Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  115


Автор: Қалижан Бекхожин

Қап тауының бұлбұлы

Өткен ғасыр, өткен заман,
Көне дүние, күңгірт шақ.
Қайғы күйін шерткен адам.
Тіл тұтығып, дерт құсап.
Ақын дария алшақтамай,
Дауыл соққан толқынын.
Өрлік даусын шайқап талай,
Сөндіріпті ерт үнін.
Сарнап өткен ойдың жаны
Сонау сұрғылт заманда.
Көрінбейтін аңсағаны,
Кездескенде тұманға.
Өткен Данте,
Фирдоуси де,
Өткен солай Шекспир.
Ол кезде атақ жоқ гениге,
Ашылмайтын тұйық сыр.
Қайғы шелі бетін жапқан.
Онда гүлді қорғамай,
Серпіле алмай, шерге батқан.
Сонда біздің сорлы Абай.
Онда айдаһар шашқан уды,
Сұмырай сорған адамды.
Онда Кавказ тау сұлуы
Қап тауы деп атанды.
Құз басында қара құзғын
Бұлбұл құсты талапты.
Дариядан борап ызғып,
Қазыбектен қан ақты.
Жер төсіне төніп түнек,
Ер жүрегін қозғапты.
Толқын шашып долы
Терек, Адырапты боздапты,
Сонда жортқан бір жас сері
Барыс тонын жамылып,
Махаббаттың қозғап шерін,
Жортқан екен қамығып.
Жеті ғасыр шыңырауында
Жатқан екен бір бұлбұл,
Жорық жырын сол жырлапты,
Көрмесе де қызыл гүл.
Қаһарлы күз, бұлт астынан
Толғаныпты сол бұлбұл,
Таудың асқар қиясынан
Толқындапты сонда жыр.
Түннің терең түкпіріне
Нендей сұлу сәуле енген?
Дала балқып тәтті үніне,
Тауда ақырын тербелген.
Африка мен Азияның
Шөлін жыры шарлапты,
Махаббаттың нәзік әнін
Тыңдап дүние таң қапты.
Еркін, шаттық махаббатты
Ақсаған ғой ол сері.
Аңсаған ол шын рақатты
Грузия Гомері.
Ақындыққа ұста гени,
Ойы дария, сөзі алтын.
Сонау бұлбұл Руставели
Жарқыратқан сөз даңқын!
Жеті ғасыр шыңырауында
Жатқан бейне ол бұлбұл.
Түннің түтек шырмауында
Шешек шашқан жыры — гүл.
Жатса түнде, асыл жайнап,
Күн туар да, жарқ етер.
Сонда көкте сәулесі ойнап,
Әлемге сыр әкетер.
Туды күн де, туды бақыт,
Туды жырдың заманы.
Алтын жырды тапты уақыт,
Тапты Совет адамы.
Қап тауы жоқ, сұлу
Кавказ, Қайта туды, түрленді.
Дарияға орнады жаз,
Сай-саласы гүлденді.
Ұлы Кавказ шың басында,
Толқып, тасып жыр жатыр,
Таудың тарғыл қырқасында
Көлдей көлкіп нұр жатыр.
Грузия бақтарында,
Гүлді райхан атқан жыр.
Шаттық сырын ақтаруға
Кетті сонда қарт Жамбыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу