Өлеңдер ✍️

  16.08.2021
  280


Автор: Қалижан Бекхожин

Қоштасу

(Ақмола - Қарталы темір жолын салуға баратындарға арнаймын)

Жазғы кеш паркте,
Мәз-мәйрам тамаша.
Көз қысып жігітке,
Қыздар жүр жанаса.
Жан-жағы қызыл гүл,
Қызық қой тау тұсы.
Қанатын жайып жүр,
Махаббат тотысы.
Соғады самал жел,
Жүректі күй кеулеп.
Билейді қыз, жігіт,
Ұршықтай дөңгелеп.
Құмарлы жас дене,
Құшақ пен қиысып.
От түссе кеудеге,
Ұрланып сүйісіп.
Қыз таппай көп жігіт,
Жаутаңдап тұр сонда.
Тамсанып көз тігіп.
Қасым мен Абдолла.
Қайтейін соларды,
Махаббат ұрысы:
Болса да құмарлы,
Жақпайды тұрысы.
Сөзбенен міндерін,
Айтпайын өзгенің.
Махаббат түндерін
Өзім де кезігемін.
Күндесең ал мейлің,
Қайтейін көнемін.
Жас қызын еврейдің,
Құшақтап келемін.
Қыз, жігіт жан-жақта,
Жүр екен сыбырлап.
Келуші ем кей уақта,
Кетуге сыр ұрлап.
Қыздардың сырларын,
Білуге құмармын.
Қыз сырын айтсам көп,
Жігітке ұнар тым.
Тыңдайды ол құмартып,
Махаббат сырбазын.
Мойнына қол артып,
Айтады қыз назын:
«Қоштасу түні ғой,
Айтайын сырымды.
Бір сезім билеп бой,
Ашқандай шынымды.
Жүрек те лүпілдеп,
Соғады қаттырақ.
Жеңілтек адам деп,
Ойлама сен бірақ.
Көп жүрдік, қыдырдық,
Немене бос жүріс?
Құр сөзді ығыр ғып,
Алар ма жан тыныс?
Жүректе жалындап,
Жанып тұр махаббат.
Ойыңды айт анықтап,
Болмаса маған жат.
Жүремін мен ертең,
Алысқа тартам жол.
Путевка берді дем,
Бар,— деді комсомол.
Ол міндет артса егер,
Орындау борышым.
Игілік ісі ғой,
Қуанам сол үшін.
Қызығып кеше мен
Қарадым картаны.
Жел жетпес жер екен,
Ақмола — Қарталы.
Сол жердің тамырын,
Тартуға барамыз.
Төсек қып ой-қырын,
Темір жол саламыз!
Қиырсыз ол бір жөн,
Жетпеген жел ұйтқып.
Жетерміз салсақ жол,
Поезбен біз жүйткіп.
Сүйіктім, кетемін,
Сол жолға таңертең.
Білейін сенен мен,
Қандай сыр әкетем?
Сүйкімді мінезің,
Жаныма от салып.
Айтар деп сен өзің,
Жүруші ем тоқталып.
Жарың сен илан,
Айтпаймын сырлы наз.
Ұнадың сен маған.
Сүйемін, сезім аз.
Соны айтып жас жігіт
Құшақтап жан - жарын,
Сүйді кеп, ынтығып,
Тапқандай құмарын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу