Өлеңдер ✍️

  16.08.2021
  139


Автор: Қалижан Бекхожин

Түнгі көшеде

Түнгі самал еседі
Тереземнің алдынан.
Кезіп түнгі көшені,
Шаттық шулар шалқыған.
Томсарады тау тұйық,
Тұр қаладан сыр ұрлап.
Дүрліккендей жау тиіп,
Қашқан өзен шырылдап.
Меңіреу емес, қызық түн,
Сырнайлы бақ, сыры көп.
Сірә, езім қызықпын
Үйде отырған күбірлеп.
Ойға баттым, ұмыттым
Қызық кешін қаланың.
Қайда өлең — үмітім,
Қозғал, жүйрік қаламым.
Жылжымады қаламым,
Арбады ма ай, жұлдыз?
Күлді біреу, қарадым,
Қолын маған жайды қыз.
«Қамалғанда үйге сен,
Өлең өзі есе ме?
Табамын жыр, күй десең,
Ескен бәрі көшеде.
Жастың жаны, жар әні,
Махаббаттық наз үні,
Масайратып қаланы,
Жұпар атқан жаз гүлі.
Жүр, ақыным, жыр ізде
Жүрегінен құрбыңның.
Ыстық назды сыр ізде,
Керек отты жыр бүгін!»
Жыр ма өзі іздеген?
Қыз қарады күлімдеп.
Кеттім бірге қызбенен,
Сыр алысып, күбірлеп.
Неткен сұлу ғажайып
Кешкі кезген жас дәурен.
Жүрегіме сыр жайып,
Көтерілді жас кеудем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу