16.08.2021
  101


Автор: Иван Бунин

Ақырғы жүздесу

I


Әрі сыз, әрі суық айлы күздің кешінде Стрешнев ат ерттесін деп бұйырды.


Қап-қараңғы атқораның жалпақ терезесінен айдың оқтай сағымы көк түтін болып тесіп тұр, мініс торының қос жанары шақпақ тастай жарқ-жұрқ от шашады. Қызметші оны жүгендеп, қазақтың ауыр ер-тұрманын арқасына тастай салды да жетектеп қорадан шығарып, құйрығын түйіп тастады. Әдепкі жүмыс керігі жуас еді. Тек айылын тартқан кезде ғана ішін керіп терең күрсінді. Бір айылдың ұшы үзік екен, қызметші тісімен созып айылбасқа зорға кіргізді.


Тұрқы қысқа мәстек торыға ер салған соң кәдімгідей жал бітті. Үйдің баспалдағына жеткенде қызметші оны шіріген діңгекке байлай салды да кетіп қалды. Мес торы ауыздығын шайнап, діңгекті кеміріп ұзақ тұрды. Анда-санда күрсініп, іші қорылдады. Аяқ астындағы шалшықта жарты айдың көгілдір сағымы жалтырайды. Сирек бақты бозғылт тұман қымтап алыпты.


Стрешнев қамшысын ұстап баспалдаққа шықты. Имек тұмсық, шалқақ келген ешкібас, жауырыны қакпақтай қызылет, бір қарағанда аңшыға ұқсайтын ширақ еді, сорайған бойына шолақ белдемше киіп, қыпша белін күміс белдікпен қынай буып алған, басында төбесін қызыл матамен тыстаған қазақ бөркі. Бірақ өңінің тозып, күнқақты болып кеткені ай жарығынан-ақ білініп тұр, түрпідей сақалына ақ кіре бастаған, бұқа мойын, ұзын қонышты етігі де ескі, белдемшесінің өңіріндегі баяғыда қатып қалған қан дақтарына жабысқан қоян жүні. Баспалдақ тұсындағы қараңғы терезенің желдеткіші ашылды да бір дауыс:


— Андрюша, сен қайда кеттің? — деп сұрады.


— Мамаша, мен бала емеспін ғой, — деп Стрешнев тізгінді қолына алып жатып кейісті қабақ танытты.


Желдеткіш сарт еріп жабылысымен сеңкенің есігі тарсылдап босағадан башпағын сүйреткен Павел Стрешневтің басы көрінді, денесі іркілдек, көзі ісініп кеткен, үстінде халаттан басқа дым жоқ, әрине, қашанда масаң:


— Қайда барасың? — деді қарлығып. — Вера Алексеевнаға менің сағынышты сәлемімді жеткізгейсің. Мен оны өмір бойы құрметтеп келемін.


— Сен кімді құрметтегендейсің! — деп жауап берді Стрешнев. — Сенде ұят деген бар ма? Ылғи да бөтеннің ісіне араласасың да жүресің!


— А! Демек мен шындықтан шырқау кетпеген екенмін ғой. Ақыры кездесуге ашына жігіт асығып барады...


Стрешнев тістеніп атқа отыруға ыңғайланды. Аяғы үзеңгіге ілінуі мұң екен, мес торы тықыршып шыр айналды. Стрешнев отырысымен астындағы ер сықырлап қоя берді де ат басын кегжитіп, тұяғымен шалшықтағы ай жүзін таптап жорғалай жөнелді.


Ай астындағы жазықтың жыра-жыраларынан ермен басы ағараңдайды. Қалың қаудан далп етіп ұшып шыққан жалпақ қанат жапалақтан ат үркіп жалт берді. Жол аласа орманға келіп кірген, айдың сұрғылт сағымы мен қалың шықтан көлеңкесі мұздай суық көрінді. Ай да терлеп тұрған тәрізді, сәулесі ағаш басын адақтап, қураған селдір бұтақтар сол сәулеге сіңіп кетіп жатты. Көк теректің қабығы мен ойлы-шұңқырдағы борсыған жапырақтың иісі кеңсірік қабады... Еңкуге түскен сай табанын түпсіз ақ буға мелдектете толтырып қойғандай. Қалың шықтан шыныдай жалтылдаған бұта-қарағанды жарып келе жатқан мес торының танауынан да бу атады. Тұяқ астындағы тырс еткен қу шырпының жаңғырығы қарсы беттегі орманды қиядан қаңғырып барып өшеді... Кенет мес торы құлағын тігіп елеңдей бастады. Кеудесі қаптай жуан мойын екі қасқыр тұманды сай түбінен қарап тұр екен. Стрешнев жақындап қалғанда жалт бұрылды да боз қырауда жосылған із қалдырып тау бөктеріне қарай бүлкілдей жөнелісті.


— Егер ол тағы бір күнге аялдап қалса ше? — деді Стрешнев басын шалқайта, тұп-тура айға қарап.


Ай күміс тұман бүркенген йен жазықтың төбесінен төніп тұр еді... Күзгі әсем көрініс, күзгі мұң!


— Егер солай болса, — деді Стрешнев, — егер солай болса...


Мес торы ерді сықырлатып, іші қорқылдап қия беттегі орманға қарай ентіге тартып келе жатқан, арық суынан мылжасы шыққан батпақ жолмен болмашы жырадан өте беріп сүрініп кетіп жалманынан түсе жаздағаны. Стрешнев бет-аузы қисайып, қамшымен бастан тартып жіберді.


— Өй, кәрі ит! — деп бүкіл орманды жаңғырта айқай салды.


Орман сыртынан кең жазық көсіліп сала берді. Белең-белең қарайған қарақұмық егінжайының ортасында жұпыны ғана ескі усадьба тұр, қора-қопсы, сабан шатырлы үй. Ай жарығында тым-ақ жетім. Стрешнев тізгін тартты. Кеш, тым кеш екен-ау, маңай тым-тырыс. Аулаға кірді. Үй қап-қараңғы. Тізгінді тастай салып Стрешнев аттан қарғып түсті. Мес торы басын салбыратып монтиып тұрды да қалды. Баспалдақ үстінде тұмсығын бауырына тығып кәрі тазы жатқан. Басын көтеріп, құйрығымен тақтайды тарсылдатып қарсы алғаны болмаса орнынан тапжылған жоқ. Стрешнев сеңкеге кіргенде көрші шоланнан нәжіс иісі мүңкіп тұр еді. Кіреберіс алакеуім, суық терге малшынған күңгірт терезе. Қараңғы дәлізден жүрісін сездірмей шолақ ішкиіммен орта бойлы ой ел жүгіріп шықты. Стрешнев сәл еңкейген болды. Әйел жалаңаш білегімен оның қаңсып қалған қасаң мойнын орап алды да бетін шұға белдемшенің түкті өңіріне басып қуанғанынан мырсылдап жылады. Стрешнев оның жүрек дүрсілін де сезді, көкірегіндегі әжесінен қалған соңғы байлық — алтын кресті де көрді.


— Сен ертеңге дейін қаласың ба? — деп әйел сыбырлап қана асығыс сұрады. — Қаласың ғой? Мен өз бақытыма өзім сенбей тұрмын!


— Вера, мен барып атты байлап келейін, — деді оның құшағынан босанып. — Ертеңге дейін, ертеңге дейін, — деді. Іштей ойланып та тұр: "Құдай-ау, күн өткен сайын ынтық, күн өткен сайын қуанышты, күн өткен сайын қызғанышты! Темекіні сонша неге көп тартады, аймалауы неге сонша аста-төк? Қызғаныш отын жақпақ болып, мені жағалап жүрген жігіттер көп деп неге өтірік айтады?.. Құрысын! — деді кенет ыза кернеп. — Тіпті көргім келмейді!"


Вераның беті опадан барқыттай жұмсақ еді, жай ғана ерніне сүйкеп өтті де сосын ерніне ернін жабыстырып құшырланып сүйді. Ашық өңірінен алтын крест жылтырады. Үстіне жұп-жұқа лыпа киген екен — өмірінің ең бір қимас сәтіне сақтап жүрген жалғыз қымбаты...


"Япырай, қателеспеген екем-ау, — деп ойлады Стрешнев оның жап-жас қыз кезін көз алдына елестетіп. — Осыдан он бес жыл бұрын, ойланбастан, сені бір көру үшін жарты ғұмырымды қияр едім-ау деп едім.".


III


Таң сібірлеп келе жатқан, төсек қасындағы еденде шырақ жанып тұр. Стрешнев сорайып, етігі мен шалбарын шешпестен қисық жағалы көйлегінің өңірін ағытып тастап шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр, имек мұрынды бір уыс бетін көлеңкеге беріп, екі қолын басына шірене жастанып алған. Вера тізесіне қолын артып қасында отыр. Жалтылдаған көзі қып-қызыл, жастан домбығып кеткен. Темекісін сорып еденге тесіліп кеп қарайды. Аяғын аяғына айқастырып қойған. Кіп-кішкентай аяғы өзіне де қатты ұнаушы еді. Бірақ жүрек шіркін керемет сыздап отыр.


— Мен сен үшін барымды құрбандыққа шалдым! — деді ол сыбырлап қана, сол сәтте еріні дірілдеп кетті.


Үні сондай нәзік, балалық қайғыны еске салғандай. Бірақ көзін ашқан Стрешнев зілді сұрақ қойды:


— Сонда неңді құрбандыққа шалдың?


— Бәрін де, барымды да. Алдымен арымды, жастығымды...


— Екеуміз соншалықты жас емес сияқтымыз.


— Неткен нойыс, сезімсіз едің! — деді әйел, соның өзінде де даусы мейірімді, жұмсақ естілді.


— Әлемдегі әйелдердің айтатыны бір-ақ сөз. Алдымен таңданып, тамсанып: "Неткен нәзік, сезімталсың!". Кейін: "Неткен нойыс, сезімсіз едің!".


Әйел оны тыңдамастан, білдірмей жылап отырып сөзін жалғастырды:


— Мейлі, менен ештеңе шықпай-ақ қойсын... Бірақ музыканы сүйетін едім ғой, керемет сүйемін, аз да болса мақсатыма жетер ме едім...


— Пәлі, музыка деме. Подарскийді көруің мұң екен...


— Нақақ, Андрюша... Қазір ғой, институттың сорлы кәрі қызымын, қайда дейсің ғой? Баяғыдан жек көретін құдай атқан сол қалада! Бүгін де мені сүйетін, сыйлайтын, бала-шағалы болып, рақат тұрмысқа кенелтетін бір адам таппас па едім?


Стрешнев шылым шегіп отырып, асықпай әр сөзін баптап отырып жауап берді:


— Вера, біз дворяндардың ұрық-шарқымыз, әншейін сүйдім-күйдім дегенді білмейміз. Біздің сорымыз да осы. Сен емес, мен ғой өзімді өзім құртқан. Осыдан он бес жыл бұрын күн сайын осында келіп сенің босағаңда түнеуге бар едім. Ол кезде мен арманшыл, сезімпаз боқмұрын бозбала едім ғой.


Сөніп қалған папиросын серпи лақтырып жіберіп Стрешнев екі қолын еденге сұлата жайып төбеден көз алмай жатыр.


— Жиегін алтынмен аптаған көгілдір қырсауда тұрып сарғайған бабаларымыздың аңызға толы махаббаты, "қызыл бүрген гүл жарып, күңгірт бақта тал тұрды" дейтұғын Огарев күндерінің тәтті махаббаты, черкес шеберлерінің қолынан шыққан күміс қырсаулы біздің көнеден келе жатқан отбасымыздың пірлері Гурияның, Самон мен Авивтің бейнелері ше... Соның бәрі бізге арналған емес пе еді! Сол кезде мен өлеңшіл де болғанмын:


Ғашық болып мен саған армандағам


Ғашықтардың тағдырын жүз жыл бұрын


Түн жамылып қараңғы баққа барғам


Солар көрген жұлдызға қарап тұрып.


Стрешнев Вераға қарады да сызданып сөйледі:


— Сен өз руыңнан, өз тегіңнен неге кеттің және кіммен кеттің?


Ол басын көтеріп әйелдің күнге күйіп кеткен қара шашына өшпенді көзбен қадалып отырып алды.


— Мен сені сүйген жарым деп ойлап, сені қашанда періште тұтушы едім. Екеумізді тағдыр қосты ма? Кімсің сен маған? Жас едік, шат едік, пәк едік, гүл жайнап тұрғанбыз!.. Күн сайын саған келіп, сені, сенің желбіреген бәтес көйлегіңді, күнге қақталған қоңырқай қолыңды, тегіміз қыпшақтан мирас болған жайнаған көзіңді көргім келетін, бірақ сол көз маған мән беріп қараған да емес, маған тіпті көмірдей қара шашыңа қыстырған роза да, езуіңдегі бейкүнә себепсіз күлкің де таңсық болатын, сен бақ ішінде крокеттің шарын өтрірік қуған болып басқа біреуді ойлап бара жататын едің, мен балконнан айқайлаған шешеңнің мені сөккен былапыт сөзін тыңдап қала беретінмін.


— Мен емес, бәріне сол кінәлі, — дегенді Вера қысылып зорға айтты.


— Есіңде ме сенің алғаш Мәскеуге аттанған күнің? Жолға жиналып жүріп ыңылдап белгісіз бір он салдың, болашақ бақытың мен арманыңды ойлап, соған сеніп мені көргің де келмеді. Ызғарлы кеш еді, мен сендерді шығарып салдым. Жайқалған шалғынды дала, сарғайған егінжай, сосын вагонның ашық терезесіндегі желбіреген перде... Шіркін! — деп Стрешнев өкінішті күрсінді де көзі жасаурап қайтадан жастыққа сық етті. — Сенің қолыңнан аңқыған хош иіс менің алақанымда қалды. Ол қайыс тізгіннің, ер-тұрманның, аттың терімен араласып, мен қайта-қайта алақанымды сүйе бердім, ымыртта, үлкен жолға түсіп алып ағыл-тегіл армансыз жыладым... Егер біреу барын, бүкіл өмірін құрбандыққа шалса, ол мен, мына қырқылжың маскүнем!


Бетін жуған көз жасының ащы дәмін ернімен сезген Стрешнев етігін төсеніш үстінен лақтырып жіберіп бөлмеден шыға жөнелді.


Ай батып бара жатқан. Селдіреген ақ тұман белес-белес даланы өлі тыныштықпен тұншықтырып тұр. Арғы түкпірде қызара бөрткен шапақ бар. Алыстан қарауытқан ормандағы қарауылшының лашығынан қораз айқайлады. Стрешнев баспалдаққа отыра беріп жұқа көйлектен денесін сыз қарығанын сезді.


— Одан соң, әрине, рөліміз ауысты, — деді ол жеркенішпен күбірлеп. — Жә, енді бәрібір. Бәрі де бітті...


IV


Ертеңгісін мұздай кіреберісте тұрған абажадай кебеженің үстінде отырып шай ішісті. Кір-қожалақ самауыр көгеріп кеткен екен. Терезені шымылдықтаған суық тер жоғарғы әйнектен сорғып қалыпты. Содан ызғарлы таңдағы күн сәулесі, әр жерінде жұлым-жұлым жапырақтары қалған иір-қобыз ағаштың бұтақтары көрінеді. Ұйқыдан ісініп кеткен жиренбас қыз жалаңаяқ кіріп келді де:


— Митрий кеп қалды! — деді.


— Күте тұрады, — деді Стрешнев басын көтерместен.


Вера да басын көтерген жоқ. Бір түннің ішінде бет-аузы жүдеп қалыпты, көзінің асты мен қабағында қоңырқай ноқта бар. Қара көйлек киген соң жасарып кеткен секілді еді, қара шаштан беттегі опа қызыл-күрең тартқан. Шырыштанған Стрешневтің беті мұздай. Бұйраланған бозғылт сақалдың астынан ауыз омыртқасы одырайып тұр.


Күн жаңа ғана шыққан. Баспалдақ боз қыраудан қартайып, ауладағы шөп пен шашылып жатқан капустаның көк жапырақтарына тұз сепкендей. Арбамен сабан алып келген алакөз мұжықтың үсті-басы да қырау, арбаны шыр айналып сабанды жайып салып жүр, аузында трубка, артында шұбырған боз түтін. Вера далаға заманы өтіп кеткен қымбат тонмен шықты, басында қара барқыт жиекті жазғы шетен қалпақ.


Стрешнев оны тершең сүрлеумен үлкен жолға шығарып салды. Арба соңынан еріп отырған. Мес торы қайта-қайта сабанға мойнын соза берген соң қамшымен бастан тартып-тартып жіберіп еді, ат кегжеңдеп, ішек-қарны қорқылдап сидаң қақты. Екеуі де үнсіз, ілби аяңдап келеді. Усадьбадан ере шыққан кәрі тазы салақтап Стрешневтің соңынан қалсашы. Қысқа күн майда ғана қыздырып тұр, аспан шайдай. Үлкен жолға жете бергенде мұжық:


— Ханум, мен баламды келесі жылы тағы да алып келемін, — деп жарамсақтанды. — Тек жүргенше сиыр бақсын.


Вера бұрылып жымиып қана езу тартты. Стрешнев шәпкесін шешіп, ерден еңкейді де қолын алып ұзақ сүйді. Вера оның ағара бастаған шашына танауын тығып сыбырлап қана:


— Сау бол, қымбаттым! — деді. — Cөгe жамандама.


Үлкен жолға шыққан соң мұжық арбасын салдырлатып желе жөнелді. Стрешнев жолсызбен егіндікті қақ жара кері қайтты. Сарғайған егін ішінен иттің жоны қараяды. Стрешнев қамшысын көтеріп қорқытқан болады. Ит те тоқтап отыра қалады: "ал, мен қайда барамын?" дегендей. Стрешнев қозғалса болды, тазы да бүлкектеп ере жөнеледі. Стрешневтің көз алдында алыстағы бекет, жалтыраған рельс, ұзап бара жатқан паровоздың түтіні...


Тастақты жалаңаш сай бүктен тұншығып тұр екен. Күздің тып-тыныш аспаны мөлдірейді. Ұра-жыралы иен дала, орыстың ұлы даласы ұлы тыныштықта көсіліп жатыр. Ауада кеуіп қалған сүтгігеннің мизамы қалықтап жүр. Қурай басында әнші торғайлар отыр. Күні бойы отыратын шығар, мүмкін анда-санда ғана қурайдан қурайға қонақтап бақытты тіршілігінің ұрығын себетін болар...


Капри. 03.12.1912.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу