Өлеңдер ✍️

  16.08.2021
  117


Автор: Қалижан Бекхожин

Сұлтанмахмұтқа

Жалғыз мола, жол үсті,
Жолаушы өтер көз салып.
Өте беріп ой түсті,
Тұра қалдым томсарып.
Қурай басқан қу қабыр,
Жел ескендей дүбірлеп,
Күңіренгендей сонда бір,
Өлген адам күбірлеп.
Келдім жетіп басына,
Ызыңдайды қу ағаш.
Тіл қатпайды мелшиіп,
Басындағы меңіреу тас.
Жүрегімді өртеді,
Қайғы - ызасы аралас.
Қабырына домалап,
Ағып кетті көзден жас.
Түнгі боздақ, жұлдыздай,
Жарқ етті де, ол сөнді.
Азалы болған Арқаны,
Жыры кезіп жөнелді.
Па десеңші, сол жырдың,
Үнін дала алыпты.
Ескен желі ой-қырдың,
Еске сақтап қалыпты.
Естілді маған сол күні,
Шаттық үні Арқаның.
Қуаныштың құйыны,
Алып жатыр алқабын.
Арқадан ескен сол жырдың,
Ішінде сенің жүрегің.
Жүрегің сенің менікі —
Жүрегім деп жүремін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу