеді.


Дениска қарқылдап күлді.


— Неменеге кісінеп тұрсың?


— Күлмегенде ше! Жемдейтін олар тауық па, шошқа ма!..


— Тауық пен шошқадан да қомағай екенін ұмытпа.


— Сонда кімге үйленбекпін? — деп сұрады Дениска, үнінде мұң да, кекесін де бар.


— Кімге?.. Қалауың білсін.


— Әлгі Келіншекке ме?


Тихон Ильич қызарып кетті.


— Ақымақ! Келіншек кімнен кем? Момын, әрі пысық әйел...


Денискада үн жоқ, чемоданның қалпақты шегесін саусағымен тырнай берді. Кенет жорта ақымақ болғансыды да:


— Жастар да толып жатқан жоқ па, — деп екіұшты күңк етті. — Қайсысын мегзеп тұрғаныңызды білмедім. Әлде әлгі өзіңіз ымпырт-жымпырт болған ұрғашыны айтып тұрсыз ба?..


Тихон Ильич қызара бөртіп шыға келді.


— Шошқа, менің кіммен әмпей-жәмпей болғанымда шаруаң қанша! — деп Тихон Ильич тарпа бас салғанда Денисканың жүні жығылып мыңқылдап қана жауап қатты:


— Онда менің жұмысым қанша... мен әншейін... айта салғаным ғой...


— Бәсе, жөніңе көш те аузыңа келгенді көкіме. Адам қыламын. Ұқтың ба? Енші беремін... Ұқтың ба?


Дениска ойланайын деді.


— Тулаға барып келейін, — деп бастап еді, Тихон Ильич тағы да қауып тастады.


— Аш қоразды Тулада алтын күтіп тұр деген! Немене, онда әкеңнің басы қалды ма?!


— Үйде аштан өле жаздадым...


Тихон Ильич күртесін ағытып бешпетінің қалтасына қол салды да Денискаға аздаған ақша бермек болды. Бірақ аяқ астынан өзін өзі тежеді: ақша шашу ақымақтық, оның үстіне мына моты жағымпазданды деп ойлар деген сақтықпен жорта бір нәрсе іздегенсіді.


— Қап, папиросымды ұмытып кетіппін! Темекіңді әкелші.


Дениска кисетін ұсынды. Баспалдақта шам жанып тұрған, соның өлеусіреген жарығында Тихон Ильич кисеттен ақ жіппен көктеген: "Кімді сүйсем, соған сыйладым, сүйгенімнен басқаға қимадым" деген кестені оқыды.


— Қатырып жазған екен! — деді.


Дениска қысылып жерге қарады.


— Демек, мегежінді тапқан екенсің ғой?


— Қаңғырып жүрген қаншықтар толып жатыр ғой! — деп Дениска селсоқ жауап бере салды. — Ал үйленуге қарсы емеспін. Құдай қаласа кешікпей қайтып оралармын...


Кіші қақпаның сыртынан салдыр-күлдір естілді де, балшыққа мелдектеген бір арба баспалдақ алдына тоқтай қалды, рдуанда қоқайып мұжық, ортасындағы сабан үстінде Ульяновтың дьяконы Говоров отыр.


—  Кетіп қалған ба? — деді абыржыған дьякон сабаннан аяғын суырып жатып, кебісі жап-жаңа екен.


Ұйпалақтанған басының мыстай қызыл-күрең шашы дудырап, шәпкесі желкесіне кетіп қалған, жел қаққан бетіне қан теуіп боржып кеткен.


— Пойыз ба? — деп сұрады Тихон Ильич. — Жоқ-ә, әлі келген де жоқ.


— Солай ма! Құдайға шүкір! — деп дьякон қуанып қалды, сөйтсе де арбадан қарғып түсіп есікке қарай тұра жүгірді.


— Мейлі, бұған да сенелік, — деді Тихон Ильич. — Кешікпей келемін де.


Вокзал іші су сіңген келте тондар мен самауырдың, махорка мен кересіннің иісіне тұншығып тұр. Көк тұман темекінің түтіні тамақты қырып, сыз бен ызғардан лампалар өлеусіреп қана жылтырайды. Сартылдаған, қыңсылаған есікте тыным жоқ, топырлаған Ульяновканың арбакештері, кейде бір аптаға шейін жолаушы күтіп отыра беретін әдеттері. Солардың ішінде қасын керіп астық сататын еврей де жүр, басында котелок, иығында күләпаралы пальто. Касса маңында бірнеше мұжық әлдебір мырзаның клеенкамен қапталған чемоданы мен корзинкасын безбенге қарай сүйреп бара жатқан, бекет бастығының орынбасар қызметін атқарушы телеграфист соларға айқайлап жүр — байқұс баланың аяғы қып-қысқа, басы қазандай екен, бұйра шашын қазақтарша картузының жиегінен шүйкелеп шығарып қойыпты; тастай кір еденде пойнтер тұқымды төбет қалш-қалш етеді, көзінде уайым, бақа секілді шұп-шұбар. Сапырылысқан мұжықтармен қақтығысып жүріп Тихон Ильич буфетке келді де буфетшімен біраз қыртысып, ақыры үйіне қайтты. Дениска баспалдақта әлі тұр екен.


— Тихон Ильич, мен сізден тағы бір нәрсе сұрайын деп едім, — деді бұрынғыдан бетер қысылып.


— Иә, тағы немене? — деп Тихон Ильич ашулы зірк етті. — Ақша ма? Бермеймін!


— Жоқ, ақша емес, хатымды оқып шықсаңыз деп едім.


— Хат? Ол кімге?


— Жай... өзімнің өткенімді жазып едім...


Тихон Ильич Денистің қолынан бір жапырақ қағазды алды да, қалтасына сұға салып тоңазып қалған балшықты торсылдатып үйге қайтты.


Көңілі әжептәуір көтеріліп қалды. Екі қолы жұмыс тілеген, малға жем үлестіру есіне түскенде іштей қуанып кеткендей болды. Ашу үстінде Жмыхты қуып жібергеніне өкінді, енді түнімен өзіне ұйқы жоқ. Оськаға сеніп болмайды. Ендігі ұйықтап та қалған шығар. Әлде аспазшы екеуі мұны жамандап отыр ма екен... Тихон Ильич терезенің жарығын айналып өтіп сенекке кірді де, есікке құлағын тосты. Ар жағынан көңілді күлкі, артынан Оськаның дауысы естілді.


— Тағы бір әңгіме айтып берейін бе? Баяғыда бір мұжық өмір сүріпті. Қу тақыр кедей екен, селода одан өткен кедей болмапты. Содан бір күні жер жыртуға шықса керек. Сөйтсе әлдебір ала төбет соңынан қалмапты. Мұжық болса соқа соңында, ал ит тіміскілеп әр жерді тырмалай берген көрінеді. Бір уақытта жатып кеп ұлыпты.


Бұған не болды деп мұжық жүгіріп жетпей ме. Шұңқырға еңкейіп қараса құмыра тұр дейді.


— Кәдімгі құмыра ма? — деп сұрады аспазшы.


— Сен алдымен тыңдап ал. Құмыра болғанда іші толы алтын көрінеді... Содан мұжық әбден байыпты.


"Өй, өңшең көкала қырттарым-ай!" деп іштей сөксе де мұжық енді не істер екен деп Тихон Ильич ар жағын түгел тыңдағысы келді.


— Содан мұжық әбден байыды, байығанда көпестен де асып түсті.


— Біздің қамытаяқ секілді десеңші, — деп аспазшы қыстырып қойды.


Тихон Ильич мырс етті: өзіне Қамытаяқ деп ат қойып алғандарын баяғыдан білетін... Бүгінде мазақ есімсіз адам жоқ.


Оська әңгімесін тағы созды:


— Бұдан да бай... Иә, сонан күндердің күнінде ит өлді де қалды. Енді не істеу керек? Амал қанша, қимайтын хайуан еді, арулап көму керек болды...


Қарқылдаған күлкі. Әңгімешілдің өзі де күліп жатыр, тағы да біреудің жөтел қысып көркілдеген дауысы естіледі.


— Жмых болмаса нетті? — деп Тихон Ильич қуанып қалды. — Құдайға шүкір! Қайтып келесің деп ол ақымаққа айтпадым ба!


— Мұжық содан попқа барады, — деп Оська әңгімесін жалғастырды. — Содан мұжық попқа барады, солай да солай, итім өліп қалды, соны жерлеу керек еді дейді ғой...


Күлкі қысқан аспазшы шыдамай айқайлап жіберді:


— Ой, құдай атсын сені!


— Тұра тұршы, аяғына дейін айтып шығайын да! — деп Оська шыр-пыр болды да ақыры тағы да бірде мұжық, бірде поп болып хикаясына қайта кірісті.


— Солай да солай, қасиетті атай, төбетті жерлеу керек. Поп сол кезде жер тепкілеп айқай салды: "Жерлегені несі? Итті зиратқа жерлемексің бе? Мен сені түрмеге айдатам, кісенде шірітем!". "Ой, атай, ол тегін ит емес, өлерінде сізге бес жүз сом бер деп аманат етіп кетті". Мұны естігенде поп орнынан атып тұрды: "Ақымақ! Мен саған жерлеймін дегенің үшін ұрсып тұрмын ба? Қайда жерлейміз деп ұрыстым ғой! Оны шіркеудің қорғанына жерлеу керек!".


Тихон Ильич жөтелген болып есікті ашты. Үстел басында, шишасы жамаулы шамның қасында аспазшы отыр екен, бетін жапқан сулы шашын ағаш тарақпен тарап, тарақ жүзін жарыққа тосып сығалап қарап қояды. Оськаның аузында темекі, шалқайып жатып шарқайын шыр айландырып шарқылдап кеп күледі. Пеш қасындағы күңгірттеу бұрышта жылтылдаған от көрінеді — трубка болса керек. Тихон Ильич есікті ашып табалдырықтан аттауы мұң екен, күлкі пышақ кесті тыйылды да трубканың несі дереу орнынан тұрып темекісін қалтасына жасырды... Иә, Жмыхтың өзі. Құдды ертеңгілік ештеңе болмағандай.


— Жамағат! Малға жем берелік! — деп Тихон Ильич көңілді айқай салды.


Шашылған сабан, тоңазыған қиға кептелген қораны фонарьмен адақтап, тауықтарды үркіте балшылдатып келеді. Тауықтар бақылдап, қонақ ағаштан ұшып түсіп бет-бетімен безіп кетіп жатыр. Жарыққа отша жанған жылқылардың жап-жасыл көздері біртүрлі үрейлі де тәкаппар еді. Танауларынан бу атады, былай қарасан бәрі де темекі тартып тұрған секілді. Фонарын еңкейткенде Тихон Ильич төбенің жыртығынан кіршіксіз көк аспанды, жарқыраған жұлдыздарды көрді. Терістен соққан суық жел шатырды сыбдырлатып, жыртық-тесіктен ызғарды ұрып тұр... Жаратқан ием, міне қыс та келіп қалды-ау!


Шаруасын бітірген соң Тихон Ильич самауыр қойғызды да фонарьмен қорадан да суық ләпкеге кіріп, шай алдында шайнама болсын деп тұздаған балық алған, соны жеп, бірнеше стақан шырғанақ шарабын тастап жіберді де қалтасынан суырып Денисканың қаракөлін оқуға кірісті.


"Деня 40 сом ақша тапты заттарын жинады..."


"Қырық! — деп кекетті Тихон Ильич. — Ой, жалаңбұт неме!"


"Деня стансаға барды. Тулаға оны тонады тиын қалдырмай әкетті барар ешкім жоқ содан қайғырды".


Бұл сауатсыз былдырақты түсіну қиын еді, бірақ кеш ұзақ, ермегі және жоқ... Самауыр бұрқылдап тұр, шамның бұлдыр сағымында көңілді мұң шалатын әдеті. Шалдың тоқылдағы ызғарлы ауаның тынышын алып терезе түбінен тықылдап ары да өтеді, бері де өтеді...


"Сосын зеріктім үйге қайтайын десем әкем қатыгез..."


"Түу, мынау ақымақ екен ғой! — деп кіжінді Тихон Ильич. — Серыйды қатыгез деп жүрген!.."


Хатты түкіргішке лақтырып тастады да шынтағын үстелге сүйеп лампаға бежірейіп қарады да отырды... Осы біз қызық халықпыз! Жанымыз жартыкеш! Бірде нағыз ит сияқтымыз, кейде мұңды, кейде мейірімді, одан қалса өзімізді өзіміз сөгеміз... әлгі Дениска секілді, болмаса мына мен секілді... Терезе терлеп тұр, аяз қысқандай тоқылдақ та тыңқ-тыңқ бірдемелерді мыңқылдап қояр емес...


Шіркін, баламыз болғанда ғой! Әлде мынау тырсиған бүйен кемпірдің орнына жақсы бір ашына тауып алғаны жөн бе еді, қанша жыл отасса да қайдағы бір княжна, қалада Полукарпия атанып кеткен Поликарпия дейтұғын монахина туралы қырт әңгімесіне де құлағы отыға алмай-ақ қойды. Бірақ кеш, тым кеш-ау...


Көйлегінің жапсырма жағасын ағытты да Тихон Ильич мырс етіп күліп, желкесін, құлағының сыртындағы шұңқырын сипады. Бұл шұңқыр кәріліктің нышаны — кәлләң аттың басындай кегжиіп шыға келеді! Әйтеуір басқасы орнында сияқты. Басын еңкейтіп саусағымен сақалын сауды... Боз тартқан әрі құп-қу, ұйысып қалыпты. Жә, біткенің осы, Тихон Ильич!


Ішті, тағы да ішті, жағы қарысканша тістеніп, көзі талғанша лампаның маздаған фитиліне тесіліп қараумен болды... Қырсық қылғанда туған бауырына да бара алмайды — қабандар, шошқалар жібермейді! Жібергенмен одан не пайда. Көп болса Кузьма оған өсиет айтар, ернін жымқырып, кірпігін қағып Келіншек тұрар... Сол кірпіктің өзінен-ақ тұра қашуға барсың!


Жүрегі мұздап, басы айналды... Осы бір әнді қайдан естіп еді:


Келді тағы мұңды кеш,


Мұңымен мені қинайды.


Келді-дағы сүйгенім,


Құр ернімді былғайды...


Е, айтпақшы, Лебедянидегі жолаушылардың қоналқы үйінде екен ғой...Қыстың күні кеш болса кестеші қыздар отырып алып он салады... Екі қолда біз, көздерін төңкеріп тастап сыңсып кеп жатқандары:


Аймалайды, сүйеді,


Сүйгенді ғана біледі...


Басы айналып, кел-қайт, кел-қайт болып отыр, бірде бәрі де алда сияқты көрінеді -қуаныш та, еркіндік те, уайым-қайғысыз күндер де, енді бірде тағы да жүрегі мұздайды. Сол кезде өзін-өзі:


— Ақша болса қалтада, табылады ғой қатын да! — деп жұбатқан болады.


Ара-тұра інісі есіне түскенде шамға телміріп:


— Ақылшы! Уағызшыл неме! Қайырымшыл Филарет! Жалаңбұт сайтан! — деп күбірлеп қояды.


Рябиновканы сарқып ішкен, темекіні сора-сора көзі қарауытып кетті... Тайғанақ еденде сенделіп желбегей пенжақпен қараңғы сенекке шықты, таза ауада ептеп есін жиған, танауына сабан мен иттің иісі келді де табалдырықтың алдынан жылтыраған екі жасыл отты көрді.


— Буян! — деп шақырып алды да байғұс итті қақ маңдайдан бір теуіп табалдырыққа дәрет сындырды.


Көк күмбезінен жамыраған қалың жұлдыздың жарығында сілейіп жатқан қара жер тым-тырс. Жұлдыздардың сәулесі де әрқилы. Кіре жолдың бозарған бір ұшын бұлыңғыр жиек жұтып қойыпты. Алыстан, жер астынан тарсыл-күрсіл естілді де кенет қара жерді жарып шыққандай сол күрсіл дүниені жаңғырықтырып жіберді: шашынан от шашып заулаған мыстан кемпірдсй шығыс экспресінің электрлі тізбек-тізбек терезелері көз ұшынан кіре жолды кесіп өтті.


— Дурновоны жанай өткен шығар, — деп ықылық атқан Тихон Ильич үйге кірді.


Білтесі таусыла бастаған шамның жарығы темекі сасыған бөлмені зорға ымырттап тұр, шөп көже толы шөгенді күйелі шоқпытпен ұстап аспазшы келді. Тихон Ильич көзінің қиығымен қарады да:


— Жоғал, табан астында тай! — деп барқ етті.


Аспазшы теріс бұрылып есікті теуіп ашты да жоғалды.


Төсекке басы тисе үйықтар еді, бірақ ол ұйқылы-ояу тісін шықырлатып, стол бетіне мөлиіп қарады да отырды.


II


Кузьма өмір бойы білім алсам, жазсам деп армандап еді.


Өлең деген немене! Өлең әншейін ермек қой. Ол өзінің қаншама өліп-тірілгенін, жоқшылықта өткен ғұмырын, иттен қор қылған қақырықтан жеркенішті ортаны қанын шығарып жазсам деп еді. Өткен күндерін шолып отырып өзін-өзі сөкті, өзін-өзі ақтаған да болды. Таңғалудың да жөні жоқ, мұның тағдыры — өздігінен өнер қуған бүкіл орыс перзентінің тағдыры. Жүз миллионная астам сауатсызы құжынаған елде туыпты. Черная Слободада өсті, көне тағылық пен шіріген надандықтың кіндігі болған бұл ортада жұдырық соғысында күні бүгінге дейін кісі өлтіреді. Әріп пен санды Тихон екеуіне көршісі, калош құятын Белкин деген үйретті: онда да жұмыссыз қарап отырған соң -Слободада калошыңды кім ала қойсын — күні бойы күнге қақталып көрінген төмпешіктің үстінде аяғыңның астындағы шаңға түкіргеннен көрі біреудің құлағын созып отырудың да ләззаты бар емес пе! Маториннің базардағы ләпкесінде ағайынды екеуі жазу-сызуға, оқуға үйренді, Кузьма кітапқа үйір бола бастады, оны да базардың сайқымазақ бейпіл шалы гармонист Балашкин берген болатын. Ләпкеде кітап оқуға қайбір мұрсат болсын. Маторин қайта-қайта айқайлап: "Мен сенің құлағыңды жұлып аламын, албасты неме!" — дейтұғын.


Кузьма сол кезде-ақ жазуды бастаған, сондағысы — қатты нажағайдың астында қалған бір көпес Муром орманында қарақшылардың күркесінде түнеймін деп қаза табады. Кузьма оның өлер алдындағы сәтін, ой-күйін, азаппен өткен, енді "қыршыннан қиылған" өмірі жайлы өкінішін майын тамызып-ақ жазған сияқты еді. Бірақ базар оны төбесінен суық су құйғандай сілейтіп салды:


— Ақымақсың ғой сен Кузьма, тек құдайдың құлағына жетпесін! Қайдағы "қыршын"! Ол шартық баяғыда көрде жатуы керек-ті! Оның не ойлағанын сен қайдан білдің? Қарақшылар оны бауыздап тастамап па еді?


Мейлі, ендеше деп Кузьма Колцовқа еліктеп атын баласына аманат қылған көрі витязь туралы өлең жазсын. "Бұл менің жастық дәуренімнің тұлпары еді"дейтіні бар внтяздің.


— Солай ма? — десті оған. — Сонда ол ат неше жаста болғаны? Эй, Кузьма, Кузьма! Сен онанда басқа бірдеме жазбайсың ба. Мәселен, соғыс туралы...


Сонымен Кузьма базардың бабын табамын деп базаршылардың ауыз жаппай әңгіме қылып жүрген орыс-түрік соғысы туралы жатпай-тұрмай жазып-ақ тастағаны:


Жеті жүз жетпіс жылында,


Түріктер шықты майданға.


Ордасымен қамап ап,


Ресейді жауламақ,


Едірейген қалпақтар,


Царь-Пушканы қаумалап...


Кейін бұл шумақтан өзі-ақ өлердей қысылған, шатпақ шимайда қаншама тағылық пен надандық жатыр, былапыт тілдің өзі мәкүріктей, біреудің қалпағын сөгуге қанша қақысы бар десеңші!


Ләпкені тастап, шешелері өлген соң артында қалған жоқ-жұқананы түгел сатты да саудамен айналысты. Туған қалаға жиі-жиі соғып тұратын, Кузьма Балашкинмен таныстығын үзген жоқ, ол берген, нұсқаған кітаптарды құмарта оқыған. Балашкинмен Шиллер туралы әңгімелескен соң одан "ливенканы" қарызға сұрап алсам деп қатты қызығып еді. "Түтінге" тәнті бола отырып, "білімсіз ақылдының ғылымсыз-ақ көкірегі ояу" дегенді санасына түйген. Кольцовтің моласына барып оның құлпытасына сауатсыз лепірме сөз жазған: "Бұл ескерткіштің астында ғылымсыз-ақ табиғат берген талант, қайырымды монарх марапаттаған ақын, воронеждік мещанин Алексей Василевич Кольцовтің денесі жатыр".


Өзі кәрі, өзі арық, түйедей Балашкиннің қысы-жазы үстінен көгеріп кеткен шолақ тоны, басынан жылы картуз түспейтін, беті табақтай, жылтырата қырған бетінде қисық ауыз, сөзі де түйеден түскендей, сол жақ шағыр көзі күркіреп сөйлеген кезде қисық езуіне қарай қиғаштанып кететін әдеті. Бірде Кузьманың "білімсіз-ақ ақылдының көзі ашық" деген сөзін ести салып бұрқылдап жөнелсін: шағыр көзі шаншылып, сигарын майшабақтың қалбырына лақтырып жіберді.


— Есектің миын жеген қырт! Не оттап отырсың? Ғылымсыз кімнің көзі ашық, соны ойландың ба?


Сигарын қайта қолына алып тағы да күркіреді:


— Құдай-ау, сақтай көр! Пушкинді өлтірдік, Лермонтовты өлтірдік, Писаревті түншықтырдық, Рылеевті дарға астық, Достаевскийді де жіпке сүйредік, Гогольді жындандырып жібердік... Ал Шевченко ше? Полежаев ше? Үкімет кінәлі деймісің? Байды құлынан танисың, төрені бөркінен танисың! Лағынет атқыр дәп біздің халықтай дүниеде бір ел бар ма екен?


Солаңдаған сүртігінің түймесін сан бұрап, өңірін бірде ағытып, бірде қаусырынып, күмілжіген Кузьма ақыры кекесіндеу жауап қайырды:


— Біз мықты халықпыз! Ұлы халықпыз, кешіріп қойыңыз, тек сіз айтқандай емес.


— Жүлде таратуыңды тоқтат! — деп Балашкин тағы да барқ ете қалды.


— Таратсам несі айып! Сол жазушылар осы халықтың перзенттері емес пе. Сол халықтың маңдайына біткен тұлғасы Платон Каратаев!


— Неге Ерошка емес, неге Лукашка емес? Егер мен әдебиетті сілкетін болсам, әp құдайға бір етіктен кигіземін! Неге Каратаев, Разуваев пен Колупаев емес, қансорғыш бүйі-кулак емес, парақор поп емес, сатқын дьяк емес, қайдағы бір Салтычиха емес, алысқа бармай-ақ өзіңнің сұмырай бауырларың Карамазов пен Обломов, Хлестаков пен Ноздрев емес?


— Платон Каратаев...


— Сенің Каратаевыңды бит тесіп қойған! Одан идеал көріп тұрғаным жоқ!.. Жоқ, босқа бұлқынасың! Менің азуымды бірден қағып тастай алмайсың!


Иә, бір-ақ нәрсе қажет екен — тек оқу. Бірақ қашан, қайда?


Өмірдің ең бір тамаша дәурені — бес жыл саудамен кетті. Қалаға жеткеннің өзін де керемет бақытқа балап еді. Әйтеуір тыныс бар, таныс бар, наубайхана мен темір шатырдың қаңсығы, Сауда көшесіндегі алаң, шай, тоқаш, "Каре" трактиріндегі парсы маршы... Шәйнекпен дымдаған ләпкелердің едені, Рудаков қақпасындағы атышулы бөдене төбелесі, балық салмасындағы қайраңның, укроп пен романов махоркасының қош иісі... Кузьманы көрсе ырсиып қоя беретін Балашкиннің ерсі де жылы жымиысы...


... Одан соң славянофилдерді қарғап-сілеп, Белинскиймен балағаттасып, бір-бірімен байланысы жоқ есімдерді атыстырып қойып, сылтау үшін солардан мысал оқу... Ақыры мәмлеге келер дым таппай торығып тоқтасатын... "Расында жеткен жеріміз осы шығар. енді есің барда еңкілдеп кері қайту ғана қалды!" — дейтін гүжілдек шал, кенет жан-жағына жалтақтап, сыбырлап қана: — Естідің бе, Салтыков өлім аузында дейді. Одан да айырылдық! Қастықпен улаған деседі"... Ал ертеңінде тағы да сол арба, тағы да сол дала, бірде аптап, бірде езілген батпақ, селкілдеген доңғалақ үстінде көз майын тауысып кітап оқу... Көз ұшындағы көкжиекке қадалып жатып ойға шому, ара-тұра көкейге оралған өлең жолдарының сезім қытықтайтын үзік-үзік әуендерін табыс бөлісінде бұрқ ете қалатын Тихон екеуінің дауы бөліп жіберетіні бар... Жол бойының шаңы мен арбаның қара майының иісі де танауға таңсық... Тәтті пірәндік пен жәшіктегі мысық терісінің мүңкіген сасық иісі... Сөз жоқ, азапқа толы осы бір жылдар әбден қажытып-ақ жіберді, — апталап иықтан түспейтін кір жейде, жүрек жалғауға ғана лекер қатқан-құтқан шайнама, сірісі шоңқиған жыртық етік, қаны шығып қажалған өкше, көрінгеннің босағасында өткізген ұйқысыз түндер!..


Осы азаптан құтылған күні Кузьма құдайына шын ниетімен құлшылық етіп еді. Бірақ бір үзім нан үшін тағы да тырпылдауға тура келді. Жылға жұма толмай Елец түбіндегі бір мал айдаушыда жалда жүрді де ақыры Воронежге тайып отырды. Воронежде байы бар бір қатынмен ашына еді, сол неме тартты да тұрды. Он жыл бойы айналшықтап Воронежден шыға алмады — астық қоймаларының арасында маклерлік қызмет жасап, астық туралы ұсақ-түйек мақалалар жазды, Толстойдың мақалалары мен Щедриннің сықақтарын көңіліне жұбаныш қылды. Құрып бара жатырмын, өмірім өкінішпен өтіп барады деген уайым қу жанын жегідей жеп, іштей күйініштен арылмай-ақ қойғаны.


Тоқсаныншы жылдардың басында Балашкин омыртқа жарығынан қайтыс болды. Өлерден сәл бұрын соңғы рет кездесіп еді, бақұлдасқандай сол кездесудің орны тіптен бөлек.


— Жазу керек, — деп бірі кәдімгідей қабақ түйіп кейіген. — Қағырдағы ошағанның жапырағындай солбырайып солып бара жатырсың!


 Иә, дұрыс айтасың, — деп екіншісі мойындаған, бірақ дәрмен жоқ, өшіп бара жатқан ұйқылы-ояу жанары мөлиіп, жағын зорға ашқан, қалтыраған қолы махорканы да қағазға дұрыстап сала алмай отыр. — Сағат сайын оқы, сағат сайын оқығаныңды көкейіңе тоқы демей ме... көзіңді ашып қарашы, қасірет пен қаңыраған елден басқа не көрдің?


Содан соң езуін қисайта кіржиіп, қағазы мен махоркасын ысырып қойды да үстелдің суырмасын ашты.


— Мінеки, бауырым, қымбат нәрсенің бәрі осында жатыр, — деп күбірледі, әлдебір сарғайып кеткен қағаздар мен газет қиқымдарын сапырып. — Осында менің оқымағаным жоқ, бәрін де көшіріп алып, қиып алып сақтап отырмын... Өле қалсам саған қажет, қасірет басқан орыс тіршілігі жайында таптырмайтын материал. Тұра тұршы, мен саған бұдан да қымбыт бір тарихи дерек тауып берейін...


Ақтарып-төңкеріп дым таппады, содан көзілдірігін іздеп қалтасын тінткіледі де ақыры қолды бірақ сермеді. Қолын сермеп, қайта-қайта басын шайқап:


— Жо-жоқ, әзірге мұның маңайына жолама! — деп зәрезеп болды.


— Сен әлі ақылың ауладан аспаған жарымессің! Шамаңа қарап шарықта! Сен әлгі мен берген тақырып ше, Сухоносов туралы жаздың ба? Жазған жоқпысың? Ой, есектің миын жеген неме! Қандай тақырып еді десеңші!


— Деревня туралы, халық туралы жазу керек еді, — деді Кузьма.


— Өздерің ғой: Ресей, Ресей деп емешектерің үзілетін!


— А, немене, Сухоносый халық емес пе, Ресей емес пе? Бүкіл деревняң Сухоносый! Соны санаңа түйіп қой! Маңайыңа қарашы, сеніңше осы да қала ма? Кеш болса көшеңе сиыр сыймай кетеді, шаңнан көршіңді көре алмайсың... Қала дейді ғой мұны!


Сухоносый... Осы бір Слободканың маңқылдақ шалы көп жылдан бері Кузьманың ойынан кетпеді, бар жиған-тергені қандаланың қанына сірескен бөстек пен қарақұрт жеп тастаған бөкебай екен, бұл да қатынынан қалған мұра көрінеді. Қайыр тілепті, ауырыпты, ашығыпты, "қомағайлар көшесіндегі" бір саудагер ұрғашының бұрышын айына жарты тиынға жалдап тұрыпты, қатыннан қалған мұраны сатсам байбатшадай ырғындап өтер едім деп армандаса керек. Бірақ сонысын көзінің қарашығындай сақтапты деседі, тек қатынға деген қимас сағыныштан емес, жұртқа мұның да дүние-мүлкі бар екен дегізу үшін. Өзінше онысын құн жетпейтін дәулетке балап: "Бүгінде мұндай бөстек дүниеде жоқ" деп шалқаяды екен. Әрине, сатқысы келген-ақ екен, бірақ амал қанша, ердің құнын сұраған соң алушылар ат-тонын ала қашыпты... Слободка трагедиясын Кузьма, сөз жоқ, жақсы түсінді. Бірақ қалай жазсам екен деп ойлана келе Слободканың қилы-қилы тіршілігіне шырмалып, оған өзінің балалық, жастық шағының өткен-кеткені қосылды да мүлдем шатасып қалды, Сухоносовтың басына небір қисынсыз оқиғаларды үйіп-төгіп, іштегі жан қинаған өз мұңын, бүкіл ғұмыры қорлықта өткен өз өмірін ақтаруға тырысқан. Сөйтсе, ең қиыны — бұл кешкен тіршілікте сөзге ілігер ерекше ештеңе жоқ екен, бәрі де күнделікті күйбең, ағын судай аялдамай желіп өткен ұсақ-түйек елестер — түсініп те болмайтын, түсінікке де тұрмайтын қиқымбақай...


Содан бері де сандалбаймен сан жыл өтті. Воронежде маклерлік іспен айналысты, некесіз тұратын әйелі босана алмай өліп қалған соң Елецкіге тартып кетті де онда да бар бітіргені сол маклердің кәсібі, одан Липецкінің ләпкесінде шырақ сатып күн көрді, Касаткиннің экономиясында кеңсе қызметін де атқарды. Бір кезде өліп-өшіп толстойшыл да болғысы келген: жылға жуық шылым шекпей, аузына арақ та алмай, ет те жемей шыдап бақты, қолынан библия түспеді, Кавказға, молокандарға кетіп қалсам ба екен деп те жүрген... Бір күні іссапармен Киевке жұмсады. Қыркүйектің аяғы еді, дүние тамаша, аса бір көңілді шақ: таза ауа, күннің қызуы қайтқан нағыз сартап, жүрдек пойыз, ашық терезеден аңқылдаған жібек самал, лыпылдап қалып жатқан көк орман... Пойыз Нежинге келіп тоқтаған еді, вокзалдың кіреберісінде үймелеген жұртқа көзі түскені. Дабырласып, дауласқан тобыр әлдекімді қоршап алыпты. Кузьманың жүрегі алып-ұшып солай қарай ал келіп жүгірсін. Иінтірескен жұртты қағып-соғып ортаға кіріп барғандағы көргені — бекет бастығының қызыл фуражкасы, сұр шинелді еңгезердей жандарм сеңсең бөрікті, шолақ күпі, бұтыл етік киіп шіреніп тұрған үш хохолды қуырып жатыр екен. Сеңсең бөріктері қан сіңген кір дәкемен орап тастаған домалақ бастарда селтиіп зорға тұр, күлкілдеген ісік көздер, көнтиген, домбыққан бет-ауызда қабыршақтанып кеуіп қалған қан, қарая бастаған жарадан сау-тамтық жоқ: хохолдарды құтырған қасқыр талаған екен, содан Киевке емделуге жіберсе керек, дорбада түйір нан, қалтада соқыр тиын жоқ, әр бекетте тәуліктеп отырып әбден титықтап біткен. Енді жүрдек пойыз деген сылтаумен мына пойызға да мінгізбей тұрғанын білгенде Кузьманы жат кеп ашу қыссын, топ ішіндегі еврейлер қолтығына су бүріккен соң жер тепкілеп жандармға айқайды салды. Аяғы насырға шауып, Кузьманы протоколдан ұстап қалған, келесі пойыз келгенше іші кепкенше ішіп есінен танып қалыпты.


Хохолдар Чернигов губерниясынан еді. Кузьмаға ол қашанда жан баспаған, аспаны түнерген, ит тұмсығы өтпейтін орманды мылқау түкпір болып елестейтін. Құтырған жыртқышпен алысқан көненің көзіндей үш адам баяғының мұжықтарын, бағзы заманды, Владимирдің уақытын есіне салған. Ойға келмеген шатақтан соң қолы қалтырап рюмкаға арақты құйып жатып Кузьма: "Қайран заман-ай!" деп күрсініп салды. Жандармға, мал болып кеткен жалбыр тонды үш мұжыққа деген ызадан булығып отыр. Санасы бітеу тағы немелерді құдай атсын!.. Бірақ — Русь қой! Көне Русь! Кез келген нәрсенің көркін мың құбылтып дабырайтып жіберетін масаң сезімнің қуанышынан Кузьманың көз жасы ағыл-тегіл армансыз жосылды. Ал "зұлымдыққа зорлықпен қарсы тұрма" деген полсапа есіне түскенде кекесін жымиып, басын шайқап-шайқап тастады. Ту сыртында, ортақ үстелдің басында мұнтаздай болып жап-жас офицер тамақтанып отырған; қынама бел аппақ кителіне сұқтанып тұрып қарады да бас салып жұлып тастағысы келді. "Сөйтсем несі бар деп ойлады. — Егер атып тұрып айқай шығарса, жақтан күситем де жіберем! Қарсы тұрма дегеннін енесін!.." Бұдан соң Киевке барды, тапсырмаға қолды бірақ сермеп үш күн бойы шала мас күйі қаланы шарлады, көңілі көк тіреп Днепрдің жарын жағалады. София соборында, Ярославтың мүрдесінің басында тұрған ырсиған арық кацапты жұрттың бәрі көрген. Түрі де адам үріккендей еді: мінәжат біткен, жұрт тарап, күзетшілер шырағданды өшіре бастаған, ал бұл жағын тістеніп, селдіреген бурыл сақалын омырауына солаңдатып жіберіп тұқырайып тапжылмай тұр, шүңірек көзі жұмулы, күмбезден күңіренген қоңырау үніне бар ынтасымен елжіреген мұңды қалыпта мүлгіпті де қалыпты... Ал кешкісін оны лаврдан көріпті. Мүгедек баланың қасында ақ шаңқан қабырғалар мен күзгі аспанға шаншылған алтынды күмбездерге мысқылмен қадалып отырса керек. Баланың басында ырымға да ештеңе жоқ, иығында дорба, үстіндегі лыпасы да алба-жұлба, бір қолында ағаш тостақ, оның түбінде екі-үш бақыр тиын, тізесіне дейін жалаңаш, күн көзіне қақпыш боп қурап кеткен сойдиған сары түкті шитиген аяғын бір жаққа қашып кететіндей оң қолымен тас қылып құшақтап алыпты. Маңайында тірі жан жоқ, бірақ топшысы ырсиған қусүйек бала шаң мен қайызғақтан қабыршақтанып, құйқасы қопсыған тақыр басын шалқайтып, мұрынбоғына үймелеген шыбынға селт етпестен ыңырсып отыр:


Көз салыңдар, аналар,


Мына біздей бақытсыз ғаріпке!


Қасірет шекпесін балалар,


Жаратқан жар болсын бәріңе!..


"Дұрыс, дұрыс айтасың!" деп Кузьма оны қолпаштап қояды.


Киевте жүргенде-ақ Кузьма енді Касаткинде ұзақ тұрақтамайтынын сезген, алда адам жеркенерлік қайыршылықтың күтіп тұрғанын да білген. Дәл солай болды. Аз уақыттың ішінде адам санатынан кетіп, жұрт бетіне қараудан қалды: ылғи да шала мас, тұла бойынан махорка мүңкіп, сырт көзден жасырғанмен өзінің жұмысқа мүлдем жарамайтын мүшкіл халін жарық дүниеден бүге алмады. Жығылғанға жұдырық деп мазақтың аяғы мұнымен біткен жоқ: туған қаласына қайтып келіп соңғы тиын-тебенін талшық етті; көпшілікпен сығылысып Ходовтың үй іргесіндегі қоналқыда тұрды; Қатын базарындағы Авдеичтің трактирінде күн өлтірді. Өлең жинағымды шығарамын деген ақмақтықпен тиын-тебеннің көбі босқа шашылды да трактирге келіп-кеткен берекесіз жұртқа кітабын жарты бағасына сатып мүсәпір болды... Бұл аздай келе-келе сайқымазақ кәсіпке көшті. Бірде базардағы ұн сататын ләпкенің қасында тұр еді, әлдебір жалаңаяқ құшынаш іштен шыққан көпес Мозжухиннің алдына барып ырбаңдай жөнелді. Самауырдың жылтыр бүйіріндей бет-аузы майдан жылмиған Мозжухин құшынаштан көрі етігінің жұлығын жалаған жағымпаз мысықты мүсіркеумен болған. Бірақ құшынаш онан сайын есірді. Көкірегін ұрғылап, аузы-басын қисаңдатып, қырылдап, қақалып- шашалып тақпақ оқуға кірісті:


Есі дұрыс нақұрыс,


Ертеңгісін бас жазат...


Бет-аузы көнтиген Кузьма табан астында қосыла жөнелді:


Онсыз күнің құрысын,


Ішіп өлген дұрысы!


Жанай өтіп бара жатқан мещан кемпір әдейі еру боп тоқтап, кәрі арыстандай бырс-бырс бетін кіржитіп таяғын шошайтты да:


— Байқаймын, құдайға да бүйтіп жалбарынбаған шығарсың! — деп, ызалы зіл тастап кетті.


Бұдан өткен бейшаралық болмас та. Бірақ оны сақтап қалған да осы күні. Бірнеше рет жүрегі тоқтап қала жаздады да маскүнемдіктен үзілді-кесілді тиылды, еңбекпен ептеп тіршілік бастасам, ең құрығанда бау баптап, бақша күтсем деген ойға қалды.


Осы ойына ол іштей қатты қуанды. "Иә, баяғыда өстуім керек еді!" деп түйді. Расында, аш болсаң да адал өмір сүріп, қу жанға тыныштық беру керек еді. Оның үстіне қартайып та барады. Сақалы мүлдем ағарып, қайырып тараған қоңыр-бұйра шашы селдіреп, атжақты кесек шықшыты ырсиып, бидай өңі ырсиып кетті...


Көктемде, Тихонмен татуласардан бірнеше ай бұрын туған уезіндегі Казаково селосында әлдекім жалға бақ береді екен дегенді ести салып жүгірсін. Мамыр айының басы еді; жылымық күн кенет суытып, аспан түнеріп, толассыз жаңбыр басталды. Үстінде тозығы жеткен шолақ тон, басында мыжырайған картуз, аяқта ақтанау ескі етік, Кузьма Пушкарная Слободаның іргесіндегі вокзалға жаяу тартқан, екі қолы артында, езуінен будақтаған темекінің ащы түтінінен бырысқан бет-аузын алып қашып келе жатып мырс етіп күліп жіберді: осы әлгінде ғана бір құшақ газеті бар жалаңаяқ бала алдын кесіп өтті де жүгірген бойы күндегі әдетінше:


— Жаппай ереуіл! — деп шырылдаған.


— Кешіктің, балақай, — деді Кузьма. — Бұдан басқа жаңалығың жоқ па?


— Жаңасын вокзалда городовой тартып алып қойды, — деді көзі жаутаңдаған бала жыламсырап.


— Конституцияңа болайын! — деп Кузьма кекесін мырс етті де, езілген балшықты шалпылдата кешіп, қақ суын аттап-бұттап, онсыз да шіріп тұрған, жауыннан қарайып кеткен қашалардың түбімен ағаштардың су бұтақтарын сүзе лас көшемен ілгері тарта берді, жатаған дөңнің беткейіндегі жәпірейген лашықтар бір нәрсе тырс етсе етекке қарай лып етіп сырғи жөнелетіндей. "Тамашаның көкесін!" деп қойды кақтардан секіріп келе жатып. Мұндай күндері мылжыңдасып, болмаса ұрттарына су толтырғандай мелшиісіп трактирден шықпайтын. Қазір бүкіл қала Думаны қырық құбылта септеп, бүлік пен өрт туралы өсекті өршітіп, "Муромцевтің премьер-министрдің сақалын қалай күзегенін" өрттен бетер дүңкілдетіп-ақ тұр... Бәсе, құрбақаға құйрықтың не қажеті бар еді! Қала бағында жендеттердің оркестрі күмпілдетіп жатыр... Қазақтардың тұтас бір жүздігін жіберіпті... Өле мас болған солардың бірі осыдан үш күн бұрын Торговая көшесіндегі кітапханаға келіпті де терезенің алдында шалбарын шешіп, кітапханашы бикешке "үшінші сирағын" саптапты. Арбакеш шал малғұнды ұялтпақ болған екен, қылышын суырып алып байғұстың бір нығын шауып түсіріпті де көшедегі ары өткен, бері өткен жұртты тырағайлатып қуа жөнелсе керек.


— Кошкадер, кошкадер, қаша түбіне барып көр! Сонда мысық сойып жатыр, саған бір сирағын берер! — деп арық бойындағы тастан тасқа секірген өңшең шөпжелке қыздар Кузьманың соңынан жырқылдап қалмады.


— Құрдасты тапқандарын! — деп Кузьманың алдында келе жатқан сөлеңдеген ұзын шинелді кондуктор соларға зекіген болды. — Өңшең бейбастақтар!


Оның да ырбандап күліп келе жатқанын даусынан байқап еді. Қолпылдаған үлкен де ескі калошы балшыққа әбден тойыпты, сүпелеңдеген шинелінің екі қапталы жалғыз түймеге әрең ілініп жалпылдап келеді. Арықта көлденең жатқан бөрене көпір қисайып кеткен екен. Жаңбыр суынан сағал-сағал айғыздалған жар жағасында тырбиып мыртық талдар өсіпті. Кузьма соларға көңілсіз көз тастап, дөңді қапталдай іркес-тіркес созылған тамдардың сабан шатырына, төбедегі түтіндеген сұрғылт бұлт пен жыра түбінде сүйек кемірген сары итке алаңдап қарап қояды...


"Иә, құрбақаға құйрық неме керек!" деп іштей кекеткен болды. Дөң басына көтеріліп, көгалға шөккен вокзалдың қызыл шатырын көргенде тағы да кекесінмен жымиды. Парламент, депутаттар! Кеше ғана мерекенің құрметіне қала бағында болған иллюминацияға барған еді, қиғаш-қиғаш ракета атылып, жендеттер "Тореадорды", "Жар жағасында, өзен бойындағыны", "Матчиш" пен "Тройканы" ойнап, ара-кідік "Ей, мила-и" деп бақырып құлақ жарды. Қайтып келіп қоналқы итарқасының дарбазасын қаққан. Әрі қақты, бері қақты, тырс еткен тірі жан жоқ. Маңайдың өзі мылқау, ымырт басқан тыныштық, көше түкпірінен көзге ілінген көкжиек те ызғар тепкендей сұп-сұр, алаң үстін бүркей бастаған бұлттың да түсі суық...Әлден уақытта аула ішінен тырпылдаған бошпақ тықыры, күркілдеген жөтел естілді.


— Немене, отырып қайттың ба? — деді бырқылдап.


— Ол ненің ақысы?


— Ат өлтіріп кетті, — деп қақпаны ашты да, — Тағы бір екеуі қаңғырып қайда жүр екен? — деді.


— Содиялар ма?


— Солар ғой.


— Олар неменеге келіпті?


 Депутатты соттамақ деседі. Өзенді уламақ болыпты дей ме...


— Депутат па? Ақымақ, депутаттың одан басқа жұмысы таусылып қалып па?


— Ит біліп пе...


Слободаның шетінде, саман тамның қасында балдаққа сүйеніп сорайған ұзын бойлы шал тұрған. Қолында құрықтай таяқ, әлдекімді көре қалса таяғын көлденең ұстап, бүгжиіп, әдейі бейшара болып мөлие қалады. Қырдан ескен ызғырық жел бозғылт шашын дудыратып, бет-жүзін онан сайын кәртейтіп әлем-тапырық қылып жібереді. Кузьма әкесін, балалық шағын есіне алды. "Русь, Русь! Қайда лағып барасың?" дейтін Гогольдің лепірме сөзі тіліне орала кеткені. "Русь, Русь!.. Ой, өңшең көкмылжындар, сендерді қарғыс атпайды-ау! Сонда жер кеңейер еді... "депутат өзенді уламақ болыпты"... Сонда жауап беретін кім? Баяғы бақытсыз халық, сорлы халық!" Кузьманың жыртиған көкшіл көзіне аяқ-астынан жас үйірілді — соңғы кезде қымс етсе жанары суланып шыға келетін болған. Жуырда қаңғырып жүріп Қатын базарында Авдеичтің трактиріне кіре салған. Балшыққа мелдектеген ауланы жұлығына дейін жүзіп өтіп артқы есіктен екінші қабатқа көтеріліп еді, шіріп, сасып кеткен баспалдақтың иісінен неше түрлі пәленің бәрін көрген Кузьманың өзі де жүрегі айнып құсып жібере жаздағаны; Жұлым-жұлым киізбен қапталған қисайған есікті зорға ашқанда темекі түтіні қолқасын қауып, ыдыс-аяқтың салдыры мен громофонның қырылдақ дауысынан, арлы-берлі борс-борс жортқан даяшылардың дүңкілінен құлағы тұнды. Содан оңаша деген түкпірдегі адамы аз бөлмеге кіріп үстелге барып отырды да бір бөтелке бал сұрады... Аяқтың астында түкірік пен қақырыққа езілген лимон мен темекі тұқылдары, жұмыртқа қабығы быршып жатыр... Қарсыдағы қабырғаға сүйеніп отырған сорайған шарқайлы мұжық қарағаннан қарап ыржалақтап күле берді, дудыраған ұйпалақ басын шайқап-шайқап қойып бажылдаған громофонды тыңдаған болады, Алдында арақ пен стақан, крендель. Ішіп те қарық қылып жатқан жоқ, тек басын шайқап қойып аяғындағы шарқайына қарайды, әлден уақытта Кузьманы байқап қуана көзін ашты да жирен-бұйра сақал басқан жып-жылы бет-жүзін жымия көтеріп алды. "Иә, кеп қалдың ба?" деді екі туып бір қалғанын көргендей мәз болып. "Мырза, осында менің туған інім қызметте еді" деп асығыс ақталуға көшті. "Туған інім!" Кузьма көз жасын сығып тастап тісін шықырлатты. Ойпырай, құдайдан безгендер- ай, халықты осыншама езіп мал қылып жібергендерін қарашы!


"Келіп қалдың ба?" Сондағысы Авдеичтің мал қорасы ма?! Бұл аз болғандай, Кузьма орнынан тұрып кетуге ыңғайланғанда "ал, сау бол" деген дауысын естіп мұжық та атып тұрғаны, жүрегін құдды қуаныш кернегендей аса бір ризашылықпен мынау аста-төк сый-сияпатқа, өзімен адамша сөйлескені үшін жік-жапар болып, "сөге көрмеңіз" деп құрақ ұшты.


Әдетте вагондағы жұрт жаңбыр мен құрғақшылық жайында әңгіме соғып, "нанның бағасын құдай ғана біледі" десіп отырушы еді. Қазір бәрінің қолында газет, соны ақтарып-төңкеріп әбігер, әңгіме төркіні баяғы сол Дума, бостандық, жер бөлісі жайында. Ылғида көктемгі жаңбырды көксеп отыратын мұжықтар, астық десе ақылынан адасатын алыпсатар саудагерлер, хутордан шыққан мещандар төбеден ұрған нөсердің сатырына мән берер емес. Бір аяғын кестіріп тастаған жап-жас солдат ағаш тоқпағын тарсылдатып шоқаңдап өтті, беті сап-сары, мөлиген көзінде қасіреттен басқа жылт жоқ, қолындағы манжур папахасына бірдеме түскен сайын көнігі қайыршыдай шоқынып қояды. Үкімет, министрге келгенде қызылкеңірдек дау басталды да кетті... Бұрын мақтаныш болған нәрселерді бүгін кекесінмен, мысқылмен еске алысты: Портсмутта жапондықтарды қорқытпақ болып "Витязь": қоржын-қоқыстарыңды жинай бастаңдар деп бұйрық бергені де тілге тиек болды... Кузьманың қарсысындағы шашын шөмеле қылып қидырған жас жігіт шыдамай кетті де қып-қызыл болып бөртіп шыға келді:


- Мырзалар, сабыр етіңіздер! Сіздер ғой, бостандық, бостандық деп кеңірдек жыртасыздар. Мен белгілі инспекторда хатшы болып қызмет етемін, орталық газеттерге хабар-ошар жіберіп тұрамын... Әрине, бұл оның міндеті емес. Ол да бостандық үшін күресемін деп көпіреді, бірақ бір күні өрт сөндірушілердің жұмысы нашар деп жазып жіберіп едім, шақырып алып: "Иттің баласы, егер мұндай мақала жазатын болсаң басыңды шауып тастаймын!" — деп төбеме шай қайнатты. Кешіріңіздер, егер менің көзқарасым одан көрі солшылдау болса ше...


— Көзқарас? — деп жас жігіттің көршісі, оған әуелбастан-ақ шошқаның көзіндей жіпсік жанарымен қадалып кеп отырған семіз алыпсатар Черняев ергежейлінің шіңкілдек дауысымен шәңк ете қалды. Жігітке ауыз аштырмастан бастырмалатып:


— Көзкарас? Сенде көзқарас бар ма еді? — деді шаншылып. — Солшыл сен бе едің? Мен сені жалаңбұт кезіңнен білемін. Қайыршы әкең секілді сен де аштан өлетін едің! Сен инспектордың аяғын жуып, табанын жалауың керек!


— Конституция! — деп Кузьма даусын әндете созды да орнынан тұрып отырғандардың тізесін қаға-соға есікке қарай ұмтылды.


Алыпсатардың жалаңаш аяғы быртиған тым кішкене әрі семіз екен, көзіне әлдебір кілтші қатындардың жеркенішті бүйен башпайлары елестеп кеткені, сап-сары самардай беті де қатыннан аумайды, ерні жұп-жұқа қаймақтай... Гимназияның оқытушысы Подозовтың да оңып тұрғаны шамалы, қапсағай денелі шегір көз, кигені сұр қалпақ, сұр желбегей, желбезекті жалпақ мұрын, көкірегін жапқан қауға сақалы желпілдеп алыпсатардың әр сөзіне басын шұлғи беріп еді. Кузьма есікті ашып тамбурға шықты да жаңбырлы салқын да дымқыл ауаны қомағайлана жұтты. Жаңбыр күнқағарды сатырлата шүмектеп, төбеден сорғалаған су шашырандысы ұшықшының деміндей бүркіп тұр. Күрс-күрс теңселген вагондар қалың нөсерді қақ жарып, белес-белеске бірде сүңгіп, бірде қасқайып шыға келіп салып-ұрып барады, қос қапталда жарысып боз шыршаның қалың жынысы қалып жатыр. Ала-құла киінген жас балалар тасадан шыға келіп әлде не деп айқайласқан. Кузьма бет терісінің әжімін бырыстырып күле жауап берген болды. Көзін ашқанда қарсы баспалдақта тұрған дәруішті көрді: азаптан азып- тозған шаруаның момақан жүзі, қуарған бурыл сақал, далиған қалпақ, кендір жіппен буынған ескі шұға пальто, иығында дорба мен қаңылтыр шәйнек, шитиген аяғында бұтыл кебіс. Тарсыл-күрсілмен таласа:


— Қайдан келесің? — деп айқай салды.


— Воронежден! — деп дәруіш туысқанын тапқандай қуана жауап берді.


— Помещиктерді онда да өртеп жатыр ма?


— Өртеді ғой...


— Қарық болған екенбіз!


— Не дейт?


— Қарық қылды деймін!


Кузьманың көңілі босап, теріс айнала берді де кірпігіне оралған жасты іркіп тастап темекі орай бастады... Ойы тағы да он саққа қаңғып жөнелді. "Мынау дуана — халық, ал сонда алыпсатар мен оқытушы халық болмағаны ма?" Кузьманың тағы да беті қабарып, өңі бұзылды.


Төртінші бекетте түсіп қалды да көлік жалдады. Казаковоға дейін он екі шақырым еді, арбакеш мұжықтар алғашында жеті сом сұрады, одан соң бесжарымға түсірді. Ақыры біреуі: "Үш сом берсең апарып тастаймын, — деді. — Босқа тіл безеп қайтеміз, қазір баяғы заман емес", — деп жөнге көшті де қашанда айтатын "бүгінде жем де қымбаттап кетті" дейтұғын сөзін ұмытқан жоқ. Арзандата келе біржарым сомға апаратын болды. Балшық деген белден, арбасы астаудай-ақ, есекқұлақ тырақы керігінде әл де жоқ. Бекеттің ауласынан созылып зорға шыққан, рдуанда отырған мұжық бар ынтасымен атына демеу жасағандай кендір божысын қаққылап әлекке түсті. Бекет басында басы қатты неме деп онысын мақтап еді, енді соған өзі де ұялған сияқты. Бірақ бәрінен де кетеуі кеткен мұжықтың өзі еді. Әлі жап-жас, бойы дерендей, іркілдеген толық, аяқта шарқай, балтырын ақ шылғаумен шандып тастапты, тылтиған шекпенінің белін матамен шырта буған, дудыраған жирен шашын ескі картузбен милықтата жасырған болыпты. Тұла бойынан тауыққора мен қарасордың иісі мүңкиді — Горох патшаның заманынан қалған көне мұжықтың өзі дерсің, — мұрт-сақалсыз беті шүберектей аппақ, алқымы күмпиіп ісіп, дауысы қарлығып қалған.


— Атың кім? — деп Кузьма сөз тартты.


— Ахванаси деп атапты ғой...


"Ахванаси болсаң боларсың" — деді Кузьма іштей.


— Ал, одан соң?


— Меньшов... Шу, арамқатқыр!


— Жұқпалы пәле ме? — деді Кузьма оның тамағын мегзеп.


— Қайдағы! — деп Меньшов күңк етті де, бетін бұрып әкетті. — Суық квас ішіп қойып едім...


— Жұтынғанда ауырмай ма?


— Жоқ-ә, ауырмайды...


— Ендеше босқа қыртпа! — деді Кузьма зекігендей. — Тезірек ауруханаға барып жат. Қатының бар шығар?


— Бар ғой...


— Әнеки, көрдің бе. Балаларың болады, солардың бәріне пәлекет сыйлағың келмесе есіңді жый!


— Ол енді даусыз ғой, — деп Меньшов мойындай салды.


Мұжық дамылсыз божысын қаққан болады. "Шу, шу! Ой албыт тигір, сенен-ақ көрдім-ау!" деп күйіп-піседі. Ақыры дымы құрығандай үнсіз қалды. Әлден уақытта шошып оянғандай:


— Көпес, думаны шақырып па? — деп сұрады.


— Шақырыпты.


— Әлгі Макаров тірі дейді ғой, тек жасыратын көрінеді.


Кузьма иығын қиқаң еткізді: бұл дала дүлейінің дағардай басында не қайнап жатыр десеңші! "Ал, байлық дегенің мынау!" деп ойлады сабан төсеген арбаның түбінде тізесін құшақтап отырып алып, маңайын жайбарақат шолып келеді. Табылмайтын мынау қара топырақтың өзі неге тұрады! Жол бойының балшығына дейін жап-жасыл, май теуіп жатқан жоқ па, ағаш жапырақты, шөбі шүйгін, бау-бақша бітік... Бірақ үйлері саман, тап-тапал, шатыры көң-қоқыр. Әр үйдің қасында қаңсып қалған бөшкелі арба. Сөз жоқ, ішінде су болса әлдеқашан құрттап та кеткен шығар. Мінеки, мынау дәулетті деген отбасының ауласы. Әбден қаусап тұр. Тұрғын үй, жалшының лашығы, дарбазаға дейін бір шатырдың астында үйездеп қалған. Үй кірпіштен қаланған, қабырғалары әкпен сыланыпты: бірінде шыршаның суреті, екіншісінде қораздың нобайы болса керек; терезелерін де ақ балшықпен айналдыра әктеген екен. "Бұл да творчество" деп Кузьма кекесін жымиды. — Құдай өзі кешірсін, үңгір заманы, үңгір адамдары ғой!" Қақпаға баттастырып крест салып қойыпты, баспалдақ қасында жалпақ тастан жасалған көрқақпақ сүйеулі тұр, сірә не шал, не кемпірді о дүниеге әзірлеп жатқаны да... Ауладан байлықтың нышаны сезіледі. Бірақ божыған балшық, баспалдақты шошқа иемденіп алыпты. Терезелері жыртиған, бөлмелері қаракөлеңке әрі қуықтай тар шығар: тоқыма станогі, абажадай пеш, быршыған шөйіндінің бадейкасы... Отбасы ошарлы, балалар бықып жүр, оның үстіне қыс бойы қозы-лақты әкеліп қамайды... Ыс пен түтіннен, көк будан көзің қарығады. Бақырып жылаған баланы құйрықтан тартып жіберіп, келіндер бір-бірімен шайнасып: "найзағай соққыр қу қаншық", "ұлы күнде уланып өлгір жалап" деп бір-бірін қарғап-сілеп жатқаны; қазымыр кемпір әр минут сайын көсеу лақтырып, ыдыс-аяқты шырқатып, езуінен көбігі бұрқылдап, қақпыш боп қалған сіңірлі қолдарын келіндеріне ала жүгіреді, аузында пәтуәлі сөзі де жоқ... Ызақор шал төсек тартып жатып-ақ жұртты "ақылмен" тойдырып болады...


Селодан шығып жазыққа қарай бұрылды. Мұнда жәрмеңке басталған екен. Әр жерде шатырлар шошайып тұр, шашылған арба доңғалақтары, қыштан жасалған ыдыс-аяқ; жаңа ғана соққан пештің мұржасынан түтін сыздықтайды, танауға құймақтың иісі келеді; сығандардың көшпелі шошаласы, доңғалақ түбінде шынжырлы ит жатыр. Оның арғы жағындағы қазына кабагінін маңында қаптаған мұжық, қыз-жігіттер, көңілді абыр-дыбыр.


— Жұрт жырғап жатыр, — деді Меньшов мұңайып.


— Бұл ненің қуанышы? — деп сұрады Кузьма.


— Әйтеуір бір үміт қой...


— Ненің үміті?


— Ненің болушы еді... Қыдыр қона ма деп...


— И-их! — деп топ ішінен әлдекім қышқырып жер тепкілей жөнелді:


Шөп те шаппа, жер жыртпа — Қыздары көп ел-жұртта!


Топтың сыртында тұрған орта бойлы бір мұжық кенет қолын сермеп қалды. Мұздай боп киінген екен, бәрі ине-жіптен жаңа шыққан: шарқайы да, шылғауы да, шалбары да жаңа, бешпенті көгілдір қалың шұға, салақтатпай қысқа ғана бүрмелеп пішкен. Аяғын мысықша еппен басып келіп қолын тағы да құлаштай сермеп: "Былай тұрыңдар, көпес те қызық көрсін!" деп қышқырып қақ жарылған топтың ішіне қойып кетті. Балағын оңды-солды сілкілеп алдыңғы қатарда тұрған бозбаланың қасына барды, сол-ақ екен, ол да картузын көзіне түсіріп, сәтен көйлектің сыртындағы қара бешпетін лақтырып тастады да етігінің өкшесін тақылдатып жөнелді. Жігіттің түсі суық, тер жапқан беті сұп-сұр.


— Балам, жаным-ау! - деп айқай-шу топырға араласып әлдебір әйел ойбайын салды. -Құдай үшін қойшы! Қойшы жаным, өлесің ғой!


Баласы басын қайқаң еткізіп көтеріп алды да жақ-шықшыты білеу-білеу болып тістеніп:


— Қарқылдама, қақпас! — деп, жер тепкілеп арпалысып жүріп зірк етті.


— Баласын барын сатып киіндіріп еді, — деді Меньшов қастарынан өтіп бара жатып. — Қайтсын, жесір байғұс жалғызын өлердей жақсы көреді, ал ол малғұн мас болып алып шешесін ұрады... Өзіне де сол керек!


— Сол керегі қалай? — деді Кузьма.


— Ә-ә, оның да оңып тұрғаны шамалы.


Жертөленің алдында бүктетіліп сорайған бір мұжық отырды — тұрған бойы табыт тілегендей: таяқтай жіліншігі пима ішінен сорайып, жыртық шалбардан ырсиған тізесінің үстінде қу сүйек боп қалған қолдары сұлық жатыр. Шалдарша бөркін көзіне түсіріп алыпты, тіленшік көзі қасіретке толы, арса-арса бет жүзінде бір жапырақ ет жоқ, қан-сөлсіз еріндері аузын жабуға жетпей қалыпты.


— Бұл қаңқа ғой, — деді Меньшов ауруды иегімен нұсқап. — Екі жыл болды асқазаннан өле алмай жүр.


— Қаңқа? Мазақ аты ма?


— Әрине...


— Қиянат! — деді Кузьма.


Көрші бір саман үйді Меньшов айналып өтті. Есік алдында жас қыз белі майысып бала көтеріп тұр екен, ары өткен-бері өткенге жалтақтап қарай береді, малжаңдап қара нанды күйсеп, қайта-қайта тілін жылтыңдатуына қарағанда қолындағы чепчик байлаған сәбидің аузына еміздік қылып тығатын болса керек. Шеттегі астық қоймасының шатыр сабаны желге желпілдеп, торғай үркітуге қадаған қарақшының екі жеңі делең-делең етеді. Қу далаға қараған қойманың қашанда үңірейіп тұратын әдеті, оның үстіне мынау далпылдаған қарақшы, көңілсіз дүниені көлеңкесімен жапқан күзгі сұр бұлт, азынаған күзгі жел ермен мен алаботаның ортасындағы қашасы ашық қырманда дән терген тауықтардың құйрығын сыбыртқыша тарайды.


Көкжиектен еменді тоғайдың төбесі қылтияды, тырбиған тапал бытқылды екі сайды ежелден Порточки деп атаушы еді, соған іліне бергенде нөсерлеткен бұршақты жаңбыр Казаковаға жеткенше толассыз ұрды-ай келіп. Меньшов атын шоқырақтатып қуа жөнелген, Кузьма шылқылдаған су жабудың астында бүрісіп отыр. Екі қолы суықтан икемге келмей қатып қалды, шолақ тонның жағасынан суық тамшы сорғалап, су сіңген жабудан тер иісі танауды қапты. Төбеден бұршақ ұрып, доңғалақтан ұшқан балшық қос қапталды сыбап келеді, төменде сылпылдаған қақ, әлдеқайдан қозы маңырады. Тұншығып бара жатқан соң Кузьма жабуды басынан лақтырып тастады. Жаңбыр саябырлай бастаған екен, кешкі бұлыңғыр, бір қора қой арбамен жарысып қотанға қайтып келеді. Топтан бөлініп қалған ұзын сирақ қара тұсақты су сіңген юбкасын көтеріп алып бір қатын борбайы жарқылдап қуалап жүріп зорға қайтарды. Село сыртындағы батыста ақ жолақ жыртық қалыпты, шығыста кемпірқосақтың қызылды-жасылды доғасы имиіп тұр. Даладан ығырықты салқын леп, үй маңынан жылымық еседі.


— Бай-мырзаның үйі қайда? — деп сұрады Кузьма, тас баспалдақтың үстінде тұрған ақ жейде, қызыл юбкалы қатыннан.


Қатын есік алдында бақырып жылаған кішкентай қызды білегінен тас қылып ұстап алыпты. Қыз қышқырғанда дауысы құдайға жетеді.


— Үй дейді? — деп қатын қайталап сұрады. — Кімнің үйі?


— Мырзаның.


— Кімнің дейді? Түк естісем бұйырмасын!.. Үнің өшкір, қойшы енді! — деп қатын жұлқып қалғанда қыз шалқасынан ұшып түсті.


Келесі үйден тағы сұрады. Кең көшені жарып өтіп әуелі солға бұрылды, одан оңға бұрылды, есік-терезесін тас қылып шегелеп тастаған әлдебір көне усадьбаның тұсында еңіске түсіп, өзен үстіндегі көпірден өтті. Меньшовтың бет-аузынан, шашынан жаңбыр тамшылары моншақтап келеді. Тазарған жалпақ бет пен сорайған кірпігінен жігіт бұрынғысынан да топастау болып көрінді. Екі көзі едірейіп ілгері жаққа қадалып қалыпты. Кузьма да солай қарай бетін бұрған. Арғы беттегі түйетайлы дөң басынан қарауытқан бақ көрінді, заманы өтіп, бұзыла бастаған тас қорғанның ішінде кең аула, аула ортасында, қурап қалған үш шыршаның тасасында сұрғылт тақтаймен қапталған қызыл шатырлы үй тұр. Төменде, көпір басында топырлаған мұжықтар. Миы шыққан жолда үш бірдей арық ат өрге қарай тарантасты тарта алмай тырбаңдап күшеніп жатыр. Жез сақалды, түсі игі батырақтың көзінде нұр бар, бірақ киімі алба-жұлба, тарантастың қасында тұрып алып: "Шүу, жануар, шүу!" деп делбені қағып-қағып қояды. Ал мұжықтар қасақана "тырр-тырлап" қарқылдап күліседі. Қаралы киімді жас әйелдің кірпігінде мөлтілдеген жас, аттар содан жұла жөнелетіндей-ақ арба үстінде отырып екі қолын ілгері созады. Оның қасында отырған қойкөзді жирен мұрт етжеңді ер адамның бет-жүзінде де уайым. Револьверді қысып ұстаған оң қолының саусағында неке жүзігі жылтылдайды; сол қолын бұл да шошаңдатып сермеген болады, түйе жүн шекпен мен желкесіне сырғып кеткен шұға картуздан пысынап отырса керек. Құйрықбасардың қарсы алдындағы орындыққа бір ұл, бір қыз — екі баланы шәліге қымтап тастаған екен, екеуі де бақырайып жан-жағына таңырқай қарасады.


— Бұл Мишка Северский ғой, — деді Меньшов тройканы айналып өтіп бара жатып. — Оны кеше ғана өртеп еді, — деп саңыраудай таңқылдап бүрісіп отырған балаларға бейжай көзінің қырын тастады.


Казаковтардың шаруасын басқаратын староста бұрынғы кавалерист-солдат, еңгезердей ноқай адам екен. Соған сөйлес деді аулаға арбамен бір шөмеле көкшөпті кіргізіп жатқан жұмысшы. Старостаның сол күні баласы өліп қазаға ұшырапты да Кузьманы қатқыл қабақпен қарсы алды. Меньшовты қақпа сыртында қалдырып ішке кіргенде қолтығына қысқан шұбар тауығы бар жылапсықтаудан қажыған старостаның қатыны қарсы жолықты. Аяғында ұзын қонышты етік, шыт көйлекті сорайған жас жігіт тозығы жеткен баспалдақтың үстінде, діңгек арасында тұрып:


— Агафия, андағыны қайда апарасың? — деп сұрады.


— Соямын, — деді әйел көңілсіз ғана күңк етіп.


— Әкелші, мен бауыздап берейін.


Тұнжыраған аспан тағы да жаңбырын себелеп берген, жас жігіт оны елеместен дүңгіршекке беттеді. Есігін ашып босағадан балтаны суырып алған келесі сәтте сарт еткен дыбыс шықты да басы жоқ тауық шөпті қанатымен жапырып безе жөнелді, бұрқыраған қауырсын мен шашыраған қаннан ауланың бір бұрышы жосадай болды. Жігіт балтаны тастай салып баққа қарай кете берді де, старостиха тауықты ұстап алып Кузьмаға таянды.


— Саған не керек?


— Бақ туралы сөйлессем деп едім...


— Онда Федор Ивановичті күтесің.


— Ол қайда еді?


— Қазір егістіктен кеп қалар.


Кузьма жатақ үйінің іргесінде күтіп қала берді. Терезеден ішке қарап қаракөлеңкеден пештің нобайын, нарды, үстелді көрді, терезе түбінде астау тұр екен, онысы табыт болып шықты, ішінде өлген баланың мәйіті, беті сұп-сұр, басы дағардай үлкен секілді көрінді... Үстел басында күбідей семіз соқыр бойжеткен үлкен ағаш қасықпен мескейдегі сүттен нан түйіршіктерін қалқып қаперсіз соғып отыр. Төбесінде ұяға үймелеген арадай гүжілдеп шыбын деген быжынап жүр, өліктің бетінде де құжынап, одан сүтке түсіп малтыған қарақұрым жәндіктен ыдыстың беті көрінбейді, ал қыз байғұс тас болып қатқан күйі ақшел көзін тысқа қадап қойып күйсеп жатыр, күйсеп жатыр. Кузьманың жүрегі айнып теріс бұрылды. Ызғырық жел оқтын-оқтын ұрып тұр, аспаннан төнген қара бұлттан дүние қарақұрым тартты. Ауланың дәл ортасында көлденең ағаш қаққан қос діңгек тұр, көлденең ағашқа құдды икон секілді шойын тақта іліп қойыпты, сірә түн ішінде үрейді үркітіп даңғырлатып дабыл қағатын болса керек. Әр тұста арқасы қырдай имиген тазы иттер жатыр. Ақселеу шашты кішкентай бауырын арбаға отырғызып алып сегіздер шамасындағы ұл бала сол иттердің арасында шауып жүр, шиқылдаған доңғалақтардың ысқырығы құлақтың құлығын түсіргендей. Өңкие шөккен ескі үй мынау кешқұрымда албастыдан бетер иықтан басады. "Тым құрыса шам жақпайтын ба еді?" деп ойлады Кузьма. Өлердей шаршаған, қаладан былтыр шыққандай қажып тұр.


Кеш пен қараңғы түнді бақ ішінде өткізді. Даладан салт атпен келген староста оны жақтырмай, "баққа бағбан баяғыда табылған" деп бірден меселін қайтарып тастады да қоналқыға, рұқсат сұрағанда бажырайып кеп қарады, "ақымақ па деп қалсам... қонақ үйді тапқан екенсің! Сен секілді қаңғыбастар толып жатыр!" — деп зеки жөнелді. Ақыры мейірі түсіп, бақ ішіндегі моншаға түнеп шығарсың деді. Кузьма Меньшовпен есеп айырысып, үйді айналып үйеңкі аллеясының қақпасына қарай беттеді. Шыбын-шіркейге тосқауыл етіп тор құрған ашық терезелердің ар жағынан мынау кешке, қаңыраған мына усадьбаға ешбір үйлесімі жоқ роялдың күңіренген даусы, сонымен жарысып әсем ән естілді. Былғанышты құмдақ аллеяның сонау түкпірінен жер шетінен жылтырағандай бұлыңғыр аспанның пұшпағы көрінеді, сол тұстан жіп-жирен бір мұжық талтаң басып қарсы келе жатыр еді: қолында шелек, етегі далақтай, жалаңбас, етігі екі батпан.


— Күшенуін, күшенуін қара! — деп жүре сөйлеп музыкаға құлағын түреді. — Ішегі үзілер ме екен!


— Бұл кім? — деді Кузьма.


Мұжық басын көтеріп тоқтай қалды.


— Кім болушы еді, бағғчук те баяғы! — деп тілін шайнап көңілді күлген болды. — Айтуынша, қақсағанына жеті жыл болды деседі.


— Бұл әлгі тауықтың басын шапқан жігіт пе?


— Жоқ-ә, басқа ғой... Бұл әлі аз! Кей күндері: "бүгін сен, ертең мен" деп бақырғанда құлақ тұнады... қасірет қой!..


— Оқып жүрген де?


— Өйткен оқуы құрысын!


Осының бәрін ол немкетті, сөз арасы қылып айтқан, бірақ тілін шайнағанның өзінде де ащы бір кекесін жатқандай көрінді де Кузьма оның бетіне бажырайып тұрып қарады. Түрі есалаң секілді. Шашын түзу жіберген. Беті қушиған, суздальдік орыстардың көне пошымы. Етігі талыстай, денесі ағаштай тырли арық. Қырғи көзі салбыраған ұйқылы қабақтың астына кіріп кеткен. Қабағын түсірсе — кәдімгі есалаң, көтерсе — өңменіңнен өтеді.


— Сен осы бақта тұрасың ба?


— Әрине бақта. Енді қайда деуші едің?


— Аты-жөнің кім?


— Менің бе? Аким... Өзіңнің ше?


— Мен осы баққа жалдансам ба деп едім.


— Солай ма?.. Жетіскен екенсің!


Аким ыржиып басын шайқады да жөніне кете берді.


Лекіте соққан өкпек жел ағаштың көкжасыл жапырақтарын сілкілеп жаңбыр тамшыларын бүркіп тұр, бақ сыртында. Көкжиектің етегінде күн күркіреп, нажағайдың боз-жасыл оты аллеяның түнегін осқылап өтті де бұлбұлдар шошынғандай аяқ-астынан сайрап жөнелді. Тіпті түсініксіз нәрсе — тентек желден ағаштар алқын-жұлқын сілкініп, түнерген бұлт төбеден төніп тұрғанда, сүмелектей суға малшынған бұтада тығылып отырып осыншама ғажап әнді мың құбылтып қалай салады екен?! Бұдан да өткен түсініксіз нәрсе — желді түнде күзетшілердің хәлі не болмақ? Шіріген шалаштың астында, су сабанның үстінде жатып таңды қалай атырмақ?


Бұлар үшеу екен. Үшеуі де ауру. Біреуі жас, бұрынғы наубайшы, қазір босяк, безгек көрінеді; екіншісі Митрофан, бұл да босяк, көксау екен, "әншейін, түк емес, тек екі жауырынымның ортасы мұздай береді" деп дертін жасырған болады; Аким тауық соқыр, ымырт түссе екі көзден басыр боп қалады. Кузьма келгенде наубайшы сырмалы мақта жейдесінің жеңін түріп тастап шалаш түбінде ағаш астауға тары жуып отырған, жүзі жылы, өңі сұп-сұр, білегі шидей. Көксау Митрофан орта бойлы, жалпақ бетті мұжық, үстінде судан сығып алғандай жыртық киім, аяғында сірісі сірескен ескі бұтыл, онысы кәрі жылқының жарылып кеткен тұяғына ұқсайды — иығын қомдап, жылтыраған қой көзін наубайшыдан алмай соның жұмысын бақылап тұр. Аким шелек алып келді де шалаш алдындағы жерошаққа от тамызды. Одан соң ішке кіріп бір қолтық құрғақ сабанды бықсып жатқан шөгеңкенің астына тықты, көкірегі сырылдап, күңкілдеп жүріп ащы әзілмен жолдастарын кекете шағып-шағып алады. Кузьма шалаш іргесінде су орындықта отыр, көзі жұмулы, бірде бұлбұлдың үніне, бірде мұжықтардың әңгімесіне құлақ түреді, аспан күркіреп, ызғырық жел ағаш басын шайқаған сайын төбеден бүріккен мұздай тамшы өкпесін тесіп барады. Темекінің түтіні мен аштықтан іші итше ұлып отыр. Аталаның пісетін түрі жоқ, мына күзетшілер секілді мен де хайуанның жабайы тіршілігін кешуім мүмкін-ау деген уайым ойынан кетпей-ақ қойғаны... Оқтын-оқтын соғып өткен жел, алыстан жеткен күннің күркірі де, бұлбұл үні де, тілін шайнаған Акимнің қырылдақ дауысы да жынына тиіп болды.


— Акимушка, сен тым құрыса бір белдік сатып алмадың ба? — деп наубайшы әдейі кекете тиісіп, сен де тыңдай отыр дегендей Кузьмаға қарап қойды.


— Саспа, — деп Аким де жымия жауап қатты да шөгеңке бетіндегі қалқып шыққан көбікті жайбарақат сапыра берді. — Қожайынның қорасында қонақтап жазды өткізелікші, сосын саған сықығғлауық етік сатып әперем.


— Сықығғлауық! Оны сенен сұрамаспын.


— Шаңқаймен сен де жетісіп жүрген шығарсың.


Аким қасықпен аталаның дәмін байқады. Наубайшы жабығып күрсініп салды:


— Иә, етік біздің не теңіміз!


— Мұның бәрі әншейін қырт әңгіме ғой, — деді Кузьма. — Онанда айтыңдаршы, мыналарың не тірлік? Құдай біледі, күн сайынғы қоректерің атала шығар?


— Сен немене, балық пен шошқаның ыстаған сүбесін аңсап отырмысың? — деді Аким оған мән берместен қасығын жалап. — Әрине, ол да ауыздан қашпас еді: әшмөшке арақ, бір тал сүбе, сазанның құйрығы, аңқыған жеміс шайы... Ал мынау атала емес, мұның аты сылдыр ботқа деген болады.


— Сорпа-суын да ішіп тұратын шығарсыңдар?


— Бауырым, бізде ол да болған, оның атын щи деуші едік, сорпасы қандай тамаша! Итке құйғанда іші өтіп өле жаздаған жоқ па!


— Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ демей ме. Ептеп емделмейсің бе, — деп Кузьма басын шайқады.


Аким жауап қатқан жоқ. От өшіп барады. Шөгеңке астында қызарып қоламтаның үйіндісі ғана қалған; бақ бірте-бірте қараңғы тартқан, тек аспан жарқ еткенде жел кеулеген Акимнің көйлегі мен бет-жүзін іліп кетіп тұр. Митрофан таяғына сүйеніп Кузьманың қасына отырды да наубайшы үйеңкі түбіндегі томарды ерттеп мінген екен. Кузьманың соңғы сөзін естіген наубайшы салмақты сөйлеуге тырысты. Үнінде мұң, шарасыздық бар.


— Менің ойымша бәрі де бір құдайдан. Құдай қуат бермеген соң ешбір доктор саған сүйеу бола алмайды. Аким дұрыс айтады: ажалсыз адамға өлім жоқ.


— Доктор! — деп жерошаққа қарап отырған Аким наубайшының сөзін іле жөнелді және "доктор" деген сөзді аса бір жеркенішпен айтты. — Бауырым, доктор алдымен қалтасын ойлайды. Мен бар ғой, қылығы үшін сол докторларыңның ішек-қарнын ақтарып тастар едім!


— Бәрі бірдей парашыл емес шығар, — деді Кузьма.


— Мен олардың бәрін көргенім жоқ.


— Көрмесең онда неменеге көкіп отырсың? — деді Митрофан.


Осы тұста Акимнің кекесінді әзілінен дым да қалған жоқ. Қырғи көзі қиястанып, орнынан атып тұрып айқай салды:


— Не дейсің? Мен бе көкіп отырған? Сен ауруханада болып па едің? Болдың ба? Ал мен болдым. Мен онда жеті күн жаттым! Сонда сенің докторың неше тоқаш беріпті? Беріп пе?


— Ақымақ! — деп Митрофан оның сөзін бөлді. — Тоқаш жұрттың бәріне тиесілі емес, аурудың ахуалына байланысты.


— Аһ! Ахуалы ма! — деп Аким тағы да айқайлап жіберді. — Ендеше сол тоқашқа қақалып өлсін, шартық неме! — Ол жынды адамдай көзі алақтап қасығын "сылдыр ботқаға" атып ұрды да шалашқа кіріп кетті.


Көкірегі ысқырып, ентігіп жүріп шам жақты. Күркенің ішіне ептеп жан кіре бастағанда әлдебір қуыстан қасықтарды суырып алып үстелге тарс еткізіп тастай салды: "Әй, андағы быламықтарыңды әкелмейсіңдер ме енді!"


Наубайшы орнынан тұрып шөгеңкеге ұмтылды. Кузьманың қасынан өтіп бара жатып: "дастарханға келіңіз" деді. Кузьма тек нан сұрап алды да тұз сеуіп, рахаттана күйсеп қайтадан орындыққа барып отырды. Қараңғылық қоюланып кеткен. Аспан жарқ еткен сайын көкшіл сағым ағаштардың жасыл жапырағын жалап өтіп, жел шайқаған ұшар бастары сарнап жөнеледі де тына қалса көрдей қараңғылық дүниені бүркеп тастайды. Бұлбұлдар сайрағанын қойған, тек ұйқысы қашқан біреуі ғана тура күркенің төбесінде таңдайды қағып қойып отыр. "Менің кім екенімді, қайдан екенімді де сұрамады-ау, — деп кейіді Кузьма. — Халық болғаныңды ұрайын!" Сосын әзілдеген болып:


— Аким, сен менің аты-жөнімді, қайдан екенімді де сұрамадың ғой, — деді.


— Сұрайтындай сенің маған қажетің қанша? — деп жауап қатты Аким.


— Ал мен мұнан басқа бір нәрсе сұрайын деп отырмын, — деген наубайшының даусы естілді. — Думадан қанша жер алмақ ойы бар екен? Қалай деп ойлайсың, Акимушка, а?


— Мен сауатсызбын ғой, — деді Аким. — Сен болсаң анау күресін басынан да көре бересің.


Сірә, наубайшы жауап таппаса керек, бір сәтке шалаш іші тым-тырс қалды.


— Мұнысы мені қағытып отырғаны да, — деді Митрофан. — Бірде бұған айтқаным бар еді, Ростовта кедей-кепшік, былайша айтқанда пролетариат қыс күндерінде күресінде жан сақтайды екен деп.


— Қаланың сыртына шығады да күресінге қойып кетеді екен, — деп Аким сықылықтап қоштай жөнелді. — Шошқа секілді қиға сүңгіп жататын көрінеді. Рақат, уайым-қайғы жоқ!


— Ақымақ! — деді Митрофан. — Неңе жетісіп ырбаңдайсың? Жоқшылық басыңа түссе боққа да зар боларсың!


Аким қасығын тастай беріп оған мөлиіп қарады. Кенет өшіп қалған қырғи көзі жапақ етті де құтырынып шарқылдай жөнелді.


— А-а! Жоқшылық дейсің бе! Сағатпен өлшеп жұмыс істегің келген екен ғой!


— Сөйтсе несі бар? — деп Митрофан да егесе түсті, шелектей танауы үңірейіп, Акимге уытты жанарын қадады. — Екі сом үшін жиырма сағат азапты сатып ал!


— А-а! Сен сағатына он сом алмақшы екенсің ғой! Құлқының құлаш екен! Жыртылып кетіп жүрмесін!


Егес ел ұйықтамай бітті. Минут өтпей жатып "сылдыр ботқаға" аузын күйгізіп отырып Митрофан жайбарақат сөйледі:


— Сараңдық сенен асқан жоқ! Бұл соқыр албасты бір тиын үшін алтарьда да буынып өлуге бар! Сенесіз бе, қатынын бес сомға бола сатып жіберген. Құдай бар, қалжыңым емес. Біздің Липецкіде Панков деген шал болған, ол да кезінде бағбан еді, қазір көрде жатыр, сол неме біреудің қаңсығына құмар еді.


— Сонда Аким де Липецкіден болғаны ма? — деп сұрады Кузьма.


— Студенки деревнясынан, — дей салды Аким құдды әңгіме басқа біреу туралы болып жатқандай бейжай ғана.


— Ағасымен бірге тұрады, — деп Митрофан растап қойды. — Жер мен үй-жайды ортақ пайдаланады, әрине, мұны ағасы ақымақ қылып жүр де, сонсоң да қатыны бұдан қашып кетті, неге дейсіз ғой, — баяғы сол төсек саудасы, бес сомға келісіп Панковты қатынының қойнына жібермек болыпты, сізге өтірік, маған шын, жіберіп тынса керек.


Акимде үн жоқ, қасығын үстелге тарсылдатып, екі көзімен шамды ішіп-жеп отырған, тамағы тойып, ішіне ел қонған соң аузын сүртті де есіне бір нәрсе түскендей:


— Өтірік өрге баспайды, — деді ойланып. — Жіберсем де несі бар, қатынның одан түгі құрамас.


Әлде неге құлақ түріп, аузын ашып қасын керді де, ағаш боп жарқышақтанып кеткен суздальдық бет терісін айқыш-ұйқыш сындырып:


— Әттең мылтықпен басып салса ғой, мұрттай ұшар еді! — деді тілін шайнап рахаттана ырсиды.


— Кімді атпақсың? — деп сұрады Кузьма.


— Анау бұлбұлды айтам да...


Кузьма азуын тістеніп біраз отырды да аяқ-астынан бұрқ етті:


— Құзғын екенсің ғой! Хайуан!


— Менің көтімді жала! — деп жауап қатты да Аким ықылық атып орнынан ұшып тұрды. — Немене, отты текке жаға береміз бе?!


Митрофан темекісін орай бастады, наубайшы қасықтарды жууға кірісті, ал Аким үстелді айналып өтіп, шамға ту сыртын бере қараңғы бұрышқа тағзым етті де дудыраған ұйпалақ шашын сілкіп тастап, күбірлеп құлшылық жасаған болды. Қарсыдағы ағаш жәшікте арбайған көлеңкесі еңкейіп-тоңқайып жатты. Ол тағы да асығыс шоқынып, асығыс тағзым еткенде Кузьма жеркеніп оған өшпенділікпен қарады. Аким ғой шоқынып-ақ жатыр, егер одан құдайға сенесің бе деп сұраса ше? Көзі адырайып ұясынан шығып ісетер еді-ау! Соншама құдайдан безген неме ме?!..


Қаладан шыққанына жыл болғандай көрінді, енді оған қайтып оралу да мүмкін емес сияқты. Су сіңген картуз милығынан басып, мұз болып қатып қалған аяғын былғаныш етік сығып барады. Жел қағып тотыққан беті де өртеніп отыр. Кузьма дым бүріккен желге қарсы, баяғыдан йен жатқан қу далаға шығар қақпаға беттеді. Малшынған соқпаққа күркеден өлеусіреген сәуле түсіп тұр еді, Кузьма кеткен соң Аким оны да өшіріп тастады да бірден тас қараңғы түн басты. Жарқ-жұрқ еткен нажағайдың көгілдір сызаты аспанды қақ жарып, сонау түкпірдегі сабалақ шыршаның түбінде жалпайып жатқан моншаға дейін жалап өтті де әп-сәтте тас қараңғы қайтадан бүркеп салғанда көзі мүлдем қарауытып басы айналды. Тағы да алыстан күн күркіреді. Қақпа алдында саңылау тапқанша біраз аялдады да қорымды жағалап жолға шықты, жан-жағы шулаған үйеңкі мен емен, солардан бүріккен тамшының астында сандалып арлы-берлі жүрді де қойды. Тағы да жаңбыр сіркіреді, картузы онан сайын ауырлап, мойнына су сорғалады. Тағы да тас қараңғы шарт жыртылып, жаңбырдың кесек тамшылары күмістей жалт етті, йен алаңқайдан мойны қылқиған арық аттың сұлбасы көрінді. Қу тақырдың арғы жағындағы сұлының шалқыған жасыл егістігі жасыл қаңылтырдай болып көрініп еді, осы кезде әлгі ат басын көтеріп үдірейіп қарағанда Кузьманың зәресі ұшып қақпаға кері қайтты. Әйтеуір тұспалдап жүріп қақпаға жеткенде жаңбыр шелектеп құйып, Кузьманың есіне бала кезінде еститін топансу елестеді. Сіріңке жағып терезе түбіндегі жалпақ нарды көрді, шолақ тонын шешіп бас жағына тастады. Қараңғыда нарға шықты да ауыр күрсініп, шалдарша шалқалап жатып, әбден шаршап сілесі қатқан денесін созып жіберіп көзін жұмды. Құдай-ау, бұл неткен жөн-жосықсыз азапты сапар еді! Осында неменеге келді? Мырзалардың үйі де мылқау, тек аспан жарқ еткенде ғана терезелері сағым шашады... Шалашта, қалың нөсердің астында Аким жатыр... Мынау моншадан жұрт сан рет сайтанды да көрген шығар-ау: сол Аким ең болмаса сайтанның барына сенер ме екен? Әй, қайдам! Бірақ сонда да сайтан туралы көйткенде ауыз жаппайды: бірде марқұм атам деп бастайды — міндетті түрде атасы және ол марқұм болуға тиіс — бірде марқұм атасы моншаға сағдар алуға барса сайтан отыр дейді, аяғын матап алған, ит секілді үсті-басы жүн... Кузьма бір тізесін көтеріп, алақанымен маңдайын басты да көз ілді...


Жаз бойы жұмыс іздеумен болды. Бақ жайындағы қиялы әншейін ақымақтық екен. Қалаға қайта оралып, өзінің мүшкіл халін ойланып-толғанғаннан соң әуелі піркәшік пен кеңсе қызметінен орын іздеді; ақыры кез келген жұмысқа әзір еді, — әйтеуір бір үзім нан тапса да жетіп жатыр. Бірақ азабы да, арманы да босқа кетті. Қалада ол баяғыда-ақ дәлдүр атанған. Маскүнемдік пен салбөк-селіктің салдарынан көпке күлкі болды. Әуелде жұрт оның тірлігіне таңғалысып еді, келе-келе күдікпен қарайтын әдет шығарды. Рас-ау, мұның жасында көрінгеннің күресінінде түнейтін мещанды кім көріпті, оның үстіне бойдақ, шарманщиктен өткен кедей: бар мүлкі бір сандықша мен салмағы зілдей екі қолшатыр. Сонымен Кузьма, бұл неткен адам дегендей айнаға жиі қарайтын болды. Келімді-кетімді бөтен жұрттың ортасында "көптің нөмерінде" түнейді, ертеңгісін тұра салып шыжыған ыстықта базардағы трактирге тартады — жұмыс жайлы өсек-аяңды тек осы жерден ғана еститін; түстен кейін ұйықтайды, одан соң терезе алдында отырып алып кітап оқиды, болмаса шаң қапқан иен көшеге, ыстықтан еріп кетуге жақын боз аспанға телміреді де отырады... Бір жағынан ой қажап, аштықтан азып біткен ақ шашты мещан, анархизмнің не екенін білмесе де өзін анархистпін деп санайтын әуейі не үшін, кім үшін өмір сүріп жүр? Әйтеуір отырып алып оқиды; күрсінеді, бөлменің есік пен төрін өлшейді; жүрелеп отырады да қобдиын ашады; жұлым-жұлымы шыққан кітаптары мен қолжазбаларын тәптіштеп реттеп, оңып кеткен екі-үш көйлегін, тозығы жеткен ұзын сүртігін, өше бастаған куәлігін қаттайды... Енді не істемек?


Жалықтырған жаз ұзаққа созылды. Қала қапырық. Бұрыштағы лашық күн көзінен күйіп тұрады. Қапырықтан милық лықылдап, қайта-қайта ашылып-жабылған терезе сықырынан маза жоқ. Сеновалда бүрге мен әтеш айқайы ұйқы бермейді, оған қоса қора-қопсының сасық иісіне тұншығып шығасың. Воронежге барып қайтсам деген арман жаз бойы Кузьманың тынышын алып еді. Әйтеуір пойыздан пойызға дейін қаланың көшелерін шарлап, көзге жылы зәулім теректер мен қала сыртындағы көгілдір үйді көрсем деген... Не үшін? Он-он бес сомға шығынданып, одан соң бір үзім нан мен бір тұтам шыраққа зар болып отыру ма? Баяғы бір махаббат хикаясын еске алу шал басына ұят та. Ал Клаша болса өзінің қызы ма? Оны көргеніне де екі жыл өтіп кетіпті: терезе алдында кесте тігіп отыр, қарапайым да сүйкімді-ақ, бірақ аумаған шешесі...


Күзге қарай Кузьманың көзінің жеткені — не әулие-әнбилердің жұртына тәу ету, не монастырьге кету, болмаса тамағыңды ұстарамен ора сал. Күз де келді. Базар біткен алма мен қара өріктің несіне бөрікті. Гимназистер қаптады. Күн Щепная алаңының ар жағынан бататын болды. Кешкілік қақпадан шықсаң көзің жамырайды — аланға барып тірелетін сол жақтағы көшеде сұрғылт сағымнан басқа бұдыр жоқ. Аула сыртындағы бақты шаң мен өрмекші торы тұтып тұр. Полозов келе жатыр, үстінде желбегей, басындағы қалпағын сұлтанды картузбен ауыстырыпты. Қала бағында қыбыр еткен тірі жан жоқ. Музыканттардың бастырмасын, жаз бойы қымыз бен лимонад сататын дүңгіршектерді шегелеп тастапты, тақтай буфет те жабық. Бірде бастырманың қасында жападан жалғыз отырып сары уайым басқаны соншалық, Кузьма өзіме өзім қол жұмсасам ба екен дегенді шындап ойланды. Күн батқан, көкжиек долырып тұр еді, суық жел аллеяда сарғайған жапырақтарды қуалап жүр. Собор кешкі ғибадатқа шақырып қоңырау қағып жатыр, сенбіліктің осы бір жан күйзелткен көрінісі көңілін онан сайын құлазытып жіберді. Кенет бастырманың астынан әлдекімнің жөтеліп, ырсылдаған үні естілген... "Мотька" шығар деп ойлады. Расында баспалдақтың астынан Мотя-Үйрекбастың шыға келгені. Аяғында солдаттың қызғылт-сары етігі, үстінде гимназистің мундирі, басында сан рет арба таптап кеткен шетен қалпақ, үсті-басы үн, сірә базарда біраз аунап тұрса керек. Масаң қалпы, көзін ашпастан жан-жағына түкірініп қасынан сенделіп өте берді. Онсыз да көзі жасаурап отырған Кузьма жүрегі езіліп: — Моть, кел, әңгімелеселік, шылым шегелік! — деп шақырды.


Мотя бұрылып келіп орындыққа жайғасты да кел-қайт, кел-қайт болып отырып темекі орады, тегі қасындағының кім екенін, тағдырына ғайбат айтып шағымданған сорлының қайдан екенін сезбесе де керек...


Сол Мотя ертеңінде Тнхонның тіл-хатын әкеліп тапсырған.


Қырқүйектің аяғында Кузьма Дурновоға келіп орналасты.


III


Баяғы бір кезде Илья Миронов екі жылдай Дурновкада тұрды. Кузьма әлі кішкентай ғана бала еді, есінде қалғаны — Дурновка иісі танау жарған көк-жасыл кендірге шөгіп жататын, одан соң жаздың тас қараңғы түндері: деревняның бір үйінде жылт еткен от жоқ, Ильяның үйінің тұсынан киімдері ағараңдап "тоғыз қыз, тоғыз қатын, оныншы болып бір жесір" шұбырып бара жатты, бәрі де жалаңаяқ, жалаңбас, қолдарында сыбыртқы, шоқпар, айыр, қаңылтыр, таба біткенді тарсылдатып, бақырып-шақырып әндеткен болып келеді: жесір қатын соқа сүйреткен, қасындағы қыздың қолында далақтай икон, қалғандары әйтеуір шуылдап айқайға басуда. Жесір қатын барылдап:


Сен қарасан індет,


Селомызға жолама! —


десе, қалғандары:


Біздер сені шырақпен,


Аластаймыз крестпен! —


деп бақырысады...


Кновканың даласында кәдімгі тіршілік бар. Тихон Ильич бүгін жомарт, түскі аста аздап сыйлаған соң жұтып алған Кузьма көңілді, маңайдағы айырып тастаған құрғақ сүдігерді қуана шолып келеді. Жаздың кезіндей жаймашуақ, таза ауа, көгілдір ашық аспан — бәрі де баянды тыныштықтың нышанын танытқандай. Соқамен қопарып тастаған боз ермен аткөпір болып үйіліп қалған екен, арбамен тасып үлгермей жатыр. Усадьбаның іргесіне дейін жыртылған аңыз, ортасында ерттеулі ат пен ермен тиеген арба тұр, көлеңкесінде Яков жатыр, жалаңаяқ, бұтындағы шалбары шаңнан көрінбейді, үстінде ұп-ұзын кенеп көйлек, дәу сұр төбетті бөксесімен мыжып, құлағынан созып қояды. Төбет ызаланып ырылдап жатыр.


— Әй, қауып алмасын! — деді Кузьма.


— Ойбай, керемет қабаған! — деп Яков қисық сақалын сауа асығыс жауап берді. — Аттың танауына секіреді.


Кузьма бұған да қарық болып күлді. Мұжықтың аты мұжық, даланың аты дала ғой!


Жол сайға құлады да көкжиек алыстап кетті. Аласа бақтың арасында шөгіп жатқан қора-қопсының жасыл сырлы темір шатыры қылт етті. Бақтың арғы жағындағы тоқал дөңестен сабан кепешті, саман кірпішті үйлердің қатары көрінеді. Егістік жайдың оң жағында усадьба мен деревняны кақ жарған кең қолат бар еді, екі сайдың түйіскен тұсынан жел диірменнің қапалақтары ербейеді, оның маңында ауласы ортақ бірнеше үй, Оськаның айтуынша Мысовтардың мекенжайы көрінеді, шеткерірек ақ балшықпен сыланған мектеп тұр.


— Қалай, балалар оқып жүр ме? — деп сұрады Кузьма.


— Әрине, — деді Оська. — Оқушысы сотқар болса оқымағанда ше!


— Оқушысы несі? Оқытушысы шығар?


— Оқушысы не, оқытушысы не, бәрі бір сиырдың боғы емес пе! Ұрып-соқса да әйтеуір оқытып жатыр ғой. Солдат. Есесіне тәртіп дегенің темірдей. Бірде Тихон Ильич екеуіміз бара қалып едік, жан-жақтан жамырай атып шығып: "денің сау болсын!" деп шу ете түскені, бұлардың қасында солдаттар жолда қалады.


Кузьма тағы да моз болып күлді.


Шағын бақтың іргесіндегі шаңдақ жолмен шарбақты айналып, күн көзінен қаңсып кеткен үлкен аулаға кіргенде Кузьманың жүрегі тарсылдап қоя берді: міне, ақыры әке жұртына да жетті-ау!.. Баспалдаққа көтеріліп, босағаны аттай бере Кузьма кіреберістегі ескі иконға еңкейіп тағзым етті.


Үйге қарама-қарсы, Дурновкаға бөксесін беріп кең қолатта амбарлар тұр. Баспалдақтан сол солға қарай Дурновканың шеті көрінеді, оңқайдағы қолтықтың бұрышында жел қапалағы мен мектеп. Бөлмелер шағын, бәрі де йен. Кабинетке қарабидай төгіп тастапты, залда көпшігі жұлым-жұлым бірнеше орындық. Қонақ бөлмесінің терезелері баққа шығатын, Кузьма күз бойы осында, әйнек қақпағын жаппастан ойлы-шұңқыр ескі диванда түнеп шықты. Еден еш уақытта жуылмайтын, аспазшы болып алғашқы кезде Однодворканың жесірі, бойдақ Дурновтың бұрынғы ашынасы жүрді; бала-шағасының нәпақасын айырып, өзіне де, Кузьма мен жұмысшыларға да шикілі-пысылы бірдеме демдеген болады. Ертеңгісін самауырды Кузьманың өзі қоятын, одан соң залдағы терезенің алдына отырып алып алмамен шай ішеді. Таң атысымен қолат бетіндегі деревня шатырлары түтіндеп жатқаны. Бақтың хош иісті салқын лебі қандай тамаша! Түске таман күннің шар табағы деревня төбесінде шақшиып тұрып алады да аула ішін аптабымен қуырып, ағаш біткен жапырағын жайып жіберіп жусай қалады.Ас үйдің шатырына жаңадан төселген жас сабан бұдырсыз мөлдір аспанның сағымына алтындай шағылысып, күнге қыздырынған кептерлер бау арасында қалғып отыр. Қызметші түскі астан кейін демалуға кетті де Однодворка үйіне қайтқан. Кузьма ауланы аралап жүр: көңіліне қуаныш — мынау жарқыраған күн, шөп басқан сүрлеу, кеуіп қалған қурай, қызылшаның жасыл-бұйра жапырақтары, сүттігеннің қалықтаған ақ мамық ұлпасы, — осының бәрі де оған таңсық. Қиырға шапқан егістіктің шеті жоқ, күнге шағылысқан сілбінің ақ жібек торы күмістей жадырайды. Бақшадағы қураған ошаған басында шымшықтар шықылықтап, бұрыш-бұрыштан дамылсыз ысқырған шілделіктер ауланы басына көтеріп тұр... Кузьма шарбақтан секіріп шығып усадьбаға шыршалы бақ арқылы қайтқан, жол-жөнекей мещандармен, бағбандармен жоқтан-барды әңгіме қылып, жерге түскен жемісті теріп жүрген Келіншек пен Козаға кезікті, соларға еріп қалақайлы бытқылдан алма жинасты. Арасында деревняға соғып, мектепке кірді.


Табиғатынан топас оқытушы солдат әскери қызметте жүріп мүлдем миы айланып кеткен екен, сырт пошымына қарасаң кәдімгі мұжық. Сөзіне қарасаң жатқан бір дәлдүр, тірі жанның түсіне кірмейтін түсініксіз мылжың. Жүзінде қашанда әлдебір қулық тұрғандай, жұртты менсінбей қияс мінез танытып, сұраққа бәлсініп бірден жауап та бермейді.


— Аты-жөніңіз кім болады? — деп сұрады мектепке алғаш кірген Кузьма.


— Аты-жөнсіз қой да қошқар, — деді солдат көзін сығырайтып біраз ойланып тұрды да. — Сізден де бір нәрсе сұрайын: — Адам — есім бе, жоқ па?


— Есім ғой.


— Солай де. Ендеше, содан бері қанша халық құрдымға кетті?


— Білмедім, — деді Кузьма. — Оны неге сұрадың?


— Сұраған себебім, оның санына тірі жан жеткен емес. Мәселен мен солдатпын, атбегімін, Жуырда жәрмеңкеге барған едім, бір жылқы сақау болып тұр екен. Становойға бардым да: осылай да осылай, аса құрметті мырзам демеймін бе. Ол маған: "осы атты қауырсынмен бауыздай аласың ба?" деп қарап тұр. "Бауыздағанда қандай!" дедім.


— Қауырсынмен бе? — деді Кузьма таңданып.


— Кәдімгі қаздың қауырсыны. Күсіп ал да ұшта, сосын тамырына тығып жібер де үрлеп қал. Бітті. Түкке тұрмайтын шаруа, бірақ жұрт соны біле ме? — солдат мырс етіп көзін қысты да сұқ саусағымен самайын түртті. — Мына қауашақта әлі де бірдеме бар!


Кузьма иығын қиқаң еткізді де үндемей құтылды. Соңынан Однодворканың үйінен өтіп бара жатып соның ұлы Сенькадан солдаттың аты Пармен екенін бірақ білді.


— Ертеңгіге қандай тапсырма берді? — деп сұрады, баланың ақсары ұйпалақ шашына, жылтылдаған көкшіл көзі мен шұп-шұбар секпіл бетіне жылы шыраймен тесіліп, тыртиған арық екен, қол-аяғы күс, шырыш-шырыш болып жарылып кетіпті.


— Тапсырма ма? Тақпақ, — деп Сенька оң қолымен артына қайырылған аяғын тартып тұрып бір орнында секектей жөнелді.


— Қандай тапсырма?


— Қаздарды санау. Бір үйір қаз ұшып бара жатты делік...


— Жә, ол белгілі ғой, — деді Кузьма. — Тағы не?


— Тышқандар...


— Оларды да санау керек пе?


— Иә, алты тышқан жортып теле жатқан. Әрқайсысының ұртында алты дән, — деп Сенька асығыс зырлата жөнелді, екі көзі Кузьма сағатының күміс бауында. — Бір тышқан қулық жасап ұртына екі-ақ дән жасырыпты... Сонда барлығы қанша дән?


— Оны да жақсы біледі екенсің. Ал тақпағың қандай?


Сенька тағы да күңкілдеп Нева бойымен орманды шарлап келе жатқан әлдебір салт атты жөнінде былдырлатып жөнелді, ол орманда "самырсын мен шырша, бұрда мүктен" басқа дым жоқ екен.


— Бұйра, — деді Кузьма. — Бұрда емес.


— Мейлі, бұйра-ақ болсын.


— Ал салт атты кім?


Сенька ойланып қалды.


— Сиқыршы шығар, — деді содан соң.


— Жарайды онда. Шешеңе айт, самайыңның шашын ептеп қысқартып қойсын. Әйтпесе, оқытушың жұла қалса жаныңды шығарады.


— Ол бәрібір құлақты тауып алады, — деп Сенька жайбарақат күңк етті де тағы да бір аяғын көтеріп секектей жөнелді.


Қолтық пен Дурновка іргелес, көрші деревнялардың қашанда бір-бірімен жауласып, өштесіп отыратын әдеті. Қолтықтағылар Дурновтықтарды қарақшы, қайыршылар деп күндесе, Дурновтықтар керісінше, Қолтықтың жұртын одан да жаман атайтын. Дурновқа "мырзалар" мекені, Қолтықта "галмандар", однодворцылар. Жаулықты, өшпенділік пен ұрыс-керісті білмейтін тек қана Однодворка. Тұйғындай ғана дені таза арық әйел, өте пысық әрі сезімтал, елге қашанда сыйымды. Дурновка мен Қолтықтың әp түтінін өзінің отбасынан кем білмейді, деревняда болып жатқан әр оқиғаны усадьбаға жеткізетін де сол. Оның бүкіл өмірін жұрт та жақсы біледі. Жұрттан бұл да ешнәрсесін жасырған емес, күйеуі Дурнов жайында да қысылмай айтып отыратын.


— Айтып-айтпай не керек, — дейтін күрсініп қойып. — Кедейлік дейтін кеңірдектен алды, нанды көзіміз көрмейтін болды. Шынымды айтсам, күйеуім мені катты сүйетін, бірақ амал жоқ көндім... Менің бір түнім үшін төсек ақысына барин үш арба қара бидай беретін болды. "Енді қайттім?" деймін мен. "Қайтесің, бара ғой" деді ол. Арбасын жегіп, астықты өлшеп тұрып артып жатыр, сондағы көзінен мөлт-мөлт тамған жасты көрсең...


Күндіз қол-аяғы жерге тимей жүгіреді, түнде жамау-жасқауы, тігіні бар, одан қалса отын ұрлайды. Бірде Кузьма Тихон Ильичке барып қайтпақ болған, дөң басына шыға беріп қорқыныштан көзі шарасынан шығып кете жаздады: тас қараңғы сүдігердің үстінде, көкжиекте қалған болымсыз сызатта қарбаңдаған абажадай қап-қара бірдеме қарсы шауып келе жатыр...


— Бұл кім? — деп Кузьма сасқанынан тізгінін тартты.


— Ой! — деген бір дауыс естілді де қарандаған әлгі пәлекет табан астында шашылды да қалды.


Кузьма есін жиғанда қараңғыда Однодворканы тани кетті. Жалаңаяқ бүкшеңдеп жүгіріп келе жатқан сол екен, арқасында ат көтермес жүк, қыс күндері қарға тосқауыл етіп жел өтіне тігіп қоятын қамыс қалқан. Ол да есін жиып күлген болды:


— Қорыққаннан жүрегім тас төбемнен шықты ғой! Қараңғы түн қашанда үрей, қалшылдап кеп жүгіресің. Енді қайтейін! Бүкіл деревняның отыны осы, осымен ғана күн көріп отырмыз...


Есесіне Кошель дейтін жұмысшы өте сүйкімсіз адам. Онымен сөйлесіп те жарымайсың, ол да сөзге мүлдем жоқ. Баяғыдағы бір ескі нақылды мың қайталай беретін дурновтықтардың ауруы, ежелден белгілі нәрсені Кошельдің де дәлелдеп кеп жатқаны. Ауа райы бұзылса аспанға қарайды:


— Күн бұзылайын деп тұр, жаңбыр алдымен көкөніске қажет-ақ.


Ол кезінде солдат болып Кавказды да көрген, бірақ әскери өмірден оның бойында ешбір із қалмапты. Кавказ туралы есіне ешнәрсе тоқымапты, бар айтары — тау үстінде тау, жер астынан керемет ыстық су атқылап жатады екен: "қойдың етін тұншықтыра қойсаң бір минутта пісіріп шығарады, мезгілінде ала қоймасаң қайтадан шикі қалпына түсе қалады."... Ел, жер көргенін мақтаныш тұтқан емес, керісінше, ел кезген адамды жек көретін, оның ойынша "қаңғыбастар" ермегі таусылғаннан, немесе қайыршылықтан қаңғырады. Ешкімнің сөзіне сенбейді — "бәрі өтірікші" — сөйте тұра, жуырда Басово селосының түбінде кешқұрым арбаның доңғалағы безіп келе жатыр екен, бір мұжық ұстап алып арбасына кигізе қойыпты, — деп ант-су ішеді.


— Иә, содан соң?


— Сөйтсе сайтан екен. Ертеңгісін қараса сайтанның аузынан кірген белтемір артынан шығып тұр дейді.


— Сайтан болса нағып босап кетпеген?


— Сірә, темірді шоқындырып қойса керек.


— Қисынсыз өтірікке сенгеніңе ұялмайсың ба?


— Несіне ұялам? Жұрттың бәрі де суайт, мен де соның бірімін.


Кузьма оның тек ыңылдап салған әуенін тыңдауға ғана құмар еді. Қараңғы түнде ашық терезенің алдында отырсаң, жылт еткен от та жоқ, жоталы сайдың арғы бетінде деревня қарауытады, үй сыртындағы бақтан үзіліп түскен алмалардың тырсылы тымық түнде құлағыңның түбінен естіледі, қолында таяғы, аула ішінде ақырын ғана аяңдап: "тынышталшы әнші құс, айналайын..." деп ыңылдап кеп жүргені. Кошель түнімен усадьбаны күзетеді де, күні бойы ұйықтайды: шаруаға жоқ, Тихон Ильич биыл Дурновканың бүкіл қамын ерте түгендеп тастаған, малдан жалғыз ат, жалғыз сиыр қалдырған еді.


Шуақты күндер жылуы жоқ, шуы да жоқ сұрғылт ызғармен ауысты. Жалаңаш бақта сұр торғай мен шымшықтар ғана шықылықтайды, шырша ішінде ұсақ-түйек әнші құстар пайда болыпты, әлдебір тойымсыз торғайлар топаны көктей бастаған қырманда мезгіл-мезгіл дүр етіп тобымен ұшып, тобын жазбастан қайта келіп қонады; кейде бір мылқау торғайдың аула сыртындағы ербейген қурай басында тырс етпей жалғыздан жалғыз отырып алатыны бар... Дурновка іргесіндегі бақшада ең соңғы картошканы қазып жатыр. Ымырт ерте түсетін болды, усадьбаның тұрғындары: "пойыз нағып кеш жүретін болған?" деседі, күн тәртібінің әлі өзгермегені естерінде жоқ... Кузьма терезе алдында отырып алып күні бойы газет оқиды: көктемгі Казаково сапарын, Акиммен болған әңгімесін жазып қойды, деревнядағы көрген-білгендерін ескі қойын дәптеріне түсірді... Көбіне оның назарын алған Серый еді.


Серый деревнядағы ең кедей, ең жалқау мұжық. Жерін жалға береді де бір орында бөксе басып отырған емес. Үйі көрдей суық, қып-қызыл аштық, күндіз-түні ойлайтыны -біреуден бір орам темекі қақсам дейді. Жиын атаулыны құр жібермейді, той-томалақ онсыз өткен емес, бала шоқындыру мен біреуді жерлеуде ол міндетті түрде қатысуы керек. Серыйсыз делдалдық та жүрмейді: араласпайтын ісі жоқ, былайғы дүниені койып, корші-қолаңның сауда-саттық, айырбасына да қыстырылып кеп жатқаны. Сыртқы сиқы да өзінің мазақ есіміне сайма-сай: сұрқия-сымпыл, жағына пышақ жанығандай, орта бойлы, иығы шөмейген, жырым-жырым шолақ тоны кірден бес атпан, жыртық пимасын кендірмен шандып тастайды, ал бастағы бөркін айтарға сөз жоқ. Үйде де сол бөрікті шешпестен, езуінен трубкасын тастамастан бір нәрсені күтіп отырғандай елегізумен болады. Өзінің айтуы бойынша өмірде жолы болмапты. Апырып-жапырып тастайтын қомақты іс қолына түспепесе керек. Ал құмар ойынға зауқы жоқ. Өйткені ерінбеген құшынаштың бәрі оны алдауға тырысады.


— Тілде сүйек жоқ қой, — дейтін Серый. — Алдымен алақаныма жұмыс тауып бер, сосын ғана аузыңа келгенді көкі.


Жері де әжептәуір — үш десятина. Бірақ бұған да оның қолы жүрмей-ақ койды. "Еріксізден жалдауға мәжбүрсің, жерді айтам да: жер-ананы күтіп ұстау керек, бірақ оған шама қайсы!". Өзі соның жармысына ғана тұқым себетін, оны да ормай жатып сатып жібереді. "Жақсыңды жарытпайтынға бересің". Сонда да разы емес: "Қысырдың сүтін күткендейсің", "Кеткеннен күткен дұрыс қой" — деп Яков кекесін күңк етеді. Бірақ Серый да есесін жібермей мұңын шаққан болады:


— Күлетін жөнің бар: қызыңды ұзаттың, ұлыңды үйлендірдің. Ал менің жайыма қарашы... үй толған бала. Бөтеннен жиғам жоқ. Солар үшін ешкі ұстап, торай бағып отырмын. Ол да жем сұрайды.


— Енді, мысалға, ешкі деген шіркіннің обалы қане, — деп Яков мысқылдай жауап қатады. — Мысалға, біздің ғой, ойымызда арақ пен темекіден баска дым жоқ... арақ пен темекі...


Көршісімен жоққа бола ұрсысып қалмас үшін Яков тайқып шыға береді. Серый болса жайбарақат оның соңынан сөз жүгіртеді.


— Бауырым, маскүнем ұйықтаса жазылады, ақымақта ұйқы да жоқ.


Інісімен енші бөліскен соң Серый пәтерден пәтерге көшіп көп сандалды, қалаға да, далаға да жалданып көрді. Беде соғуға да барды. Құдай оңдағанда сол жұмыста жолы болып еді. Серый жалданған артель тұқымның әр пұтына сегіз гривень алмақ болып келіскен, дес бергенде бауды соғып болғанда бұлар дәннің астында қалды да Серый аяқ-астынан байып шыға келді: сол жылдың Күзінде кірпіштен үй тұрғызды. Салуын салды-ау, бірақ ол үйге отын керек екенін ескермепті. Ол шіркін қайдан табылсық тіске сыздық қылар нәрге зар болып отырғанда. Ақыры төбесін жарып жағып қойды да бір жыл шатырсыз тұрған үйі қап-қара болып борсып кетті. Ағашы әйтеуір қомытқа жарады, бірақ оны кигізе қоятын ат та жоқ, дегенмен түбі бір керік бұған да бітер деп еді... Содан Серый қолды бірақ сілтеді де үйді сатып, балшықтан арзан баспана соқпақ болған. Оның есебінше үйден жоқ дегенде он мың кірпіш шығады деп ойлаған, мың кірпіштің бағасы бес, тіпті алты сом болғанда жиынтығы елу сомнан асып түспек... Сорына қарай үйден үш жарым мың-ақ кірпіш шықты да мыңына екі жарым сом ғана алып аузы кепердей болып қалды... Жаңа үй сатып алсам деген үмітпен бір жыл бойы көрінгенмен саудаласты, оның өзі де Серыйдың қалтасына шақ келмейтін қымбат еді. Қазіргі лашығына амалсыздан, бұйыртса күні ертең кең де мықты үйге кіремін деген есек дәмемен зорға сыйып отыр.


— Шынымды айтсам, түбі бұл күрке маған жараспайтын шығар, — деп бір күні турасын айтты.


Яков оның түріне қадалып қарады да басын шайқағанда бөркі ұшып кете жаздады.


— Солай де. Демек, кеменің өзі келуін күтіп жүр екенсің ғой?


— Келсе келет те, — деді Серый беті бүлк етпей.


— Әй, ақымақ болма, — деді Яков. — Итке де болса жалдан, мысалы, орын үшін тістеген жерде тісің қалсын!..


Бірақ байлық басы баспана, әлдебір байсалды жұмыс деген арман Серыйдың байғұс басын дуалап бітірді. Барған жерінде зерігіп, тұрақтап та қала алмады.


— Жұмыс деген бал емес, жұмыссыз ғұмыр мал емес, — деуші еді оған көршілері.


— Бал болар еді-ау, егер қожайын мал болмаса!


Кенет Серый аузындағы өшіп қалған трубкасын суырып алып, ескіден қалған бір ертегісі — Елец түбіндегі әлдебір попта бойдақ кезінде уайым-қайғысыз жасаған адал қызметін айта жөнеледі.


— Тіпті қазір барсам да құшақ жайып қарсы алар еді, — деп көпіреді. — Тек сізге қызмет етуге келдім деп айтсам болды.


— Енді, мысалға, бармайсың ба сонда?


—  Барар едім-ау, бала дегенің баспанама сыймай жатқан жоқ па! Басқаның уайымын байқұс қайдан ұқсын... Өксумен өмір өтіп бара жатыр ғой...


Серый биылғы жылды да берекесіз босқа өткізді. Қыс бойы не жылуы жоқ, не шайнамасы жоқ қорадай үйде уайыммен қыстап шықты. Ұлы орзаның кезінде әйтіп-бүйтіп жүріп Тула түбіндегі Русановтардан орын тауып еді: өз маңы мұны маңайына жолатпайтын. Бірақ бір ай өтпей жатып русановтардың үнемшілдігі бұған захардан да ащы болып көрініпті.


— Әй, мүскене! — депті бір күні староса. — Мен сені басыңнан бақайыңа дейін көріп жүрмін, тым жылмақай тайғанақ немесің. Ақшаны алдын ала аласың, одан соң реті келсе шу қарақұйрық!


— Ол бір қаңғыбастар шығар, бізден ондай қулық таппайсың, — деп Серый бірден беттен алып тастапты.


Староста оның сөзін түсінбей қалыпты да бұдан былай қысып ұстауға тырысқан. Бірде кешкілік малға топан апарып сал деп бұйырған екен. Серый қырманға барып арбаға сабан тиеп жатқан, староста келді де:


— Топан сал деп мен саған орыс тілінде айтқан жоқ па едім! — деп дүрсе қоя береді.


— Оның мезгілі жеткен жоқ, — деп Серый де безере қалады.


— Неге?


— Есті қожайын топанды кеште емес, түсте береді.


— Өй, сен де ақылшы болайын дедің бе?


— Малды да ашықтырмай жемдеу керек. Ақыл деген осы.


— Ал сен ғой, сабан артып жатырсың?


— Әр жемнің өз уақыты бар.


— Қазір, табан астында таста!


— Жоқ, мен бастаған істі тастамаймын. Ондай шалапайың мен емес!


— Әкел бері айырды, иттің баласы! Таяқ жемей тұрғанда тай осы жерден!


— Мен ит емеспін, сенен гөрі адаммын. Қазір апарам да кетемін. Мүлдем кетемін!


— Омай шіркін, кетерсің! Кетерсің де қайтып келерсің, барар жер, басар тауың да жоқ!


Серый арбадан қарғып түсіп айырды сабанға лақтырып жібереді.


— Мен бе қайтып келетін?


— Мына сен!


— Па, шіркін, оттапсың! Сенің де жетісіп тұрғаның шамалы! Қожайын ең болмаса бір дүркін жақсы сөзбен ауызға алды ма?..


Шаруа басының бұқадай жуан мойнына қан теуіп, көзі шарасынан шығып кетті.


— А-а, солай дейсің бе? Мақтамайды деші! Сонда не деп жамандайды екен? Қане, айт!


— Оның несін айтам, — дейді Серый бір пәленің боларын сезіп.


— Жоқ, бауырым, айтасың! Әйтпесе мұның жала!


— Ендеше ұн қайда кетті? — деп Серый айқай салған.


— Ұн? Қайдағы ұн? Қайдағы?


— Жоғалған. Диірменнен...


Староста Серыйды кеңірдектен ала түсіп ал келіп қылқындырсын. Екеуі де тас керең тым-тырс.


— Сен немене, өлтіргің келді ме? Кеңірдектен неге аласың? — деп қырылдаған Серый шыңғырып жіберді. — Ал, ұр, ұр деймін өлмей тұрғанда. — Ақыры жұлқынып босанып кетіп айырға ұмтылады.


— Жігіттер! — деп бақырады староста, бірақ маңайда ешкім жоқ екен. — Көрдіңдер ме, мына иттің баласы мені жарып тастайын деп тұр!


— Жақындап көр, мұрныңды бет қылып жіберейін! — деп Серый айырын оқталады. — Баяғы заман жоқ басынатын!


Осы кезде анау құлашын сермей салып кеп жібергенде Серый тыраң етіп басымен сабанға кіреді де кетеді.


Думадан қайыр күтіп Серый жаз бойы тағы да үйде отырды. Әлдекім беде соғуға барар ма екен деген үмітпен күз келе салақтап әр үйдің табалдырығын тоздырды. Бір күні деревня шетіндегі жаңадан салған қора-қопсы өртенді. Алдымен жүгірген Серый, дауысы қарлыққанша ойбайлап, қас-кірпігі үйтіліп, үсті-басы малмандай болды, сондағы бар бітіргені — су тасушылардың аяғына босқа оралып, айыр-күрек ұстап қызыл жалын отқа оранған өрт сөндірушілермен өтірік те болса жағаласамын деп үй іргесіндегі үйілген икон, шелек-шанақ, аяққап пен кәкір-шүкірге шалынып есі шықты, жылап-еңіреген қатын-қалаштардың арасында күлді-көмеш болып онсыз да алашапқын болған жұрттың берекесін алды... Қазан айында нөсерден соң суық ұрды да суат қатып қалған, көршінің торпағы қиядан тайып жығылып жылымға түсіп кетсе керек, соны құтқарамын деп Серый суға қойып кеткен екен... Торпақты жылым жұтып қойыпты, бірақ мал иесінен арақ, шайнама, темекі талап етуге Серый ұялған жоқ. Әуелде тісі тісіне тимей дірдектеген Серыйдың бозарған еріндері сөйлеуге келмеп еді, бөтеннің киіміне оранып, арақтың қызуына бойы жылынып, маңдайы жіпсіген соң тағы да әлдебір попқа адал кызмет еткені, өткен жылы қызын қалай ұзатқаны жайында әләулайын тағы бастады. Үстел басында шала ысталған шошқаның қөң етін қомағайлана жалмап отырып:


— Әлгі біздің Матрюшка ше... сол Матрюшка бар ғой, — деп көйіте жөнелсін. — Әлгі біреу, Егорка дегенмен әмпей-жәмпей боп қалса керек... Мейлі, болса бола берсін. Онда тұрған не бар... Терезе түбінде отырғам, бір кезде Егорка сып етіп өте шықты... ал менің қызым жылтыңдап әйнектен қайта-қайта қарай береді... Демек, бұл тегін емес деп ойладым. Қатынға келдім де сен малға шөп сал, ал мен жиналысқа барамын, уәде беріп едім дедім ғой баяғы. Содан үй сыртында, сабанда отырып алып ал кеп күтейін. Алғашқы қар да кырбақтай бастаған. Байқасам, Егорка тағы да ұрланып келе жатыр... Екінші жақтан қызым да жылт етіп алдын тосты. Екеуі сып беріп йен тұрған жаңа үйге кірді де кетті. Біраз күттім...


— Қызық хикая екен! — деп Кузьма кекесінді езу тартты.


Бірақ Серый мұны ақылы мен қулығына мәз болып отыр деп түсінді де бірде сыбырлап, бірде ерекше бипазбен әңгімесін жалғастыра берді.


Aл енді тыңда, ар жағында не болды дейсің ғой... Сәл күттім де сондарына түсейін... Табалдырықтан аттай бере тура үстерінен шыққаным. Қорыққандары сонша, тіл-ауыздары байланып қалғандай. Егорка кескен дөңбектей қыздың үстінен аунап түсті де қызым серейіп, өлген үйректей шалқасынан алшиып жатыр... "Ал ұр, саба мені" дейді Егорка. "Сені сабап бекерге қолымды ауыртпаймын" дедім. Бешпентін алдым, пенжағын да сыпырып, анадан туғандай жалаңаш қалдырдым да "ал енді қайда кетсең онда кет!" деп үйге беттедім. Қарасам ол да соңымнан сүмеңдеп еріп келеді: кар да аппақ, ол да аппақ, қорс-қорс жылайды. Енді қайда барсын, көрінер бет жоқ. Ал менің Матрена Миколавнам мен үйден шығысымен еңіреп дой-далаға безіпті. Көрші қатын ту сонау Басованың іргесінен ұстап алып жетектеп келгені. Біраз тынышталған соң гөй-гөйге бастым ғой: "осы біз кедейміз бе, жоқ па?" Үн жоқ. "Шешең сенің албасты ма, ақылды ма?". Үн жоқ. "Сен бізді тірідей жерге көмдің ғой! Әлде маған өңшең шата немелерді көгендеп бермексің бе?". Менде бір дойыр қамшы бар еді, көкала қойдай қылып сойдым-ау келіп... Бел мен бөкседен дым қалған жоқ. Егорка солқ-солқ қорсылдап сәкіде отырған, кезек соған келді де сыбағасын алды...


— Үйлендірдің бе? — деді Кузьма.


—  Енді қалай! — деп дәуірледі Серый, мастығының меңдеп бара жатқалын сезсе керек, табақтағы шошқа сүрісінің қиқымын сыпырып-сиырып шалбарының қалтасына сүңгітті. -Ұлы-жіңгір той жасадым. Бауырым, мен ондай салтанатқа сараңдық жасамаймын...


"Бұл да бір ертегі екен" деп түйді, Кузьма осы кештен соң. Ауа райы бұзыла бастады. Жазуға зауқы жоқ, көңіл қоңылтақ. Әлдебіреу өтінішпен келер ме екен деген үміт қана жанға азық. Басовадан Гололобый екі-үш дүркін соғып кетті — басы айнадай, бөркі қазандай мұжық, бұғанасын сындырғаны үшін құдасының үстінен шағым жаздырды. Қолтық селосынан Бутылочка дейтұғын жесір әйел келіп кетті — алба-жұлба, судан шыққан тышқандай, жаңбырдан дірдектеп тұрып ұлына хат жаздырды.


— Серпухов қаласы, дворяндар моншасы, Желтухиннің үйі.


Содан өксіп кеп жыласын.


— Әрмен қарай? — деп сұрайды Кузьма, кәріге тон кейісті қабақпен пенсненің үстінен Бутылочкаға тесіле қарап. — Ал жаздым. Әрмен қарай не айтасың?


— Әрмен қарай ма? — деп Бутылочка сыбырлап қана өзінен қайталап сұрайды. — Әрмен карай, шырағым, әдемілеп жазғын...


Былай деп... Михаил Назарыч Хлусовтың өз қолына тапсырылсын...


Бұдан соң Бутылочка бірде тұтығып тоқтап қалып, бірде ауыз жаппай қақсап берді:


— Біздің сүйкімді де, қымбатты ұлымыз Мишаға дұғай сәлем, Миша, саған не болды, бізді мүлдем ұмыттың ғой, ешбір хабарың жоқ... сен өзің білесің, біз пәтерде тұрамыз ғой, енді қуалап жатыр, қайда барып пана табамыз... қымбатты біздің ұлымыз Миша, құдай үшін тезірек келіп кетуіңді жалынышпен өтінеміз...


Тағы да жалынышты үнмен сыбырлап қана:


— Сен келе қалсаң ғой, жерден үңгір қазсақ та бір басымызға жетерлік қуыс табар едік-ау, — дейді көзінің жасын тыя алмай.


Сегіз ай боран, төрт ай жаңбыры төпелеп түзге отыруға қарыс жер аттатпайтын қағынған мынау отан дейтін қу медиен әбден қажытып жіберді: нөсері мұз, күні ымырттай алакеуім, ауласы балшықтан божып, аспаны қашанда бұлттан босамайтын Дурновканың маңайында жыртылған аңыз бен сүдігерден басқа көзге ілінер дым жоқ. Ылжыраған сызды мезгіл басталғаннан-ақ залды тарс бекітіп тастап жеке бөлмеге шығуға тура келді, енді қыс бойы картузың мен шолақ тоныңды шешпестен май шамның жарығында жыртық-тесіктен ысқырған ызғырға жауырыныңды төсеп есік пен төрді өлшеп сенделіп жүргенің: оразаңды осында ашып, түстігіңді осында жеп, темекінің түтініне мас болып барып осында түнейсің. Кейде кересін де құрып қалады, сол кезде Келіншек әкеліп беретін картөшкенің сылдыр көжесін сарқып ішу үшін май шамның әлдеқашан кеуіп қалған білте тұқылын бықсытып қойып отырғаның, алакеуімде алдына бидай ботқасы келсе де Кузьма соған разы.


Кейде қайда қаңғып кетсем екен деп те қиналатын.


Көрші дейтін жақын маңда үш-ақ отбасы: Шахова дейтін княгина кемпір, бұл шіркін аузы былапыт деп дворяндар басалқасын да есігінен қаратпайды; отставкадағы жандарм Закржевский — тірі жанды босағасынан аттатпайтын иттен қабаған, әрі көтеу неме; үшіншісі — шағын шаруалы дворянин Басов, қомыт пен малдан басқа аузына сөз түспейтін тексіз қатынға үйленіп жатаған үйде тұрып жатыр. Бірде Колодезныйдың священнигі Петр атай келіп кеткен, Дурновка соған қарайтын еді, бірақ оның да, Кузьманың да тамыр-таныстыққа зауқы бола қойған жоқ. Кузьма оны тек шаймен ғана сыйлаған, священник үстел үстінен самауырды көрген бойда қарқылдап келіп күлсін. "Самауыр? Жақсы болды ғой! Байқаймын, қонақ сыйлауға сіз онша жомарт емес сияқтысыз" дегені. Күлкісі де оған үйлесіп тұрған жоқ: жауырын қақпағы ырсиған, жалбыр қара шашты сопайған ұзын тұра арық адамның көзі жымысқылана ойнақшып тұр екен, қарқылдаған дауыс та бұдан емес, басқа біреуден естілгендей ерсі шықты.


Кузьма ағасына да сирек қатынайды. Ол да бір кейісті шақтарында болмаса келе бермейді. Жалғыздықтың жанын қажағаны соншалық, кейде Кузьма өзін Сайтан аралының Дрейфусымын деп те қоятын. Өзін Серыймен де салыстырып көрді. Айтпақшы, бұл да Серый секілді тақыр кедей, әрі ынжық, бүкіл өмірін жақсы жұмысты көксеумен өлтіріп келеді.


Алғашқы қарда Серый бір жаққа кетті де апта бойы жоғалды. Үйіне кейісті қабақпен оралған.


— Ойбай-ау, тағы да Русановқа бардың ба? — деп көршілері жамырасып қарсы алды.


— Бардым, — деді Серый.


— Неге?


— Жұмыс іздеп едім.


— Тегі шырай бермеген ғой?


— Дүниеде ондай ақымақтар болған емес! Ақымақтармен ақымақ болғым келмеді.


Серый бөркін шешпестен сәкіде тағы да ұзақ отырды. Кешкі ымыртта ербейген оның үйі де көңілге қаяу салған. Қар жамылған дөңестің етегінде, боз шымылдықтың ішінде Дурновканың үйлері, қора-қопсысы қарауытады. Қарауытқан лашықтардан жылтылдап от көріне бастады, жайлы тыныштық, жадыра тіршілікті еске салғандай. Тек Серыйдың лашығы ғана көзге қораш еді. Тас керең, тіршіліктің нышаны да жоқ. Кузьма оны жатқа біледі: жартылай ашық сенегіне кіріп барсаң аңның апанына кіріп кеткендей боласың -қардың иісі бірден танауға ұрады, жыртық шатырдың саңылауынан бозарған аспанды көресің, төбедегі сырғауылдың үстіне қалай болса солай тастай салған көң мен шырпы өкпек желмен жалп-жалп желпініп жатыр; қисайып кеткен қабырғаны сипалап жүріп есікті ашасың, ар жағынан бетіңді ызғар шалады, тас қараңғы, тас қараңғыда мұз құрсаған терезе бозарады... Көзге шалынар тірі жан жоқ, бірақ сезесің — отағасы сәкіде, трубкасы жылт-жылт етеді; қатыны — есалаңдау, қой аузынан шөп алмайтын момын, шиқылдақ бесікте аштықтан құр сүлдері жатқан мешел баланы тербетіп отыр. Бала біткен пеш қасына тығылып, сыбырлап бір-бірімен сөйлескен болады. Нар астында шіріген сағдарды қопсытып екі дос — лақ пен торай жүр. Бойыңды жаза алмайсың — басың төбеге тиеді, бұрылуға қорқасың — есік пен төрдің арасы бір-ақ аттам.


— Бұл кім әй? — деген қараңғыда бәсең дауыс естіледі.


— Мен ғой.


— Кузьма Ильичпісің?


— Соның өзімін.


Серый сырғып сәкіден орын босатады. Кузьма отырып темекісін тұтатады. Содан жайымен әңгіме басталады. Қараңғыдан қам көңіл Серый мұңданып отырып өзінің осалдығын мойындайды, ара-тұра дауысы да дірілдеп кетеді.


Ұзақ та қарлы қыс басталды.


Сұрғылт бұлыңғыр аспанның астындағы шексіз бозғылт дала бұрынғыдан да далиып, етек-жеңі көкжиекпен астасып кеткен. Алғашқы көбік қарда үй біткен, қора-қопсы, дуал, шарбақ қап-қара болып ырсиып шыға келіп еді, кейінгі боран-шашын ақ қарға көміп тастады да деревня терістіктің көне мекеніне ұқсап, ақ қалпақтың астында есік пен терезенің сығырайған нобайы ғана қалды. Бораннан соң қасат қарды нығыздап ызғырық жел соқты. Сай-саладағы еменді тоғайдың сарғайған ең соңғы жапырақтары құйынмен ілесіп жоғалды; ежелден аңшылықты кәсіп қылған однодворлық Тарас Миляев қоян шиырын көзімен көргені болмаса омбыға малтығып қарға адым жер жүре алмай қор болды; су таситын шана қорабы мұзға шоқырайып, суат жиегі тайғанақ үңгірге айналды, өркеш-өркеш қарлы далаға шана жол түсті де қыс өзінің қаһарына мінді. Деревняны жаппай дерт жайлады: шешек, қызылша, тұмау... Бүкіл деревняны асырап тұрған суат басындағы ойыққа қатындар жиналады, аяқта шылқылдаған су шарқай, басты тұмшалап орап тастағанмен бұтта лыпа жоқ, суықтан шиқандай болып қызарып кеткен балтыр мен қара сан тыр жалаңаш, юбкалар мықынға дейін түрулі. Күні бойы еңкейіп-тоңқайып, борсып кеткен қоймалжың суға көйлектерін, еркектердің кірден қайыстай болған шалбарларын, сәбилердің былғаныш жаялықтарын сапсып, оқтаумен тоқпақтап кеп жатқаны, ара-тұра бір-бірімен жырқылдасып, саусақтарынын мұз болып қатып қалғанын айтысады, Матютиннің қатыны шешектен өлгелі жатқанын, Яковтың келінінің алқымы ісіп кеткенін жеткізеді. Сағат үш шамасында күн батып, омбыға шөккен үй төбесінде шоқиып иттер отырады. Сол иттердің не жейтінін тірі жан білмейді. Әйтеуір өлмей жүр, және шетінен қабаған.


Усадьба ерте оянатын еді. Таң құланиектене, жер бетіне көгілдір сағым түскен шақта әр үйде шам жанып, пеш жағылады да кернейлерден ақ түтін боздайды, ад терезесіне мұз кептелген флигель сенектен де суық. Кузьманы оятатын есік тықыры мен қар араласе тон сабанның сылдыры, Кошель пеш тұтатуға сүйретіп кіріп келе жатады. Танауынан мыңқылдап өзінше бірдемені сөйлеп жүреді, дауысынан оразасын ашпаған аш адамның тоңғақ дірілін танисың. Самауырдың кернейін даңғырлатып Келіншек те Кошельмен сөз жарыстырып қалады. Келіншек тарақаны талағыңа дейін талайтын көпшілік үйінде жатпай кіреберісте түнейтін, жұрт мұны өзінше жоритын еді. Келіншектің күзде басынан өткен хикаяны ел жақсы білетін. Содан бері Келіншек көп сөйлемейтін тым қатал болып алды. Бірақ одан не пайда? Деревняның өсегін Кузьма Однодворкадан естіп отыратын, сол есіне түссе күн сайын ертеңгілік оянған кезде ұят пен жеркеніштен тұла бойы тітіркенетін болды. Жұдырығымен қабырғаны тоқпақтап самауырды күтіп отырғанын білдіреді де, темекісін сораптаған соң барып жүрегі орнына түсіп кеудесі кеңіп сала береді. Тұлыбын жамылып, жылы орнынан шыққысы келмей шылымының кәйфімен ойға шомады: "Ұятсыз жұрт! Менің қызыммен жасты емес пе!". Қабырғаның арғы жағында жас әйел жатса Кузьманың оған деген әкелік мейірімінен басқа қиянаты жоқ: күндіз сабырлы да сөзге сараң, ұйықтағанда жүзінен балалық мұң мен жалғыздықтың уайымы байқалатын. Бірақ деревня мейірбандық дегенді мойындасын ба? Бұған Тихон Ильич те сенбейтін: кейде жоқ жерден кекете жымиятыны бар. Жалпы ол күдікшіл, ешнәрсеге иланбайтын қотиын пенде еді, қазір тіпті ақылынан адасқандай: не айтсаң да қайтарар жауабы біреу-ақ.


— Тихон Ильич, естідің бе? Закржевский, елдің айтуынша, өкпесі қабынып өлетін болыпты, Орелға әкетіпті деседі.


— Өтірік! Білеміз ғой оның ауруын!


— Маған фельдшер айтып кетті.


— Тыңдайтын адамды тапқан екенсің!


— Газет жаздырып алсам деп едім. Жалақымның есебінен он сом бере тұршы.


— Мм... миыңды өтірікпен шіріткің келді ме? Айтпақшы, менің калтамда бес сом, әлде екі сом бар ма, жоқ па...


Кірпігін төңкеріп Келіншек кіреді:


— Тихон Ильич, ұн бітіп қалды.


— Біткені қалай? Өтірікті соқпа сен қатын! — деп қабағын түйеді де, ұн әлі де екі-үш күнге жетсе керек еді дегенді дәлелдемек болып Кузьмаға бір, Келіншекке бір қарап қояды. Бірде ұялмастан төбеден ұрғандай:


— Қалай, жылы төсекте жақсы ұйықтап жүрсіңдер ме? — деп сұрағанын қайтерсің.


Келіншек қып-қызыл болып шыға жөнелді де ұят пен ызадан Кузьманың саусағына дейін шымырлап кетті.


— Ұят деген қайда, бауырым Тихон Ильич? — деп Кузьма күңкілдеп терезеге бұрылды. — Әсіресе өзің айтқан жағдайдан соң...


— Ендеше неге қызарып кетті? — деп Тихон Ильич ызаға булығып отырып өтірік күлген болды.


Ертеңгілік жуынғаннан жағымсыз нәрсе жоқ. Кіреберістегі сабаннан ызғар ұрып тұрады да қолжуғышта сынған шынының ұнтағындай мұз қалқып жүреді. Кузьма кейде қолын шайып қана шайға жүгінетін, әсіресе ұйқыдан тұрғанда өзінің қартайып кеткенін сезеді. Кір-қоңмен суықтан әбден жүдеп, бір күзде шашы ағарып шыға келді. Қолы да тарамыстанып, терісі жұп-жұқа болып жылтырап, әлдебір қоңырқай ноқаттар басып кетті.


Таң сұп-сұр болып атты. Сұр қарға мелдектеген деревня да сұп-сұры еді. Шатыр астындағы белағашқа ілген көйлек-көншек, мұз дәкелер де сұп-сұр болып көрінді. Үй іргесі де төгілген күл мен жуындыдан қоқайып қатып жатыр. Үй-үйді, дуал біткенді сағалап алба-жұлба балалар мектепке кетіп барады, үйілген қасат қардың үстіне шығып алып сырғанақ тебеді, бәрінің де кигені шарқай, бәрінің де иықтарында нан тыққан дорба. Иінағаштың екі басына ілген құлақты ағаш шелектің салмағынан белі қайысып, аяқтағы шошқа терісімен шандып тастаған дәу пимамен сүріне-қабына өзі кәрі, өзі ауру Чугунок жұқа белдемшемен дірдектеп келеді; әлдекімнің бөшке тиеген шанасы суын төгіп-шашып белес-белес омбы қарға ізін тастап барады, ернеуіне мұз кептелген ыдысының жыртық-тесігін сабанмен тығындаған болыпты; бір-бірінен тұз сұрап, тары сұрап, аталаға бір қалақ ұн сұрап безектеген қатындар. Қырман біткен қаңырап бос қалған, тек Яковтың сарайынан ғана түтін шығады: бай мұжықтарға еліктеймін деп астығын қыста соғатын әдеті еді. Деревня шетінде, аласа сұр аспанның астында қурайлы қарлы жазық, құм шағылы секілді өркеш-өркеш иен дала.


Кузьма анда-санда оразасын ашуға Кошельге баратын, сондағы таңсық тамағы үріп жейтін ыстық картошка, немесе кешегінің сарқыты — ашып кеткен шөп сорпа. Қаланы есіне алады, бар өмірі сонда өтіп еді, бір ғажабы, қазір ол да мүлдем тартпайды. Қала Тихонның таусылмас арманы, деревняны жанымен де, тәнімен де жек көреді. Кузьма әншейін сырттай ғана жатырқаған болады. Өзінің тіршілігін ойлаған кезде ол бұрынғыдан бетер зәресі ұшады:


Дурновкада жүріп мүлдем тағы болып барады — жуынып-тарануды да ұмытып кетеді, иығынан шолақ тон түспейді, Кошельмен бір мескейден тамақ ішеді. Бәрінен де жаманы -күнім не болады деп қамыққан сайын қартайып, күн сайын емес, сағат сайын шөгіп барады, дегенмен бұдан қашып құтыла алмайтынын сезді, әйтеуір туғаннан маңдайына жазған тағдырына көнгеніне де разы: қалай дегенмен де дурновтық қан жіберсін бе!


Таңғы астан соң усадьбаны, кейде деревняны аралап қайтатын. Яковтың қырманына соғып, Серыйдың, болмаса Кошельдің лашығына бас сұққан болады, жалғыз басты кемпірді де тастамайды – жұрттың айтуынша сиқыршы деуші еді, өзінің түрі де адам шошырлық: сырықтай ұзын бойлы, туа шыр жұқпаған арық, азу тісі аждаһадай, сөзі дөкір, тілі сай-сүйегіннен өтеді, мұжықтарша аузынан трубкасы түспейді — пешін жағып, нарға шығады да талтайып долбарлы қара шарқай киген оқтаудай аяғын тербетіп қойып темекісін сораптап отырғаны. Бүкіл ораза бойы Кузьма екі-ақ рет жолаушылап қайтты — бірінде поштада, екіншісінде ағасында болды. Бұл сапары да оған тым ауыр тиді: тоңып-қатқаны соншалық, денесінің бар-жоғын сезген жоқ. Сеңсең тұлып әбден ескірген, жүні қырқылып таз болып қалған еді. Ал даладағы ызғырық жел бет қаратпайды. Дурновкада отыра-отыра бөксе жауыр болған соң қысқы шыңылтыр ауаны бір жұтып қайтқанға не жетсін. Үнемі ой қажаған деревняның тұйығынан кейін ақша қар көз қарықтырып, ұшы-қиырсыз көгілдір дала сурет секілді ғажайып болып көрінеді. Аттар пысқырып-пысқырып қойып өкпек желді қақ жара cap желіп келеді, тұяқтан ұшқан қар шананың алқымын толтырып тастады. Кошель үсік шалған бетін желден ықтап өрге келгенде шанадан қарғып түседі де еңісте қайтадан карғып мініп алады. Бірақ желден пана жоқ, калай бұлтарсаң да жыртық-тесігіңді тауып алады, қарға кептелген суық сабанға қымтаған аяқта жан жоқ секілді, маңдай қатып, бет тызылдап әкетіп барады...


Түкпірдегі тірі жан аттап баспайтын қазнаның йен мекемесі секілді Ульяновкедегі поштаның жарбиған аласа кеңсесі де ұлып тұр екен. Желім мен ыз мүңкиді, бір бұрышта алба-жұлба пошташы штемпелін тоқпақтап отыр да қашанда қабағы ашылмайтын Сахаров мұжықтарға айқайлап, бес-алты тауық, бірер пұт ұн әкеліп тастауды да білмейді деп Кузьманы да кінәлап тастады. Тихон Ильичтің үйінің маңынан паровоз түтінін көргенде дүниеде қала дегеннің бары, онда адамдардың, газет-журналдардың бары есіне түсіп едәуір қобалжыды. Ағайынмен шүйіркелесіп, ауыз жылытып демалғаны да дұрыс еді. Бірақ әңгімелері онша жараспады. Ағасын шаруа қамымен қайта-қайта ләпкеге шақырып, сөйлесе қалса жұмыс жайынан басқа, өсек пен мұжықтардың оңбағандығынан, қаскөйлігінен басқа айтары жоқ, қажетсіз имениеден тезірек құтылсам деп құлақ сарсытты. Настасья Петровнаға да обал-ақ. Байынан қатты қорқатын болуы керек, орынсыз әңгімеге араласып, екі сөзінің бірінде байын жорта мақтады — оның ерекше ақылын, керемет шаруақорлығын, тірліктің егжей-тегжейін бес саусақтай білетіндігін жыр қылды. Қайта-қайта:


— Бүкіл істің бәріне майталман! — деп бастай бергенде Тихон Ильич зірк етіп тыйып тастап отырды.


Бір сағат өтпей жатып мынадай әңгімеден соң Кузьманың үйге, усадьбаға қайтқысы келді. "Мұның есі ауысқан шығар, сөз жоқ, есі ауысқан" деп Кузьма жол бойы өзімен-өзі күңкілдеумен болды, Тихон Ильичтің кекті жүзін көз алдына елестетіп, күдікшілдігін, іштей ызақорлығын, адамды жалықтырып бір сөзін мың қайталайтын езбелігін есіне алды. Тезірек үйге жетіп, көне киімі мен көңілдегі мұңын көне тамға қамап тастау үшін аттарға айқайлап, Кошельге зекіре берді...


Басова деревнясынан Иванушка деген шал мереке күндерін құр жібермей жылтындап келе беруге әбден дәнігіп алды. Бұл өзі ұзақ өмірден есі ауыса бастаған атамзаманғы мұжық, кезінде аюдай ересен мықты болған, жауырыны қақпақтай, бүгінде доғаша иіліп, бурыл басын көтермей талтаңдап жүретін тірі аруақ. Тоқсан екінші жылдың тырысқағында Иванушканың ошарлы отбасы түгел қырылып қалған. Тіріде тек ұлы ғана, Дурновканың іргесіндегі Чугункада солдат болып қызмет етіп жүр. Ғасырын баласының қолында тұрып-ақ тауысуына болатын еді, бірақ Иванушка одан қайыршылықты артық санады. Оң қолында таяғы, сол қолында шапкесі, бурыл шашына қонақтаған қарды қақпастан талтаңдап аулаға кіріп келеді, әккі деген қабаған иттер бұған әу десе не қылсын. Үйге енісімен еденге отыра қалып: "құдай осы үйді, осы үйдің иесін жарылқасын!" деп күбірлей жөнеледі. Кузьма оқып отырған кітабын тастай салады да көзілдірігінің үстінен, мынау даланың тағысы үйге қалай кіріп кеткен дегендей үдірейіп қарайды. Кірпігін көтерместен мысықша еппен басып Келіншек кіреді де жымиып қана күліп, оған мескей тола картошка мен бүтін нанның жармысын ұстата қояды, содан соң іргеге барып қарап тұрады. Ылғида шарқай киетін еді, иығы толық та нығыз, күнқақты бет-жүзі байырғы шаруа қызын еске салатын да Иванушканы атай дегені тек соған ғана жарасатын.


— Жей ғой, ата, жесеңші.


Шал басын көтерместен оның мейірге толы ниетін дауысынан танып, ыңырсып қана күңк етеді, кейде күбірлеп: "қызым саған құдай жар болсын" дейтіні бар, содан соң күректей алақанымен ебдейсіз шоқынып тамақ жеуге кіріседі. Адам баласына бітпейтін ұйысқан бурыл шашынан тамшы сорғалай бастайды да, аяғындағы шарқайдан іріген қар еденді көлкітіп жөнеледі. Кенеп көйлектің үстінен киген жыртық сұр шекпеннен тауық қораның күлімсі иісі мүңкиді. Көп жылғы жұмыстан әбден тозған қолы, дорбиған Hip-қобыз саусақтары картошканы қуалап жүріп зорға ұстайды.


— Мына шекпеннен тоңбай қалай жүрсіз? — деп сұрайды Кузьма.


— А-а, — деп Иванушка болымсыз үн шығарып, шаш кептелген құлағын тосады.


— Тоңатын шығарсыз деймін.


Иванушка ойланып қалады.


— Қайдағы тоңған, — деп шал біраз демалады. — Бүгінде аяз бар ма... Баяғыда бұдан да өткен үскірік болатын...


— Басыңды көтеріп, шашыңды оңдасаңшы.


— Бауырым, бұл бас енді көтерілмейді... Жерге тартып бара жатқан жоқ па...


Езу тартып күледі де қиналып жүн басқан сұсты бетін, сықсиған жіпсік көзін көтерген болады.


Тойған соң күрсініп салады, шоқынады, тізесіне түсіп қалған картошканың, нанның қиқымын тереді: содан соң маңайын сипалап мөшегі мен шапкесін, таяғын іздейді, тауып алған соң ғана көңілі орнығып, асықпай әңгімесіне көшеді. Ол үн-түнсіз күні бойы отыруға бар, бірақ Кузьма мен Келіншек сұраумен жетелейді де шал ұйқысыраған адамдай сөзін сан бөліп, даусы алыстан, жер түбінен естілгендей өлеусіреп шығады. Иванушканың тілі де ноқай, тым байырғы, сондағы айтатыны: патша ағзамның тұла бойы алтын деседі, балықты татымаған соң жей алмайды екен; пайғамбар Илья аспан күмбезін қақырата тесіп жерге топ ете түсіпті, өйткені салмағы сан батпан екен; Иван Креститель қой секілді жүнмен туыпты, шоқындырғанда тезірек "есі кірсін" деп темір таяқпен бастан ұрған көрінеді; кез келген жылқы жылына бір рет, Флоар мен Лавра күндерінде адам өлтіргісі келіп тұрады дейді; баяғы кезде қара бидай ит тұмсығы өтпейтін бітік болады екен де бір мұжық күніне екі десятинадан орыпты; үнемі шынжыр шідерде тұратын асау торысы болыпты; осыдан алпыс жыл бұрын екі теңге тұрмайтын бір доғасын әлдекім ұрлап кетіпті; Иванушканың ойынша оның отбасы тырысқақтан емес, өрттен соң жаңа үйге алдымен мысықты түнетпей өздері кіріп алыпты, ал баласы екеуінің аман қалғаны — қоймада ұйықтап қалса керек... Кешке таман Иванушка орнынан тұра салып кете береді, ауа райына да қарамайды, таң атқанша қона сал деп жалынсаң да көнбейді... Ақыры қатты аязда үсіп жығылып Крещениенің қарсаңында ұлының күркесінде дүние салды. Баласы жазылғанша жата тұр десе, "жатсам ажалдың алып кетуі мүмкін, мен ажалмен ерегескен адаммын" деп Иванушка көнбепті. Күні бойы ес-түссіз жатып, түсінде де келініне сандырақтап: "егер ажал келіп есік қақса, мені үйде жоқ дерсің" депті. Түн ортасында есі кіріп, бар қайратын жиып пештен түсіпті де шырақ қойған құдай суретінің алдына тізерлеп отырса керек. Ұзақ күрсініп, ұзақ күбірлеп: "ей, жаратқан нем, мына күнәһарыңды кешіре көр!" деп қайталай берген екен. Бұдан соң басын еденге тіреп ұзақ үнсіз қалыпты. Кенет атып тұрып: "Жоқ, мені әкете алмайсың!" деп айқай салған. Ертеңгісін келіні пеш жағып, бәліш пісіріп жатқанын көргенде:


— Әй, менің тиеберсін асыма дайындап жатқаннан саумысың? — деп сұраған.


Келіні үндемепті. Шал тағы да бар шамасын жиып пештен түседі де сенекке шықса, түп-тура қарсы алдында абажадай сары табыт сегіз қырлы ақ кресімен қабырғада сүйеулі тұрған көрінеді. Сол кезде осыдан отыз жыл бұрын көршісі Лукьян шалдың басынан кешкен оқиғасы есіне түскен: Лукьян қатты ауырып төсек тартып қалған соң табыт сатып алыпты, әрі жақсы, әрі қымбат табыт болса керек, қаладан үн, арақ, тұздаған балық та әкеліпті, сөйтсе Лукьян өлудің орнына аяғынан тік тұрып жазылып кетпей ме. Енді табытты қайтпек? Шыққан шығын да шаш-етектен. Содан жұрт бес жыл бойы Лукьянды қарғап-сілеп зорға құтылыпты... Осыны есіне алған Иванушка басы салбырап, сүйретіліп үйге қайта кірген. Ал түнде ес-түссіз шалқасынан жатқан күйі қалтыраған жалынышты үнмен ұзақ ыңылдап, бірте-бірте сыбырлап барып кенет тізесі селкілдеп, қақалып-шашалыпты да көкірегін кере ауаны бір жұтып алып, езуіндегі ақ көбігін жия алмай серейіпті де қалыпты.


Иванушкаға бола Кузьма айға жуық төсек тартып жатты. Крещениеде ертеңгісін ұшқан құс та аяздан топылдап түсіп жатыр десті, ал Кузьманың аяғында пима да жоқ еді. Сонда да өлікті бір көріп қалайын деп амалсыздан барған. Ақ кенеп көйлек, үрген тұлыптай көкіректің етегінде жатқан екі қол сексен жыл бойғы ауыр жұмыстың азабынан сүйел басып, адам көргісіз қожырланып кеткен екен, Кузьманың қарауға дәті шыдамай теріс бұрылды. Ал ұйпалақ шашы мен тағының бетіндей одырайған танауына көз салған да жоқ, тезірек ақ коленкорды жаба салды. Жылынып алу үшін ептеп арақ ішті де қызған пештің алдына келіп отырды. Дүңгіршектің іші жып-жылы, әрі салтанатты таза, коленкормен бүркеген табыттың бас жағында, бұрыштағы образдың алдына қойған балауыз шырақ қызыл-сарғыш сәуле шашып лыпылдап тұр, ағайынды Иосифтердің суреті де бояуы құлпырып айқын көрінеді екен. Солдаттың жылы жүзді келіншегі айыр көсеумен пұттық шөгеңкені лып еткізіп көтеріп пешке тығып жіберді де қазынаның тегін отынын күле жүріп сөз етіп, күйеуі селодан келгенше күте тұрыңыз деп ілтипат білдірді. Бірақ Кузьма безгек тигендей қалтырап отырған: беті күйіп-жанып, әлгі бір арақтың бойға тараған уытынан себепсіз жанарына жас тола берді... Кузьма сол бойы жылынбаған күйі даланың өркеш-өркеш қарлы шағылын бұзып Тихон Ильичке тартты. Сауырын қырау шалған боз керік қолқасы қорқылдап, танауынан бу атып лекіте желіп келеді; қоңырау сылдыр қағып, шананың темір табаны әндете боздайды; арт жақта аяздан құлақтанған күн қалып барады; алдыңғы жақтан терістің өткір қызылы жалап тұр; шақырым бағандары қырау жамылып сәлем бергендей еңкейіп иіле қалыпты, аттың алдынан сұр торғайлар үйірімен пар етіп көтеріліп, шананы өткізіп жібереді де қайтадан қонып тоң тезектерді шоқи бастайды. Кузьма қырау жабысқан ауыр кірпіктерінің астынан соларға қарап отырып мұздан қожыр-қожыр боп кеткен сақал-мұртымен домбыққан бет-аузының маска секілді бөтен тартқанын сезіп келеді... Күн батарда қарлы жоталар қызғылттанып, солардың жон арқасынан көлбей түскен көгілдір сағым қыр басына ұзарған сайын күлгінденіп өшуге айналған... Кузьма атын шұғыл бұрып, артқа, үйге қарай салды... Күн батқан, боз шыныдан бозарып қана селдіреген болымсыз жарықтан үйдің іші көңілсіз, әрі йен, әрі ызғарлы. Баққа қарайтын терезенің тұсында, торда тұрған әнші торғай қатып қалыпты, аяғы көктен келіп, қанатын жайып серейіп жатыр.


— Сеспей қатыпты! — деп Кузьма торғайды лақтыруға алып кетті.


Жалпақ дүниеден жырақта, қыс көзінде, қар мен мұздың астында, иен далада жетім қалған Дурновка сол бір кеште Кузьманы қатты қорқытты. Сөз жоқ! Зеңгіген бас зілдей болып, көз алды бұлдырап барады, қазір жатады да қайтып тұрмайтын шығар... Шарқайымен қарды сықырлата Келіншек баспалдаққа көтерілді, қолында шелек.


— Мен ауырып қалдым, Дунюшка, — деді Кузьма, жанашырлық жасай ма деген үмітпен мүсіркей сөйлеп.


Бірақ Келіншек оған көңіл аудармастан:


— Самауыр қояйын ба? — деп салқын жауап қайырды.


Тіпті қай: керің ауырады деп сұрамады да. Иванушка туралы да ауыз ашқан жоқ... Кузьма күңгірт бөлмеге қайтып келді де дірілдеп-қалшылдап, қажетті жағдайда енді қайда бардым деген уайыммен диванға құлай кетті... Кеш түнге ұласты, түн таңға жалғасты, ар жағы есінде жоқ.


Алғашқы түні сағат үштер шамасында оянып, су ішкісі келіп қабырғаны тоқпақтап еді; түсінде шөлдеп жатқандай болған, оған қоса торғайды лақтырдым ба, жоқ па деген сандырақ ой қажаған. Бірақ оған ешкім жауап қатпады. Келіншек көпшілік үйіне түнейтін болған. Кузьма өзінің өлердей қатты құлағанын есіне алып, құдды табытта жатқандай көңілін қасірет меңдеді. Демек, қашанда суық кернеп, қомыт пен сабан мүңкіп тұратын кірме қазір иен. Мынау торғайдың бос торынан басқа дымы жоқ сығырайған сұп-сұр терезелі таскерең мұздай йен үйде ауру басымен жападан жалғыз жатқаны ғой.


— Жаратқан, кешір де сақтай көр, көмектесе көр! — деп жалбарынып орнынан тұрды да қалтасын тінткіледі.


Сіріңке жақпақ болып еді. Сыбырынын өзі де сыртқа шықпаған, лыпыған басы солқылдап, құлағы шулады, қол-аяғынан жан кетіп қалғандай... Клаша келген, өзінің сүйкімді туған қызы, есікті асығып ашып, Кузьманың басына жастық салды да диван қасына орындық қойды да отыра кетті... Дәулетті бикештей киінген екен — барқыт тон, бас киімі мен жағасы аппақ үлпілдек түкті теріден, қолынан иісмай теуіп, көзі жалт-жұлт етіп, беті суықтан алабұртып кеткен. Әлдекім "бөрінің де пәлесіз біткені қандай жақсы" деп сыбырлағандай болды, тек ұнамағаны — Клашаның жарықты жақпағаны, және де ол бұған емес, Иванушканы жерлеуге келіпті... Оның үстіне ойда жоқта гитараға қосылып жуан дауыспен: "Хас-Булат ер жігіт, баспанаң сенің қу тақыр..." деп мөңірей жөнелгені...


Ауыра бастағаннан-ақ еңсесін басқан уайымнан Кузьма сандырақтаумен болды, әнші торғайды, Клашаны, Воронежді аузынан тастаған жоқ, сандырақтап жатып та шынымен жанашыр табылса мені Колодезняға көме көрмесе екен деп тіледі. Бірақ, құдай атқанда бұл Дурновкадан ондай жанашыр табыла қояр ма екен! Бірде ол ертеңгісін есін жиғанда Кошель мен Келіншек пешке от жағып жатыр екен, сырқат адамға саудың тіршілігі қашанда жексұрын көрінетін әдеті емес пе, екеуінің жайбарақат әңгімесі оның жанына қатты батты. Самауыр қойыңдар деп айқай салғысы келді де тілін тарта қойды: өзі туралы Кошельдің ғайбат сөзін, Келіншектің оған қайтарған жауабын естіп қалды:


— Кетсінші әрі, өлсе көме салат та!...


Одан соң көргені — ырғай бұтақтарының арасынан терезеден шашырап түскен кешкі күннің шапағы. Темекінің көк түтіні тұнып тұр екен. Төсек қасында мұртына қатқан мұзды сауып тастап фельдшер шал отыр, жең-жағасынан дәрінің иісі, ызғардың лебі аңқиды. Үстел үстінде бұрқылдаған самауыр, қасында сорайып шай демдеген Тихон Ильич Настасья Петровнаны салтанатпен құрметтеп жерлегенін, Дурновканы сатып алатын адамның табылғанын қуана айтып жатты. Кузьма Тихон Ильичтің қаладан енді ғана келгенін түсінді, Настасья Петровна жол үстінде, вокзалға жетпей кенеттен қайтыс болыпты; Настасья Петровнаны жерлеу рәсімі тым қымбатқа түсіпті де Дурновка үшін алдын ала кепілдік пұл да алып қойса керек, осының бәрін түк болмағандай жайбарақат баяндап тұр.


Бірде тым кеш оянып, әбден әлсіреп қалғандықтан буын-буыны көтере алмай самауырды иектеп келіп отырды. Күн бұлыңғыр еді, бірақ жылы, даланы жаңа жауған көбік қар басып қалған. Борпылдақ ұлпада шарқайының қисық-қисық ізін қалдырып терезеден Серый өте шықты. Жетегінде сатал-сатал қусүйек кәрі жылқы, құйрығы сояудай, арқасы жауыр, мойнын қомыт соққан. Ат үшаяқтап, жіліншігіңен сынған төртіншісін сүйретіп келеді. Осыдан үш күн бұрын Тихон Ильичтің келгені есіне түсті, бір кәрі жылқы тауып, соны сойып овчаркаларды қарқ қылуды Серыйға тапсырған еді, Серый бұрын да терісіне бола өліп қалған, болмаса шаруаға жарамайтын кәрі малды сатып алатын кәсібі бар-ды. Тихон Ильичтің айтуынша, жуырда Серыйдің басынан қызықты бір оқиға өтсе керек: Серый бие соймақ болыпты да құдай ұрғанда оның аяғын байлауды ұмытып кетіпті, тек жыққан бойда басын бұрыпты да шоқынып алып пышақты сұғып жіберсе керек, жан ұшырған хайуан шыңғырып атып тұрып, аузын апандай ашып Серыйдің өзіне ұмтылыпты, дүниенің жүзін қанмен шиырлап, енді бас саламын дегенде омбы қарға малтығып, әйтеуір ғайыптан тайып аман қалыпты. Осы оқиға есінен кетпеген Кузьма терезеден қарап тұрып тізесінің қалтырағанын сезді. Тек ыстық шайға қанған соң ғана бойы жеңілдеген. Темекі тартты, біраз отырды... Ақыры орнынан тұрып кіреберіске шыққан, мұзы ери бастаған терезенің ойығынан ағашы сидиған бақты көрді: ақ қарлы алаңқайда қызыл қанға малынып биенің денесі теңкиіп жатыр екен, бас терісі дал-дүл; иттер жоны бүкірейіп ішек-қарынды күшене жұлқыласып жүр; екі бірдей кәрі қарға секеңдеп өліктің басына жақындап барады да иттер арсылдап тұра ұмтылғанда далпылдап ұшып ақша қарға қайта қонады. "Иванушка, Серый, қарғалар... — деп Кузьма ойланып қалды. — О жаратқан, сақтай көр, осы қу медиеннен мені құтқаршы!"


Кузьма сырқаттан көпке дейін айығып кете алмады. Мұңданып отырып көктемді көкседі, тезірек Дурновкадан кетсем екен деді. Әрине, қыстың аяғы әлі ұзақ екенін біледі, дегенмен қар ептеп жіпси бастаған. Ақпанның алғашқы аптасы бұлыңғыр, тұманды болды. Тұман даланы көзден жасырып, қарды мүжіп жіберді де Дурновка қарайып, күнгейі балшық қарлы өркештердің арасына көлшік пайда болды; қораздар айқайлап, булықтан көктемнің сағынышты ылғалы есті... Өмір шіркін тәтті — өмір қымбат, алда көктем, қалаға жетіп, тағдырға көніп, бір үзім нан үшін болса да пайдалы бір іс тындырып өмір сүру керек... Әрине, ағасынан пана таппаса болмас, ауырып жатқан кезде Тихон Ильич Ворголға жүрсеңші деп те үгіттеген.


— Сені қайда қусам екен, — деген ойланып отырып. — Мен бірінші наурыздан бастап ләпке мен үй-сайманды тапсырамын, бауырым, мынау қанішерлерден аулақ, қалаға кетелікші.


Расында қанішерлер ғой. Серыйдың басынан кешкен бір қасіретті жуырда Однодворка келіп айтып кеткен. Дениска Туладан қайтып келіп, сандалып бос жүрген, ақшам жетеді, үйленетін ойым бар, кешікпей бірінші сорттың қатарында шалқып жүремін деп бөскен. Деревня мұнысын алғашында шылғи өтірік деп сенбеп еді, келе-келе Денисканың қитұрқысын түсініп нанған болды. Серый да сеніп ұлын тінткілеп көрді. Бірақ ақсақ атты сойып, Тихон Ильичтен тиын-тебен қақты да терісінен ептеп пайда тапқан соң танауы көк тіреп гүжілдеп кетті: екі күн ұдайы ішіп, трубкасын жоғалтып пештің үстінде жатып алды. Бас ауырды, шылым шегейін десе қағаз жоқ. Содан Дениска газет, әртүрлі сурет жапсырған төбенің түсқағазын жырта бастады. Әрине, ұрлап жыртқан, бірақ ұрлықтың аяғы бір тұтам, бір күні Дениска үстінен түсіпті де айқайға басыпты, масаң Серый де тілін тартсын ба, ол да айқайға басса керек. Ақыры әкесін пеш үстінен сирағынан сүйреп түсіріп, көршілері арашаға келгенше итше тепкілеп, өлімші қылып сабаған екен... Енді қанішер демей көрші! Сол қанішерді қоймай жүріп Келіншекке үйлендірмек болған Тихон Ильичке де Кузьма таңғалған.


Осыны естісімен Кузьма тойды тоқтатуға барын салмақ болып еді. Масқара ғой! Неткен тағылық! Кейін аурудан айыққан соң сол тағылыққа қуанған да секілді. Келіншектің сырқат адамға деген қатыгездігінен шошынған. "Нағыз хайуан екен" деп ойлады да той болары есіне түскенде: "қатып кетті, өзіне де сол керек!" деп түйді ішінен. Сырқаттан айығып алған соң әуелгі мақсат та, ыза да біржола өшті. Бірде Тихон Ильичтің бұл қай қылығы деп Келіншекпен сөйлескенде:


— Онда тұрған не бар, — деп Келіншек былқ етпестен жайбарақат жауап берді. — Бұл жайында Тихон Ильичпен сөйлескем. Жаратқан оған денсаулық берсін, жақсы ойлап тапқан.


— Не дейт? — деп Кузьма тағы да қайран қалды.


Келіншек бұған қарап басын шайқады:


— Жақсы емей немене? Сіз қызық жан екенсіз, Кузьма Ильич. Ақша береді, тойды да өз мойнына алып отыр... Қатыны өлген біреу де емес, жас жігіт, бұзылмаған... шіріген маскүнем де емес...


— Әрі жалқау, әрі сотқар, мисыз ақымақ! — деп қосты Кузьма.


Келіншек төмен қарап үндемей қалды. Содан соң күрсініп жіберіп есікке беттеді.


— Өзіңіз біліңіз, — деді даусы дірілдеп, қызарып, көзі жаутаңдап кетті. — Сіздіңше мен сорлы қайда барып сыймақпын? Көрінгеннің босағасында жүре беремін бе? Әлде соқа басты шал іздеуім керек пе? Көзімнің жасын аз төккенім жоқ...


Даусы бұзылып жылап жіберді де шығып кетті. Кешкісін Кузьма, мен тойды бұзайын деген жоқпын деп жұбатқан соң ол да сергіп, ұяла тұрып жайлап қана жымиды.


— Сізге көп рахмет! — деді кәдімгі Иванушкамен сөйлескендей жайдары да сүйкімді дауыспен елжіреп.


Бірақ осы сәтте кірпігіне жас үйірілді де абыржыған Кузьма:


— Мұның қалай, шырағым? — деп сұрауға мәжбүр болды.


— Кім біледі, Дениска да маған қуаныш әкелмес, — деп Келіншек сыбырлап қана жауап қатты.


Кошель поштадан біржарым айдың газетін алып келді. Күн бұлыңғыр, әрі тұманды еді, Кузьма таңнан кешке дейін терезенің алдында отырып оқумен болды. Әрине, қаптап кеткен "террорлық акт" жаза кесуден Кузьманың есі кетті. Көлбей жауған сырғақ қайыршы деревняны, ойлы-шұңқыр батпақ жолды, үйілген қи мен күресінді бүркеп тастады бұлыңғыр дала тағы да көзден ғайып болды...


— Авдотья! — деп дауыстады Кузьма орнынан тұра беріп. — Кошельге айтшы, қалқанды арбаға ат жексін!


Тихон Ильич үйде екен. Желбегей шыт көйлекпен самауырдың қасында отыр, тотыққан, сақалы аппақ, бурыл қасы салбырап, алпамсадай болып шай демдеп жатты.


— А-а! Бауырым! — деп қабағын көтерместен жарқын жүзбен қарсы алды. — Жаратқанның жарық дүниесіне шыққан екенсің ғой! Байқа, тым ерте емес пе?


— Тіпті зерігіп кеттім, ағасы, — деді Кузьма құшақтасып жатып.


— Зеріксең кел, жылыналық, өсек айталық...


Не жаңалық бар деп бір-бірінен сұрасты да үндемей отырып шай ішісті, шылым шегісті.


— Жаман жүдеп кетіпсің, бауырым, — деп темекісін сораптап отырып Тихон Ильич оған қабағының астымен қарап қойды.


— Жүдерсің, — деп Кузьма күңк етті. — Сен газет оқисың ба?


Тихон Ильич кекесін мырс етті.


— Шылғи өтірікті ме? Құдай сақтасын!


— Қаншама өлім жазасы кесіліп жатқанын білесің ғой?


— Жазасына қарай қазасы... Сен Елец түбіндегі оқиғаны естіген жоқсың ба? Ағайынды Быковтардың хуторындағы?.. Есіңде ме, тілін шайнап сөйлейтін еді ғой... Мына екеуміз сияқты Быковтар да кешкілік дойбы ойнап отырса керек. Кенет баспалдақ үстінде опыр-топыр, айғай-шу: "Есікті аш!" деп ақырысады. Бауырым, содан әлгі Быковтар кірпік қағып үлгергенше өздерінің мына Серый секілді жұмысшысы бұзып-жарып кіріп келген, соңында екі сұмырай, бір сөзбен боқмұрындар... Бәрін қиратып, темір сүйменді оқталып: "қолдарыңды көтеріңдер, шешеңді бәленше етейіндер!" деп зіркілдейтін көрінеді. Әрине, Быковтардың зәресі ұшып, өлердей қорқып кетсе керек, атып тұрып: "Бұл не сұмдық?" деп сұрамай ма. Ал мұжықтың екі көзі аспанда...


Тихон Ильич езуін жымқырып үндемей қалды.


— Ар жағын айтсаңшы, — деді Кузьма.


— Айтатын да ештеңе жоқ... Әрине, қолдарын көтеріп. "Сендерге не керек?" деп сұраса, — "Ыстаған ет" депті. — Кілт қайда?". "Иттің баласы, білмей тұрған шығарсың? Әне, жабықта ілулі түр...". Енді оларға әдемілеп кесіп беретін болды! Сөз жоқ, кеседі! Түрмеге тығып та қойыпты, қаныпезерлерді!


— Сол ет үшін бе?


— Жоқ, бүлік шығарғаны үшін, құдай кешірсін күнәм болса, — деп Тихон Ильич әрі ызалы, әрі әзіл ретінде күңкілдеп қойды. — Құдай ақы, саған да босқа қыртқанды қою керек. Бала емессің. Есіңді жи...


Кузьма селдір сақалын сауып қойды. Әлем-тапырық ырсиған жақ-шықшытын, мөлиген көзін, қисайған сол жақ қабағын айнадан көрген Кузьма еріксіз мойындады.


— Қыртпа дейсің ғой?.. Дұрыс айтасың... Өте дұрыс...


Тихон Ильич сөзді енді шаруа жайына бұрды. Тегі ол әңгіме үстінде әр нәрсені ойланып отырса керек, жазалы өлім-жітімнен көрі маңыздырақ мәселе секілді.


— Мен Денискаға айтқанмын, мынау әләулайыңды тезірек бітір деп. — Тихон Ильич бір мытым шайды құмғанға тастап қойып қатқыл да кесіп сөйледі. — Бауырым, сенен өтінерім, соған аралас, әлгі әләулайға. Маған енді ыңғайсыз. Содан соң осында көш. Ақыры бәрін де пышақ үстінен тарататын болған соң онда босқа отырудың қажеті жоқ. Тек артық шығын. Кел-дағы менімен бірге жегіл Иығымыздан жүк түссін, құдай бұйыртса қалаға да жетерміз — тіршілік қамын ойластыралық. Мына қуыста құлашты кеңге сермей алмаспыз. Аяғымыздан шаңын қағып тасталықшы, одан соң пұл болмаса күл болсын! Өлеміз бе енді осында! Есіңде болсын, мен әлі, — деп қасын керіп, қолын созды да жұдырығын түйді. — Мен әлі есептен шыққам жоқ, пешке тығылу ертерек! Сайтанның да мүйізін сындыруға шамам жетеді!


Кузьма үнсіз тыңдап, оның тас болып қатып қалған уытты жанарына, қисайып кеткен езуіне үрейлене қарады Бір кезде барып:


— Ағасы, құдай үшін шыныңды айтшы, осы тойдан сен не қайыр күтіп жүрсің? — деп сұрады. — Түсінсем бұйырмасын, құдай куә, түкке түсінбедім. Сенің анау Денискаңды көргім келмейді. Сол бір жаңа зауал, жаңа Русь, ескінің аузын аңқитып кетеді. Сен оның ұялшақ, көңілшек екеніне сенбе, ақымақ болғанына да сенбе. Бұл зәлім хайуан! Мені Келіншекпен ашына деген өсекті таратып жүрген де сол...


— Сен де мөлшер дегенді білмейсің, — деп Тихон Ильич қабағын түйді. — Өзің ғой, бақытсыз халық, бақытсыз халық деп қақсаған. Енді келіп хайуан дейсің!


— Иә, қақсамағанда ше, қақсаймын! — деп Кузьма өршелене түсті. — Бірақ менің миым қазір көже боп кетті. Түкке түсініп жүрген жоқпын. Бақытсыз ба, жоқ әлде... Япырау, Денисканы жек көретін өзің ғой! Екеуің де бір-біріңе ит пен мысықтайсыңдар. Ол да саған қаныпезер дегеннен басқа артық баға берген жоқ, халықты теспей сорады дейді, сен де оны қаныпезер деп жүрген жоқсың ба. Бүкіл деревняға мақтанып, мен құдайдың қолтығындамын дейтін көрінеді...


— Жә, білемін! — деп Тихон Ильич сөзді бөлді.


— Ал Келіншек туралы оның не айтатынын естідің бе? Ол байқұс қардай аппақ, мамықтан жұмсақ жан ғой, ал әлгі хайуан оны "тас мүсінді албасты" дейді екен. Сен бір нәрсені түсінсеңші, ол деревняда өлсе тұрмайды, арқанмен байласаң тоқтар ма екен. Одан қожайын да, басалқа да шықпайды. Кеше деревняда келе жатып: "ІІеріштедей көркем, перідей қазымыр да қаскүнем!" деп калаптарша өлеңдетіп жүргенін естіп қалдым.


— Білемін! — деген Тихон Ильичтің даусы барқ ете қалды. — Тұрмайды ол деревняда, басын кессең де тоқтамайды! Мейлі, кетсін әрі! Ал одан қожайын шықпаса, екеуміздің де жетістіріп жүргеніміз шамалы. Есіңде ме, мен трактирде шаруа жайын айтсам, сен бөденені тыңдап отырсың... Иә, сонымен әрмен қарай не болмақ?..


— Не болушы еді? Бұған бөдененің қатысы қанша?


Тихон Ильич саусағымен үстелді тоқылдатып, напа-нақ санап отырып, қадап отырып сөйледі:


— Есіңде болсын, суды пісе берсең бәрібір су болады. Менің сөзім қашанда киелі. Айттым — болды! Күнәм үшін шырақ қоймаймын, қайырым жасаймын. Құрып кеткенде ниетім дұрыс, сол ниетім үшін де жаратқан мені жарылқайды.


Кузьма орнынан атып тұрды.


— Жаратқан, жаратқан! — деді шарылдап. — Қай жаратқанға табынып жүр едік? Құдайсыз Денискадан не күткендейсің, анау Лкимкадан, Меныновтан, Серыйдан ше, сені мен мен ше?!


— Тоқта! — деді Тихон Ильич елеңдеп. — Қайдағы Акимка, оның кім өзі?


Кузьма оны тыңдаған жоқ:


— Мен өлейін деп жатып ол туралы көп ойландым. Сөйтсем дым да түсінбейді екенмін, түсіну дегеннен адыра қалыппын. Ықылас та жоқ!


Мұң шалған уайымшыл жанары жан-жағын тінткілеп, өңірін бір ағытып, бір қаусырынып бөлме ішін шарлап шықты да тура Тихон Ильичтің қарсы алдына келіп тоқтады.


— Есіңде болсын, ағасы, — деді екі беті нарттай қызарып. — Екеуміздің әніміз таусылған. Ешқандай шырақ енді бізді құтқара алмайды. Естимісің? Біз Дурновкада туып өскенбіз!


Ар жағын айтуға сөз таппай тығылып тұрып қалды. Тихон Ильич ойға батып отыр еді, аяқ астынан келісе кетті.


— Дұрыс айтасың. Түкке жарамайтын халықпыз! Өзің ойланшы: жерге табынғанымызға мың жыл болды, мың деймін-ау, одан да көп шығар, бірде-біріміз оның бабын білмейміз! Айналдырған жалғыз кәсібімізді жарытқанымыз шамалы! Егіске қашан шығуды да білмейміз: қашан сеуіп, қашан ору керек? "Жұрт қайтсе, біз де сол" — осыдан басқа білеріміз бар ма? "Жұрт қайтсе біз де сол!" Естимісің? Бірде-бір қатын нан пісіре алмайды — беті қоңыз боп күйіп кетсе, асты божыған су!


Кузьма сасайын деді. Миы да ашып кетті. "Жынданған шығар" деп ойлады шам жағып жатқан ағасына күдікті көзбен қарап. Ал Тихон Ильич оған дес берместен тағы да зіркілдеп жөнелді.


— Халық дейді ғой! Аузы толған боқтық, жалқау, өтірікші, біріне бірі сенбейтін ұяттан безгендер! — деп айқайлап, қолындағы білтенің жалындап, түтіні төбені шарпығанын да байқаған жоқ. — Бізге де емес, өзді өзіне сенбейді. Бәрі де шетінен ант атқан! — деді даусы дірілдеп, қолындағы шыны кернейді шақ еткізіп шамға кигізе салды.


Терезе сырты бозғылт, қақ пен үйілген қасатты көбік қар бүркеп барады. Кузьма соған қарап үнсіз отыр. Әңгіме төркіні кілт өзгергені соншалық, тіпті Кузьманың ашуы да сап болды. Не айтарын да білмей, ағасының қан жеген иттің көзіндей қабаған жанарына тіктеп қарай алмай тұқырайып темекі орай бастады.


"Жынданған шығар" деп ойлады шарасыз. "Мейлі, ақыры жынданатын болған соң бәрібір емес пе!".


Шылым шеккен соң Тихон Ильич те сабасына түсті. Шамның лыпылдаған жарығына қарап отырып күбірлеп бастады:


— Сен ғой, Денисканы айтасың... Дуана Макар Ивановичтің не істегенін естідің бе? Жолдасы екеуі жол бойында бір қатынды ұстап алып Клюходағы күзет дүңгіршегіне қамапты да төрт күн бойы кезек-кезек зорлапты. Қазір түрмеде жатыр...


— Тихон Ильич, — деді Кузьма жайлап қана үн қатып: — Сен не сандырақтап отырсың? Осының не? Ептеп сырқат емессің бе? Бірді айтып екіншіге кетесің, қазір айтқаныңды табан астында теріске шығарасың... Сен осы көбірек ішіп қойып жүрген жоқсың ба?


Тихон Ильич үндеген жоқ. Қолды бірақ сілтеген, шамға телмірген көз шарасына мөлтілдеп жас келді.


— Ішіп жүрсің бе? — деп Кузьма қайталап сұрады.


— Ішемін, — деп күңк етті Тихон Ильич. — Ішпей көр! Мынау күрке маған тегін түсті деп ойлайсың ба? Бүкіл ғұмырыңды байлаған төбеттей бір кемпірмен өткізу оңай ма? Бауырым, мен ешкімді аяған емеспін... мені де ешкім аяп жарытқан жоқ! Мені жаудан да жек көретіндерді білмейді деп ойлайсың ғой. Егер мұжықтардың көтін шлиясы мықтап тілмегенде мені тірі қалдыратын ба еді... Революция оларға не әперді? Тұра тұр, әлі талай-талай қырғын болады! Оларды аз тураған жоқпыз!


— Шошқа сүріне бола да жаныштайтын шығар? — деді Кузьма.


— Сөз бе екен, — деді Тихон Ильич қабағы түсіп. — Мен, әншейін, мысал үшін айта салып едім ғой.


— Жаншып жатқан жоқ па!


— Ол біздің шаруамыз емес. Жаратқан алдында жауап берсетіндер бар шығар. — Ол қабағы салбырап, көзін жұмды да ойланып қалды. Кенет "ah" деп әлдебір өкінішпен күрсініп салды:


— Айналып кетейін, бауырым! Кешікпей жаратқанның алдында біз де жауапқа тұратын болармыз. Күнде кешкілік мен қасиетті кітапты оқимын да жылаймын, оқып отырып өксігімді баса алмаймын. Ғажап қаламын: осыншама жаныңды толқытатын жақсы сөзді қалай тауып жаза берген! Айтпақшы, тұра тұршы...


Тихон Ильич асығыс тұрып айна сыртынан шіркеу мәнерінде тысталған қалың кітапты алды да қолы қалтырап көзілдірігін киді, содан соң даусы дірілдеп, құдды біреу қуып келе жатқандай асығып-үсігіп оқи бастады:


— Өлімді ойласам жатып кеп жылаймын, құдай жаратқан көрікті жүзіміз өңі қашып, көзсіз, көріктен де айырылып табытта жатады- ау деп... Адамның тіршілігі бос әуре, өмір дегенің көрген түстей. Өйткені жер басып жүргендердің бәрі де бұл дүниеден кетеді, қасиетті кітапта жазылған: дүниеден өткенде, табытта жатқанда патша да бір, пақыр да бір.


— Патша да бір, пақыр да бір! — деп дауыстап қайталады да Тихон Ильич басын шайқады. — Өмір босқа өтіп кетті, бауырым! Менде бір мылқау аспазшы болды, сол ақымаққа шетелдің тамаша орамалын сатып әпердім, ал ол теріс айналдырып жамылып алғаны... Түсіндің бе? Ақымақ әрі сараң болған соң қайтерсің. Оң бетін мерекеге сақтаған түрі. Мереке келгенде түте-түтесі шығып түк те қалған жоқ... Мен де сол секілді өмірімнің түте-түтесін шығарып тауыстым. Тұп-тура солай!


Дурновкаға қайтып келе жатып Кузьманың көңілін ауыр мұң басты. Дурновкадағы соңғы күндері де сол мұңмен өтті.


Күн сайын көбік қар қапалақтады да тұрды. Серыйдың үй-іші тойға дейін жол түссін деп сол қарды күтіп еді.


Ақпанның жиырмасында, кешкі ымыртта, тастай суық кіреберісте болар болмас әңгіме өтті. Басына қара бұршақты сары шыт байлаған Келіншек тұқырайып екі көзін шарқайынан алмай пеш қасында тұр. Есік көзінде екі иығы салбыраған жалаңбас, сирағы бір тұтам Дениска. Бұл да қолындағы нәлі қаққан қысқа қонышты етіктен көз алмайды. Етік Келіншектікі еді. Дениска соны жамаған болып, енді еңбегінің ақысын алуға келген.


— Менде соқыр тиын да жоқ, — деді Келіншек. — Кузьма Ильич ұйықтап жатыр еді. Сен ертеңге дейін күте тұрсаңшы.


— Менің күтуге уақытым жоқ, — деп Дениска етіктің ұлтанын шұқылаумен міңгірлеп тұр.


— Енді қайттік?


Дениска ойланған болып күрсінді, кенет дудыраған шашын бір сілкіп басын көтеріп алды.


— Жә, бекерге несін тіл тоздырып тұрмыз, — деді Келіншекке түзу қарай алмай, ұялғанын жасырған болып даусын көтерді, — Тихон Ильич сенімен сөйлесті ме?


— Сөйлесті, — деді Келіншек, — Тіпті мазамды алды.


— Онда мен қазір әкемді ертіп келемін. Кузьма Ильич бәрібір шай ішуге тұратын шығар...


— Өзің біл, — деді Келіншек ойланып барып.


Дениска етікті терезе алдына қойды да ақша туралы ауыз ашпастан кетіп қалды. Жарты сағат өтпей баспалдақтан шарқайдың қарын қаққан дүрсіл естілді: Дениска Серыйді ертіп келген екен, Серый шекпен сыртынан қызыл белбеумен мықынын қынай буып алыпты. Кузьма екеуіне қарсы шықты. Дениска мен Серый қараңғы бұрышқа тағзым етіп, әлден уақытта шаштарын сілкілеп, бастарын көтерді.


— Құда болсаң да, болмасаң да әйтеуір құдайға қараған адамсың! — деді Серый байыппен даусын мәнерлей созып. — Саған бауырыңа басқан қызыңды ұзату керек, маған ұлымды үйлендіру керек. Ағайыншылықпен келісіп, адамшылықпен соларға бақыт тілеп екеу ара сөйлесіп көрелік.


Сөйтті де кербезденіп басын иді.


Кузьма кекесін күлкісін зорға жасырып, бойжеткенді шақырыңдар деп бұйырды.


—Жүгір, тауып кел! — деді Серый Денискаға шіркеуде тұрғандай сыбырлап қана.


— Мен мұндамын! — деп Келіншек есіктен шыға келіп Серыйға тағзым етті.


Тым-тырыс үнсіздік басты. Еденде тұрған самауыр балағынан оты жылтылдап бұрқ-сарқ қайнайды. Қараңғыда жұрттың бет-жүзі де көмескі.


— Ал, қызым, ендігі ерік сенікі, не айтасың? — деді Кузьма күлімсіреп.


— Мен кетәрі емеспін, — деді Келіншек ойланған болып.


— Несі бар, әйтеуір түбі үйленетін болған соң, — деді Дениска біраз үнсіздіктен соң. — Құдай бұйыртса жарасып кетерміз.


Құдалар бір-бірін тойдың басталуымен құттықтасты. Самауыр үйге кірді. Жаңалықты жұрттан бұрын естіп, Қолтықтан жүгіріп жеткен Однодворка шам жағып, Кошельді арақ пен пістеге жұмсады да қалыңдық пен күйеуді икон астына отырғызып екеуіне шай құйды, өзі Серыйдің қасына отырып, үнсіздікті бұзу үшін Денисканың қабарған бет-жүзіне қарап қойып айқайлап әнге басты:


Біздің мынау бақшада,


Жүзім өскен баспада.


Қыдырып жігіт жүріпті,


Жүзі сондай көрікті...


Келесі күні бастаңғыны Серыйден естіген ел қағыта жүріп: "сен жастарға ептеп көмектессең болмай ма" деп ақыл қосты. Кошель де көштен қалмай: "жастың аты жас, оларға көмектесу керек" деді көсемсіп. Серый үндеместен үйіне кетіп қалған, кірмеде киім үтіктеп жатқан Келіншекке екі шөгеңке, бір ұршық қара жіп алып келді.


— Мінеки, келін шырақ, — деді қысылғаннан күмілжіп. — Енең беріп жіберді. Мүмкін бірдемеңе жаратарсың... Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса құшағыма сыяр ма еді...


Келіншек тағзым етіп алғысын айтты. Үтіктеп жатқаны Тихон Ильич жіберген шымылдық еді, көзі жасты, қызарып кеткен. Серый оны жұбатқысы келіп, менің де жетіскенім шамалы демек еді, бірақ қипақтап күрсінді де шөгеңкелерді әйнектің көсегіне қоя салып шығып кетті.


— Жіпті шөгеңкеге салып кеттім, — деді шығып бара жатып.


— Рахмет, атай! — деп Келіншек тағы да тағзым етіп еді, даусы сондай майда, құдды Иванушкамен сөйлесіп тұрғандай сүйкімді естілді, Серыйдің кетуі мұң екен, кекесін езу тартып күлді де "біздің мынау бақшада" деп әндете жөнелді. Кузьма залдан басын шығарып, көзілдірік үстінен қадалып қараған кезде кілт тоқтата қойған.


— Қоя тұр, — деді Кузьма. — Мүмкін осы ырың-жырыңның быт-шытын шығарсақ қайтеді?


— Енді кеш, — деді Келіншек жабығып. — Онсыз да ұятқа белшеден батып болғанмын... Кімнің ақшасына жырғап жатқанымызды мына тобыр білер ме екен? Біразы жұмсалып та кеткен жоқ па...


Кузьма иығын қиқаң еткізді. Расында, шымылдыққа қоса Тихон Ильич жиырма бес сом, бір мөшек жарма ұн, тары, бір арық шошқа жіберген... Бірақ бір шошқа сойылды екен деп өмірді өксітуге бола ма!


— Ойпырай, мені де әбден қинадың-ау! — деді Кузьма. — "Ұят, шығын"... Әлде сен бір шошқадан арзан ба едің?


— Арзанмын ба, қымбатпын ба — өлген қайтып тірілмейді, — деді Келіншек сабырлы кейіпте, содан соң күрсініп алды да үтіктелген шымылдықты тәптіштеп тұрып қаттады. — Түскі асқа қарайсыз ба?


Жүзі сабырлы. "Жә, шабаш! Енді қанша піссең де май түспейді" — деп ойлады Кузьма.


— Енді өзің білесің, өз еркің, — деді.


Тамақтанып алған соң темекі тартып терезеге қарады да отырды. Қас қарайып барады. Ac үйде бұрама тоқаш пісіріп жатқанын біліп отыр. Екі шөгеңке құйқа ұйытпақ болатын, оған қоса екі шөгеңке кеспе, бір шөгеңке жапырақ сорпасы мен бір шөгеңке ботқа — бәрі де жаңа сойылатын шошқа етінен жасалатын көжеқатық. Амбар мен сарай ортасындағы қарлы дөңесте күйбендеп Серый жүр. Сол жерде шошқа үйткен сабанның қызыл-күрең оты жалтылдайды. Отты шыр айналып қан-жын дәметкен иттер шоқиып отыр, қап-қара тұмсықтары, ұйпалақтанған тос жүндерінен шашыраған қанның ізі көрінеді. Серый қарға малтығып отты түрткілеп, иттерді қуалап әлек. Шапанының етегін қайырып белдігіне қыстырған, көзіне түскен бөркін пышақ ұстаған оң қолымен қайта-қайта серіпкенде жалынға шағылысып жар-жұрқ етеді. Бір ол жақтан, бір бұл жақтан шыр айналған қар бетіндегі көлеңкесі от үстінде билеген бақсы секілді. Амбар іргесіндегі сүрлеумен Однодворка жүгіріп шықты да қаздаңдап күртік қардың өркешіне сіңіп жоқ болды. Деревняға барып сыңсыма айтатын қыз-келіншектерді шақырмақ еді, жол-жөнекей Домашкадан шырша сұрамақ, онысын ылғи да подвалда ұстайтын әдеті, байға тиетін бір қыздың үйінен екіншісіне көшіп жүретін бүкіл аймақтағы жалғыз ағаш. Кузьма шашын тарап, шынтағы жыртық пенжағын салтанатқа киетін ұзын етекті сүртігімен ауыстырып тысқа шыққанда баспалдақ қырбақ қардан қаймақтанып қалған екен, терезеден түскен шам жарығында, ала бұлдыр сағымға бір топ қыздар мен жігіттер, балалар жиналып алыпты, абыр-дабыр сөз, жамырасқан айқай, үш бірдей гармон ойнап жатыр, үшеуінің үні үш түрлі қаңғырып жүр. Кузьма саусағын сыртылдатып топқа жетті де солармен сығылысып қараңғы сенекке еңкейіп зорға кірді. Мұнда да иін тірескен жұрт. Аяққа оралған балаларды біреу желкеден алып тысқа лақтырғанмен олар да тырмысып қайтадан кіріп келеді.


— Құдай үшін жіберіңдерші! — деді есікке қыстырылып қалған Кузьма.


Жіберудің орнына онан сайын қыса түсті, сол кезде әлдекім есікті жұлқып қалып еді, ар жағынан лап еткен буға қойып кетті де әйтеуір табалдырықтан аттады-ау. Мұнда да лықа, бірақ тыстағыдан таза киінген — қыздардың басында гүлді шәлі, жігіттердің киімі де шыт жаңа. Жаңа матаның, тон-терінің, кәрәсін мен махорканың, аршаның иісі бұрқырап тұр. Үстел үстіндегі қызыл ала шүберек байлаған кішкентай ғана жасыл ағаш бұтағымен қаңылтыр лампаны көлегейлеп тұр екен. Қарауытқан қабырғаның іргесінде, тершіген терезенің қарсысындағы үстелді айнала сыңсыма айтатын қыз-келіншектер отыр, беттерін қызылмен бояп, ақпен сыланған, көздері жалт-жұлт етеді, шаштарын самайларына жинаған, бастарында кіл жібек пен жүн орамал, оның төбесінде үйрек қоразының қауырсыны ербейеді. Кузьма кіре берген кезде Домашка — түсі суық, көзі өңменді тесетін, қасы қабағын жапқан ақсақ қыз рәсімнің ескі бір жырын барылдақ дауыспен сұңқылдап қоя берді:


Қай бір кеште, бір кеште


Кеш бітер кез емес пе


Авдотья қыздың үйінде...


Қыздар бет-бетімен жамырап оның соңғы сөзіне қосыла кетті де бәрі де қалыңдыққа бұрылды: қалыңдық дәстүр бойынша пештің қасында отырған, басында қоңырқай шәлі, қыздарға сұңқылдап жылап жауап беруі керек еді:


Қайтейін туған әкем-ау,


Қайран да менің шешем-ау,


Өмірім менің қор болды,


Көретінім сор болды!


Бірақ қалыңдықтан үн шыққан жоқ. Қыздар әнін аяқтап оған оқты көзімен қарасты. Бір-бірімен сыбырласып, қабақтарын түйе баяулатып "Жетімдер мұңын" бастады:


Монша жақсын гулетіп,


Қоңырау қақсын күңірентіп...


Кузьманың қарысқан жағы қалшылдап, тұла бойы шымырлап қоя берді де жанары ысып көзіне жас үйірілді. Қалыңдық басын шәлімен тас қылып орап алып, селкілдеп ал келіп жыласын.


— Қыздар, тоқтатыңдар! — деді әлдекім.


Бірақ қыздар тыңдаған жоқ:


Қаттырақ соқсын қоңырауды


Әкем сорлы оянсын...


Көз жасына тұншыққан қалыңдық солқылдап, бетін алақанымен басып тізесін құшып отыр... Ақыры киіндіру үшін сенделтіп тастай суық келесі бөлмеге алып кетті.


Артынан Кузьма оған батасын берді. Дениска Яковтың ұлы, күйеу жолдас Васькамен келді. Күйеу бала соның етігін киіпті: шашын әдемілеп қиған, қып-қызыл қылып қырып тастаған желкесін көгілдір көйлектің кестелі жағасымен жасырған. Сабындап жуынған соң тіпті жасарып қалыпты, бір қарағанда тәп-тәуір жігіт, соны сезетін болса керек, сіберсіп ұзын қара кірпігін төмен салып тұр. Васьканың үстінде қызыл көйлек, шолақ тонның өңірін айқара ашып тастаған, кірген бойда қыздарға қадалды.


— Кеңірдек жыртқандарың жетер! — деп қотиынданып, салт бойынша айтарын және қосты. — Тайыңдар осы жерден, шығындар!


Қыздар жамырасып жауап берді:


— Үшке дейін үй салынбайды, төрт бұрышсыз шатыр жабылмайды, әр бұрышқа бір сомнан, ортаға бесіншісі және бір бөтелке арақ!


Васька қалтасынан суырып үстелге қыздардың сұрағанын қоя салды. Қыздар жаппай тұрып оны қағып алды. Бөлме бұрынғыдан да тарыла түсті. Тағы да есік ашылып, тағы да ақ бу мен ызғар бұрқ етті — қолында фольгамен қапталған икон, жұртты ығыстырып Однодворка кірді, соңында қалыңдық, оны көгілдір көйлекпен көргенде бәрі де ғажап қалды: өңі аппақ, өте сабырлы, көркем. Аяғы тақса иттің сирағындай қырық бұралған әлдебір қазанбас баланы Васька қасқа маңдайдан салып жіберді де, бөлменің қақ ортасына біреудің ескі шолақ тонын тастай салған, күйеу жігіт пен қалыңдық соның үстіне шығып тұрды. Кузьма тұқырайған қалпы Однодворканың қолынан иконды алғанда жұрт тым-тырс болған, тек салтанатты қызықтаған қазанбас баланың танау тартқан сылпылы ғана естіледі. Күйеу жігіт пен қалындық бірден тізе бүгіп Кузьманың аяғына жығылды. Тұра салып қайта жығылды. Кузьма қалыңдыққа қараймын деп көзімен көзі шабысқанда бет-жүзінен сұмдық бір қасіретті байқады да, өңі қашып: "қазір мына иконды тастап жіберетін шығармын" деп ойлап еді. Бірақ қолы еріксіз иконмен ауада крест жасағанда қалыңдық соған бас иемін деп ыстық ернімен Кузьманың қолын сүйіп алды. Кузьма иконды әлдекімге бере салып қалыңдықтың басынан құшақтады да әкелік мейріммен хош иісті жаңа орамалды иіскеп тұрып ебіл-себіл жыласын келіп. Көз жасы бетін жуып, түк көре алмай жұртты — қапыра далаға атып шықты. Қарлы құйын бірден қасқа маңдайдан ұрды. Шатыр гуілдеп, қараңғыда қар басқан баспалдақ қана ағарады. Оның ар жағы көзге түртсе көргісіз ақ түтек бұрқасын, терезеден үңгіп түскен сәуле бұрқасын үстінде сұлап жатқан түтінді дөңбек секілді.


Қарлы құйын ертеңгісін де басылған жоқ. Ала құйын Дурновканы да, Қолтықты да жұтып қойыпты. Кейде алақаншықтап, қайтадан ымырт басады. Бақ та ала бұлдыр, гуілі желмен жарысып, алыстан жеткен қоңыраудың сарынындай болып естіледі. Үрдесін қардың жон арқасы түтіндеп жатыр. Ac үйдің кернейінен шалқыған тамақ иісіне танауларын созып баспалдақ үстінде бүрісіп овчаркалар отыр, Кузьма қараңдаған мұжықтардың, ат пен шананың нобайын зорға таныды, онда да сылдырлаған қоңырау даусынан. Күйеу жігітке арнап пар ат жегіпті де қалыңдыққа дара ат бұйырыпты. Шаналарға жиегін қарамен әдіптеген ақ текемет жапты. Ат айдаушылар түрлі-түрлі белдік буынған. Қатындар сырмалы шапан киіп, бастарына шәлі салған, шанаға қарай аяқтарын ептеп санап басып: "Әкем-ау, құдайдың күніне не болған?" — десіп сызыла сөйлесіп барады. Қалыңдықтың тоны мен көгілдір көйлегінің сыртынан сулық жапқан, киімімді былғамайын деп ақ төсеніштің үстіне отырды. Қағаз гүлмен әсемдеген басын орамалмен, шәлімен тұмшалап алды. Жылай-жылай әлі құрығаны соншалық, ақ түтектің ішінде қараңдаған жұртты түсінде көріп, абыр-дұбыр сөздерін, қоңыраудың мерекелік сыңғырын түсінде естігендей сандырақ халде. Қарлы желдің ызғарынан аттар құлақтарын жымырып, бастарын тұқыртады, құтырық жел жігіттердің сөзін жұлып әкетіп, қас-кірпік, сақал-мұрттарын, бас киімдерін ақ ұлпамен тығындап берді де ат айдаушылар бір-бірін әзер танып жүр.


— Ойпырай, мына боранда анаңды да танымай қаларсың! — деп Васька тұқырайып келіп божыны алды да күйеу жігіттің қасына отырды. Содан соң айдалаға айқайлағандай немкетті бақыра салды:


— Бояр мырзалар! Күйеу жігіт пен қалыңдыққа ақ жол тілеңдер!


— Жолдарын құдай оңғарсын! — деп қалды әлдекім.


Қоңырау сылдырап, шана табаны боздады, тілім-тілімі шыққан күртік қар бұрқырап, ала құйын аттардың жалын ыққа жықты...


Селодағы шіркеу қарауылшығына жылынамын деп жиналған жұрт священникті күте-күте угарлап қалыпты. Шіркеудің іші де көк түтін, мұздай суық әрі күңгірт, торлап тастаған терезелер сығырайып қана бозарады. Шырақ тек күйеу жігіт пен калыңдықта ғана, одан соң кітапқа үңіліп, асығып-аптығып көзілдірік астынан зырлатып тұрған жауырыны қақпақтай қара киімді священниктің қолында. Етік, шарқаймен кірген қардан еден лайсаң, есіктен соқкан суық жел арқаны аяздай қарып барады. Священник біресе есікке, біресе күйеу жігіт пен қалыңдыққа жалтақтап, төменнен шарпыған шырақ жарығындағы бет жүздеріне, неге болса да көнейін деп тұрған момақан да мұңды жанарларына қарай берді. Кейбір сөздерді үйреншікті машықпен жалбарынышты үнмен оқыған болады, бірақ сол сөзге де, оның кімге арналғанына да мән беріп тұрған жоқ: "Боже пречистый и вся твари содетелю... Иже раба твоего Авраама благословивый и разверзый ложесна Сарри- на... иже Исаака Ревецке даровивый... Иакова Рахили сочетавый... подаждь рабом твоим сим..."


— Аты-жөні? — деді бет-аузын өзгертпестен, өзін-өзі тоқтатып псаломщикке сыбырлап. "Денис, Авдотья" дегенді естісімен әрмен қарай жалғастыра жөнелді: "Подаждь рабом твоим сим Денису и Евдокии живот мирен, долгоденствие, целомудрие... сподоби я видеть чада чадов... и дождь има от росы небесныя свыше... исполни домы их пшеницы, вина и елея... возвыся я яко кедры ливнские...".


Бірақ қоршаған жұрт мұны тыңдап, түсініп тұрғанның өзінде де Авраам мен Исаактың емес, Серыйдің үйін елестеткен болар еді, ойларында ливан кедрі емес, Дениска тұрған шығар-ау. Бір тұтам аяғына біреудің етігін, біреудің бешпентін киіп, құлағына дейін милықтата басқан зілдей кресі бар жез қалпақты қалт етпей көтеріп тұру да оңайға түскен жоқ. Қалыңдықтың әп-әдемі сүйкімді қолынан жан кетіп қалған сияқты, еріген шырақтың балауызы тамшылап, көгілдір көйлектің кос етегін айғыздап жатыр...


Ымырттағы бұрқасын бұрынғыдан да құтыра түскен. Үйге қайтқанда жігіттер аттарын қатты айдасқан, Ванька Красныйдың бақырауық қатыны алдыңғы шанада тұрып алып кеңірдек жырта айқайлады ма-ау, биледі ме-ау, лепірген жел бет-аузын қармен кептеп, ұлыған қасқырдай боздаған даусын тас қараңғы тұңғиыққа қаңғытып алып қашып жатты:


Боз қанатты кептердің


Қасиетті басы алтын!


Мәскеу. 1909-1910.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу